«Астана Опера» театры сахнасында нағыз ғажайып би мерекесі орын алды – талғампаз, нәзік әрі романтикаға толы бірінші бөлім мен сән-салтанаты жарасқан, қанық, шығыс нақышы, әзіл-қалжыңсыз құштарлығы бар екінші бөлім. «Шопениана» мен «Шехеразада» шығармашыл тұлға Михаил Фокинге тиесілі ХХ ғасырдың басындағы қос жауһар туынды қарама-қарсылық қағидаты бойынша бір-бірінің артықшылықтарын басып-озып әрі көрерменнің әсерін үдете отырып, бір сахна төрінде кездесті.
Романтикалық «Шопениана» – ерекше танымалдылыққа ие спектакль, осынау бір бөлімді балет қойылмаған театрды атау қиынға соғар. Бұған қоса, қатардағы көрермен үшін әуедей қалықтаған сильфида бейнесі романтикалық балеттің символына, оның айшықты белгісіне айналды.
«Астана Опера» қоржынын классикалық, неоклассикалық және заманауи репертуардың ең озық үлгілерімен толықтырып келе жатқан театр труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратованың айтуынша, бір қарағанда қарапайым болып көрінетін бұл балетте оны орындаудағы күрделілік жатыр. Фокин спектаклінің негізгі кейіпкері, мән-мазмұны би болып табылады – оның даму логикасы, қимыл-қозғалыс пен дене тұрысының толыққанды әсемдігі. Балетмейстер би арқылы арман-қиял мен қорқыныш-үрейдің музыкасын, адами қарым-қатынастың көзге көрінбейтін әуенін жеткізе білді.
Шымылдық түріліп, бізге қаз қалпында жеткен романтикалық балет көз алдымызда салтанат құрды. Александр Бенуаның эскиздері бойынша жасалған (сценограф Виктор Караре) декорациялар уақыт қойнауынан орын алған көне нақыштар іспетті; көмескіленген жарық (жарық бойынша суретші Винценцо Рапони) ескі бекіністі тұман арасынан көрінгендей етіп сәулелендіреді, сол көріністің аясында бозбала ақын мен сильфидалар шоғырының бейнесі байқалады. Сильфидалардың салмақсыз, жеңіл костюмдері, қызғылт және ақ раушаннан жасалған гүл шеңберлері, жинақы шаш үлгілері көріністі әдемі толықтырып тұрды (костюмдер бойынша суретші Арасель Досмұратова). Кордебалет әдеттегіден де ерекше өнер көрсетіп, мұңды сұлулығымен баурап алды – балериналар XVIII ғасыр қағидаларына сай шамалы ирелеңдеген дене икемділігін меңгерген, ал аспанда қалықтаған қолдары қозғалыстың реттілігі мен үйлесімділігін паш етті.
Фокин Шопениананың екінші редакциясын таңғажайып ұмтылыспен үш күн ішінде қойып шықты, кордебалеттің кейбір көріністерін антракт кезінде шымылдық түрілер алдында режиссерлерден тағы да сәл уақыт сұрап, сильфидалар тобының дене тұрысын реттей отырып, соңына жеткізді. «Асығыстықпен жасалған дүниелерді соңында өзгерткен емеспін, – деп еске алатын балетмейстер және оның хореографиясын орындаудағы аз-кем еркіндік танытқанға да күйзеле, қынжыла қарайтын. «Сезіммен жасалып, ішкі ниеттен туындаған нәрсе ең дұрыс әрі нақты болып шығатын». «Астана Опера» театрының қойылымында автордың стилін барынша жеткізе отырып, сезімді де, күшті де сақтап қалуға тырыстық. Көркемдік жетекші бастаған тәлімгерлер осыған бар күшін салды, әртістер де осыған ұмтылды. Театрдың прима-балеринасы Мәдина Басбаева сильфиданың кемел бейнесін алып шықты, қарқынды Мазурка мен мұңды Жетінші вальсті ерекше стиль сезінушілікпен орындады. Екінші күні Әйгерім Бекетаева өзінің сұңғақтығымен ХVIII ғасырдағы романтикалық балериналардың нақыштарын еске салды. Аделина Төлепова мен Әсел Шәйкенова Он бірінші вальсті орындауда үздік болуға таласты, ал Марико Китамура мен Анастасия Заклинская атақты Прелюдте бірнеше секунд арабескада қимылсыз тұрып, ғажап тепе-теңдік үлгісін көрсетті. Бозбала (Еркін Рахметоллаев, Олжас Тарланов), сірә, осынау қиялшыл балеттегі жалғыз «жанды» кейіпкер еді, мұның өзі орындаушылардың таза академиялық би, жеңіл секірулер мен дыбыссыз жерге түсу арқылы арманшыл ақынның жеңіл бейнесін құруларына кедергі келтірген жоқ. Балет бір деммен орындалды және «Шопениана» көрерменнен бөлек театр афишасына маңызды стильдік бояу енгізді.
