• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Саясат 26 Желтоқсан, 2018

Махмұт Қасымбеков.Дәуір сабақтастығы

704 рет
көрсетілді

Ғасырлар тіл қатты

Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл ру­хани-зияткерлік жолдауы тек қазақ­стандықтардың жүректерін тебірентіп қана қоймай, елімізден тысқары жерлерде де қызу қолдау тапты. Мұның сыртында Еуразия өркениеті тарихының түрлі себептермен әділетсіздік салдарынан ұмыт қалған беттері жөніндегі ғасырлардан келе жатқан күйініштің зары байқалып тұрады. Онсыз Жер-ананың антропомәдени тарихының картинасы толық бола қоймайды, тіпті кей тұста бұрмаланып, шатастырылған болып шығар еді.

Осы олқылықты ХХ ғасырда қазақ зиялылары қалай сезінгенін айғақтайтын үш дәйексөзді келтіре кетейін.

1919 жылы Алаштың от ауызды, орақ тілді сөз зергерлерінің бірі Смағұл Сәдуақасов «Трудовая Сибирь» жур­налында жарияланған «Нужда аула. Очерки казахской жизни» деген мақаласында былай деп жазды: «Міне, Дала – қазақтың отаны, мұнда оның көп ғасырлық, ешкім зерттей қоймаған тарихы жасалған, бұл жерде көпшілік пайдаланған мол мұра жинақ­талған, бірақ оны да ешкім зерттемеген... Міне, жылмақай көпестер мен сұғанақ саудагерлер және жалпы, қазаққа тәуір нәрсе жасауға ниеттене қоймаған «оқымыстылар» үшін «алтын астау» болып келе жатқан ауыл осы».

ХХ ғасырдың ортасында Әнуар Әлімжанов өз повестеріндегі кейіп­керлерінің аузына сөз салу арқылы мынадай ой-толғамға берілді: «Біздің даламызды ежелден қоныстанып келе жатқан халықтар құрылыс салудың жоғары мәдениетіне қол жеткізген еді. Олар керемет каналдар қазып, қалалар, қамалдар, сарайлар тұрғызды. Біздің жерімізде ұлы қалалар болды... Қазақ даласы да көне, бірақ ол әлі оқылмаған кітап іспетті. Неге осы кезге дейін Оты­рарды қазуға ешкімнің батылы бармады?.. Өшіп қалған зердеміздегі ол туралы түсінікті оятсақ, не болар еді?.. Отырар – туған даламыздың көпғасырлық құпиясы».

Сол жылдары Сәтімжан Санбаев та «Когда жаждут мифа» деп аталатын кітабында жас ғалымның бейнесін сомдады. «Менің арманым: сақталып қалған көркем ескерткіштер арқылы бабаларымыздың қалай өмір сүргеніне көз жеткізуге талпыну. Жұрттың бәрі шапқыншылық пен соғыстар туралы жазылып және айтылып жатқанын ғана біледі, ал мен далалықтар өмірінің рухани жағына үңілгім келеді. Мемлекеттер соғыстардың нәтижесінде құрылған шығар, бірақ өмірдің биік тұғыры, сірә, өнер болса керек», деп ой толғайды бұл кейіпкер.

Сол кезеңде бұл сауал жауапсыз қалған еді. «Дүниенің жаралуы» туралы меншікті теориялардың ыңғайына қарай жұртты тарихи зердесінен жаппай айыруды көздеген тоталитаризм жағдайында мұның өзі таңғаларлық нәрсе емес-ті.

Атап өтпеуге болмайтын тағы бір маңызды дәлел бар. Қазақ даласы Ұлы Түркі әлемінің атажұрты деген сөз тұрақты теңеу немесе кезекті бір қолпаш емес. Бұл сөз тіркесінде өркендеп келе жатқан тәуелсіз Қазақстанға алыс-жақын туыс халықтардың, сондай-ақ туыстас емес, бірақ Шығыс пен Батыс­тың құрметпен қарайтын әрі тілектес елдерінің үлкен үміті көрініс тапқан. Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа мәдени-идеологиялық пайымдаулары осы үміттердің ақталуына ықпал ететініне ешқандай күмән жоқ.

Қазақтың ұлттық философиясында белсенді азаматтық ұстаным, адамға берілген дарынды жаратушының ұйға­рымы деп түсіну, өмір бойғы шығар­машылық ізденіс, өзіңмен де, ғалам­мен де үйлесімділікке қол жеткізу импе­ративтері әрдайым күшті болды.

