• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
06 Наурыз, 2012

Туған жердің тартылыс күші

559 рет
көрсетілді

Туған жердің тартылыс күші

Сейсенбі, 6 наурыз 2012 8:27

Ақтөбе өңірінде жүзге жуық ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті тұрып жатыр. Осыншама халықты бауырына басқан құйқалы топырақта туып-өскендер осы жердің өздеріне ерекше ыстық екенін ешқашан жасырған емес. Германияға қоныс аударған бір танысымыз елге демалысқа келгенде дархан даланың кеңдігіндей қазақтың кең пейілін сағынғанын көзіне жас ала отырып әңгімелегені бар-ды.

 

Сейсенбі, 6 наурыз 2012 8:27

Ақтөбе өңірінде жүзге жуық ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті тұрып жатыр. Осыншама халықты бауырына басқан құйқалы топырақта туып-өскендер осы жердің өздеріне ерекше ыстық екенін ешқашан жасырған емес. Германияға қоныс аударған бір танысымыз елге демалысқа келгенде дархан даланың кеңдігіндей қазақтың кең пейілін сағынғанын көзіне жас ала отырып әңгімелегені бар-ды.

Еліміз егемендік алғаннан соң тарихи отандарына үдере көшкен ұлттардың кейіннен ту­ған топырағына қайта оралған­дары да жоқ емес. Шыны керек, әркімнің өміріне қолайлы жер іздеуі заңды. Алайда, қазақ то­пы­рағында дүниеге келіп, қа­зақтармен қоян-қолтық өскен өзге ұлттардың бәрі бірдей бар­ған жеріне сіңісіп кете алма­ғаны да рас. Солардың бірі облыс орталығындағы №2 балалар музыка мектебінің мұғалімі Ольга Савина болатын.

– Мен – чех қызымын. Әкем Владимир Украинаның Запорожье облысында дүниеге келген, бес ағайынды болыпты. Бәрі де немістер жаулап алғанда, Че­хия­ға, Германияға еріксіз айдалып кеткен. Соғыс біткеннен кейін әкемді Қазақстанға жібе­ре­ді. Он алты-он жеті жасар жасөспірім бауырларынан осылай көз жазып қалады. Осында келгеннен кейін анам Людмила Петровнамен танысып, отбасын құрады. Анамның әкесі Петр Дойчевтің ұлты болгар, Кеңес өкіметіне қарсы шпиондық жа­са­дың деген сылтаумен Челябі облысының Тройцк қаласына жер аударылады. Кейін әкем Владимир полк баласы ретінде әс­кери қызмет атқарған ағасы Вик­торды, Балтийск қаласына тұрақтаған інісі Михаилді Қы­зыл крест қоғамы арқылы тауып, араласып тұрды. Ең үлкен ағасы мен қарындасын таба алмады. Тәуелсіздіктің таңы атысымен, өзге ұлттардың тарихи отанына оралуына жол ашылды. Чехия үкіметі осындағы чехтар­дың атамекеніне қайтуына бар­лық жағдайды жасады, арнайы ұшақ жіберіп, отандастарын ал­дырғаны да есімде. Мен ол кезде жылы орнымды суытуды ой­лаған емеспін. 2006 жылы Чехияға қоныс аударуды шеш­тім, қыздарым Юля мен Златаны алып, осы елдің Новая места над Надметуя қаласына көшіп бардым. Өзім Бедржих Сметана атындағы өнер мектебіне жұ­мыс­қа тұрдым. Өнер мектебінің басшылары кәсіби шеберлігімді бағалап, ешқандай сынақсыз қабылдады. Алайда, балаларым жерсінбеді, жаңа ортаға үйрене алмады. Қыздарым мама, сіздің жұмысыңыз бар, осында қалы­ңыз, біз туған жеріміз – Қазақ­станға, Ақтөбеге қайтамыз деп қыңқылдап қоймады. Ананың бар тілегі мен үміті балала­рының үстінде жүрмей ме. Сөй­тіп, араға жыл салып, туған қа­ла­­мыз Ақтөбеге атбасын тіре­дік, – дейді Ольга Владимировна.

Сол жақта сатып алған жеңіл автокөлігімен 6 күн жүргенде ешқандай да көңілдерінде бөтен ой болған емес, мұнда өздерін құшақ жая қарсы алатын достары мен әріптестері бар екеніне се­німді болды. Ел шетіне кіргендегі қыздарының қалай қуанғанын Ольга Владимировна айтып жет­кізе алар емес. Чехияда болған бір жылда үлкен қызы Юля Прагадағы Карлов университе­тінің чех тілі курсында оқып, тіл үйреніп алған. Юляны бұрынғы жұмыс істеген жері – «Лад» ЖШС сөзге келмей қайта қабыл­да­ды. Ол сондай-ақ «Мұғалім» жеке мектебінде чех тілінен са­бақ береді. Юля кезінде осы №2 балалар музыка мектебінде фортепиано класы бойынша білім алып, «Супер Стар» байқауына қатысып, ән айтып, облыстық байқаудың бірінші турынан өт­кені бар. Ал, Златасы «Шаңырақ» жеке мектебінде 8 сыныпта оқи­ды. Ол музыкадан гөрі компьютерге құмар, кітап оқуға ынталы.

