• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
27 Наурыз, 2019

Ағаш жонып, аң жасаған

780 рет
көрсетілді

Кеген ауданындағы Қарабұлақ ауылында тұратын Ержанның есіміне, он саусағынан өнер тамған шеберлігіне сырттай қанық едік. Жолығудың сәті түскеніне қуанып қалдық. Оған дәнекер болған ауыл әкімі Еркін Жексенбековке риза болдық. Арнайы іздеп барғанымызда бізді есіктің алдынан діңі жуан теректен жасалған қара аюдың келісті мүсіні қарсы алды. Іле-шала үйден жүзі жылы шырайлы азаматтың өзі де шықты.

– 2003 жылы Ауыл жылында жасаған дүнием. Тура 16 жыл болыпты. Әсіресе, сырттан келген қонақтар қы­­­зыға қарап өтіп жатады, – дейді Ержан «аюын» ая­лай сипап қойып. Тура Ресей­дің «Маша мен аю» атты бала­ларға арналған мульт­фильміндегі денелі қоңыр аюдың өзі. Екі қолын алдына қусыра ұстап, тау жаққа қөз салып тұр.

Рас, ағаштан түрлі аң­дар­­дың мүсінін жасауға екі­нің бірі бара бермейді. Қи­ын­ның қиыны. Ержанның кейбір әсіресе, қара ағаштан жасай­тын мүсіндеріне айлап уақыт кетіп қалады екен. Көбіне жұмысына діңі жуан көк теректі таң­­­дай­ды. Ержандай шебер қол­ды мү­сінші жігіт дәл осы­нау іс­ке жаратылғандай жан се­кіл­ді. Алматы қаласындағы республикалық көркемсурет колледжін мүсін өнері бо­йынша, одан соң Абай атын­дағы Қазақ ұлт­тық пе­­­да­гогикалық универ­сите­тінің көркемсурет, графика факуль­тетін бітіріп шыққан. 

– Кішкентай кезімнен-ақ бейнелеу өнеріне ынтық болып өстім. Әлі есімде, 5 сы­ныпта оқып жүрген ке­зімде «Кім болам?» деген та­қырыпта шығарма жаздық. Сонда болашақта мүсінші болам деп жазған едім. Жү­ре­гім қалаған түрлі жан-жануарлардың мүсінін жасай беремін, – дейді Ержан күлім­дей тіл қатып.

Ағаштан жасап шығатын аңдары тура өзінен айнымай көз тартып тұратыны қуа­нарлық. Оны қалаған түс­пен сырлап қойса, ұзақ жылдарға шыдас береді екен. Ержанға арнайы тапсырыс беріп жататын жандар да көп. Әсіресе, екі қабатты үйлері бар, есік­терінің алды алуан гүлмен, тал-терек, жеміс ағаштарымен көмкерілген сәнді аулалар­да түрлі аңдар­дың әсі­ресе, еліктің мүсіндері тұрғаны ғажап-ақ. Ержа­н­нан естігеніміздей бірсы­пыра мүсіндері қоғам қай­рат­­­керлерінің есіктерінің ал­­дын­да тұрған көрінеді. Рас, ағаштан айлап, апталап маңдай терлете жасап шы­ғатын мүсіндердің баға­сы да өзін-өзі ақтайтын дәре­жеде болады екен. Өйт­кені бұл ерінбей еткен еңбек­тің жемі­сінен құралады. 

– Менің жасаған аттарым Астана қаласында өткен ЭКСПО – 2017 халықаралық көр­месінен орын алды. Ағаш­тан жолбарыс, аю, үкі, мысық, бүркіт пен тасбақаны да жаса­дым. Бір жылқының басын қа­ра ағаштан жасаған едім. Бір ай еңбектенуге тура келді. Жал­пы, қазақша 12 айдағы жан-жа­нуарларды түгелдей сомдап шық­тым, – дейді Ержан өзінің жұ­мыстарынан хабардар етіп.

Біз сөз етіп отырған ерін­бейтін ең­беккер, майталман мү­сінші, сырлы суреткер Ер­жан Қожах­­мет­ұлы қазір қамал алар қы­рық­тың мол ішінде. Ауылда да, қа­лада да жүрек қалаған ісін іс­тей береді. Алматы қаласындағы, рес­­публика көлеміндегі бір­сы­пыра ғи­мараттардың, балалар бақ­ша­ла­рының алдында қолынан шыққан мү­сіндері тұр. Өзі секілді шебер қолды азаматтармен Алматы қала­сындағы әл-Фараби атындағы әйгілі даңғылды безендіруге қаты­сыпты. Өткен жылы Қа­ра­бұлақ ауы­лында салын­ған Алланың үйіне де ат­салысқан. Мешіт ғима­ратында көз­дің жауын алар қолтаңбалары тұр. 

Жеке шеберханамды ашсам деген үлкен мақсатым бар. Ынта-ықыласы бар жастар бол­са, шәкірттер тәрбиелеу жа­ғы да ойымда. Қажетті құ­­рал-саймандарымды да то­лық­тап алғым келеді, – дейді Ер­жан алдағы жоспары туралы әң­гімелеп.   Қанат БІРЖАНСАЛ,

журналист

Алматы облысы