• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Білім 22 Қаңтар, 2019

Ұстаздар коммуналдық қолдаумен қамтылса...

417 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың Қазақстан халқына Жолдауында «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылдау туралы шегелеп айтылды. Президент оның себебін де көрсетіп берді.

«Мұғалімдерді ақы төлен­бейтін қосымша жұмыстарға көп уақыт жұмсайды. Мысалы, сайлау кезінде үгітші жасайды, сабақтан алып сенбілікке жібереді, жина­лыс­тарда кісі толмаса соған қа­тыс­тырады, біреудің кітабы өт­пей жатса соны алдырады және газет-журналдарға күштеп жазды­ра­ды, т.б.» деді.

2000-жылдары қазақтың бір­туар педагогы, ғалым-ұс­таз Қанипа Бітібаева апамыз Ақ­суатқа келді. Сонда осы мәсе­лені қозғап еді. Көреген апамыз өз сөзінде: «Мұғалімдердің «байы» көп. Олар – директор,  білім беру бөлімінің бас­­­шысы, әкім т.б. Сондықтан «Мұ­ға­­лім мәртебесі туралы» заң қабыл­дамай түк те болмайды» деп еді. Міне, бұйырса Қанипа апа­мыз­дың тілегі орындалғалы тұр.

Ендігі кезекте педагогика саласында 34 жыл еңбек өтілі бар, мұғалім, оқу ісінің мең­геру­шісі, директор, білім бөлі­мінде әдістемелік кабинеттің мең­герушісі, жаңадан құрылған «ПМПК» КММ-нің басшысы болған адам ретінде «Педагог мәртебесі туралы» заңға қатысты ой-пікіріммен бөліспекпін.

Ең алдымен Президентіміз атап көрсеткендей (жоғарыда ай­тылған), ақы төленбейтін қо­сым­­ша жүктемелерден мұға­лім­дер­ді босату керек. Екінші­ден, мұға­лім­дердің алаңсыз сабақ­қа дайын­далып, оқу-тәр­бие жұ­мы­­сы­мен ғылыми шығар­машы­­лық­­пен айналысуына мектеп әкім­шілігі жағдай жасауы қажет. 

Әр мұғалімде ЕҒҰ (еңбек­ті ғылыми тұрғыда ұйымдас­ты­ру) болуы, яғни сабақ кесте­сін жасағанда бір күнді осы­ған арнау, пән кабинеттерінің материал­дық базасын жақсарту, мек­теп­ішілік семинарлар, ғылы­ми конферен­циялар өткізу, мектеп мұғалім­дерінің педаго­гика саласы бо­йынша өте­тін аудандық, облыс­тық, рес­пуб­ли­кал­ық және халық­ара­лық олим­­пиа­даларға, түр­лі бай­қау­лар мен конкурстарға қа­ты­­су­­ларына жағдай жасау, мұ­ғалімнің еңбегін соңғы нәти­же бойынша бағалау, яғни оқу­шысы аудандық, облыстық, рес­пуб­ликалық, халықаралық олим­пиадалардан жүлделі орын алған ұстаздарды жұмыс өтіліне қарамай категориясын көтеру және марапаттау. Үшіншіден, экономикалық жағдай түзелген кезде мұғалімдердің апта­лық жүк­теме сабақтарын 18-ден 14-ке дейін төмендету, 25 жыл жұ­мыс өтілінен кейін жеңіл­дік­пен зей­нет­керлікке шығару қажет.

Педагогтарды тұрғын үйінің көле­міне қарай көмірмен, электр энергиясымен толық қамтамасыз ету, дәрігерлік қараудан тегін өт­кі­зу қолға алынса дейміз. Қазір­­гі кездегі коммуналдық қызмет ақы­сы бір тонна көмірге де жетпейді.

Сонымен бірге мұғалім­дер­дің еңбекақылары еліміздегі орташа еңбекақыдан жоғары болуы қажет. 

«Сананы тұрмыс билейді», деп кезінде К.Маркс тегін айт­паған болар. Егер мұғалімдер­дің әлеумет­тік жағдайы жақ­сарып, тұрмысы түзелсе, олар­ға еркіндік берілсе, ұс­таз­дар өздерінің атына дақ түсі­рмей, еліміздің ертеңі – бола­­шақ ұрпаққа сапалы білім, сана­­лы тәрбие беру жолында аян­бай еңбек ететіндеріне кәміл сенемін.

Ержан ҚҰТТЫБАЕВ,

Білім беру ісінің үздігі, Тарбағатай аудандық мәслихатының депутаты

Шығыс Қазақстан облысы