• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
11 Ақпан, 2019

Иендегі ауылдарға интернет жете ме?

1665 рет
көрсетілді

«Осы күнге дейін Өрел ауы­лы­на қойылған антенна арқылы сөй­ле­сетінбіз. Оның өзінде ұялы телефонды қолымызға алып, тау-тасты аралап, байланыс ұстайтын биік жерді іздейтінбіз. Енді міне, оған да зар болып, қалада оқу оқып жатқан балаларымыз қандай халде жүргенін апталап, айлап біле алмай қалдық. Осындай технологияның дамыған заманында хат жазып, пошта арқылы сөйлесеміз бе деп қорқамыз. Ауылда мектеп, шағын орталық, ұлттық парк, мәдениет үйі, емхана секілді мекемелер бар. Оларға ұялы байланысы, интернеті бар көш ілгері ауылдармен бірдей талап қойылады. Ауданнан шұғыл жіберілетін құжаттарды байланыстың болмауынан кеш алып қаламыз да, аудандық мекеме басшыларынан сөз естіп жатамыз. Қысылғанда үй телефонымен байланысқа шығамыз. Мұны мардымсыз айлық алатын тұр­ғындардың қалтасы көтермейді. Біздің Берел ауылының жанында әлемге әйгілі Берел қорымы орналасқан. «Рахман қайнары» шипажайы да осы маңда. Осы орындарға алыс-жақыннан және шетелден қонақтар келіп жатады. Осындай керемет жердің технология дамыған заманда байланыссыз отырған жағдайына қарап, жағаларын ұстайды. Біздің ауылға келген шетелдіктер «Сонау тас дәуіріне түсіп кет­тік пе?» деп күліп жатады. «Ауылға жас мамандар неге келмейді?» деп бас қа­тырамыз. Тіпті бір аптаға демалысқа кел­ген студент балаларымыз әрең шыдайды. Ауылда өсіп келе жатқан жас ұрпақ байланыс пен интернеттің жоқ­тығының салдарынан қалаға оқуға барғанда өз шамаластарынан әлде­қайда қараңғы екені білініп, ұятқа қа­лып жатады, қиындық көреді. «Ауыл халқы мыңға толғанда ғана байланыс болады» дейді. Оны күтіп жүргенде байланыс болмауы себепті алыстағы ба­лаларымыз қара су ішсек те, көз алды­мызда жүрсін деп қалаға қарай кө­шіп, ауылымыз сиреп барады. Мың тұр­ғынды күтіп жүргенде осы күні­мізге зар болып қаламыз ба деген қор­қы­ныш бар». 

Бұл – өздеріңіз де байқап отырған бо­ларсыздар, қазаққа Оралхан Бөкей, Қалихан Ысқақтай сөз зергерлерін берген төр Алтайдағы, шекара шебін­дегі Катонқарағай ауданындағы Бе­рел ауылы тұрғындарының аудан әкі­мі Ахметқали Нұрғожин мен аудан­дық мәслихат хатшысы Дүйсен Бра­линовке 2018 жылы жазған хаты­нан үзінді. Мұны тек Өскемен­нен 400 шақырымнан астам қашықтық­тағы Берел ауылының немесе Катон­қа­рағай ауданының ғана емес, облыс­тағы көптеген ауыл тұрғындарының жа­най­қайы, өтініш-тілегі деп қабылдаса да болады. Журналист болғаннан кейін ел ішінде көп жүреміз, тұрғындардың өздері де хабарласып жатады, сонда анық байқаған дүниеміз: Шығыс Қазақстан облысының жүздеген ауы­лы әлі күнге дейін ұялы байланыс пен сапалы, жылдамдығы жоғары интернетке қол жеткізе алмай отыр. Ұя­лы байланыс болмағаннан кейін кей ауылдың тұрғындары ұялы телефон ұстайтын елді мекенге баруға немесе сол маңдағы тау басына шығып сөйлесуге мәжбүр. Ұялы телефон желісі орнатылған ауылдардың өзінде тұрғындардың «шөп қораның төбесі», «терезенің алды» дегендей өздері ғана білетін сөйлесу нүктелері бар. Былтыр Тарбағатай ауданының Қытай шекарасына жақын Ақжар өңіріне барғанымызда ұялы байланысы жоқ Жаңаталап тұрғындарының өзара «Біздің переговорный пунктіміз – оба» деп әзілдесетінін естіп едік. Жасыратыны жоқ, ауылды жерде (әсіресе тұрғын саны аз елді мекендерде) интернет қазір негізінен үш мекемеде орналасқан: мектеп, әкімдік және емхана (медициналық пункт). Оның ішінде тұрғындарға ең қолайлысы – мектеп. Ондағы интернеттің жыл­дам­дығы (дұрысы – төмендігі), оны мектеп мұғалімдерінің, оқушылардың, қала берді тұрғындардың қалай пайдаланып, қандай қиындық кешіп жатқаны жайында сәл кейінірек. 

