• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
27 Наурыз, 2019

Табысыңызды жариялауға дайынсыз ба?

823 рет
көрсетілді

Көрпеңе қарап көсілетін, тұрмысың мен тәбетіңді табысыңа қарай шектейтін салық саясатының халықаралық заңдылығы Қазақстанға да келді. 

Ешкім сырт қала алмайды

Келер жылдан бастап елі­мізде жалпыхалықтық кіріс пен мүлік декларациясы баста­лады. 2020 жыл қыр астында тұр­са да, оған дайындық кем­шін сияқты. Мамандар мұның себе­бін «қабылданған заңға бейім­делуіміздің орнына, оны айналып өтуге әдеттеніп қалғанымызбен» түсіндіріп отыр. Бірақ бұл заңның осы күнге дейін қабылданған өзге заңдарға мүлдем ұқсамайтыны сезіледі.

Науқан Қазақстанның эко­но­микалық жағы­нан белсенді 13 млн азаматын, ғаламтордан нан тауып отырған 15 жастағы блогерден бас­тап, 90 жастағы қарияға дейінгі азаматтарды қам­тиды. Себебі соңғы жылдары зейнет жасынан асып кеткен қариялардың атына құны жүз­деген мың АҚШ долларына бағаланатын қым­бат көліктер мен зәулім үйлердің тіркелгені тура­лы деректер жиі ай­тылады. Енді қариялар да сол бай­лықтың қандай табыспен ке­летінін дәлел­деу керек. Дәлелдей алмаса, мүліктің 10 пайы­зын айып­пұл ретінде төлейді. Бұл тура­лы Кәсіп­кер­лерге көмек орта­лығының директоры Дми­т­рий Казанцев журналистермен кездесу кезін­де айтты.

Бұл ретте сарапшылар аза­мат­тарға қолында бар дүние-мү­лігі мен қаржысын жасырмай, тегіс көрсетуге кеңес беріп отыр. Себебі «Жеке тұлғаның ак­тивтері мен міндеттемелері туралы бастапқы декларация» мемлекет үшін әрбір азаматтың дәу­летінің бастауы саналады. Де­мек, оның неғұрлым жоғары межеде болғаны маңызды. 

Қандай да бір азамат жүйеге кіру декла­ра­циясында тек қараша үйі бар екенін ғана көрсетсе, сонымен бірге банкке салмай, үйінде ұста­ған адал ақшасы туралы айтудан бас тартса, алайда келесі жылы сол қаражатына бірнеше бөлмелі пәтер сатып алса, оның есігін салықшылар қағатын болады. Бұл іс қозғалып, тергеу жүруіне, ірі айыппұл салынуына соқтыруы да ғажап емес. 

Бұл қадамға Үкімет жем­қор­лыққа жойқын соққы беру, жем­қорлар қолданатын сан алуан айла-шарғылар мен қулық тізбегіне тосқауыл қою үшін барып отыр. Барлық дамыған елдерде қолданылатын тәжірибе осы.

Д.Казанцев жұртшылық арасында дүрбелең мен ұзын-сонар кезек тудырмау үшін мемлекеттік кіріс органдары декларация тапсыру уақытын бірнеше айға созғанын айтты. Декларацияны цифрлы қолтаңба көмегімен ре­сімдеп, интернет арқылы жолдай­тын адамдар үшін аталған мерзім 15 қыркүйекке дейін ұзар­тылды. Бұл – халықты декларацияны элек­тронды түрде ұсынуға ынта­лан­дыру үшін жасалыпты. 

Жаппай декларациялау жүйе­сіне қосылудан кейінгі кезеңде, яғ­ни 2021 жылдан бастап, қазақ­стан­дықтар мен шетелдіктер жыл сайын «Табыстар мен мүлік туралы декларация» ұсынып отыруға тиіс. 

– Бірақ бұл декларация екі түрге бөлінеді. Біріншісі – кеңей­тілген түрі (270.00 формасы). Кеңейтілген декларацияда азамат­тың бір жыл ішінде тапқан кіріс­тері, салықтық шегерісі, сондай-ақ жыл­жымайтын мүлікті, көлікті, құн­ды қағаздарды, қатысу үлесін, инвестициялық алтынды, туынды қаржылық құралдарды сатып алуы, ақысыз сыйға алуы неме­се оларды сатуы, өзгеге тегін бе­руі фактілері көрсетілуге тиісті. Екін­шісі – қысқа түрі (260.00 фор­масы). Кірістер мен мүлік ту­ра­лы қысқа декларация небәрі 1 па­рақ­тан тұрады, – дейді Д.Казан­цев. 

