• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Құрылыс 02 Шілде, 2024

ЖЭС жұмысымен танысты

89 рет
көрсетілді

Парламент Мәжілісі депутаттарының аймақтарға іс-сапары басталды. Палата депутаттары сайлаушылармен кездесіп, 10 шілдеге дейін «Amanat» партиясы Сайлауалды бағдарламасы Жол картасының нысандарын аралайды.

Партия фракциясының мүше­лері Павел Казанцев, Татьяна Савельева, Самат Нұртаза, Марат Башимов және Дүйсенбай Тұр­ғанов Астанадағы «Тұран» газ жылу стансасының құрылысымен танысты.

Бүгінде қуаты сағатына 250 гигакалорий болатын 4 қазандық салу жұмысы жүріп жатыр. Бұл қадам алдағы жылу беру маусымында елорданың Нұра ауданында орналасқан тұрғын үйлерді бірыңғай жылумен жабдықтау жүйесіне қосуға мүмкіндік береді. Бұған дейін бұл нысандар жеке қазандықтарды пайдаланып келген болатын.

«Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында жылумен жабдықтау мәселелерін шешу мақсатымен «Тұран» ГЖС құрылысы жалғасып келеді. Алғашқы қазандық былтыр пайдалануға берілді.

– Жуырда біз «Жылу энергетикасы туралы» заң қабылдадық. Бұл құжат аталған саладағы мем­лекеттік қадағалауды күшей­туге мүмкіндік береді. Осы­лайша, жылу желілерін бақы­лау қызметі жергілікті атқарушы органдардан Энергетика министрлігінің Атом және энергетикалық қадаға­лау комитетіне берілді. Астанада 2 жыл бұрын жылу тапшылығы бол­ған еді. Алайда өткен жылыту мау­сымында қала алғаш рет про­фи­цитке шықты. Бұған «Оңтүс­тік-Шығыс» газ жылу стансасы мен «Тұран» ГЖС-ның 1 кезеңі пайдалануға берілуі ықпал етті, – деді депутат Дүйсенбай Тұрғанов.

Депутат Павел Казанцев жылумен қамтамасыз ету мәселесі шешілгендіктен, «Тұран» ГЖС тұрғын үй құрылысына серпін беретінін атап өтті.

Атап айтқанда, Қазақстандық ипо­текалық компанияның тұр­ғын үй кешені салынып жатқан «Эллингтон» көпбейінді отбасы­лық ойын-сауық туристік аумағына және Қорғалжын тасжолы мен Сейфуллин көшесі арасындағы учаскеге жылу желілерін жеткізуге болады.

– 2023 жылдан бері профицит деңгейіне жақындап келеміз. Яғни жаңа үйлерді жылу желілеріне қосу­ға қатысты ешқандай шек­теу жоқ. Сондай-ақ жылу желі­леріне байланысты ақау да жоқ. Жаңадан қосылған 3 станса қажет­­ті гидравликалық режімді сақ­­тауға мүмкіндік береді. Біз Астананы артық шығынсыз жылумен қамтамасыз ете аламыз, – деді Астана қаласы энергетика басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Есмағұлов.

Сапар барысында мәжіліс­мендер өндірістік және әлеумет­тік нысандарды аралап, еңбек ұжымдарымен кездесулер, сондай-ақ азаматтардың жеке мәселелері бойынша қабылдаулар өткізеді. Де­пу­таттардың өңірлердегі сапар қо­ры­тындысы күзде Парла­мент Мә­жілісінің жалпы отырыстарының бірінде жинақталады.