Асқар Егеубаевтың 60 жылдығына арнап мақала жазуға бірден кірісе алмадым. Нағыз толысып, ақындығы әбден мойындалып, ғалымдығы зор абыройға ие болған тұста, елі-жұрты сөзіне құлақ қоя бастаған кезде өмірден өткені қаламымды тежей берді. Өйткені, оның студенттік және ғалымдық жолы менің көз алдымда өтіп еді. Сондықтан қалай бастарымды білмей, үш-төрт күн толғандым.
Қазақ әдебиеттану ғылымының қазіргі жетекші ғалымдары ең алдымен кеңес заманындағы Қазақ ССР Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына 70-жылдары директор болған Әди Шәріповке рахмет айтулары тиіс. Оның атын әрқашанда құрметпен атап жүруге міндетті. Неге екенін дәлелдейін.
1968 жылы мен осы институттан “қолынан іс келмейтін маман” ретінде қара шармен қуылдым. Бір-біріне байланысып жатқан дүние ғой. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінің сол кездегі басшылары айғай-шумен келе жатқан адамды қызметке алуға рай танытпады. ҚКП Орталық Комитетінің идеология жөніндегі хатшысы марқұм Саттар Имашев Жоғары білім министрі Біләловке телефон соғып, Мәскеуден жаңадан келіп түскен, яғни жоғары оқу орындарында ғылыми зерттеумен айналысатын 25 орынның біреуін алып беріп, қазақ әдебиеті кафедрасына орналастырды. Өзімнің студенттік кезден ұстазым және қазақ әдебиетінің тарихын сонау әлімсақтан тарату жөнінде келешегі зор ғылыми концепцияның бастаушысы профессор Бейсембай Кенжебаев қуана қарсы алып, қазақ кеңес әдебиетінің қалыптасу дәуірі мен өзім зерттеп, екі-үш жыл университеттің филология және журналистика факультеттерінің студенттеріне оқыған қазақ әдебиеті сынының тарихы курсын түгелдей мойныма артып, үһ деп дем алған-ды. Өйткені, осы екі пәннің жұрт мойындай бастаған зерттеушісі болатынмын.
Бұл аз болса, студенттердің ғылыми үйірмесін басқару міндетін де қосарлады. Азамат ғалым Кәкен Аханов декан болғаннан кейін партия ұйымы бюросының хатшысы болып, қауырт қызмет атқарып жүргенде журфак пен филфактың тамаша талапты балалары менің төңірегімде жүрді. Ғылыми зерттеуге ыңғайы барларға студенттік конференцияларда ғана емес, үйірме отырыстарында баяндама жасатып, шама-шарықтарын байқап жүремін. Сол кезде көзге түскендердің бірі – Асқар Егеубаев еді.
Университетті тәмамдаған түлектер міндетті түрде облыс облысқа бөлініп, қызметке жіберілетін. Үйірменің талай мүшелері ауылға кетіп, кейін атақты мұғалім болғандарымен ғылымды жағалай алмай қалды.
Әдебиет және өнер институтына бір барғанымда Әдекеңнің қабағы келіспей отырғанын байқадым. “Осы ғалымдарды ауыл шаруашылық жұмыстарына неге жегеді екен? Бәрінің жасы келіп қалған. Қалай жібересің?!” – деп күйінді. Мен қалжың араластыра:
– Жәрдем қолын созайын ба?
– Е, е, адамдарың бар ма?
– Бар, бар болғанда қандай! Қылшылдап тұрған өңкей жастар, – дедім.
– Түсіндім. Биыл бітіретін студенттерді айтып тұрсың ғой.
–Иә, иә. Өзіңіз бұрын Оқу министрі болған адамсыз. Осыларды алып қалсаңыз, жұмысқа жегетіндерді, ғылымның атызына түсетіндерді тауып беремін.
– Әй, мынауың ақыл екен. Менде қазір бір аға ғылыми қызметкердің орны бос. Оны бөлшектеп 3-4 лаборант алуға болады, – деп телефонға жармасты.
– Әй, жолдас Айманов! Маған облысқа бөлініп қойған 4 жас маманды босатып беруге қалайсың? – деп өзімсіне сөйледі телефондағы кісіге. Кенжалы Айманов министр болатын. Сол адаммен сөйлесіп отырғанын түсіндім.
Жігіттерім иненің көзінен өтетіндей көрікті, ибалы азаматтар еді. Әдекең бәрін де алатын болды.
