• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
27 Наурыз, 2019

Шаруаларға 155 млн теңге несие береді

571 рет
көрсетілді

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» жүзеге асырып жатқан «Ырыс» бағдарламасы бойынша сүтті мал шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарына берілетін қаражат көлемі 155 млн теңгеге өсті. 

Осынша қаражатқа қол жеткізген сүт фермалары мал басын кемінде 100 басқа дейін көбейтіп, түрлі техника, жанар-жағармай, жемшөп сатып ала алады. Шаруашылық базасын кеңейтуге де мүмкіндік туатыны сөзсіз. Несие мерзімінің біршама ұзарғанын ескерсек, капиталды айналдырып, табысын еселеуге де жол ашылмақ. 

– Біз бұған дейінгі жұмыстарды саралай келе, «Ырыс» бағдарламасы бойынша несие беру шарттарын өзгерту керек деп шештік. Әлеуетті қарыз алушы ала алатын сома 85 миллионнан 155 миллион теңгеге дейін көтерілді. Бұрын несие 10 жылға берілсе, енді 12 жылға дейін ұзартылды. Мал, техника мен жабдықты сатып алу бойынша жылдық пайыздық мөлшерлеме – 16%-ға тең, оның 10%-ын мемлекет субсидиялайтынын да айта кету керек, – дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ несие департаментінің директоры Геррард Бааль. 

Тағы бір айта кетерлігі, «Ырыс» бағдар­ла­масының кепілдікпен қамту талаптары өзгерді. Бұрын несие алуға ниетті шаруалар кепілдікке жылжымалы немесе жылжымайтын мүлік қою үшін әжептәуір әлекке түсетін. Шаруашылығы енді еңсе тіктей бастаған кезде бұл оңайға түспейтіні түсінікті. Жаңа талап бойынша несиеге кепілдіктің басым бөлігі ретінде сол қаржыға сатып алынған малды, техниканы, түрлі құрал-жабдықтарды қоюға болады екен. Мәселен, несиенің 

25%-на шаруа қолында бар жылжымайтын мүлікті ұсынады. Қалған 75 %-ы сатып алатын мүлік пен малдың есебінен қойылады. 

«Ырыс» бағдарламасы бойынша осы­ған дейін бас-аяғы 114 отбасылық тауар­лы сүт фермасын құруға және кеңей­туге 4,4 миллиард теңге қаражат беріліпті. 

Қор «Сыбаға» бағдарламасы бойынша несие беретінін де айта кетейік. Биылғы қаңтар айында ғана 1,2 мың бас ірі қара мен 3,2 мың бас ұсақ мал сатып алуға жалпы сомасы 1,3 млрд теңгені құрайтын 42 несие бөлінді. Ал өткен жылы 15,6 млрд теңге несие 23,8 мың бас асыл тұқымды ірі қара мен 75,4 мың бас ұсақ мал сатып алуға жұмсалған. «Сыбаға» бойынша берілетін ең көлемді несие көлемі – 70 миллион теңге. Шаруалар осынша соманы 15 жыл мерзімге жылына 4%-дық мөлшерлемемен алады. 

2018 жылдың экономикалық есебіне жүгінсек, ауыл шаруашылығындағы өнім көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 

3,4%-ға өсіпті. Әсіресе мал шаруа­шы­лы­ғын­дағы өсім қарқыны біршама жоғары – 

3,9 пайыз. Үкімет аграрлық секторды да­мытуға басымдық беріп, шаруаларды түрлі несиелеу ұйымдары арқылы қолдауға, олар­дың қаржыдан қағажу көрмеуіне мүдделі еке­нін көрсетіп отыр.

Арнұр АСҚАР,

«Egemen Qazaqstan»