400 шақырым жерде бар ұялы байланыс 

40 шақырымда неге жоқ?

Өңір тұрғындарының «Айшылық алыс жерлерден көзді ашып-жұмған­ша жылдам хабар алғызатын» (Ы.Ал­тынсарин) сапалы интернет пен ұялы байланысты емін-еркін пайдалана алмауына байланыс операторларының «тұрғын саны мыңға жетпесе, қоса алмаймыз» деген уәжі өз ықпалын тигізіп отырғаны рас. Осының кесірінен бүгінде облыстың қаншама ауылдары ұялы байланыссыз отыр. Байланыстың жоқтығынан тұрғындардың жылы орнын суытып, қалаға немесе қалаға жақын елді мекендерге еріксіз көшіп жатқаны, жас мамандардың не себепті ауылға келгісі келмейтіні ешкімге құпия болмаса керек. «Туризмі дамып келе жатқан, табиғаты көркем Катонқарағай ауданының 19 ауы­лында ұялы байланыс жоқ. Осы мә­селені айтып, «Билайн», «Актив», «Кссел» мен «Теле 2» байланыс операторларына бірнеше рет хат жаздық. Әуелде «Мыңнан астам адамы бар ауылдарға ғана орнатамыз. Бізге сертификат бойынша соған ғана рұқсат берілген» дейтін олар бертін келе: «біздің сертификатымыз 500 адамға дейін түсті» деді. Мұны естіген соң 500-ге жуық тұрғыны бар ауылдардағы халық санын көрсетіп, қайта хат жаз­дық. Енді «500-ден асатын немесе 500-ге жетпейтін тұрғындары бар ауыл­дарға 2021 жылға дейін орнатамыз» деп отыр. Байланыс операторлары­на Катонқарағайға туристер көп келе­тін­дігін, қасиетті орындардың аз емес екендігін, ұялы байланыс тұрғындар үшін ғана емес, облыс, мемлекет имид­жі үшін де қажеттігін айтудайын ай­тып, жазудайын жазып жатырмыз», дейді Катонқарағай аудандық мәсли­хатының хатшысы Дүйсен Бралинов. 

Осы мақаланы әзірлеу барысында облыс орталығы – Өскеменге жақын ауылдардағы ұялы байланыс пен интернеттің тұрғындарға қолжетім­ділігін байқайық деп Ұлан ауданының үш ауылына (Ізғұтты Айтықов, Тар­ғын, Тайынты) арнайы барып, жұрт­тың пікірін тыңдап қайттық. Ізғұтты Айтықов ауылы қаладан 40 шақырым шамасында болса, Тайынты 80 шақырымдай жерде. Тарғын осы екі елді мекеннің ортасында орын тепкен. «Өскеменнен 80 шақырым Тайынтыны айтасың, қаланың дәл іргесіндегі (шамамен 5-10 шақырым) Самсоновка ауылында ұялы телефон ұстамайды. Сенбесең, өзің звондап көрші», деді менімен бірге сапарға ере шыққан әріптесім, облыстық «Алтайньюс» сайтының редакторы Дарын Нұрсапар Шешек асуынан аса бере. Әуелде сенбеген кейіп танытып, қалта телефонымды қолға алып едім, «желі жоқ» деген жазуға көзім түсті. 

Біз әуелі ат басын тіреген «Өске­мен-Самар» трассасының бойындағы Ізғұт­ты Айтықов ауылында 700-ден астам адам тұратын болса да, әлі күнге дейін ұялы байланыс орнатылмаған. «Мен мынаған таңғаламын, Өскеменнен 400 шақырым Тарбағатай ауданында ұялы телефон ұстайды да, Өскеменнен небәрі 40 шақырым жердегі бізде телефон жоқ. Біздің ауылдың орналасқан жері қолайлы. Трасса бойымен күніне қаншама адам өтеді. Туристер де көп жүреді. Байланыс операторлары осыны неге есепке алмайды?», дейді ауылдағы Қасым Қайсенов атындағы негізгі мектептің директоры Архат Рахымбердинов.

