• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
07 Қазан, 2012

“Есеп” партиясы

1551 рет
көрсетілді

“Есеп” партиясы

Жексенбі, 7 қазан 2012 0:12

Кеңес өкіметі қатал тәртіп орнатып, ел қа­мын жеген алаш аза­мат­­­тарын жаппай қа­мауға алып, аяусыз азап­тағаны, бүкіл халықтың жанын түршіктіріп отырса да әділетсіз қо­ғам­ға қарсылық еш уақыт­та тоқтап қалған емес. Дозақ азабын ба­сы­нан өткізгендер мен ондай азап шеккендерді көзімен көрген егде тартқан адамдар ғана болмаса, ештеңеден беті қайтпайтын оқып жүрген кейбір жастар азаттықты аңсап, өз қатарларының ұлттық санасын оятуға ұмтылып келді.

Мектептегі оқушылардан бастап, жоғары оқу орындарындағы саналы студенттер қазақ халқына жасалған зорлық пен қиянаттарды көздерімен көріп, әділетсіз қоғамға өздерінің наразылықтарын әр жерде, әр уақытта білдіріп отырды. Олар өшіп бара жатқан өз халқының тіліне, дініне, салт-санасына жаны ашып, келешекте қазақ халқы ұлттық қалпын сақтай алмай құрып кетеді-ау деп қайғырып, азаттық алса екен-ау деп армандады. Енді осы абзал азаматтар туралы сөз қозғайық.

 

Жексенбі, 7 қазан 2012 0:12

Кеңес өкіметі қатал тәртіп орнатып, ел қа­мын жеген алаш аза­мат­­­тарын жаппай қа­мауға алып, аяусыз азап­тағаны, бүкіл халықтың жанын түршіктіріп отырса да әділетсіз қо­ғам­ға қарсылық еш уақыт­та тоқтап қалған емес. Дозақ азабын ба­сы­нан өткізгендер мен ондай азап шеккендерді көзімен көрген егде тартқан адамдар ғана болмаса, ештеңеден беті қайтпайтын оқып жүрген кейбір жастар азаттықты аңсап, өз қатарларының ұлттық санасын оятуға ұмтылып келді.

Мектептегі оқушылардан бастап, жоғары оқу орындарындағы саналы студенттер қазақ халқына жасалған зорлық пен қиянаттарды көздерімен көріп, әділетсіз қоғамға өздерінің наразылықтарын әр жерде, әр уақытта білдіріп отырды. Олар өшіп бара жатқан өз халқының тіліне, дініне, салт-санасына жаны ашып, келешекте қазақ халқы ұлттық қалпын сақтай алмай құрып кетеді-ау деп қайғырып, азаттық алса екен-ау деп армандады. Енді осы абзал азаматтар туралы сөз қозғайық.

Қаршадайынан халықтың қамын ойлап, туған елі мен жерін жанындай сүйіп өткен Бүркіт Ысқақов сынды азамат өмірге өте сирек келеді. Ол жас кезінің өзінде-ақ Кеңес өкіметінің, коммунистік қоғамның әділетсіздігін, халыққа істеп отырған қиянатын зерделілігінің арқасында ерте аңғарып, оған жан-тәнімен наразы болды. Саяси көзқарасы ерте қалыптасып, ерте жетілді. Оның әңгімесін өмірден көрген-түйгені көп үлкен кісілердің өзі таңдана да, сүйсіне де тыңдайтын.

Мектепте оқып жүргенінде-ақ “ақын Бүркіт” атанып, өте беделді болды. Ол “Жас әдебиетші” деген үйірмені басқаратын. Сабақ аяқ­талғаннан кейін үйірме мүшелері жиналып алып кітап оқимыз, кітап оқып болғаннан кейін өз пікірімізді айтамыз. Кітапты біздерге тауып әкелетін де, оны біздерге мәнерлеп оқып беретін де, көбінесе, Бүркіттің өзі болатын.

