• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 05 Желтоқсан, 2018

Нұрлан Ноғаев: Ұлттық құндылықтарды ұлықтау – парызымыз

1322 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашақ­қа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақала­сында ауқымды мақсаттарды жүзеге асырудың басым бағыттарын анықтап берген болатын. «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы да осы игі бастаманың жалғасы ретінде қоғамға тың серпін әкелді. Қазақстанның әлемдегі тоқтаусыз өзгерістер, құбылыстар үдерісінде, жаһандану жағдайында өзінің ұлттық ерекшелігін, рухани әлеуетін жоғалтпайтын ел ретінде дамуы үшін бұл бағдарламалардың маңызы зор екені анық. Елбасы жүктеген міндеттер төңірегінде мұнайлы өңірде қандай шаралар қолға алынады? Аймақ басшысы Нұрлан Асқарұлы Ноғаевпен әңгімеміз осы сауал төңірегінде өрбіді. 

– Нұрлан Асқарұлы, Елбасы мақа­ласында көрсетілген мін­деттерді іске асыру барысында Атырау облысында атқа­ры­лып жатқан қандай шараларды атап айтар едіңіз?

– Мемлекет басшысының «Бола­шаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» бағ­дарламалық мақала­сы аясында өңірі­мізде ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылып жат­қанын зор мақтанышпен айтуға болады. Әдебиет пен өнер­­дегі ел зиялылары облыс­қа шақырылып, әртүрлі алаң­дарда түрлі фор­мат­тардағы шығармашылық жобалар жүзеге асты. Алғаш рет Арқа, Батыс, Сыр, Жетісу және Алтай-Тар­бағатай ән мектептерін бір арнаға тоғыстырған «Ән дария дүл­дүлдері» республикалық дәс­түрлі әншілер байқауы, «Мәң­гілік елдің алтын адамы» рес­пуб­ликалық театрлар фести­валі, «Жайық нұры» респуб­ли­ка­лық академиялық әншілер, Д.Нұр­пейісова атындағы «Бұлбұл домбыра» республикалық домбырашы қыз-келіншектер байқауы, бір­неше рет халықаралық, рес­пуб­ликалық ақындар айтысы ұйым­дастырылды.

Биыл наурыз айында «Ұлы да­ла­ның ұлттық дәстүрлері» ат­ты халықаралық форум өтті. Іс-шараның басты мақсаты – қазақ халқының ұлттық салт-дәс­­түр­лерін кеңінен насихаттау. Халық­­аралық форум аясында «Нау­рыз адамзаттың мате­риал­дық емес құндылығы ретінде» та­қы­ры­бында ғылыми-прак­ти­калық кон­ференция, фестиваль­дар мен ақын­дар айтысы, дәстүрлі ән­дер байқауы, ұлттық спорт түр­лері­нен жарыстар болып, аты­рау­­лықтардың рухани өмірін жаң­­­ғыртты. Форумға 12 мемле­кет өкіл­дері, халықаралық «Түрксой» ұйы­мы­ның басшы­лы­­ғы, 30 шет­елдік шығарма­шы­лық ұжымдары, 700-ден астам өнер­­­паз қа­тысып, шараларды 20 мың­­нан ас­там адам тамашалады.

Қазақ мәдениетін әлемдік кеңістікке насихаттау мақсатында өңіріміздің белді шығармашылық ұжымдары Үндістан, Македония, Пор­тугалия, Малай­зия, Ресей, Түр­кия, Венгрия, Сербия, Аус­т­рия, Франция, Тайвань, Италия мемле­кет­терінде гастрольдық сапарлармен болды.

Қазақстан мен Франция мемле­кеттері арасындағы страте­­гия­лық серіктестіктің 10 жыл­ды­ғына орай мамыр айында Дина Нұрпейісова атындағы ака­де­миялық қазақ халық аспаптар оркестрі «Шуақты өлкенің шат­тығы» атты концертімен Париж қаласына барып, өнер көрсетті.