Жеңілдетілген декларация­ны зейнетақыдан басқа кірісі жоқ зейнеткерлер, шәкіртақыға ғана сүйенген студенттер және еңбекақысымен күн көрген жұмыскерлер тапсырады. Олар бұл құжат арқылы 1 жыл ішінде жалақыдан басқа ешқандай табыс таппағандарын растайды. Мем­лекеттік кірістер комитетінің есе­бінше, бұл қысқа декларация­ны халықтың 70 пайызға жуығы тапсырады. Бұл қатарға негізінен, мұғалімдер, зейнеткерлер, студенттер, жалдамалы жұмысшылар мен қызметкерлер жатады.

– Барлық база таза болуы үшін құзырлы мемлекеттік органдармен бірге жұмыстар атқарылуда. е-Gov.kz порталында салық тө­леу­шінің кабинетін аштық. Түсіндіру жұ­мыстарына жақсылап дайын­да­лып жатырмыз. Сонымен қа­тар Мемлекеттік қызмет істері жө­ніндегі агенттік те бізді қолдап, жал­пыға бірдей декларациялау мә­селелерін мемлекеттік қызмет­ші­лердің біліктілігін арттыру бағ­дар­ламасына енгізді, – деді Д.Ка­занцев. 

Декларацияны қағаз күйінде өткізу – қауіпті

Д.Казанцев:

– 13 миллион адам декларация өткізеді. Бұл өте көп. Маман ретінде бұл декларацияны қағаз түрінде өткізбеуге кеңес берер едім. Өйткені бұл қауіпсіз. Ал күз­­де, соңғы сәтте 13 мил­лион адам электронды базаға лап қой­са не бо­­лады? Әрине, база жұмы­сы теже­­леді. Соның салдарынан қан­ша­ма адам өзінің табыс дек­ла­рация­сын дер уақытында өткізіп үл­гермей қалады?! Сон­дық­тан біз халыққа бұл жайт туралы алдын ала ескертіп, хабарлап жатырмыз, – дейді. 

Маман осы ретте жұрттың жария етілген табыстарын сақтайтын деректер базасында блокчейн тех­­нологиясының қолданылуы мүмкін екенін айтып қалды. Бұл адам факторының қатысуынсыз жүзеге асатын соңғы жаңалық.

– Оны іске асырудың мүм­кін­дігі мемлекеттік деңгейде тал­қы­­ланып жатыр, – дейді ол. Ал декларация дер уақытында өткі­зіл­­мей қалса, азамат әкімшілік жауап­­­кер­шілікке тартылуы мүмкін. 

– Үлгермесе немесе толтырған құжатта шынайы ақпарат көр­се­тілмесе, онда ол адамға 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде немесе 75 750 теңге айыппұл салынады, – деді Д.Казанцев.

Той шығыны да көрсетілуге тиіс

Д.Казанцев БАҚ беттеріндегі жалған ақпараттардың жарияланып жатқанына да тоқталды. Мәселен, той немесе жаназаға жұм­салған шығын деген арнайы талап жоқ екен. Бірақ оған жұмсалған қаржы «жеке шы­ғындар» деген тармақшада көрсетілуге тиіс. Жеке шығындарда көрсетілген қаржы көлемі табыстан асып кет­се, қаржыны қайдан алғанын түсіндіріп беруге тура келеді.

Өте бағалы сыйлық алған кезде де сыйлаушыдан мүмкіндік бол­са чегін сұрап алу артықтық етпейді.

– Декларацияда құны 500 мың теңгеден асатын, болашақта сатуға болатын нәрселерді көр­сетуге кеңес беремін. Бұл бағалы бұйымдар, тондар, картиналар болуы мүмкін. Ал мәселен, тойдан түскен ақшалай сыйлықты декларациядағы «тағы басқа» деген тарауға толтыруға болады. Өте бағалы сыйлық алсаңыз, онда сыйлаушыдан мүмкіндік болса, чегін сұрап алуға кеңес берер едім, – дейді сарапшы.