Бір күні ол Сәкеннің “Қызыл ат” поэмасын алып келді. Бәріміз де оған таңдана да, үрке де қарадық. Өйткені, Сәкен, Бейімбет, Ілияс секілді арыс­тар “халық жаулары” болғандықтан, олардың жазған шығармаларын оқу түгіл аттарын атауға да қорқатын едік.

Бүркіт біздерге Сәкенді ерекше сүйетіндігін, тіпті олардың халық жауы еместігін айта келіп, поэманы мәнерлеп оқып берді. Шығарманы талқылай келіп, әңгімені ұжымдас­тыру кезіндегі асыра сілтеу және оның нәтижесінде қазақ халқының 1932-1933 жылдардағы жаппай аштан қырылуы туралы өрбіттік. Аштық алапатын бәріміз де басымыздан өткерген екенбіз.

Біз оқып жүрген “Казгоро­док” селосы сол кезде Нұра ауда­нының орталығы болған. Ашар­шылық кезінде мұндағы адамдар суық ұрған шыбындай қырылып еді. Әсіресе Жаңаарқа ауданынан  шұбырып келген аш-арықтардың бірде-бірі  тірі қалмады. Әбден титық­таған аш адамдар күресін­дерде, үйлердің ығында, өз үйлерін­де шейіт болды. Оларды ақ жауып арулап қоюға ешкімнің де шамасы келмеді. Тірілердің өздері қалжау. Қыста жарық дүниемен қоштасқандарды ауылдың сыртындағы кез келген шұңқырларға апарып тастай берсе, жаз шыға иістене бастаған мүрделерді көму қиынға соқты.

Қазақты біржолата құртып кете жаздаған бұл сұмдық туралы ол кезде ешкім жақ ашып айта алмайтын. Ал біздер Бүркіттің көп нәрсені аңдай білетіндігінің арқасында сол кездегі қазақтың басына үйірілген қара бұлттың қайдан пайда болғанын біршама түсініп қалдық. Бүкіл қазақ баласының басына түскен ауыр соққы біздің жас жүрегімізді жаралап, жанымызға өмір бойы өшпестей дақ салды. Сондай аяусыз қырғынға душар болмағанда Қазақстандағы қазіргі қазақтардың саны ең аз дегенде 15-20 миллионға жетіп, республика­дағы халықтың басым көпшілігі болып, өз ұлттық қалпымызды толық сақтап отыратын едік. Өз ана тілін білмейтін бүгінгідей шала қазақтар да болмас еді.

1940-1941 оқу жылында бір топ оқушылар Қарағандыдағы екі жылдық мұғалімдер институтына келіп, оқуға түстік. Бәріміз ауылдағы әдебиет үйірмесінің мүшесіміз. Бір-бірімізден бөлінбей қазақ тілі мен әдебиеті факультетінде оқимыз. Бәріміз де бір бөлмеде жатамыз. Болып жатқан халықаралық саяси оқиғалар жайында әңгімелесеміз. Бүркіт біздерге үнемі бір соны жаңалық айтып, не газет, жорнал, кітаптар әкеліп, оқып береді. Оның кез келген әңгімесі бізді өзіне баурап алатын. Әсіресе, Алаш партиясы, Алаш ақындары туралы айтқандары жүрегімізді тербетіп жіберетін еді. Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұма­баев, Жүсіпбек Аймауытовтың өлең­дері жанымызға жылы тиіп, көңілі­мізге қона кететін. Еліміз еркіндік алып, мемлекетімізді “Алаш” сияқты партия басқарып отырса, халқымыз мұндай күйзеліске ұшырамас еді-ау деп армандадық. Олардың өлеңдерін тез жаттап алып, басқа құрбы-құрдас­тарымызға айтып жүретін болдық. Әсіресе:

Қазағым, елім,

Қайқайып белің,

Сынуға тұр таянып.

Талауда малың,

Қамауда жаның,

Аш көзіңді оянып!

Қанған жоқ па әлі ұйқың,

ұйықтайтын бар не сиқың?!, –

деген өлеңді құштарлана жаттап алдық.

