• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
27 Наурыз, 2019

Дін саласындағы салиқалы саясат

699 рет
көрсетілді

«Жақсылық жасап, жаман сөз есту – патшалардың маңдайына жаз­ғаны» деген екен көне грек ойшылы Антисфен. Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың президенттік өкілет­тігінен өз еркімен бас тартуы, оның есімінің Астана қаласына берілуі соңғы апта­ның басты жаңалықтарының бірі болып отыр.   

Осы орайда «Қазақстан дін­тану­шы­лары конгресі»  қоғам­дық бірлесті­гінің төрағасы ретінде азаматтық ұс­та­ны­мымды ортаға салып, жеке пікі­рімді білдіргенді жөн көрдім. Әрине, Қазақстан Республикасын соңғы 30 жыл бойы басқарған Н.Назарбаевтың есімі қазақ тарихынан ойып тұрып орын алары даусыз. Кейбір сарап­шы­лардың жіті байқағанындай, Қазақ хан­дығының тарихында «Қасым хан­ның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» ортаға­сырлық дербес көш­п­елі мем­лекеттің қалыптасуында  қан­­дай маңызды орын алса, заманауи егемен Қазақстанның тәуел­сіз дамуын­дағы Елбасының жүр­гіз­ген саясаты «Нұрсұлтанның нұр­лы жолы» деген атпен дәл сон­дай мән-мағынаға ие болуы әбден мүмкін. 

Дінде, әсіресе, ислам дінінде «Пат­шаны Тәңірі тағайындайды», «Өздерің қандай болсаңдар, солай басқарыласыңдар» деген сарындағы тәмсілдер бар. Отаршылдық пен тотали­таризм­нің шырмауынан босап шыққан қазақ халқының маңдайына бұйырғаны Н.Назарбаев болды және ширек ғасырдан астам билік ету барысында ол әлем мойындаған алдыңғы қатарлы кәнігі саясаткердің біріне айналды. Ол – бітім-болмысы кесек, маңдайы жазық, жан-жақ­ты білімді әрі өнерлі, өмір мен еңбектің тезінен шың­далып өт­кен тәжірибелі, алыс-жа­қынды болжай білетін ұшқыр ой­лы, тез шешім қабылдай білетін әрі қиыннан қиыстырып жол тауып кететін тапқыр, патшаға тән кең пейі­лі мен көңілі бар, өзін өзі ұстау әдебі мен бірнеше тілде мүдірмейтін, сөй­леу мәдениеті жоғары, бір сөзбен айт­қанда, қазақ халқының бетке ұстары­на лайықты, «атына заты сай» тұлға.

Н.Назарбаевтың жүргізген ішкі және сыртқы сарабдал саясаты мемлекет пен дін арасындағы және әрқилы конфессиялар арасындағы қарым-қатынасқа да қатысты. Тарихи тағ­дырларға сай ұлттық, мәдени және діни әртектілік орын алған біздің елі­міз тәуелсіздік алған тұста оның дер­бес даму болашағына күмән­дана­тын пікір мен пиғыл басым болды. Алайда, конфессияаралық келісім мен толерантты сана қалып­­тастыру негізінде біздің елі­мізде дінара­лық қақтығыс орын алған жоқ. Әдетте бір-бірі­не қырын қарай­тын әртүрлі дін өкілдері бір үстел басына отыр­ғызылып, сұхбат жүргі­зі­ліп, әр үш жыл сайын Астана қала­сын­да Әлемдік және дәс­түрлі діндер көшбасшыларының съезі ұйым­дас­ты­рылды. Мұның өзін әлем­де ұқса­сы жоқ, теңдессіз шара деп қарас­­тыруға болады. Мемлекет пен діни ұйым­дардың үйлесімді бай­ла­ны­сына негізделген зайырлы ел­дің қазақ­­стандық үлгісі жасалды және ол діннің қоғамдағы орнының құбы­луы­на қарай үнемі жетілдірілу үстінде. 

Міне, сан-салалы саясаттың осы бір қырының өзінде Елба­сының  сіңірген еңбегі мойындау мен мадақтауға тұрар­лық. Қазір­гі әсіре діншілдіктің өз аумағы­­нан шығып, қоғамдық және мем­­лекеттік істерге араласу қаупі бай­­қалған тұста, Н.Назар­баев­тың дін саласы­на қатысты жүр­гізген салиқалы сая­саты лайық­ты бағаланып, бұл іс­тегі мем­лекет­шіл­дік рух пен дәстүр сабақ­тас­тығы сақталуы тиіс деген ойдамыз. 

Бақытжан САТЕРШИНОВ,

Қазақстан Дінтанушылары конгресінің төрағасы, философия ғылымдарының докторы, профессор

АЛМАТЫ