Нұрмұхан Жантөрин атын­­дағы фи­лар­­монияның «Мұра­гер» фольк­лор­лық ансамблі «Түрксой» түркі тіл­дес халық­тары мәде­ниеті халықаралық ұйы­­мының ұйымдастыруымен Әзер­байжан Республикасы Шеки қаласында өтетін «Жібек жолы» халықаралық фольклорлық ансамбльдер арасындағы фес­тивальде өнер көрсетті, Тайвань елін­дегі әлемдік байқауда қазақ елінің мәр­те­бесін көтерді. «Нарын» ұлт-аспап­тар оркестрі Аустрия және Түркия рес­пуб­­ликаларын концерттік іссапармен ара­ла­ды, «Інжу-маржан» би ансамблінің ұжымы Италия мем­лекетінде өткен халық­аралық би фестивалінде өнерлерін паш етті.

– Атырау елі – тарихи, мәде­ни мұ­ра­­лары берік сақтал­ған өңір. «Руха­ни жаңғыру» бағ­дар­ламасы аясында «Қазақ­стан­ның киелі жерлері гео­гра­фия­сы» жобасына облыс­тан 7 ны­сан енді. Соның ішін­де Сарайшық қа­ла­шығы да бар. Көне Сарайшықты жа­ңа за­ман­ға сай жаңғырту мақса­тын­­да тағы қандай жоспарлар бар?

– Ұлы даланы мекендеген хал­қымыз­дың жалпыұлттық қа­сиет­ті саналатын орындарын зерделеу бағытындағы «Қазақ­станның киелі жерлерінің гео­графиясы» жобасының төл та­ри­­хымызда алар орны ерек­ше. Сондықтан жобаға ене­тін нысандардың құнды­лы­­ғын анықтау мақсатында та­рих­­шы, өлкетанушы, музей, ар­хив және қоғамдық ұйым өкіл­дерінен облыстық жұмыс­шы тобы құрылды. Нәти­же­сін­де Қазақ­станның жалпы­ұлт­тық дең­гейдегі 100 қа­сиетті ныса­ны­ның тізіміне өңір­ден 7 нысан енді. Олар: Сарай­шық қалашығы, Махамбет Өтемісұлының жерленген жері, Ақмешіт және Ұшқан ата қорымы, Аралтөбе қорғаны, Құлшан ата жер асты мешіті, Иманқара үңгірі. Биыл республикалық маңызы бар мак­ронысандар тізіміне Индердегі Тұз­бұлақ кешені секілді 17 орын­­ды ұсынып отырмыз. Са­рай­­шыққа келсек, ол – қазақ хал­қы­ның ғана емес, сонымен бірге барша түркі жұртының, әлем жұртшылығының назары ауған ортағасырлық қалашық. Ол әлем­ге жоғары рухани-мәдени бай­лық­тарымен, гүлденген экономикасымен, коммуникациялық жаңалықтарымен сол заманда-ақ белгілі болды. Ұлы Жібек жолындағы тарихи маңызы бар көне Сарайшық қалашығын сақтап қалу мақсатында Жайық өзенінің жағасын бекіту бойынша облыс әкімдігіне ұсы­ныс­тар енгізіліп, 2017 жылы Атырау об­лы­сы әкімдігі мен Қазақстан Рес­пуб­ликасы Мәдениет және спорт министр­лігінің бірлескен ведомство­аралық отырысы өтіп, екі­жақты меморандум жа­сақ­­тал­ды. Меморандумға сәй­кес Сарай­шық қалашығын Жайық өзе­ні арнасының шайып кетуі­нен сақтап қалуға 1,6 млрд теңге бөлініп, жағаны бекіту жұмыс­тары жүргізілді. Қала орнына археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, оған Зейнолла Сама­шев бастаған белгілі ғалым-ар­хео­логтер тартылды. Бұл жұ­мыс­қа да жергілікті бюджеттен 40,0 млн теңге бөлінді. Ал ми­нистрлік тарапынан қазба орнын реставрациялау және консервациялау жұмыстары іске асты. Әрине аталған шаралар келер жылдары да жалғасын табады. Тарихи ескерткішті сақтаумен қатар оны жаңғырту, туризмді дамыту басты мақсаттардың бірі. Биыл «Хан Ордалы Сарайшық» музей қорығын республиканың меншігіне ұсындық. Сарайшық қазба орны мен музей-қорықтың жаңа даму концепциясы дайындалып, кәсіби мамандар тар­тылуда. Сонымен қатар Сарай­шықта Сапар орталығын салу жос­парда тұр. Қазір Сапар орта­лығына жер телімі бөлініп, жо­балық-сметалық құжаттары жасақ­талуда. Құжаттар аяқталып, мем­лекеттік сараптамадан келі­сім алғаннан кейін құрылыс жұмыстары басталады.