Бұл қағидалар данышпан Абайдың өлеңінде қысқа да нұсқа өсиет ретінде өрнегін тапқан:

«Әсемпаз болма әрнеге,

Өнерпаз болсаң арқалан.

Сен де бір кірпіш дүниеге,

Кетігін тап та, бар қалан!»

Нұрсұлтан Назарбаев – осы рухани өсиетті орындаған және оны жал­ғастырып келе жатқан жасампаз тұлға.

 

Тарихты танып-білуге шақыру

Халықтың өткен өмірі дегеніміз – әрбір жаңа ұрпақ үңіліп, одан рухани күш пен ғасырлардың ақыл-ойын қалқып алып отыратын айнабұлақ.

Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи сананы жаңғырту жөніндегі тұ­жы­­рымдамасы тек әлеуметтік бағ­дары­мен ғана емес, әлеуметтану тұр­ғы­сынан мұқият ойлас­тырылған­дығымен де құнды.

Мақала мәтінінен Ұлы даланың әлем­дік мәдениеттегі орны мен рөлін контенттік, салыстырмалы-тарихи және факторлық тұрғыдан талдау тәсілдері қолданылғанын байқауға болады. Мұ­ның өзі оның негізгі белгілерін бөліп қарауға мүмкіндік береді.

Менің күрделі және өлшемі көп ұғымдарды қарабайырландыруға әуес­тігім жоқ. Дегенмен, алдын ала, шартты түрде және жұмыс тәртібіне сәйкес, «Ұлы даланың жеті қырын» бірқатар өзге аспектілер мен терминдер арқылы қарастыруға тырысып көрейін.

Сонымен, бабалар мұрасы бізге несімен қымбат? Олардың өздеріне және әлемге қатысты көзқарастарына байланысты қай тұрғыдан еліктеуге тиіспіз?

Бұл – далалықтардың ойлау жүйесінің экономизмі («Атқа міну мәдениеті»), этатизмі («Алтын адам»), технологизмі («Ұлы дала металлургиясы»), эстетизмі («Аң стилі»), ойкуменизмі («Түркі әлемінің бесігі»), эргономизмі («Ұлы Жібек жолы»), экологизмі («Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны»).

Ұлы даланың жаһандық-тарихи координаттар жүйесіндегі орны мен рөлі туралы тағы бір ой айтсам, ешкім қатал кінә арта қоймас. Адамзат тарихы бізді ақиқат географияны таңдамайды және ғаламшардың кез келген нүктесінде солай болып қала береді деп үйретеді. Осы тұрғыдан алғанда, бабаларымыздың тарихи ой-танымы өткен замандағы өзге дамыған өркениеттердің дүние­танымымен үйлесімді болып келеді.

Антикалық әдебиеттегі әлемді тану тәсілін еске түсірейік. Ондағы құдай­лар – сол адамдардың өздері, бірақ олардың абсолюттенген бейнесі. Сол үйреншікті әлем, бірақ соның қандай да бір абсолютті ғарыш түріндегі көрінісі. Біздің бабаларымыз да шамамен осылайша ой толғап, өз мифологиясы арқылы саналы және санасыз табиғаттың тиісті салаларын байытты. Ұлы дала халықтары дүниетанымның осындай қағидаты арқылы қоршаған ортамен толық үйлесімде өмір сүріп, өздерін табиғаттың бөлінбес бөлшегі ретінде сезінді.

Ортағасырлық Шығыс ойшылдары­ның көзқарасы да шамамен осындай еді. Бұлар антикалық дәстүрлердің «тікелей мұрагерлері» ғана болып қалған жоқ. Олардың ілімдері уақыттан озып, кейінгі ғасырларда жаңа заманның аса көрнекті ойшылдарының көзқарастарымен үйле­сім тапты. Мәселен, біз Әбу Насыр әл-Фарабидің философиялық таным-түсініктері мен немістің классикалық философиясының қағидалары арасын­дағы таңғаларлық мазмұндық үйлесім­ділікті аңғарамыз.

Мұндай өркениеттілік үндестігі Ұлы дала қырларының туындауы, қалып­тасуы және жетілуі ғаламдық тарихи үдерістерден тыс болмағанын барынша айқын дәлелдейді. Олар өз заманының әлемдік трендтерінің қалың ортасында өмірге келген.

