Білім және ғылым вице-министрі Э.Суханбердиева, Парламент Мәжілісінің депутаттары И.Смирнова және Н.Дулатбековтың, сондай-ақ Астана қаласындағы педагогтар қауымдастығының қатысуымен «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы бойынша қоғамдық тыңдау өтті.
Аталған заң жобасында педагог қызметімен байланысты педагогтардың құқықтық жағдайын сапалы жақсартуға ықпал етіп, оларды әлеуметтік қорғауға кепілдік беретін құқықтық, әлеуметтік-экономикалық қарым-қатынасты реттеу көзделген. Білім және ғылым вице-министрі Э.Суханбердиеваның айтуынша, заң жобасын әзірлеу барысында Қытай, Финляндия, Қырғызстан, Өзбекстан және басқа да шекаралас мемлекеттердің ұқсас заңдары қарастырылған.
Атап өткен жөн, заң жобасы 2018 жылғы желтоқсан айында Алматы қаласының педагогтар қауымдастығымен бірге талқыланған болатын. Ал 2018 жылғы 14 желтоқсанда Әділет министрлігінде заң қызметі мәселелері бойынша өткен ведомствоаралық комиссияның отырысында «Педагог мәртебесі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне педагог мәртебесі, мұғалім мен оқушыға жүктемені төмендету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдардың тұжырымдамалары барлық комиссия мүшелерінен бірауыздан қолдау тапты. Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде және педагогикалық ұжымдарда заң жобасы белсенді талқыланып, 8 мыңнан астам ұсыныс келіп түскен. Біз олардың барлығын назарға ала отырып Үкіметке, Мәжіліс пен Сенаттың қарауына ұсынамыз. Содан кейін маусым айында Елбасы қол қояды» деді вице-министр.
Сондай-ақ заң жобасында мұғалімдерге жылына сауықтыруға қазіргідей бір емес, екі жалақы көлемінде көмек беру қаралған. Дәптер тексеру мен сынып жетекшілігіне 15 мың теңгедей қосылады. Жас мұғалімдерге тәлімгерлік жасағандар мен ғылыми атағы бар ұстаздарға да қосымша ақша төленеді. Бұл жаңашылдықтардың көпшілігін педагогтардың кәсіподағы ұсынған.
«Балабақшада жұмыс істейтін әдіскерлеріміз 42 күн демалады. Ал енді мектепте, жоғары оқу орындарында, колледждерде жұмыс істейтін ұстаздардың бәріне бірдей 56 күн еңбек демалысы беріледі деген сипаттағы норманы заң жобасына қостық» деді Білім және ғылым қызметкерлері салалық кәсіподағы төрағасының орынбасары Айгүл Мұқашева.
Заң жобасы 6-тарау және 21-баптан тұрады. «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасында педагог мәртебесі және оның педагогикалық қызметі, педагог әдебі, педагогтың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау, педагогке кәсіптік қызметке рұқсат беру мәселелері қарастырылған.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»