Екінші балет – 1910 жылы Фокин арнайы «Орыс маусымдары» үшін қойған «Шехеразада» тамаша ертегісі, шетелдің көптеген сахналарында табысты жүріп жатқанына қарамастан, «Шопенианадан» гөрі кеңестік балет аумағында ұзақ уақыт бойы белгісіз болып келді. Тек 1993 жылы Ресейдің халық әртісі Андрис Лиепаның қайта өңдеуінің арқасында өз отанына қайтарылған: «Мен М.Фокиннің түпнұсқа жазбаларын тауып алдым, олар Санкт-Петербургтегі А.В.Луначарский атындағы кітапханада тұр. 1957 жылы Михаил Михайловичтің ұлы Виталий Фокин әкесінің құжаттары салынған екі үлкен шабадан жолдады, мен онда кордебалетке арналған барлық би қимылдарын, дене қалыптарымен байланысты ерекше тартымды нюанстарды көрдім. Бұдан бөлек, хореограф киносүйер жан болған әрі көптеп кино түсірген. Қазіргі таңда немересі Изабель Фокина басқарып отырған қорда М.Фокин мен оның ұлы түсірген 16 сағаттық деректі фильмдер сақталған. Онда «Шехеразаданың» дайындық сәттері бар, сондықтан қимылдар түпнұсқа жазбадан алынды», дейді ол бізбен ой бөлісіп.
Ұмыт болған жауһар туындыны көре алғаны үшін балетке құмар жандардың қуанышы арта түсті. Ал әртістер осы балетте көп нәрселерді үйрену және өз дарынын қалай көрсету мүмкіндігіне ие болды. Көптеген ойындар, қызықты пантомималар, актерлік жағынан қайта танылу кордебалет пен солистер үшін көрініс тұңғиығына енуге мүмкіндік берді. Тамаша Шопениана қойылымынан кейін өз мүмкіндіктерін тексеру – шығыс ертегісінің бейнелі көрінісіне ену, осындай қарама-қайшы ойға шомылу әртістер үшін пайдалы, деп санайды Алтынай Асылмұратова. Театрдың шеберханаларында сапалы дайындалған салтанатты костюмдер, көптеген аксессуарлар мен тұрмыстық заттар әртістерге, тіпті Станиславкийше айтқанда, «алдағы уақыт жағдайында» жоғары деңгейде өнер көрсетуіне себеп болды.
Сахнадағы Лев Бакстың эскиздері бойынша дайындалған салтанатты декорациялар (суретші – Анатолий Нежный, костюмдер – Елена Нецветаева-Долгалева) айтарлықтай сүйсіндірді. Ерекше жарасымды қызыл, жасыл, көк, күлгін, ақшыл күлгін түстер үйлесімді кеңістікті құрған, мұнда махаббат, құмарлық, қызғаныш пен опасыздық та тамаша бейнеге ие болған. Спектакльді қоюшы Андрис Лиепаның есептеуінше, «Астана Опера» залы Шахриар шығыс сарайының ертегілік салтанатының жалғасы болатындай етіп, Бакстың сценографиясын айрықша бейнеде толықтыра түседі. Балетке арнайы жазылмаса да, Фокинмен жеткілікті түрде араластырылған Римский-Корсаковтың бейнелі музыкасы ертегіге толы шығыстық оқиғаны керемет жеткізгені соншалық, көрермен қауым қанды шешімді күтумен болады. Қызыл еден – балетте сирек кездесетін жағдай, қайғылы финалды меңзейді, дегенмен де, ол күтпеген жайтқа айналады. Махаббат оргиясы көрінісінен кейін (театр әртістері пәктікпен, тазалықпен орындаған) Шахриярдың қанды жазасы өзінің қарқынымен, шынайылығымен таңдандырды, ал мұны Станиславскийше Михаил Фокин мұқият қоя білген!
Десе де, осынау балеттің құндылығы Зобеида мен Алтын құлдың тамаша дуэтінде жатыр, бұл екеуі дуэтпен орындалатын адажионың теңдессіз бірегей бейнесі, олар концерттік бағдарламаларда да ұсынылады, тіпті спектакльден «жұлынып» алынса да, сондай әсерлі күш-қуат пен сиқырға ие болып қала бермек. Кейбір солистердің бұл дуэтпен бұрыннан таныс болғаны бекер емес.
