• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
27 Наурыз, 2019

«Қаламқас» кен орнындағы апат: өртті сөндіру оңай болмай тұр

1261 рет
көрсетілді

Маңғыстауда мұнай «мінез» көрсетті. Мұнайлы өңірдегі іргелі кен орындарының бірі – Бозашы бойындағы «Қаламқас» кен орнында болған төтенше жағдай бүгінде ел назарында.   

Маңғыстау ауданы аумағында орналасқан «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-қа қарасты аталмыш кен орны­ның күрделі учаскесінде ұңғыманың құрылысы барысында кен орнының орталық бөлігіне тән техногендік сипаттағы газ-су аралас табиғи бұрқақ атқылай жанып, 10 метр биіктікке дейін жалын ата алаулағаны, өрт аумағының 900 шаршы метр жерді қамтығаны айтылуда. Апат туралы алдымен төтенше жағ­дайлар департаментінің ке­зекші-диспетчерлік қызметіне  хабарланған. 

Қазіргі таңда оқиға орнында Маңғыстау облысының ТЖД, «Семсер-Өрт сөндіруші» ЖШС және «Файр протекшн ЛТД» ЖШС жеке құрамының 53 адамы және өрт сөндіру техникасының 12 бірлігі жұмылдырылған. Өртті сөндіру барысында жанған жерді тасымалданатын лафеттік оқпандармен сөндіру үшін бірнеше рет талпыныстар жасалды, алайда өрт ошағына кірме жолдардың жоқтығына байланысты өртті ауыздықтау мүмкін болмады.

Оперативті өрт сөндіру штабын Маңғыстау облысы ТЖД бастығы Қ.Базарбаев бас­қаруда. Штаб құрамына «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас­ директорының бірінші орын­­басары Б.Иманбаев, ҚМ Индустриялық даму және өнер­­кәсіптік қауіпсіздік коми­теті департаментінің басшысы С.Қа­зақбаев, КӘАҚҚ РОШ­ Маң­ғыстау филиалының (бұр­қаққа қарсы қызмет), «СиБу» ЖШС өкілдері және басқалар бар. 

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ оқиғаға байланысты ақпарат таратты. Ақпаратта су-газ аралас бұрқақтың шығуы жайлы айтылып,  13-24 күндері мамандар күрделендірілген бұрғылау ерітіндісімен ұңғыманы жуу жөніндегі жұмыстарды, сондай-ақ грифондарды жою үшін жөндеу-оқшаулау жұмыстарын  жүргізгендігі айтылған. 

«2019 жылғы 25 наурызда сағат 05:46-да (Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша) 8232 ұңғыманың аумағында 16 наурызда жер бетіне шыққан газ-су қоспасының ошағы жана бастады. «Семсер-Өрт сөндіруші» ЖШС жауынгерлік тобының шақырылған орынға келу уақыты 05 сағат 58 минут. Құрбан болған және зардап шеккендер жоқ. 2019 жылғы 25 наурызда сағат 14:30-ға қарай өртті ауыздықтау үшін қосымша Ақтау қаласының МӨҚҚ 6 өрт сөндіру тобы келіп жетті: 4 автоцистерна, 1 жылжымалы сорғы стансасы, 1 газ-су сөндіруші автомобиль» делінген ақпаратта. 

Еліміздің Индустрия және ин­фрақұрылымдық даму ми­нистрлігінің Индустриялық даму және өнеркәсіптік қа­уіпсіздік комитеті Маңғыстау облысының аумақтық бөлімімен бірлесіп, кен орнындағы апатты оқиғаның мән-жайын анықтауда. 

Оқиға орнына Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі М.Досмұхамбетов келді. Бірінші вице-министр өртті тұмшалауға жұмылғандардың жұмысын қадағалуда. 26 нау­рызда қандай да нақты шешім қа­­­былдануы тиіс болатын. 

– Апат орын алған жерден күнделікті ауаның, топырақтың, судың сынамалары алынып, сараптама жасалынды.  Апат толық ауыздықталған соң ғана қоршаған ортаға қандай зиян келтірілгені, оның көлемі туралы айтуға болады. Барлық жұмыстар ел заңнамаларына сәйкес жүргізілетін болады, –  деді Маңғыстау облысы­ өңір­лік коммуникациялар қыз­метінің Орталық коммуника­циялар қызметімен бірлесе өт­кізген брифингінде Маңғыс­тау облысының экология депар­та­менті басшысының міндетін ат­қарушы Р.Тукенов.

Оқиғаның себеп-салдары толық анықталады деп ойлаймыз. Зардап шеккендердің болмауы көңіл қуантады. Алайда, төтенше жағдайды, орын алған оқыс оқиғаны ауыздықтаудағы кәсі­биліктің, шеберліктің шы­найы­лығына күмән пайда болды. Сандаған техника мен мамандар күшін жұмылдыра жү­гір­генмен, айдың-күннің аманында ұңғымадан шыққан су аралас газды тұмшалай алмай әбігерге түскендердің әрекетіне қарап сонау 1961 жылдары мұнай бұр­­қағы атқылағанда қара күш пен құрыш білегіне сүйене жан­себілдік танытқандардың ерлігін еске ала күрсінесіз...

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Маңғыстау облысы