1941 жылғы ақпан айының бас кезі. Әдеттегідей, Бүркіттің әңгімесін тыңдап отырмыз. Бүгін ол ерекше шабыттана сөйлеп тұр. Жан-жақты дамыған АҚШ, Англия, Франция сияқты капиталистік елдерде бірнеше партиялардың қатар өмір сүретіндігін, мемлекет басқаруға сайлауда жеңіп шыққан партияның басшылары тағайындалатынын айтып берді де: “Ал біз халық қамын ойлайтын, халық үшін ғана қызмет ететін жаңа партия құруымыз керек”, – деді. Бұл пікірі біздерді қызықтыра түсті. Мұндай әңгіме өмірімізге зор қауіп төндіретіні ойымызға кіріп те шыққан жоқ. “Жаңа партиямыз тек ел үшін еңбек етуі керек. Ал ойлаңдаршы, сонда оны қалай деп атаймыз?” – деді Бүркіт бәрімізге қарап. Енді бәріміз жаңа партияның атын қоюға таласа бастадық. Әрқайсымыз өзімізге ұнаған әртүрлі аттарды атап жатырмыз. Тіпті өз ойымызды бұрынырақ өткізіп жіберуге тырысамыз. Талқылай келе олардың бірде-бірі ұнамады. Ақыры Бүркіт өзі бұрыннан көп ойланып осы дұрыс болады-ау деп есептеп жүрген жаңа партияның атын біздерге сенімді түрде жария етті. “Жолдастар, – деді ол, – біздің партиямыз “Елін сүйген ерлер партиясы”, қысқартып айтқанда “ЕСЕП” деп аталады. Осы отырған бәріміз бүгіннен бастап осы жаңа партияның мүшесіміз. Елдің қамын ойлайтын, елі үшін адал қызмет ететін партия болса, халық еш уақытта күйзеліске ұшырамас еді”, – деді ол шабыттана сөйлеп.

Сөйтіп, өзіміз бір жаңа саяси пар­тия құрып алдық деп қуаныстық. Алдағы уақытта оның бағдарламасын да, жарғысын да тездетіп қабылдауға ұмтылдық. Студент, оқушылар ара­сын­да үгіт жүргізіп, пікірлестеріміз­дің санын көбейтпек болдық. “ЕСЕП” пар­тиясының қазіргі мүшелері деп мыналарды ұйғардық: Бүр­кіт Ысқақов (көсе­мі), Ма­хмет Те­міров (орын­бас­ары), Елеш Бимағанбетов, Дәкен Шалабеков, Аманжол Дүй­сен­баев, Әшім Сүлейменов, Жанайдар Әубәкіров. Бұлар институтта оқып жүрген студенттер. Бұлардан басқа ауылда тұратын пікірлес достарымыз да партия мүшелері деп есептелді. Олар: Рақыш Бұйрабеков, Кәмәли Рахметов, Қажыкен Тінтаев, Ақ­қошқар Мұқанов, Байдалы Боқаев, Ақаш Мұқанов, Балапан Сәкібаев, Орынбай Сауқанов, Сайдали Кенже­баев (кейіннен Мақуов) Дәулетбек Әкімбеков, Қыздарбек Әкімбеков еді. Құпия түрде болса да біздің тілектестеріміз біртіндеп өсе берді. Бүркіт бірге оқып жүрген студенттерге ғана емес, сол кездегі бүкіл Қарағанды қаласының Жамбыл атындағы жалғыз қазақ мектебіне барып, өз пікірін оқушыларға да айтып, олардың ұлтық намысын оятуға бар күшін салып жүрді. Сөйтіп пікірлестер шоғыры мектеп оқушыларының ішінен де шыға бастады. Біздермен пікірлес деп тарих факультетінің студенттері Нүркенов, Сейітов Қайлеш, Аманбаев Мұқаш, Әубәкіров Хайридденді атайтын. Институтта Бүркітпен жақсы дос, пікірлес болғандардың бірі Жаппар Өмірбеков болатын.