Өзін бұрынғы еңбек ұжымы – №2 балалар музыка мектебі құ­шақ жая қарсы алды. Бірде-бір әріптесі жер іздеп кетіп едің ғой, деп бетіне басқан емес, қайта орталарына оралғанына қуанды барлығы.

Ольга Владимировна осы қаладағы Тұрғындар қалашығы ауданында туып-өсті. Осы №2 музыка мектебін фортепиано класы бойынша тәмамдады. Қалада­ғы музыкалық училищені бітіріп, Мәртөк ауданындағы музыка мектебінде еңбек жолын бастады. Бір жылдан кейін осы №2 музыка мектебіне ауысты. Кезінде Ақтө­бе мемлекеттік педагогика­лық инс­титутының орыс тілі және әдебиеті факультетін бітіріп ал­ған. Мұның балалармен тіл табысуға, өзінің ұстаздық кәсіби біліктілігін арттыруға көп көмегі болды. Жалпы, Ольга Владимировна әрқашан білімін толық­тырып, біліктілігін арттырып отырудан жалықпайды. Міне, арадағы бірер жылды қоспа­ғанда, отыз жылдан астам осы мектепте фортепианодан сабақ беріп келеді. Шәкірттерінің алды осы мектепте ұстаздық етуде. Қазір оның қол астында 13 бала фортепианода ойнау шеберлігін жетілдіруде.

Ольга Владимировна чех этномәдени бірлестігінің жұмы­сына да белсене араласады. Әзірге бірлестікте 15 ересек адам бар. Олар Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалы ұйымдастырған көпшілік-мәдени шаралардан сырт қалмайды. Орталыққа «Достық» үйінен бір бөлме бөлінген. Чех этномәдени бірлестігі осындағы өзге эт­нос­тық бірлес­тіктер­мен тығыз байланыс­та жұ­мыс істейді. Өткен жылы тәуелсіз­діктің 20 жылдығына арналып өткізілген этно­мәдени бір­лестік­тер ара­сындағы фестивальда мектептің домбырашылар ан­сам­блі чехтың «Аннушка» әнін орындап бірінші орын алса, қаладағы музыка мек­тептері ара­сында өткізілген байқауда Валерий Антонов пен Бақтияр Төрежанов фортепианода дуэт болып орындап, Гран-При же­ңім­пазы болды. Қазіргі таңда өз кәсіби жолын қуып, музыка саласында ұстаздық етіп жүрген шәкірттері де бар­шылық. «Музыка адам жанына адамгершілік пен ізгілік сәуле­сін құяды. Музыка әліппесін үйренген адам­ның мінез-құлқы қалыпты, жұм­сақ болатыны да сондық­тан», – дейді Ольга Владимировна сөз арасында.

Оның айтуынша, адамның кіндік қаны тамған топырақтан ыстық жер жоқ. Қыздарының Чехияға бауыр баса алмауын осы жағынан түсінеді ол. Туған жердің тартылыс күшіне таң­данысын жасыра алмайды.

– Біз, тіпті, қоныс аудар­ма­дық десе де болады. Отанымыз­ға қайта оралғанда туған Қазақ­станымызды сағынып қалғаны­мызды аңғардық, арайлы Ақтө­беміздің ауасын кеудемізді кере жұтып, көкірегіміз кеңіп сала берді. Туған жерден бір жыл болса да жырақта тұру оның бізге қаншалықты қымбат еке­нін бұрынғыдан гөрі сездіре түсті, – дейді Ольга Владимировна.

№2 балалар музыка мекте­бінің директоры Гүлжан Кшаева да әріптесі туралы жылы пікір білдірді. Мектептегі сегіз бөлімде 230 бала фортепианодан, домбырадан, баяннан, скрип­кадан, аккордеоннан, гитарадан, қобыздан, вокалдан сабақ алады. Соның ішінде фор­тепиано класында 96 бала дәріс алады екен.

– Ольга Владимировна Савина Чехияға қоныс аударған­мен, өз Қазақстанын, өз қала­сын, өз ұжымын қимай қайта оралды. Ол – өте білікті ұстаз. Ата-аналар мен балалар алдында беделді де сыйлы. Қоғамдық жұмыстарға белсене қатысады. Ұжымның еңбек ардагері десе де болғандай, кейінгілерге ісі­мен де, мінез-құлқымен де өне­ге болып жүреді, – деді Гүл­жан Мақсотқызы әріптесі туралы.

Сатыбалды СӘУІРБАЙ,

Ақтөбе облысы.