Екі ауыл – екі әлем

Өскеменнен 80 шақырым қашық­тықта орын тепкен, Шыбындыкөл секілді тамаша демалыс орны бар Тайынты ауылында да осы кеп. Тайынтының Айтықов ауылынан бір ғана айырмашылығы, елді мекеннің кейбір тұстарында ұялы телефонның ілдәбайлап ұстайтындығы. Бір қызығы, осы Тайынты мен Ізғұтты Айтықов ауы­лының арасындағы Тарғын ауылын­да интернетіңіз де, ұялы телефо­ныңыз да таң асырған жүйріктей жүйткіп тұр. Тарғын тұрғындарының да көңіл-күйі біз аралаған екі ауыл­дан әлдеқайда көтеріңкі, жайдарлы екенін аңғарғандай болдық. Ауылда қыз-қыз қайнаған тіршілік лебі байқалады. Көшелері де тап-таза, үйлерінің сырты да алыстан көз тартады. Тайынтыдан тұр­ғындар көшіп жатса, бұл ауылда керісінше сатып алатын бос үй жоқ көрі­неді. Бұл ауылдың тұрғындарының да әңгіме ауаны, талқылайтын тақы­рыптары да өзгеше. «Ана сайт былай деп жазыпты, әлгі депутат бүй деп­ті» деп ауыл-ауданыңызды, тіпті облы­сыңызды былай қойып, республи­ка, әлем жаңалықтарын қызу талқы­ға салғанда арасын небәрі 20 шақы­рым бөліп тұрған көрші ауыл тұрғын­да­ры­ның ұялы телефонға зар болып отыр­ғаны қайта-қайта ойға орала берді.

«Кundelik.kz-ге» бағаны кейде қалаға барып қоямыз

Бірнеше жылдан бері мектептерде «Кundelik.kz» жүйесінің жұмыс істеп жатқанын мұғалімдер қауымы мен баласы мектепке баратын ата-аналар жақсы біледі. Бұл жүйенің бар екендігін ұялы байланысы жоқ, интернеті нашар ауылдардың ата-аналары ғана білмеуі мүмкін. Мәселен, Өскеменнен 500 шақырым қашықтықта жатқан шекара шебіндегі Марқакөл өңірінің Төсқайың ауылындағы мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қырмызы Нұрпейісова электронды журналды толтыру үшін кейде түнде, сенбі, жек­сенбі күндері де жұмыс істеуге тура келетінін жеткізді. «Себебі интернет мүлде бәсең. Мектепте интернет директордың қабылдау бөлмесі мен екі кабинетте ғана бар. Бұл кімге жетеді? Бізге кейде «ата-аналар мен оқушылар үшін де кіріп, толтыра салыңдар» деген талап қойылады. Өзіміз интернетке әзер кіріп жүрсек, олар үшін қайтіп толтырамыз?», дейді мұғалім. 

Шалғайдағы Марқакөлді былай қойғанда, қаланың іргесіндегі Ізғұтты Айтықов ауылының мұғалімдері мек­тептегі ғаламтор меңдуана жеген қойдай мең-зең болып, орнынан қоз­ғалмай қойғанда «Кundelik.kz-ке» бір баға қою үшін кейде 10-15 минут уақыт жоғалтады екен. Ал облыс орта­лығынан 80 шақырым жердегі Тайын­тының мұғалімдері интернет істемей қалғанда Өскеменге барып, баға қоюға мәжбүр болатынын жасырмады. Себебі баға уақытында қойылмаса, мектептің рейтингі түсіп қалады-мыс. Қысқасы, интернеттің әлсіздігінен облыстың көптеген ауылдарының мұғалімдері «Кundelik.kz» жүйесін өз деңгейінде пайдалана алмай отыр. Бұл жүйеге ата-аналардың кіруі туралы әңгіме қозғаудың өзі артық шығар.