Сөйтіп, әр облысқа бөлінген 4 жас маман Алматыда қалды. Қаншама ауыртпалық, жанбасжай қиындығын көреміз-ау деген қауіп ойларына келмей, шөп шабуға, егін жинауға аттанып кетті. Осындай амалмен төрт-бес жыл ішінде Әдекең алып қалған жиырма шақты талапкердің қазір он екісі ғылым докторы, жалғыз Жарылқасын Әбішевтен басқасы ғылым кандидаттары болып жоғары оқу орындарында, ғылыми мекемелерде абыройлы еңбек етіп жүр. Төре, басшы болып кеткендері де бар. Солардың ішінде ең бір өнімді еңбек еткен, өзінің жан-жақты дарынымен мойындалған, әрі ғалым, әрі ақын, әрі айбынды публицист ретінде танылған Асқар Егеубаев марқұмның орны ерекше.
Асқардың басқалардан айрықша артықшылығы, шынын айту керек, өзінің түбіне жеткен еңбекшілдігі, бейнетқорлығы. Журналистика факультетінде қазақ әдебиетін оқытуға онша көп сағат бөліне бермейді. Соған қарамастан, Асқар білімін молықтыра түсу үшін өзі ізденді, кітапханадан шықпады, жөн-жоба алу үшін филология факультетінде оқылып жатқан, өзіне керекті тақырыптағы дәрістерді тыңдады. Сөйтіп жүріп қазақ әдебиетінің көне дәуірін зерттеуге құлықтана берді.
Әдетте тезірек кандидат атағын алғысы келетіндер әріге бармай, бертінгі кезге ұмтылады. Өйткені, керекті деректер мен әдебиеттер, зерттеу еңбектері оңай табылады. Ал шын ғылымды мақсат еткендер аңызына түрен түспеген аймақты іздейді. Асқар осы соңғы топтың жарқын өкілі еді.
XX ғасырдың соңғы ширегінде, 80-жылдары Асқар өзінің қыз мінезімен ұяла тұрып:
– Ағай, мен бір тақырыпқа ен салсам қайтеді? – деді имене.
– Ойланған екенсің, жарайды.
– Сіздің ғылыми аулаңыздан сырттау болып тұр.
Мен қызыға түстім.
– Тескентау асып кететін тақырып емес шығар. Естиік.
– Хас Хажиб Баласағұнның “Құтадғу білігін” зерттеп көрсем деп ем.
– Естігенім бар. Жамбыл қаласына жақын Ақтөбе қыстағын, тіпті Тараздың өзін тарих ғылымдарының докторы, профессор Шәлекенов Баласағұни қаласы деп жүр ғой. Соның өзі қазақ па екен?
– Шығармасы көне түрік тілінде, бізге түсінікті. Осыған көңілім құлады.
– Мен көне әдебиеттің маманы емеспін ғой. Біреудің егініне түсіп кетпейік.
– Бейсекең салған жол емес пе. Бәрібір осы кафедрадан басқа жерден пана таба алмаймын. Сіздің жетекші болуыңызды қалаймын. Басқаға бармаймын, – деп Асқар шешімді мінез көрсетті.
Содан не керек, Бейсекең зейнетке шыққаннан кейін солғындай бастаған кафедрадағы тақырыпқа бір жаңалық қосылды. Бұл Мырзатай Жолдасбеков Орхон-Енисей ескерткіштерінен Жамбыл – Кененге, қазақ хандығы дәуірі әдебиетінен Мұхтар Мағауин прозаға ауысып, табанының мөрі қалың екендігін Алма Қыраубаева қарындасымыз ғана танытып жүрген кезең болатын. “Алмамен тақырыптас, бауырлас екенсің ғой”, дегенге де Асқар құлақ аспай, етегімнен мықтап ұстады.
Осы арада бір жайды айта кетейін. Асқардың жолдасы Гүлжиһан Әбуғалиева академиядағы ғылыми кітапхананың әшейінгі директоры ғана емес, шын кітаптанушы ғалым. Жігітімізге осы келініміздің іскерлігі дарып, қолға түспейтін, қазақ көрмеген кітаптарды оп-оңай тауып алуға болатынын аңғартқан. Тіпті кейбіреуін, әсіресе Баласағұнның “Құтадғу білігін” жата-жастана оқып, жастығының астынан поэзиялық үнін тыңдап жүргені Асқардың мықты шешім жасауына себепкер болды ғой деп ойлаймын. Негізінде, бейнеттен қашатын қазақ баласына көне заман данышпандарына өз аяғымен барып, тұтқын болуы әшейінгі жай емес. Осыны қатты ұққан Асқар Баласағұн поэзиясының қадіріне жету үшін сол заманда өмір сүрген ақын-жазушылардың шығармаларын, жарияланған еңбектерін түгелге жақын оқып, мәніне қанып “Идейно-художественное влияние поэмы “Кутадгу билиг” Юсуфа Баласагунского на развитие казахской литературы (Вопросы традиции, поэтики и перевода)” деген тақырыпта 1989 жылы кандидаттық диссертация қорғап шықты.
