Штюрмерлер халыққа жақын болды, ол қарапайым халықтың жанды тіліне кеңінен жол ашты. Неміс драматургиясын жаппай шекспирлендіру тенденциясы басталды. Лессинг бұл бағытты ешқашан алдына мақсат етіп қойған жоқ. Алайда «Дауыл мен шабуыл» деп аталған қозғалыс неміс драматургиясын шекспирлендіруден бас тартқан жоқ. Осы қозғалысты жастар жағы жаппай қолдады. Солардың арасында Иоганн Вольфганг Гете де болды.
Ол ауқатты отбасында дүниеге келді. Лейпциг, Страсбург университеттерінде білім алды. Страсбургте жүрген кезінде ол «Дауыл мен шабуылдың» аса көрнекті өкілі Иоганн Гердермен танысады. Гердер оған қатты әсер етеді. Гердердің үгіттеуімен ол Веймар қаласына қоныс аударады. Гердер дүниеден өткенше ол осы қалада тұрақтап қалады. 1775 жылы герцог Карл Август Веймарскийдің шақыруын қабыл алып, көп ұзамай Бірінші министр боп тағайындалады.
Бұл жылдар Гете шығармашылығының біршама тоқыраған кезеңі болды. Ол бірнеше жыл бойы ештеңе жазбады. Тек, Италияға барған кезінде ғана ол шығарма жазуға қайта кірісіп, 1775 жылы басталған шығармасын аяқтады. Испан герцогі Альба өлтірген Эгмонт жайлы ол «Эгмонт» атты трагедиясын бітірді.
«Фауст»
Гете «Фаусты» жазуға бүкіл өмірін арнады. Сондықтан да оны жазушы өмірінің белгілі бір кезеңіне жатқызу қиын. 1790 жылы басталған шығарма 42 жылдан соң, яғни 1832 жылы жазылып бітті. Бұл – оның соңғы шығармасы еді.
Шығарманың тақырыбы – адам тану, әлем тану, табиғат тану. В.Г.Белинский бұл шығарманы ерекше зор бағалаған. «Бір адам бейнесіндегі бүкіл адамзаттың жиынтығы» деді ұлы сыншы Фаусты. Шығарманың басты қаһарманы өмірде болған адам деген әңгіме бар. Фауст туралы жазу көптеген ақын-жазушылардың арманы болған. Фауст кім? Оны неге қолына қалам ұстаған адамдардың бәрінің жазғысы келді?
Германиядағы реформа кезеңі мен Шаруалар соғысы кезінде ел ішін доктор Фауст деген атпен әлдебір адамның тынымсыз аралап жүргені белгілі болады. Бірақ, ол кім? Ғалым ба? Дәрігер ме? Жаратылыс танушы ма? Жиһанкез бе? Әлде, көзбояушы ма? Ол жағын ешкім білмейді. Әлде аңыз, әлде шындық. Әйтсе де, Фауст туралы лақап елдің санасына ерекше әсер еткен тылсым оқиға болды.
Фауст осы ойға тірелгенде, оның дәл осылай шарасыз күйге түскенін күтіп тұрғандай Мефистофель кіріп келеді. Әлемнің сырын ашуға көмектесетінін айтады. Қоятын талабы біреу – Фауст оған жанын сатуы керек.
Фауст кім? Ең әуелі осыны түсініп алайық.
Аңыз бен ақиқат
ХVІ ғасырдың басында Германияның барлық қалаларының көшелерімен Иоганн Фауст деген адам емін-еркін серуендеп, өзін ең білгір доктормын деп таныстырып жүріпті. Ол туралы жұрт гу-гу әңгіме айтып, біреулер оны шын мәніндегі білгір доктор десе, енді біреулер оны шын мәнінде сиқырды толық меңгерген қара ілім иесі, ол химик, астролог, адам біткенді арбаушы, қысқасын айтқанда, пері деп таныды. Фаустың өзі де мұндай әңгімені теріске шығармайтын, қайта, табиғаттың барлық құпиясы ол үшін ашық екеніне мақтанышпен қарайтын. Өзінің айтуынша, оның білмейтіні, қолынан келмейтіні жоқ, қорғасыннан алтын жасай алады, адамдарды кез келген кеселден айықтыра алады, жұлдыздарға қарап адам тағдырын болжап бере алады, ең бастысы – мәңгілік өмірдің эликсирін жасаудың да құпиясын біледі.