295 мың адам әлі де үй телефондарын пайдаланып отыр

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бас­қармасының берген мәліметтеріне сенсек, Шығыс Қазақстан тұрғындарының 77,4 пайызы интернет тұтынушысы саналса, өңірде 295 мыңнан астам адам үй телефондарын қолданады екен. Аймақтағы ірілі-ұсақты 710 елді мекеннің 129-ы жылдамдығы жоғары, кең жолақты (секундына 8 Мбит), 345-і орташа (секундына 1,5-2 Мбит), ал 236-сы жылдамдығы төмен (секундына 0,5 Мбит) интернет желісіне қосылыпты. «Әуелгісі түсінікті шығар. Бұл ауылдарда интернетке қаладағыдай емін-еркін кіре аласыз. Екіншісі, яғни облысымыздағы 345 елді мекен қосылған жылдамдығы орташа интернет арқылы күрделі операцияларды орындай алмасаңыз да, уатсапқа кіріп, онлайн бағдарламаларды көруге болады. Үшіншісі, негізінен халық саны аз ауылдардағы әкімдіктерге, меди­циналық, ветеринарлық пункт­­терге орнатылған. Ең әлсіз, жылдам­дығы төмен интернетіңіз – осы», деп түсіндірді аталған басқарма басшы­сының орынбасары Асхат Букатов. 710 елді мекен. Иә, бір қарағанда облыстағы барлық ауыл интернетке қосылып, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болып отыр деп ойлап қалуыңыз әбден мүмкін. Шын мәнінде солай ма? Басқарма басшысының орынбасары берген тізбеге көз жүгірткенімізде жағдайдың басқаша екендігіне көз жеткізгендей болдық. Бірнеше беттен тұратын тізбеде интернет желісі нашар ауылдар қызыл, орташасы сары, ең тәуірі жасыл түспен белгіленіпті. Әуелі қызыл түске боялған, интернет деген аты ғана бар елді мекендер­ден бастайық. Аягөз ауданында 50 ауылдың (ішінде стансалары да бар) 38-інде, Жармада 49 ауылдың 32-сінде, Ұланда 46 ауылдың 24-ін­де, Күршімде 48 ауылдың 24-інде, Абай­да 10 ауылдың 5-інде, Зайсанда 35 ауылдың 14-інде, Тарбағатайда 59 ауыл­дың 24-інде, Үржарда 54 ауылдың 15-інде, Семейге қарасты 31 ауылдың 10-ында, Катонқарағайда 47 ауылдың 13-інде, Көкпектіде 51 ауылдың 17-сінде жылдамдығы төмен интернет орнатылған. Сәйкесінше жылдамдығы жоғары, сапалы интернет Аягөздің тек 5, Жарманың 7, Ұланның 15, Күр­шімнің 4, Абайдың 4, Зайсанның 2, Тар­бағатайдың 7, Үржардың 8, Семей­ге қарасты ауылдардың 5, Катон­қа­рағайдың 4, Көкпектінің 8 ауы­лына ғана бұйырыпты. Ал Алтай, Бо­родулиха, Шемонаиха, Глубо­кое аудандары мен Риддер қаласы­ның ауылдарынан қызыл түсті аз кез­дестірдік. Мәселен, Бородулиха ауданының 53 ауылының бірде-бірінде жылдамдығы әлсіз интернет жоқ. Ал Алтай (бұрынғы Зырян) ауданының тек 1, Шемонайханың 33 ауылының тек 3, Глубокоеның 39 ауылының 9, 9 ауылы бар Риддер қаласының тек бір ауылында ғана жылдамдығы төмен интернет орнатылған екен.  Интернеті әлсіз, ұялы телефоны жоқ ауылдардағы жұртты қазір «Дені түзу интернет қашан келеді? Ұялы байланыс қашан қосылады?» деген екі сауал ерекше мазалап жүр. А.Букатов Ақпарат және коммуникациялар министрлігі бұл тарапта тиісті жұмыстарды екі кезең бойынша жүргізіп жатқанын жеткізді. Бірінші бағыт бойынша Шығыс Қазақстанда 2019-2020 жылдары тұрғындары 500-ден асатын 190 мың халқы бар 111 елді мекенге (2019 жылы 82 ауыл­ға (тұрғын саны 138 800), 2020 жылы 29 ауылға (тұрғын саны 51 322) тал­шықты-оптикалық байланыс желісі орна­тылмақ. Екінші бағыт бо­йынша 2022 жылға дейін тұрғындары 50-ден асатын 685 елді мекенге кең жолақты интернет орнату жоспарланып отыр. Аталған министрліктің баспасөз қыз­метіне хабарласқанымызда 111 елді мекеннен бөлек 124 мектепке, 106 емханаға, 99 жергілікті әкімдікке, 70 полиция ғимаратына, жалпы саны 402 нысанға кең жолақты интернет жеткізілетінін айтты.   

Түйін

Ұялы байланыстың жоқтығы, ин­тер­неттің жылдамдығының төмен­дігі тұрғындардың әлеуметтік жағ­дайына, өз міндеттерін ойдағыдай атқаруына, жұмыстарын құлшына істеуіне, бала­ларының тиісті деңгейде білім алуына кері әсерін тигізіп жатқаны анық. Туризм, басқа да салалардың дамуына тұсау болып тұрғаны өз алдына бө­лек әңгіме. Шығыстағы тұрғындары 500-ден асатын ауылдар сапалы интернетке  2019-2020 жылдары, тұрғындары 50-ден асатын ауылдар 2022 жылға дейін қосылатынын айттық. Десек те, 2022 жылды күтпей жылдамдығы жоғары, сапалы интернет халқы жылдан-жылға емес, күннен-күнге азайып бара жатқан тұрғын саны аз елді мекендерге тұрғындары көп ауылдармен бір мезгілде қосылса, әсіресе мектеп, медициналық пункт секілді маңызды әлеуметтік нысандарға бірінші кезекте жеткізілсе игі іс болары анық. Ауылдағы елдің ең үлкен тілегі – осы. 

Азамат ҚАСЫМ,

«Egemen Qazaqstan»

Шығыс Қазақстан облысы