Президент мақаласының шынайы­лығы оның «академиялық» эмпиреяларға сүйенбей-ақ өз ой-толғамдарын ғылыми дәлелденген, демек барынша тексеруге болатын деректерге, оқиғаларға, заңдылықтарға негіздейтінінен де көрі­неді. Осы нақты, қарапайым, мәңгілік және «заттардан» құралған әлемді тек кітаптар мен фильмдер арқылы зерделеп қана қоймай, оны көзбен көріп, құлақпен естуге, қолмен ұстап байқауға, тіпті иісі мен дәмін сезінуге де болады.

...Менің замандастарым – өткен ғасырдың орта шенінде дүниеге келіп, өсіп-жетілгендер. Бала күнімізде атты ерттеп мініп, бір кезде жүк артқан керуендер сабылған, кейін автомобильдер мен пойыздар жүйткіген күре жол бо­йымен жортқан шағымыз еске түседі. Әйелдердің белгілі бір уақытта жиналып алып, киіз бен матаға ұлттық ою-өрнектерді салып, олардың мән-мағынасын қыздарына түсіндіріп жататын сәттері дәл қазіргідей көз алдымда. Балалар жағы қорғасынға әуес болатын, оны отқа балқытып, асқан ептілікпен сақаның ойығына құятын еді. Жабайы қызғалдақтар гүлдейтін қысқа сәтті тамашалау қандай ғажап еді. Сол үшін балалар топ-тобымен велосипедтеріне мініп, үйлерінен әлденеше шақырымға ұзап кететін. Жол жеңіл емес-ті. Алайда ең жақын адамыңа сыйлайтын бірнеше шоқ гүлді жинап алу үшін ақсақалдардың үрейлі тыйым сөзін («көкті жұлма, көктей соласың») бұзуға деген ниетіңнен бас тарту одан да қиын еді.

Өзімнің балалық шағыма жасаған осы бір аз ғана шегініске мен бір-ақ мақсатпен: Елбасымыздың мәдени бас­тамасы жан-жүрегімізді тебіренткенін әрі көптеген оң әсер мен сезімге бөле­генін жеткізу үшін барып отырмын.

Мен бұдан этностық, тілдік, мә­дени, діни, нәсілдік шығу тегіне қара­мас­тан, барлық адамды бірлескен шығар­машылық ізденіске шақыратын қуатты шоғырландырушы күш-жігерді көр­ген­дей боламын.

Президент таңдаған моральдық-этикалық үндестік те өзара сын­дар­лы іс-әрекетке жетелейді. Мақа­ла­да, Нұрсұлтан Әбішұлының өзі жаз­ғанындай, өзге халықтарды төмендету арқылы өзінікін дәріптеудің титтей де нышаны жоқ. Керісінше, ол Ұлы далаға әмбебап гуманитарлық көзқараспен қарауға шақырады. Соған сәйкес, бі­лімнің шынайылығы оның қайдан және кімнен алынғанына байланысты емес. Білім ортақ меншік саналады және оны жеке адамға немесе бір топқа телуге болмайды. Ақиқатқа деген ұмтылыс басқа дәлелдердің бәрінен биік тұруы және барлық ғылыми жетістіктер көпшіліктің сыни талқысында бағалануы керек. Ғылымның жасампаздық сипаты болуға тиіс.

Азаматтардың өз тарихына лайықты болуына, оны жақсы біліп, шешуші кезеңдерін өзгелерге де сауатты жеткізе алуына, ата-бабаларының ерлік дәстүрін жалғастырып, дамудың әрбір жаңа кезеңінде олардың үздік жетістіктеріне еліктеулеріне ықпал ету – әрбір ата-ананың, әрбір мұғалімнің және әрбір мемлекет басшысының басты міндеттері осылар емес пе?

Адамдарға түсінікті тілде

Кез келген теория әдістемеге негіз­деліп, іс жүзінде қолданылса ғана өміршең болмақ.

Мақаланың кіріспесі мен «Ұлт тари­хындағы кеңістік пен уақыт» деп аталатын бірінші бөлімінде Елбасы өз бағдарламасының өзекті проблемаларын тұжырымдап, негізгі бағыттарын айқындап, «Не істеу керек?» деген сұраққа жауап берсе, «Тарихи сананы жаңғырту» атты екінші бөлімде «Мұны қалай істеу керек?» деген сұраққа жа­уап береді.