Тағы бір айта кетерлігі, азаматтар банк картасы арқылы жөн-жосықсыз ақша аударымын жасай алмайды. Мұның неге апарып соғарын былай түсіндіруге болады. Досыңыз немесе бауырыңыз «картаңнан ақша аудартып ала қояйын» деді делік. Егер ол үлкен сома болса, жағдай қиын. Өйт­кені салықшыға сіз оның қандай ақша екенін дәлелдей алмайсыз. Біреу картаңызды пайдаланып, 1 миллион теңге жөнелтті делік. Сол 1 миллион теңгенің салығы сізден алынатын болады, себебі ол декларацияланбаған.

Кірісті жасыру мүмкін емес

Талап қою мерзімі – 2020 жыл­дан бастап 3 жыл. Демек, 2023 жы­лы салық мекемесі сізге 2022, 2021, 2020 жылдар бойынша деклара­ция­ланбаған табыс пен мүлік бойынша кінәрат таға алады. 

Экономист Айдар Әлібаевтың айтуынша, Қазақстанда шетел тәжірибесіне сүйеніп жасал­ған реформалар мен идеялар әб­ден пысықталмай жатып жүзе­ге асығыс асырылады. Бұл – ше­неу­ніктердің қателігі. Декла­рация тап­сырған әрбір азамат сон­да көрсетілген кіріс пен шығын­дарын анық көрсетіп, оның бір-біріне сәйкес болуын қадағалауы керек. Өйткені біздің елде кей шенеуніктердің шығындары заңды табысынан артық. 

– Қаржы мәселесіне қатысты көптеген сұрақтар дәл декларация тапсырған кезде туындауы мүмкін. Сол кезде мемлекеттік қыз­­метте отырғандар ол сұ­рақ­­тарға жауап бере алмасы анық. Бұл талап осы себептен әлі ен­гізілмей отыр. Бізде жұ­мыс­сыз­дар мен өзін өзі жұ­мыспен қам­тушылар көп. Олар қай табыс­тарын көрсетеді?! Дек­лара­ция тапсыруға оларды қалай мәж­бүрлейді?! Салық ор­ган­дары қыз­меткерлерінің білік­тілі­гі өте төмен. Олар бір мезгілде мил­лиондаған адамның дек­лара­циясын қабылдай алмай­ды. Ал оларды дайындауға бір­та­лай қара­жат пен уақыт керек. Ауыл­дық жерлердің көбі интер­нет­ке қо­сылмаған, – дейді А.Әлі­баев. 

Мамандар табыс деклара­ция­сын тапсыру кезінде жұмыс­сыздар саны нақтылана түсетінін айтады. 

– Тағы бір мәселе, табысы аз адамдарды алаңдатып, жеке тұлғаларды кірістерін деклара­ция­лауға міндеттеудің қажеті жоқ. Сон­дай-ақ жұмыс берушілердің жеке табыс салығын, зейнетақы аударымдарын төлеуі арқылы барлық тұрғындардың кірісі туралы мәліметтер алудың басқа да тәсілдерінің бар екенін ескерген жөн, – дейді экономист.

Салық органдары маман­дарының бәрі бірдей бұл шараға дайын емес екенін Д.Казанцев те мойындайды. Олар заңның қабылдануын күтіп, ұйықтап отыр. Оны іске асыратын салық органдары қызметкерлерінің басым көпшілігінің біліктілігі сын көтермейді. 

Мамандардың пайымдауынша, табыс салығын жариялауға қоғамның өзі мүдделі болуы керек. Бізде ауқатты адамдар мен табысы өте төмендердің арасы тым алыстап кетті. Бұл әлеуметтік нара­зы­лықты туғызады. Сондық­тан жемқорлықтан ада, таза қоғам­ның қалыптасуына бәріміз бірдей мүдделі болуымыз керек. Бұрын қо­ғамның қаржылық сауаттылық дең­гейі туралы көбірек айтсақ, ен­ді салық мәдениеті, салық са­уат­тылығы туралы айтуға тура ке­леді. 

Гүлбаршын САБАЕВА, 

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