– Елбасы мақаласында: «Тәуел­сіздік жылдарында хал­қы­­мыздың өткенін зерттеуге қатысты ауқымды жұ­мыс­тар атқарылды. Бірақ баба­лары­мыздың өмірі мен олар­дың ғажап өркениеті жөнін­дегі көптеген деректі құжат­тар, әлі де болса, ғылыми айна­лымға түскен жоқ» дей келіп, «Архив-2025» жеті жылдық бағдарламасын дайындауды тап­сырды. Атырау облысы мем­лекеттік архивінде өлке тари­хына қатысты құнды құжат­тар бар. Алайда сол қор­ды сақтайтын жайлы ғимарат­тың болмауы біраздан бері шешілмей жүрген мәселе еді, жақында қазіргі заманға сай жабдықталған архив үйі бой көте­ре­тінін естіп, қуанып қал­дық. Осы бағыттағы жұмыс­тарды өзіңіз айтып өтсеңіз?

– Соңғы жылдары жергілік­ті мамандар Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петер­бург, Астрахань, Орын­бор, Қазан, Уфа қала­ларын­дағы белгілі архив және кітап­ха­на қорларынан археогра­фия­лық және архивтік экспедициялар ұйым­дастырып, облыстың тари­хи-мәдени мұрасына қатыс­ты деректер жинақтады. Нәти­жесінде «История и культура Атырау в русских источниках» атты бес томдық дерек­тер жинағы, ХХ ғасырдың 20-жыл­дары Каспий маңын мекен­деген қазақтардың этно­гра­фиясына қатысты «Кас­пий маңы қазақтарының мәде­ниеті мен тұрмысы: ХХ ғасыр­дың 20-жылдарындағы фото­құ­жаттарда» кітап-альбомы шығарылды. Альбомда 200-ден астам бірегей архивтік фотосуреттер жарияланған. Оның ішін­де 150-ден астамы бұрын-соңды мүлде жарыққа шықпаған. Басылым ХХ ғасырдың 20-жылдарында Каспий маңындағы көшпелі қазақтардың тарихы мен этнографиясына қатысты жарық көрген алғашқы фотоальбом. Әрине Елбасының архив саласына үлкен мән беруі бұл саладағы жұмыстарды әлі де жандандыра түсуге мүмкіндік сыйлап отыр. Облыстағы архив мекемелері қоймаларының толтырымдылығы 100%-дан асуына және ғимараттардың ескіруіне байланысты жаңа нысан­ның қажеттілігі анықталды. Қазір облыс­тық және қалалық мемлекеттік архив ұйымдары орналасатын ғимарат салуды жоспарлап отырмыз. Ол соңғы үлгідегі, заман талабына сай технологиямен жабдықталған ғимарат болады деп күтілуде. Ғимаратқа бөлінетін жер телімі анықталып, жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталып жатыр. Ішкі жабдықтары да білікті мамандармен келісілді. Жаңа архив ғимараты 1 млн сақтау бір­лігіндегі құжаттарға дейін қамтитын болады.

– Президент мақаласын­да айтыл­ған тағы бір жайт – Ұлы даланың ұлы есімдері. Тәуелсіздік жылдарында Атырау облысының атауы өз­геріп, облыс орталығында ғана емес, аудандар мен ауылдарда ұлт қайраткерлерінің ес­керт­кіштері бой көтерді. Осы ба­ғыт­тағы шаралар алға қарай да жал­ғасын табатын шығар...