Шын өмірде Иоганн Фауст медицина университетін бітірген соң мамандығы бойынша дәрігерлікпен айналыспай, ол кәсібін мүлдем тастап кетеді. Дәулетті адамдардың қараңғылығы мен аңғалдығын пайдаланып, олардың қалтасындағы алтындары мен ақшаларын қағуға машықтана бастайды. Ол – білімді көзбояушыға айналады.
Ел ішінде ғұлама доктор, сиқыршы, көзбояушы, жер мен көктің сырын білетін құдірет иесі туралы лақап қалыптасып, оның сайтанға жанын сату арқылы онымен құпия одақ құрған адам деген сөз жұрт санасынан берік орын ала бастайды.
Аңызы мен шындығы біте қайнасып кеткен осы тарих Гетені толғандырмай қоймады. Ол өзінің ең атақты «Фауст» атты поэма-трагедиясын жазуға кірісті.
Ал өмірдегі Фауст болса Еуропа тарихынан біржола ғайып болды. Ол қайда кетті, немен айналысып жүр, ешкім біле алмады. Әйтсе де, оның 1540 жылы қайтыс болғаны белгілі, бірақ оның өліміне ешкім сенген жоқ. Ол жанын шайтанға сатқан соң, соның еркіне біржола еніп, өліп қалса да тіріліп кеп, адамдар арасын аралап қайтады екен, тіпті қара плащ, қара шляпа киіп, ит жетектеп жүрген оны көрген адамдар да болыпты. Жетектеп жүрген иттері ит емес, бір кезде өзі жек көрген адамдарын итке айналдырып, ертіп жүреді екен деген лақап сөз тарады.
Дүниенің барлық құпиясын білмек боп, қанша әрекетке барса да, Фауст ол әрекеттерінен ештеңе шықпайтынына көзі жетеді. Барлық амалы таусылған Фауст ақыл-ойдың тұңғиығына тіреліп, «Адам баласы өз ақыл-ойымен дүниенің сырын біле алмайды» деген қорытындыға келеді. Оның осындай ойға тірелуі мұң екен, қара плащ, қара шляпа киген Мефистофель кіріп келеді. «Сен дүниенің барлық сырын білгің келсе менің шартыма көнесің. Ол үшін жаныңды маған сатуың керек» дейді Мефистофель.
Фауст келісім береді. Фауст пен Мефистофель құпия одақ құрған соң, ол Мефистофельдің екі аждаһа жеккен сиқырлы арбасына мініп қалалар мен далаларды, тау мен тасты, көк пен жерді қалауынша шарлап шығады. Тіпті құдіретті сиқырмен Троян соғысын да бері жылжытты, сол кездегі адамдардың арасынан Елена Прекраснаяны көріп, оған өзі ғашық та боп қалады.
Поэма сюжеті бойынша, аңыз кешіп жүрген Фауст та қартаяды. Жасы келген соң ол өмірдің мәні жайлы, өзінің сайтанмен байланысып арам одақ құрғанына өкініш білдіреді. Сайтанның азғыруымен адал жанын сатып, өз өмірінің түбіне өзі жеткені үшін өкініп, дүниенің сырын ашпақ түгілі, күннің батуы мен шығуының, бұлт пен найзағайдың пайда болу құпиясын бәрібір аша алмағанына өкініп, ұйқысыз жатқан түні Мефистофель келіп: «бәріне өзің кінәлісің. Сатқындық жолға өзің түсіп, азғыруға оңай көндің» дегенді айтады да ғайып болады.
Түн ішінде Фауст үйінің төбесінде алапат құйын тұрып, бөлме ішінен жыланның ысқырған үні естіледі.
Таңертең қызметшілер Фаустың өліп жатқанын көреді.
Гете және Шығыс әдебиеті
Гетенің «Батыс-Шығыс диваны» атты кітабынан соң Еуропа «Әлем әдебиеті» дегенді ғылыми айналымға ендіре бастады.
Гетенің бұл кітабы Шығыс мәдениеті мен әдебиетіне деген зор құрмет пен сүйіспеншілікке толы. «Құжыра» деп аталатын кітаптың алғашқы беті мынадай жолдармен басталады:
«Север, Запад, Юг в развале,
Пали троны, царства пали.
На Восток отправься дальный
Воздух пить патриархальный,
В край вина, любви и песни,
К новой жизни там воскресни».