Мен жоғарыда Елбасының бұл еңбе­гінің айтарлықтай әлеуметтік бағыт-бағдар ұстанғанын атап өттім. Егер «Архив-2025», «Ұлы даланың ұлы есім­дері», «Түркі әлемінің генезисі», «Ұлы даланың ежелгі өнер және технология­лар музейі», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы», «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» жобалары – авангардтық мәдени-гума­нитарлық, яғни түрлі әлеу­- меттік салалар мен бағыттарды: білімнің әлеу­меттануын, ғылым мен білім беруді; өнерді; мәдениетті; бос уақытты; жасқа байланысты топтарды; бұқаралық коммуникацияны; қоғамдық пікірді және тағы басқаларды егжей-тегжейлі ғылыми-зерттеу нәтижелеріне негізделген медиакластерді құруға нақты тапсырыс десем, қателесе қоймаспын.

Осыдан небәрі 30 жылдай бұрын тарих сабағында оқушы немесе студент оқулық бойынша емес, «Біздің заманымызға дейінгі миллиондаған жыл» немесе «Үш жүз спартандық» сияқты көркем фильмдер бойынша жауап беріп тұрса, күлкіге қалар еді.

Қазір жағдай түбегейлі өзгерді және онымен санаспауға болмайды. Бір кездері бұқаралық мәдениетке шекесінен қарап келген академиялық және университеттік ғылым енді көз­қарасын өзгертіп, оны күмәнді жолбикеден сенімді одақтасқа айналдыруға ұмтылуда. Бұқаралық мәдениеттің өзі барған сайын жаңа аумақтарды жедел қарқынмен жаулап, ең жабық әрі консервативтік салаларға енуде.

ХХ ғасыр гуманитарийлерінің ғылым­ның, өнер мен технологиялардың алдағы синтезі туралы сол кездегі бұлың­ғыр болжалды ойлары баяғыда шындыққа айналды. Сол болашақ қазірдің өзінде келіп жетті.

Осы жалпыәлемдік үрдістердің ағымына ілесіп жүре бермей, оны меңгере біліп, өзіңе пайдасын тигізіп, алға басқан жөн. Ата-бабаның көп ғасырлық мұрасын цифрлы өркениет жағдайында түсінікті әрі сұранысқа сай етіп, өзектендіру туралы Елбасы бастамасы, міне, осыған үндейтінін көреміз.

Жаңарған, тың әрі таптау­рын­ды­лыққа тұсалмаған тіл, Ұлы даланың жанрлық-стильдік, тіпті, тектік-түр­лік диапазондағы гуманитарлық дискурсының кеңеюі жөніндегі ойлар – Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңашыл ерлігінің тағы бір жарқын қыры. Бүгінде біз осы үдерістің басталғанын ғана байқап отырмыз, ал егер ол жүзеге асса, соның нәтижесінде Қазақстан халқы жаһандық мәдениет дамуында көптеген жаңа салалар ойлап табатынына және сапалы жаңа өркениет баспалдағына көтерілетініне ешқандай күмән жоқ.

Әрбір ауқымды және ортақ маңызы бар істің өзінің басты қозғаушы күші болады. Елбасының осы бастамасын іске асыру барысында «жұмысқа жегі­летін негізгі жылқы», «ойлау орта­лығы» және «ақпарат банкі» рөлі шын мәнінде түркі тілдерінде сөйлейтін халықтардың тілдерін, тарихын, әде­бие­тін, фольклорын, мәдениетін зерт­тейтін гуманитарлық пәндер кешені – түркологияға берілуге тиіс деп ойлаймын.

Ғылымның осы саласының жай-күйі туралы әңгіме болғанда, соңғы онжылдықта жоғары білікті кадрлардың тапшылығына, түрлі елдер түркологтары күш-жігерінің бытыраңқылығына, олардың ірі және беделді талқылау алаңдарының жоқтығына және тағы басқа жайттарға байланысты түркология дағдарыс кезеңін бастан өткеріп жатыр деген зар-мұңды жиі естуге тура келеді.

Осы және басқа да көптеген сұ­рақ­қа «Түркі өркениеті: түп-тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жобада жауап берілген. Сондықтан кәсіби өрлеуге, түркология ғылымының бірігуіне және оның бұрынғы беделі қалпына келеді деп көп үміт күтуге мүмкіндік туғанына орай түркологтарды құттықтауға болады.

Көптеген ғасыр бұрын түркі әлемі және жалпы көшпенділер өркениеті адамзатты жаңғыртқан зор серпіліс әкелді. Бүгінде бүкіл әлемге халқымыздың мәдени өркениетінің мол мұрасын паш етіп, ата-бабаларымыздың тарихи жасампаздығын лайықты жалғастыратын кез келді. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының басты идеясы осында деп білемін және бұл туынды баршамызға арналған.

Махмұт ҚАСЫМБЕКОВ,

Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы