Кешкі уақыт. Орталық алдында жүзі сынық ананы кездестірдік. Ғимарат ішіндегі балалардың ойын-күлкісіне құлақ түрген оның назарын аудартып, әңгімеге тартпақ болдық. Сұхбаттасуды қаламады... Одан ары біздің жанарымыз жарық бөлме ішіндегі жас өскіндерге ауысты. Олар да ойын алаңшаларында асыр салып ойнағысы, жасыл алаңқайда құйғытып жүгіргісі келеді. Бірақ санасы сүттен тұнық жас өскіндердің жағдайы мұндай әрекеттерге мүмкіндік бере бермейді. Дегенмен тағдырдың тәнге салған сынағына мойынсұнар олар емес. Көздері шырадай жанған балдырғандардың шетінен арманы асқақ, мақсат-мұраты биікте.
Бұл Шымшаһардағы №17 «Достық» және №37 «Әйгерім» бөбекжай-балабақшасына барғандағы көңілге түйген ой-тұғын. Сырт көзге балабақша ретінде көрінгенімен іштегі өмір өзгеше. Бұл – психикалық дамуы шектеулі, тірек-қимыл функциялары бұзылған балаларды оңалту орталығы.
Кез келген мемлекеттің өркендеуі халықтың білім деңгейімен және денсаулығымен бағаланады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында даму мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қоғамдық ортаға кіріктіру мәселелеріне баса көңіл бөлу қажет екенін атап көрсеткен болатын. Осыған орай еліміздегі білім беру жүйесінде мүмкіндігі шектеулі балаларға көрсетілер көмек жақсарып келеді.
Жарымжан балалардың дертін емдеп, талбесік тәрбие, кешенді білім беретін «Достық» және «Әйгерім» арнаулы коррекциялық бөбекжай-балабақшасы міне сондай жақсы бастамалардың басында тұрған мекеме.
Еліміздің «Кемтар балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы» заңы мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек көрсетудің тиімді жүйесін жасауға, «Білім туралы» заңында белгіленген тәртіппен білім беруге, оларды тәрбиелеуге, еңбекке және кәсіби даярлау ісіне байланысты проблемаларды шешуге, кемтарлықтың алдын алуға бағытталған.
Елбасы Жолдауындағы басым бағыттарға қолдау ретінде өңір кәсіпкерлері қоғамға мейірім нұрын төгетін осы бір жақсы үрдісті іліп алып кетті. Солардың бірі де бірегейі, меценат, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, «ОТАУ групп» компаниясының президенті Қайрат Молдасейітов жеке қаржылық қолдауымен жоғарыда айтылған екі балабақшаны ел игілігіне пайдалануға берді. Ғимаратта бүгінде етбауыр ұрпағы үшін Алматы мен Астана, одан ары шетелге сабылған қаншама ата-ананың жарымжан балалары ем-дом алып, тәрбиеленуде.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, еліміздегі мүмкіндігі шектеулі 138 513 баланың 20 279-ы (14,6 пайыз) тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар санын құрайды. Түркістан облысында 2,5 мыңдай бала жүйке-тірек қимылының бұзылуына байланысты ем қабылдау кезегінде тұр. Ал Шымкентте қазіргі таңда сал ауруымен ауыратын 150-ден аса бала бар. Олардың 50-і бүгінде коррекциялық орталық кезегінде екен. Жаңадан ашылған заманауи оңалту орталықтары осы қажеттілікті қамтамасыз ететін болады.
Маусым айында Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасы аясында ашылған арнаулы коррекциялық қос бөбекжай-балабақша жалпы 110 орынға лайықталған. Жобаның жалпы құны 280 млн теңгені құрайды.
Аталған нысанның іргетасы қаланып жатқан шақта белгілі кәсіпкер Қайрат Молдасейітов: «Біз «мүмкіндігі шектеулі балалар» деп айта саламыз. Негізінде оның астарында қаншама қайғы-қасірет, қанша қиыншылықтың жатқанын көбіміз біле бермейміз. Сондықтан бұл мектепке дейінгі мекеме сол балалардың өмірге, қоғамға бейімделуіне септігін тигізіп, үміт отын сыйласа – оның өзі біз үшін үлкен бақыт. Сол балақайлардың ата-аналарының қайғы-қасіретін аз болса да жеңілдетуге көмектесеміз», деген еді.
№17 «Достық» арнаулы коррекциялық бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Қалдыгүл Шылмұрзаева балалардың алаңсыз ем алуына жақсы жағдай жасап берген кәсіпкер азаматқа ұжым атынан ағынан жарыла алғыс айтты.
Негізінде іргетасы 1957 жылы қаланған бұл мектепке дейінгі білім беру мекемесі 1986 жылдан бастап мүмкіндігі шектеулі балаларға арналыпты. Мұнда негізінен қимыл қозғалысы ауыр және жеңіл бұзылған, сал ауруымен ауыратын (ДЦП) балаларға көмек көрсетіледі.
Арнайы орталықта 50 бала тәрбиеленеді. Олардың әрбірімен 36 маман (логопедтер мен психологтар, дәрігер ортопедтер) жеке жұмыс істейді. Бөбекжай жетекшілігінің айтуынша, жұмыстың нәтижесі алғашқы 3 айда-ақ көрінеді екен. «Өте ауыр болып келген, тіпті отыра алмайтын балалар қазір қолмен ұстап, кішкене жетектеп жүруге жарап жатыр», дейді коррекциялық орталық меңгерушісі Қалдыгүл Шылмұрзаева.
Бір байқағанымыз, қазіргі кезде әлеуметтік көмекке мұқтаж болып отырған және түрлі сырқаттарына байланысты әртүрлі кемістіктері бар, созылмалы ауруларға шалдыққан балалардың саны көбейіп келеді. Олардың қатарында тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар да бар. Көптеген жылдар бойы тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар арнайы мамандардың, яғни мұғалімдер, психологтар, логопедтер мен дәрігерлердің ерекше назарында болып отыр.
Тірек-қимыл аппараты бұзылған балалардың даму ерекшеліктеріне байланысты білім беруде арнайы мекемелерде оңалту, білім беру мен тәрбиелеу керек-ақ. Үлкен мегаполис үшін аталған екі орталық мүмкіндігі шектеулі балалардың барлық қажетін толық шешіп береді дей алмаймыз. Алайда атымтай азаматтардың қоғамдағы осындай ауыртпалыққа көптеп назары ауып, мейірімі түсіп жатса күрмеулі түйін де шешілер еді.
Нұршат ТӨКЕН,
«Егемен Қазақстан»