«Бұған дейін Андрис Марисовичпен бірге жұмыс істеген едім, Киевке осы партияны орындау үшін шақырылған солист болдым, сондай-ақ оны Түркия мен Беларусьте биледім. Бұл менің байқауға қатысушы ретінде емес, биші ретінде шетелге шыға бастаған алғашқы рөлдерімнің бірі. Алтын құл – сол кездің қымбат ойыншығы тәрізді, керекті зат ретінде оны торда ұстаған. Бұл партия актер үшін де, биші үшін де сан қырлы. Техникалық жағынан ол өте күрделі: секірулерден бөлек, өзіндік айрықша иілгіштік бар. Мен құлдың әдеттерін көрсетуге тиістімін, сонымен қатар әлдебір жаңа дүниеге деген алып ұшқан ынтызарлықты жеткізуге тиіспін. Осы партияны бұрын-соңды орындағаныма қарамастан, өзім үшін жаңа дүниені ашатыныма сенімдімін» деп атап өтті премьера алдында театрдың жетекші солисі Бақтияр Адамжан.
Бас дайындық қарсаңында ол Мәскеуден оралды, ол жерде әртіс Майя Плисецкаяға арналған концертке қатысып, «Париж Құдай анасының соборы» және «Дон Кихот» балеттеріне күрделі дуэттерді орындаған. Ол әп-сәтте тұсаукесерде еш қиындықсыз икемді, иілгіш, ләззат құмар әрі мықты жанға айнала кетті. Өзінің керемет икемімен, шыр айналуымен, мінсіз техникасымен Бақтияр Адамжан қазіргі заманның ең үздік бишісі деген асқақ мәртебені тағы бір рет дәлелдеді, ал өзінің секіруі мен әуеде қалықтап, ұшуы арқылы Алтын құлдың ең алғашқы орындаушысы – теңдессіз Вацлав Нижинскийдің бейнесін еріксіз түрде еске салды. Дегенмен, Зобеида партиясын орындаушы, балет солисі Анастасия Заклинскаяның өнерінен де өткен күннің бейнелері көз алдымызға келді, оның асқан сұлулығы Ида Рубинштейнмен байланысты болса, ал кейбір дене қалыптары мен тұрыстары, бас қимылдары, қылықтары ерекше теңдесі жоқ Зобеида – Алтынай Асылмұратованы еске салды.
Осы партияны екінші күні орындаған Cерік Нақысбековтің Алтын құлы нағыз жаңалық болды. Керемет дайындығы, жақсы техникасымен қатар, тамаша келбетке ие әртіске Бакст стиліндегі салтанатты костюмдер мен шығыс гримі үйлесімді жараса түскен. Онымен бірге дуэт құрып жетекші балет солисі Гаухар Усина биледі, ол үшін бұл партия таныс.
Музыка – осы қойылымдағы басты қатысушы бейнелердің бірі. Көрікті табиғат, Римский-Корсаковқа тән музыка бастапқыда балетке емес, симфониялық сюита ретінде жазылғанына қарамастан, спектакльдің драматургиясын айқындай түседі. Алайда Фокиннің увертюра ретінде берілген бағдарламалық туындының бірінші бөлімінде алдағы болатын драманың әсерлі бейнелері ашыла түседі. Зобеида тақырыбы шырқалады, осы құштарлыққа толы скрипка үні (Қаламқас Жұмабаева, Бағдат Әбілханов) оркестрді соңынан жетелеп, бірде нәзік, бірде құштарлана түседі.
Спектакль соңында бірінші скрипка Қаламқас Жұмабаева көрермен алдына шыққан кезде, оның музыкаға толықтай берілген өнерін сүйсіне тамашалаған жұрт неліктен залды жаңғырта қошемет көрсеткені түсінікті болды. «Астана Опера» соңғы жаңалықтарының бірі – кейбір спектакльдерде увертюра жоғарыға көтерілген оркестрмен орындалады. Театрдың техникалық жабдықталуы спектакль барысында көрермендердің дирижер жұмысы мен музыканттардың өнерін тамашалай алуы үшін оркестр шұңқырын ешбір артық дыбыссыз көтеріп-түсіруге мүмкіндік береді. Қоюшы дирижер Арман Оразғалиев атақты композиторлардың партитураларына және балетке арналған дирижерлеуге өте мұқият назар аударған.
Флюра МУСИНА