Бұл өлеңнің әрбір жолында Шығысқа ұмтылу, Шығысқа бас ию, қирап бара жатқан Батыстан, Солтүстіктен, Оңтүстіктен шығып, Шығысқа беттеңіз деген ойды айта келіп, «Воздух пить патриархальный» деп Еуропаға кеңес береді. «Батыс-Шығыс диванына» рецензия жазушылар «Воздух пить патриархальный» деген жолдың ескілікті қоғамда емес, бағзы замандағыдай табиғат тазалығы мен жан тазалығын айтып отырғандығын жете түсіндіріп өтеді.
Гете одан әрі Ислам мен Пайғамбар жайлы да өзінің ерекше ілтифатын, ыстық ықыласын жария етеді.
«Там, наставленный пророком,
Возвратись душой к истокам,
В мир, где ясным, мудрым слогом
Смертный вел беседу с богом».
Пайғамбар өсиетіне адал берілген адамдардың ақиқат жолын анықтауда Жаратушының өзімен еркін тілдесе алатынын да ерекше ынтызармен жырлайды.
«Слей четыре эти силы
В первобытной их природе –
И Хафизу ты подобен,
И бессмертен ты в народе».
Ерлік, азаматтық, сұлулық пен адамдық сияқты төрт қасиетті бойыңа сіңірсең, сен де Хафиз секілді ел есінде мәңгі жасайсың деп, Хафиз шығармаларын жоғары бағалайтынын білдіреді. Бұдан кейінгі мақалаларының бірінде Гете Хафизді өзіне ұстаз санайтынын, формалық, мазмұндық, стильдік жағынан одан көп нәрсе үйренгенін мақтанышпен жариялайды.
«День угас, но с этой верой
Я несу Хафиза людям».
«Хафиз-Наме» деп аталатын 12 кітаптан тұратын «Батыс-Шығыс диванының» алғашқы кітабында Гете Хафиздің барлық шығармашылығына деген сүйіспеншілігін асқан шабытпен талдап, оған бірнеше өлең циклдарын арнаған.
Иоганн Гете Фирдоуси, Саади, Низами, Энвери, Руми, Жәми жайлы да тебіреніске толы ойларын кітапқа түсірген. Олардың әрқайсысына тоқталып жату мүмкін емес, ол үшін «Гете-наме» деген арнайы сабақ өтіп, зерттеу еңбек жазу керек.
Гетенің арабтар, араб халифаты жайлы, әсіресе Мұхаммед Пайғамбарға арналған «Магомет» деген мақаласы ислам дінінің шығу тарихы, оның қудалауға түсуі, Мұхаммед ілімінің бірте-бірте адамзат санасында бүтін бір ілгерішіл ілім ретінде қалыптасуы жайлы толық айтылып, ақиқатқа апарар бірден-бір ілім – Ислам ілімі деген ойға меңзейді. Бірақ бұдан кейін, Гете Христиан дінінен қол үзді деп айтуға болмайды. Ол өз дінін сыйлап өтті, әйтсе де, исламға бүйрегі бұратынын жасыра алмады. Иса Пайғамбар мен Мұхаммед Пайғамбардың ілімін салыстыра қарап, кей тұста осы екі ілімнің де бір-біріне ұқсас екеніне, әсіресе «Көне өсиет» пен Құран сүрелерінің мазмұн-мәндері бірін-бірі қайталайтынын да ажыратып айта білген.
Иса Пайғамбарды да, Мұхаммед Пайғамбарды да Гете ақынмен салыстырады. Салыстыра келіп, үзілді-кесілді көзқарасқа тоқталады. Мұхаммед ақын емес, ол Пайғамбар деп ойын бекітіп алады да, ақын мен Пайғамбардың айырмашылығына тоқтайды. Ақын сезімді жырлап, содан ләззат алады, қуанады, масаттанады, шабыттанады. Пайғамбар – ілімін уағыздайды, ол эмоцияға берілмейді. Өйткені Алланың сөзі шаттануды, масаттануды, әсірелеуді көтермейді, ол сананы ақиқатпен билейді. Адам баласы ақиқат жолын өз ақыл-парасатымен шеше алмайды, ақиқат жолы – жаратушыға деген сенім жолы. Гете бұл идеясын өзінің «Фауст» атты шығармасында көтеріп, доктор Фауст пен Мефистофель арасындағы жан алмасу әдісін пайдаланған.
«Батыс-Шығыс диваны» 1819 жылы жарыққа шықты. Бұған дейін Гете ұзаққа созылған дайындық жолынан өтті. Әуелі Құранды оқып шықты, сонан соң араб өмірін зерттеді, атақты «Мың бір түнді» оқып, ол туралы мақалалар сериясын жазды. Араб халықтарының 400 жылдық тарихын қарап шықты. Сонан соң Шығыстың жеті жұлдызы атанған жоғарыда аты аталған араб-парсы тілінде жазылған ғұлама ақындардың өлеңдерін неміс тіліне аудартып, оларды егжей-тегжейлі зерттеді. Шығыс әдебиетіне Гете сияқты тиянақты түрде көңіл бөліп, оның поэтикалық құндылықтарын тереңнен тербеп зерттеген Батыс әдебиетінде бірде-бір ақын, не зерттеуші жоқ. Библиядағы «Время разбрасывать камни, время собирать камни» деген қағидаға сәйкес, әрбір ақын не жазушы шығармашылық фантазиясы жалындап тұрған жастық шағында өз шығармаларын жазады, ал есейе келе эмоциядан байыпты ойға көшеді, жасы егде тартқанда өткен өмірін санасында қайта таразылап, бұрын өзі мән бермей келген құндылықтарға сараптама жасауға кіріседі.
Үндемейтін кез, айтатын кез деген ұғым тағы бар. Бұл – Гетенің қағидасы. Шығыс мәдениеті мен әдебиеті жайлы Батыс елі үндемейтін кезеңді артқа тастап, айтатын кезге жеткенін Гете бәрінен бұрын сезінді. Осы сезінудің нәтижесіне ол «Батыс-Шығыс диванын» жазып шықты.
Бұл кітап жарыққа шыққанда неміс зиялы қауымының арасында бір-біріне кереғар пікірлер айтылып жатты. Әрі драматург, әрі сыншы Адольф Мюльнер 1820 жылы Гетенің бұл еңбегіне қатты сын көзбен қарап, үмітінің ақталмағаны туралы жазды. «Қысқасын айтқанда, – деді Мюльнер, – Гетенің бұл кітабы оның барлық кітаптарының ішіндегі мағынасы жат еңбектерінің қатарына жатады. «Батыс-Шығыс диваны» – біздің талғамымызға мүлдем сай емес. Мұнда сезім бар да түсінік жоқ, жұмбақ бар да, оны шешетін кілт жоқ».
Мюльнердің бұл пікіріне Гете қатты налып жүргенде, атақты философ Гегель «Батыс-Шығыс диваны» жайлы үлкен мақала жазып, «Гетенің бұл кітабы – оның барлық кітаптарынан жоғары тұр» деп бағалады. Осы пікірін атақты философ университеттерінде оқыған лекцияларында кеңейтіп, толықтыра түсті.
Иоган Вольфганг Гете Шығыс поэзиясына Батыс қақпасын айқара ашқан, ислам дініне философиялық тұрғыдан зерттей қарап, араб мәдениеті мен парсы, түркі поэзиясын Еуропа еліне зор ілтипатпен танытып кеткен ұлы ақын.
Шығыс әдебиетін батыс әлеміне зор сүйіспеншілікпен таныстырып өткен Гетенің ұлы еңбегі жайлы айта отырып, оның «Түнгі жолаушының әні» деп аталатын қысқа ғана өлеңі жайлы сөз етпей кету қиянат болар еді. Осы бір қысқа ғана өлең жолдары орыс әдебиетінде де, қазақ әдебиетінде де «Фаустан» кем сөз болған жоқ. Өлең 1780 жылы жазылып, оны 1840 жылы Лермонтов орыс тіліне аударды. Арада бір ғасырдай уақыт өткенде бұл өлең жолдары М.Әуезовтің сөзімен айтқанда «Ақшоқыға, Абай ауылына» жетті. Лермонтов аудармасы арқылы Абай бұл өлеңді «Қараңғы түнде тау қалғып» деп қазақ тіліне аударды. Неге екені белгісіз, В.Белинский Лермонтов аударған бұл өлеңді «пьеса» деп атап, «...біздің ақынның аударуында аптапты күннен кейін адам жанын әлдилейтін қоңыржай түнгі сезім мейлінше әсерлі беріліпті» десе, Лермонтов шығармашылығын зерттеуші Ираклий Андронников «Гете – бірте-бірте маужыраған табиғат туралы, онан соң ұйқыға кетер адам туралы айтқан, ал, Лермонтов болса, тіршілік күйбеңінен шаршаған адамның мәңгі демалатын тыныштық құшағына енетіні жайлы өзінше бұрылыс жасаған». Белгілі жазушы Мариэтта Шагенян өлең мазмұнын нақтылай түседі. «Гете бұл өлеңді алты жыл бұрын кенеттен қайтыс болған Корнелияға деген сағыныш сезімінің әсерінен жазған болар. Ауыр еңбектен қажыған адам жаны да табиғат секілді тыныштық құшағына енетін болса керек». Ал біздің замандасымыз, үш тілді жетік меңгерген Герольд Бельгер болса, Абай аудармасын Лермонтов аудармасынан артық болмаса кем емес деп әділ бағасын берді.