– Алаш қайраткері Әлихaн Бөкeй­хaнοвтың «Ұлтынa, жұpты­нa қызмeт қылу білімнeн eмec, мі­нeздeн», деген жақсы сөзі бар. Әр өлке үшін суықта пана, ыс­тықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар пер­зент­тері мәңгі мақтаныш. Ал оны өскелең ұрпақ біліп өсуі керек десек, осы бағытта атқары­латын шаралардың маңызы өте зор. Облыс көлемінде көп­теген тарихи тұлғаларға, ұлт қай­рат­керлеріне ескерткіштер мен монументтер салынды және салынады. Биыл Махамбет ауданында Махамбет Өтемісұлының ескерт­кіші бой көтерді. Жыл аяғына дейін Атырау қаласының «Алмагүл» ықшам ауданындағы саябақта аса көрнекті қалам­гер, Қазақстанның халық жазушысы Әбу Сәрсенбаевқа және «Қазақстан» қонақ үйі жанынан Қазақстанның халық әртісі, күйші-домбырашы Қаршыға Ахмедияровқа ескерткіш тұрғы­зылады. Келер жылы Х.Дос­мұ­хамедов атындағы Атырау мем­лекеттік университеті маңы­нан поэзия тарланы, Қазақстанның халық жазушысы Хамит Ер­ға­лиевке арналған ескерткіш бой көтереді. Сон­дай-ақ Абай Құнанбайұлына, Әйтеке биге арналған ескерткіштер, «Ана құдіреті» монументі, Исатай ауданы­ның Аққыстау ауылында Исатай Тай­ман­ұлына, Қызылқоға ауданының Мия­лы ауылында Алаш қозғалысының қайрат­кері Халел Досмұхамедовке, Индер ауданының орталығы Индер­бор кентінде ақын Мұрат Мөң­кеұлы­на ескерткіш және Малайсары би Тілеу­к­е­ұлының бюсті, Құрманғазы ауданының орталығы Құрманғазы ауылында күйші-композитор Құр­манғазы Сағырбайұлына ескерт­кіш орнату жоспарда тұр. Атал­­ған ұсыныс­тар Қазақстанда мону­мент­ті өнердің жаңа құрылыс­тарын орнату жөніндегі комиссия отырысында қаралып, оң шешім алды.

– Әңгімемізді «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» жобасы жайында жал­ғас­тырсақ. Елбасы мақа­ласын­да «Ұлы даланың фольклоры мен әуендері заманауи цифрлы форматта «жаңа тыныс» алуға тиіс» дей келіп, фольк­лорлық дәстүрдің ортақ тари­хи негіздерін іздеу үшін Қазақ­станның түрлі өңірлері мен өзге елдерге экспедиция ұйым­дас­тыруды тапсырды. Мұнай­лы өңір бұл мақсатта қандай үлес қосады?

– Мемлекет басшысы Н.Ә.Назар­баев­тың «Ұлы да­ла­ның жеті қыры» атты ма­қала­сы тарихи сананы жаңғырту мақ­сатында қандай жұмыс­тар атқару қажет екенін нақты анық­тап берді. «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» жобасы аясында жос­пар­лаған іс-шараларымыз да бар. Атап айтар болсақ, ұлт­тық фольклорымыздың тари­хи құн­дылығын ұлықтау мақ­сатында «Аталар сөзі – ақылдың көзі» жинағын шығару, жас­тарды қазақтың салт-дәстүрі­мен, әдет-ғұрпымен таныс­тыру, тілін дамыту, сөздік қо­рын молайту мақсатында тұр­мыс-салт жырларының көне түрі­нің бірі – бесік жырлары­нан «Баланың бесігі – кең дү­ниенің есігі» жинағын дайындау, дискілер шығару, Атырау өңі­рін­дегі Сейтек, Еспай, Қар­шыға Ахмедияров, Әзидолла Есқалиев, Тоқсанбай Құлтумиев, Шамшиден Шарипов, Рысбай Ғабдиев және т.б. күйшілердің «Күй – әфсана, күй – ғұмыр» композициялық шығармаларын жинақтау, шығару, аудио-видео­таспа­ларын дайындау, «Қазақ халқының мә­дени құндылықтары және өнері» ұмыт бо­ла баста­ған ән, күй жәрмеңкесін ұйым­дас­­тыру (байқау, фестиваль), «Дәстүрлі өнер – ұлт байлығы» көне және жаңа фольк­лорлы инструменталдық шығар­м­а­лар іздеу, зерттеу, экспедициялар құ­рып, аудан және басқа облыс­тарға шығу, облыс шеңберінде «Дала фольклорын жаңғырту» фестивалін өткізу. Мі­не осындай жобаларды жүзеге асыру ар­қылы халықтың санасын жаңғыртып, өр­ке­ниетті қоғам құруды көздеп отырмыз. 