Бүркіттің әңгімесін естіп, тың­даған құрдастарының бәрі дерлік оның пікірін қолдап шыға келетін. Тіпті “ЕСЕП” туралы сырттай естіген жастар оған тікелей сүйіспеншілік білдіріп отырды. Біртіндеп бізді қолдаушылар саны өсе берді. Олардың ішінен Бүркіттің ерекше атайтындары Оңайбек Құдышұлы, Орынбай Айтмағанбетов еді. Оңайбекпен өте сырлас дос болды. Өмірінің соңғы күндеріне дейін онымен жақсы сый­ласып өтті.

Бүркіт туралы ақын Жаппар Өмір­беков кейін “Қайсар, тынымсыз ғалым” деген (Б.Ысқақовтың 70 жылдығына арналған) мақаласында былай деп жазған еді: “Ол жасынан өзінше ойлап, көзқарасын ашық ай­тып жүретін. Соғыс уақытында Ста­лин туралы бір ауыз өлең шығарғаны есімде:

Жастарды айдап ұрысқа,

Қарттарды айдап жұмысқа,

Қан қақсатты халықты,

Осынысы дұрыс па?!

Ол кезде мұндай өлең үшін жазалау орындарына түссе, соттап жіберетін (“Орталық Қазақстан”, 10 желтоқсан, 1994 жыл, Қарағанды)”

1944 жылы Қарағандыда бір топ жастарды Кеңес өкіметіне қарсы саяси пікірлері үшін қамауға алды. Оларға “ЕСЕП” деген Кеңес өкіметіне қарсы ұлтшыл ұйым құрды деген айып тағылды. Бұлар: Зейнолла Әбділдин, Бейсембай Жақсылықов, Асығат Рүстемов және Жаппар Өмірбеков болатын. Оларды қатты қысымға алып: “Қоғамға қарсы мұндай жат пікірді сендерге кім үйретті?” – дегенде бәрі де бір ауыздан Бүркіт­тің атын атаған. Олардың мұнысы оған жапқан жала емес, шындықты жасырмай айтқаны еді. Алпысын­шы жылдардың бас кезінде кейбір қалаларда қоғамға қарсы деген кү­дікпен бірқатар студенттер қамау­ға алынып, жазаланды. Осы кезең­де Қарағандыда институтта оқып жүрген Кәмел Жүнісов, Кәрім Сау­ғабаев, Мақсым Омарбеков сияқты студенттерді ұстап, бұларға да “ЕСЕП” деген ұлтшыл ұйым құр­дың­дар деп, оқудан шығарып жіберді.

1950 жылдың желтоқсанында “Правда” газетінде Шойынбаев, Айдарова және Якуниннің “Қазақ­стан тарихы мәселелерін маркстік-лениндік тұрғыдан баяндайық” деген мақаласы жарияланды. Мұнда Ермұхан Бекмахановтың “ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарын­дағы Қазақстан” деген кітабы қат­ты сыналды. Онда Кенесары қозғалысы феодалдық-монархия­лық ұлтшылдықтың көрінісі де­лінді. Оның ешқандай бұқаралық сипаты болған жоқ деген тұжырым айтылды. Бекма­хановты ескілік, қазақтың хандық дәуірін аңсаған ұлтшыл деп айыптады.

Бүркіт екеуміз Кене­сары ха­лық­тың қамын ойлап, қазақты отар­­шылдық бұғауынан құтқаруға ұмтылған қаһарман деп дәлел­деп, “Правданың” өзіне жіберу үшін және Алматыдағы беделді газет­терде жариялату үшін мақала дай­ын­­да­дық. Ол кезде Бүркіт “Ленин­шіл жас” газетінде жауапты хатшы болып істейтін. Канди­дат­тық дис­сертация қорғауға дайындалып жүр­ген кезі. Мен шет тілдер инсти­тутында оқимын. Сондықтан Бүр­кіт бұл мақаланы жариялату үшін беделді тарихшы­ларды тартпақ бол­ды. Осы пікірі­мізді жұрт бі­ле берсін деп ашық айтып жүр­дік.