Батыс әдебиет зерттеушілерінің арасында Гете Шығыс ақындарын батыс әлеміне насихаттау барысында өзі де Хафизден көп үйреніп, кейбір өлеңдерінен Хафиздің ойларын кездестіруге болады деген пікір қылаң беріп қалса, енді біреулері: «Гетенің «Түнгі жолаушының әні» атты өлеңі әдебиетте жаңалық емес, дәл осындай өлеңді ежелгі грек ақыны Алкман жазып кеткен» деп өздерінше дәлелдемек болады. Алкманның бұл өлеңі В.Вересаевтың орыс тіліне аударған нұсқасындағы бастапқы жолдары шын мәнінде Гетенің өлеңімен сәйкес келеді.
«Спят вершины высоких гор...
Спят утесы и ушелья
...Сладко спит и племя
Быстро летающих птиц» (б.з.д. VII ғасыр).
Мыңдаған жылдық тарихы бар діндерден кәрі жарықтық поэзия жанрында мұндай ұқсастық болмай тұрмақ емес. Жалғызсырамайтын адам, жабырқамайтын ақын жоқ. «Әм жалықтым, әм жабықтым» деп отызға толмаған Лермонтов мұңға батса, «Өмір десе өксігімді баса алмаған жан едім, Өмірімнің барлық гүлін аша алмаған жан едім» дей келіп, «Бір адамның бір ғұмыры маған аз ғой деуші едім» деп Саттар Ерубаев жиырма екі жасында өмірдің өткіншілігіне өкінсе, «Мені де, өлім, әлдиле» деп Мағжан Жұмабаев тіршіліктен шаршаған адам жанын өлім ғана әлдилеп, жұбата алатынын Бальмонттан асыра, жаңаша жеткізді, ал ақындардың атасы Пушкин болса: «Любовь к отечественным гробам» деп өлімді туған жерге деген символикалық трагизм дәрежесіне көтерсе, өркениет атаулыдан тым алыста жатқан қазақ ақыны Абай «Мен келмеске кетермін түк өндірмей» деп өзін ғана емес, өзгелердің де тіршіліктегі күйіп-піскен әрекеттерінің бәрін «өлім» деген суық сөз жым-жырт қылатынын өкінішпен айтып өтті. Мұндай мысалдарды әдебиет әлемінен жүздеп, мыңдап кездестіруге болады. Арпалысқа толы тіршілік тауқыметінен шаршаған, әрі туған қарындасының өліміне қайғырып жүрген шағында Гете осындай элегиялық сарында жабырқаған жан-дүниесіне өзін-өзі жұбатып айтқан болса керек. Қалай болған күнде де, «Түнгі жолаушының әні» қазақ даласына Гетенің шығармасы емес, Абайдың төл туындысы ретінде Абай әнімен қосылып, кең далаға тарады. Бұл әнді бүгінде білмейтін қазақ жоқ. Ал жазушы Қалмұхан Исабаев Германияға өз қаржысымен барып, Веймардағы «Гете үйіне» Абай аудармасы мен әнін дискіге түсіріп, арнайы тапсырып қайтты.
Гетенің «Түнгі жолаушысы» бір ғасырға жуық жол жүріп, қазақ даласына жетсе, тағы бір ғасыр өткен соң «қазақ ақыны боп» Веймарға, онан соң Ильменауға, күллі неміс жұртына қайта жетті. Екі ұлы ақын екі елдің ортақ ақыны боп неміс жерінде осылайша бас қосты.
Ұлы шығармалар уақытпен санаспайды деген осы болса керек.
Дулат ИСАБЕКОВ,
жазушы