– Музей ісін, мәдени туризм­ді дамыту бойынша да аталған мақа­ла­да жүктелген міндеттер бар. Атырау­дағы Аралтөбе қор­ға­нынан табыл­ған сармат тай­пасының көсемі алтын киімді адам облыстық та­ри­хи-өлкетану музейінде сақ­­таулы. «Рухани жаңғыру» бағ­­дарламасы аясында өңірде көлемді археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Миялы қорғандары, Сарайшық және Ақтөбе-Лаэти ортағасырлық қала­шық­тары­на ғылыми ар­хео­ло­гиялық зерделеу жұ­мыс­та­ры жүзеге асты. Ендігі бағыт қандай?

– Елбасы мақаласы музейлер­дің ертеңгі болашаққа нық әрі сенімді қадам жасауы үшін ерекше бағыт-бағдар беріп отыр. Себебі көне замандардан жеткен аса бағалы мұраларды жинақ­тау, сақтау, оларды тарихтың куәсі әрі көзі ретінде жас ұрпақ­қа жеткізу – музейлердің бас­ты мін­­деті. Атырау облысы­ның Жылы­ой ауданындағы Арал­төбе қорғанынан сармат зама­нындағы Алтын киімді адамның табылғанына келесі жылы 20 жыл болады. Осынау құнды жәді­герімізді насихаттау мақсатында әлемдік тур жасалады деп жоспарлап отырмыз. Сарайшық, Ақтөбе-Лаэти қалашықтарына, Миялы қорғанына және т.б. архео­логиялық ескерт­кіш­­терімізге жүргізілген археоло­гиялық экс­педициялардың нәтижесінде музей қоры құнды жәдігерлермен толық­тырылды. Ал Қызылқоға ауда­нын­дағы мемлекет және қоғам қайрат­кері, Алаш қозға­лысы­ның көсемі, ғалым Халел Досмұхамедовтың ставкасы­на жүргізілген тарихи-этноар­хеоло­гия­лық экспедиция жұмыс­тары, Мәскеу қаласынан архивтік деректердің алынуы және осы құжаттар негізінде жасақ­талған жобаны, яғни Халел ставкасын аспан астындағы музейге айналды­ру да басты мақсатымыз. Ол біз үшін үлкен мәртебе. Күні кеше Халел Досмұ­ха­медовтың 135 жылдығына орай «Х.Досмұха­медов – ұлы мұрат жолында» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конфе­ренция өтті. Оған Ресей, Қыр­ғызстан, Өзбекстан, Түр­кия мем­лекеттерінің, республикамыз бо­­йын­ша алаштанушы, Халел­тану­шы ға­лым­дардың баян­дамаларымен қа­тын­а­суы, облыс көлеміндегі оқу орын­д­а­­рын­д­а өткізілген Халелтану курс­­та­рын­­­­да баян­дамалар оқуы біз үшін үлкен жетістік.

Алдағы 2019-2020 жылдары жос­парымызда Ақтөбе-Лаэти қалашығына кешенді архео­логиялық қазба жұмыс­тарын жүр­гізу және Ақтөбе-Лаэти қа­лашығын аспан асты музейіне айналдыру бар. Одан бөлек, келер жылы өңіріміздегі Құрманғазы және Исатай аудандарындағы археологиялық нысандарды және көне құнды дүниелеріміз­ді анық­тау мақсатында этно­ар­хео­ло­гялық экспедициялар ұйым­­дастырылады. Биыл жел­­тоқ­сан айында Өзбекстан Респуб­ликасының Ташкент қаласына Ұлы Жібек жолы бойында ор­наласқан ортағасырлық Сарай­шық қалашығының тарихы мен одан табылған құн­ды жәді­­гер­­лерден жылжымалы көрме ұйым­­дастырылады. Ежелгі өнер және техно­логия­лар музейін біздің өлкемізде ашуға толық мүм­кіндік бар және ол музейдің ғи­­ма­раты ке­ле­сі жылы баста­лады. Об­лыс­­­тық тарихи-өлкетану му­зейінің жаңа ғимаратын салудың ал­ғаш­­қы қа­дам­­дары жүр­гізілу­де. Музейде жаңа тех­но­­л­о­­гия­лар­­мен жабдықталған экспо­зи­­­ция­­лық залдармен қатар оқу ка­би­нет­тері, қор сақ­тау орындары, кино залы да болады.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