Диссертация қорғағанға дейін де, кейін де Асқар көне заман жауһарларын бүгінгі қазақ оқушысына таныстырды, жеткізді. Жүсіп Баласағұнның “Құтадғу біліг” – “Құтты білік”, Махмұт Қашқаридың “Диуани-лұғат-ит-түрк” сөздігінің үш томын аударып, елдің рухани байлығын молайтты. Өз тарихынан безе бастағандарды көне заман шындығымен сусындата бастады. Араға он жыл салып, 1999 жылы Асқар тағы да менің ғылыми кеңесшілігіммен “Ежелгі дәуірдегі қазақ әдебиетінің көркемдік жүйесі (X-XІІ ғасырдағы көркемдік-эстетикалық ізденістер мен түрленулер)” деген тақырыпта докторлық диссертация қорғап, қазақ әдебиеттану ғылымына үлкен олжа салды.
Бұрынғы және соңғы ғылыми ізденістері том-том кітаптарында айтылып, қалың көпшіліктің тарихи зәрулігін өтей бастаған кезде, 2001 жылы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылды. Студент кезінен докторлық дәреже алғанға дейінгі, өмір өткелдерінің бәрінде бірге жүрген шәкіртімнің еңбегі бәйгеге қосылғанына риза болып, “Ана тілі” газетінің сол жылғы 17 мамырында шыққан санында “Қазақтың тарихын да, әдебиетін де байытқан ғылыми еңбек” деген мақала жаздым. Сондағы: “Асқар Егеубаевтың Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отырған “Ежелгі дәуірлердегі қазақ әдебиетінің көркемдік жүйесі”, “Кісілік кітабы” монографиялары және ол аударып жариялаған, әрі зерттеп талдаған Жүсіп Баласағұнның “Құтты білік” дастаны, Махмұт Қашқаридың “Түркі тілі сөздігі” – біз үшін аса қажетті еңбек. Ол он бірінші ғасырдың алып ескерткіштерін ұлттық рухани қазынамызға қосты. Топтама кітаптарын түгелдей дерлік ана тілімізде жариялап, жұртшылыққа кеңінен таныстырып үлгерді. Бұл еңбектері Қытай Халық Республикасының Пекиндегі “Ұлттар” баспасынан да әлденеше рет жарық көрді. Аталмыш академиялық жарияланымдар Қазақстанда да, шетелдерде, түркі тілдес ұлыстар ортасында да кеңінен таралғаны мәлім”, – деп жазған ойларым әлі есімде.
Әдебиетші Асқар Егеубаевтың ортағасырлық ежелгі түркі ескерткіштерін зерттеу және аудару жөніндегі игілікті еңбектері, тағы да қайталап айтайын, қазақ тарихына, мәдениетіне, ғылымына қосылған тамаша үлес, ғибратты олжа.
Оған сол жылы Мемлекеттік сыйлық тимесе де Ғаббас Қабышевтің мына ойы біздің пікірімізбен қабысып, жалпы жұмыстың аумағын көзге көрсетуі сөзсіз. “Ақындығы ешкімнен кем емес Асқардың қазақстандық қана емес, халықаралық сыйлықтың қайсысын болсын алуға татитын екі еңбегі ерекше. Олар: Жүсіп Баласағұн мен Махмұт Қашқари бабаларымыздың “Құтты білігі” мен “Түркі тілі сөздігі”. Алғашқысы 600 бет, соңғысы 1000 бет кітаптар, осыншама еңбекті түпнұсқадан аударып шығуы үшін тұтас бір институт ұжымының қажыр-қайраты керек”.
Бұл аз болса онда өзіміздің әдебиетіміз үшін істегенін айта кетейік. Бірге қызметтес болған ғалым Ш.Елеукенов: “Махамбеттің 200 жылдық мерейтойында көрсеткен үздік қайраты бәрімізді сүйсіндірді. Ақынның төрт томдығын әзірлеп шығару М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Абайтану бөліміне жүктелген-ді. Негізгі салмақ әрине бөлім меңгерушісінің иығына түсті. Ауыр жұмыстың қысқа мерзімде сапалы жасалғаны институтымызға зор абырой болды”, – дейді.