1951 жылдың 18 қаңта­рын­да Бүркіт екеумізді тұтқындап, қатты қысымға алды. “Сендер оқуға рұқ­сат етілмеген алаш ақындары­ның кітап­та­рын оқып, өлеңдерін жат­тап алып, басқаларға айтып жүріпсіңдер. Ол кітаптарды қайдан алдыңдар?” – деген сұраққа ауыр соққыдан әбден есеңгірегеннен кейін шындығын айтып, жауап беруге мәжбүр бол­дық. 1940-1942 жылдары инсти­тутта қазақ әдебиетінен сабақ бер­ген Нәрешев Айтбайдың үйіндегі кітапхан­асы­нан оның інісі Рамазан Нәрешев арқылы алып оқиты­нымызды айттық. Оның кітап­ха­насы ол кез үшін өте бай және си­рек кездесетін кітаптар да табы­латын. Ақыры 1951 жылдың 14-15 маусымында респуб­лика Жоғарғы соты РСФСР қыл­мыс­ты істер кодексі 58-бабының 19-11-тармақ­тары бойынша Бүркіт Ысқақов, Махмет Теміров, Айтбай Нәрешев­ті 25 жылға кесіп, қосымша 5 жыл азаматтық құқық­тан айыру туралы үкім шығарды. Рамазан Нәрешевті, Мұстахым Азанбаевты, Жекен Қалиевті 10 жылға, Адырбек Аман­құловты 8 жылға соттады. Сөйтіп, біздерді Кеңес өкіметіне қарсы ұлтшыл ұйым құрған, ұйымның мақсаты Орта Азия республика­лары мен Қазақстанда Кеңес Ода­ғының құра­мынан бөліп, Түркия­ның қолдауымен буржуазиялық ұлттық мемлекет құру болған, Ке­ңес қоғамына қарсы үгіт-насихат жүргізген, тыйым салынған әдеби кітап­тарды көпшілікке таратып отыр­ған деп айыптады. Бұл айып­тау біздер үшін жабылған жала емес, нағыз шындық. Қолымыздан ештеңе келмесе де солай болса-ау деп армандаға­ны­мыз рас еді.

1956 жылы ақпан айында Коммунистік партияның ХХ съезі жеке басқа табынушылық және оның зардаптары туралы мәселе қарады. Сталин мен оның сыбай­ластарының қылмысты істерін әшкереледі. Олардың талай жа­зық­сыз адамдарды қырып-жой­ғанды­ғын, қуғын-сүргінге ұшырат­қанды­ғын айыптады. Бұл жөнінде Н.С.Хру­щев батылдық көрсетіп, дұрыс бағыт ұстады. Осыдан кейін көп ұзамай-ақ жазықсыз жапа шек­кендерді әр жерде ерекше комис­сия құрып, босата бастады. Солар­дың бірі болып маусым айында мен де лагерьден босанып шықтым.

Бүркіт екеуміз ауыр жұмыс ат­қа­ратын әртүрлі лагерьлерде, түр­ме­лерде алты жылдай азап шегіп, 1956 жылдың тамыз айында Алма­тыда кездестік. Елге оралғаннан кейін байқағанымыз – Кеңес өкі­меті қазақтардың жеке ұлт есебінде өмір сүруін тежеуге кіріскен екен. Атамекенімізге бұрынғы қаптатып көшіріп әкелген адамдары аздай-ақ, енді тың жерлерді игереміз де­ген желеумен жаңа кеңестік отар­шыларды орналастырып жатты. Қазақ мектептері жабыла бастаған. Бұрын да ана тілін шала білетін қазақ жастары өзінің ұлттық дәстүрлерін таза ұмытып, тіпті өз ұлтын менсінбей, мәңгүрттеніп кеткен. Сөйтіп, қазақ халқы шеттен келген қалың тобырдың ішінде құмға төккен судай боп құрып кетуге айналған. “Іш қазандай қайнайды, күресуге дәрмен жоқ”. Өзіммен өзім күбірлеп сөйлегенде көкейіме мынандай өлең жолдары оралды.

Сағынып келсем

елге қойнымды ашып,

Кетіпті туған жердің

сұрқы қашып.

Шаң басса жер мен

көкті бұрқыраған,

Елімді келімсектер

кеткен басып.