Асқардың аруағының алдында бір шындықты айтпасам болмас! Доктор болып, дипломы қолға тигенде қатар жүрген ғалымдардың қызығуы мен қызғаныштары Асқар жайындағы ойымның жүзеге асуына кедергі болды. Журналистика факультетінде өзінің негізгі ғылыми арнасында емес, жалпылама мәселе бойынша 0,5 ставкада сабақ беріп жүрді. “Оның қалай?” дегенімде: “Шаршап қалыппын. Біраз демалуым қажет сияқты”, – деп өзіне тән жымиыспен жауап берді. Тағы бір кездескенімде: “Күнкөріске ақша табылады ғой”, – деп қабағын кіржитті. Араласуым қажет екендігін сезіп, университеттің абыройлы ректоры Көпжасар Нәрібаевқа барып өтініш жасағаныммен, менен бұрын барғандардың ыбыр-сыбырын тыңдады ма, әйтеуір Асқардың Ұлттық университетте басы бүтін ұстаз болуға реті келмей-ақ қойды.
Асқар біздің университет үшін айрықша керек, яғни көне дәуір әдебиетінің ең білгір маманы еді. Осы тұста Алма Қыраубаеваның Астанадағы Еуразия университетіне ауысып жатқаны да ескерілмеді. Өз қолыңда биліктің бір ұшы болмауы ойлаған ойыңды жүзеге асыруға кесірін тигізеді ғой. Алтын жарқырамай қоя ма, Асқар кейін М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының “Абайтану және жаңа дәуір әдебиеті” бөлімінің меңгерушілігіне тағайындалды. Әрине, қуана барды. Бейнеттен қорықпайтын әдетіне бағып, жұмысқа бел шеше араласып кетті. 20-25 жылдан бері жиі-жиі ауысып тұрған директорлар тұсында насихатталып, ел-жұртқа жалаулатып айта беретін “Қазақ әдебиеті тарихының” он томдығын шығару идеясы Президент Н.Ә.Назарбаевтың “Мәдени мұра” бағдарламасы бойынша қолға алына бастағанда Асқардың жан-жағына қарайлауға мұршасы болмай жүргенін талай көрдім.
Асқардың қуанышты күндерінде, қыз ұзату рәсімінде, тіпті докторлық диссертациясын қорғау сәтінде де жолаушылап жүріп, талай қызықтарынан құр қалғаныммен, аяқ-табағымыз араласқан жандармыз. Гүлжиһан келіннің ағасына риза көңілі сол емес пе, менің “Мерей” атты ғылыми-өмірбаяндық екі томдық жинағымды Орталық ғылыми кітапхана атынан шығарып, өзі жауапты редактор болды. Бұдан артық жақсылық болмайды. Дастарқан басында кездесіп Асқармен қалжыңдасқанда: “Гүлжиһанға жету үшін саған әлі жүз жыл жасау керек”, – деуші едім. Ол тілекке тәңірім жеткізбеді.
Оның есесіне артындағы мұрасы сүбелі. “Жаңа дәуірдегі қазақ әдебиетінің даму заңдылықтары (XІX ғасыр мен XX ғасырдың кезі)” деген ғылыми-зерттеу жобасының жетекшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор А.Қ.Егеубаев Қазақ әдебиеті тарихының 4-томына кіріспені былай қойғанда “XІX ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ әдебиеті” деген проблемалы шолуының өзі әдебиеттанудағы жаңа сөз, жаңаша тұжырым.
Жастай дүниеден өткен Асқардың артында қалған айрықша қымбат мұра оның рухани өмірін міндетті түрде жалғайды, талай ұрпаққа жеткізеді, тамсандырады, қапаландырады. Оған нақты дәлел – 60 жылдығының кең көлемде аталып, баспасөз беттерінен көрініп жатқан мақалалар құнарлы зерттеулерге ұласып кететіндігіне еш шүбә болмасқа тиіс. 2008 жылы “Алаштың Асқары” атты жинақтың “Арда тұлға” сериясымен жарық көруі бұған нақты дәлел және ұлықтаудың бастамасы болып қана қоймай, Асқардың бас әріппен жазылатын Ғалымдығы мен Ақындығы арнайы зерттеліп, ғылыми монографияларға ұласары сөзсіз. Оған ешбір күмән жоқ!
Тұрсынбек КӘКІШҰЛЫ, профессор, Алматы.