Қазақ халқының тілі де, діні де, салт-санасы да жойылып кету қаупіне ұшырағанын сезген Мәс­кеуде оқып жүрген саналы студент­тер жұрт қамын ойлап, ел еңсесін көтеруге тырысқан. Мұрат Әуезов (жетекшісі), Мақаш Тәтімов, Ерсайын Тәпенов бастаған “Жас тұлпар” атты мәдени-саяси ұйым құрып, ел аралап, халыққа концерт көрсетіп, лекция оқыған. Оларды болған жерлерінде халық та зор қошеметпен қарсы алып, ерекше сүйіспеншілік білдіріп отырған. Тың игеру науқаны басып-жаншып тастаған елдің рухын көтеріп, ұлттық салт-санасын сақтап қалуға үндеген. Аз уақытта-ақ “Жас тұл­пар­дың” дүбірі бүкіл республикаға жайылып, әр облыс орталығындағы жастар осы  сияқты ұйымдар құра бастаған. Республика көлеміне кең тарап, жаппай жайыла бастаған, қазақтың ұлттық намысын оятатын жастар ұйымдарынан қауіптенген Қазақстан Компартия­сының Орта­лық Комитеті бұған ерекше көңіл аударып, “Жас тұлпар” ұйымын таратқан. Барлық жерлерде алдағы уақытта мұндай жастар ұйымын құруға тыйым салған.

Бірақ тоталитарлық жүйе қанша қаталдықпен өзіне қарсы дегендерді қатал жазалап отырса да жастардың әділетсіз қоғамға наразылығы ешуа­қытта тоқтап қалған емес. 1969 жылы Павлодар қаласындағы №3 мек­­тептің жоғарғы сынып оқу­шылары Арман Қалиевтің бастауы­мен “Жас ұлан” деп аталатын жасырын саяси ұйым құрып,   жастардың ұлттық сана-сезімін оятып, азаттық алуды армандаған. Бұл уыздай жастарға да қатал шара қолданған.

1972 жылдан бастап Хасен Қожа Ахмет Қазақстанның тәуел­сіздігі үшін күресу мақсатында “Жас қазақ” атты ұйым құрмақ боп қоғамға қарсы үгіт жүргізген. Бұл үшін ол екі рет сотталған.

1979 жылы қыркүйек айында Целиноград қаласында (қазіргі Астана) бүкіл жастар жиналып Ерейментауда ұйымдасты­рылмақ­шы болған Неміс автономиялық облысына қарсы шеруге шыққан. Осының нәтижесінде неміс автономиясы құрылмай қалған.

1986 жылғы желтоқсандағы қазақ жастарының ашықтан-ашық әділетсіздікке қарсы шығуы – азаттық, тәуелсіздік үшін күрестің шарықтау шегі болды.

Қорыта айтқанда, қазіргі тәуел­сіздік патша отаршыларына жан пида деп қарсы шыққан жаужүрек батырларымыздың төгілген қаны­ның, Алашорда азаматтары­ның жан аямай азаттық үшін күресуінің,  бұ­лар­дың жолын қуып, қатал жазадан да сескенбей, ұлттық намысты қару қылып әділетсіз қоғамға қарсы шық­қан “ЕСЕП”, “Жас тұлпар”, “Жас ұлан”, “Жас қазақ” ұйымдары кү­ресінің, ақыры, 1986 жылғы жел­тоқсандағы жастардың ерекше ер­ліктерінің нәтижесінде орнап отыр.

Бұл тәуелсіздік біздерге тектен-текке келе қалған жоқ. Мұнда сансыз азаматтардың төгілген қаны мен көрген азабы жатыр. Өмірде азапты да, қырғынды да басынан көп кешкен қазақ халқы үшін бұл тәуелсіздіктен қымбат ешнәрсе жоқ. Ендеше, біз мұны ардақтай да, жан сала қорғай да білуіміз керек.

Махмет ТЕМІРҰЛЫ, зейнеткер.

Қарағанды облысы.

29 мамыр 2002 жыл.