Еуропарламенттің ресми сайтындағы мәліметке сүйенсек, аталған мәселеге қатысты жаңа заң жобасын талқылауға 560 адам қатысқан, оның 35-і қарсы дауыс берсе, 28-і қалыс қалған. Еуропарламент мүшелерінің басшысы, жоғарыда атап өткен Ф.Рис: «Бұл заң 2030 жылға дейін Еуропадағы пластикалық ластанудың жобалық құны бойынша қоршаған ортаға зиян келтіретін шығындарды 22 миллиард еуроға дейін төмендетеді», деді. Ал Еуропалық комиссия теңіздердегі қоқыстардың 80 пайызы пластик екенін жеткізді. Пластик қалдықтары судағы жануарлар мен балықтардың ағзасынан табылып жатыр. Демек, мұндай қоқыстар мұхит, теңіз өнімдерін тұтынатын адамдарда да кездеседі. Бекітілген жаңа заң «Ластаушы төлейді» деген ұстанымды қатаң сақтауды мақсат етеді. Бұл дегеніміз – пластикалық заттарды, әсіресе пакеттерді тұтынушы бұдан былай тегін болса, сатып алады немесе қымбатқа түседі деген сөз. Яғни, қоршаған ортаға зиян келтіруші өтейді.
Пластмассалар теңіз қоқыстарының шамамен 80 пайызын қамтығандықтан, ЕуроОдақ жоспарланған шектеулерді бір жылдан аз уақытта талқылады. Дегенмен бұл мәселе көптеген елдерде бір жақты жолға қойылған және оның айтарлықтай нәтижесі де бар.
Англиялықтар 2015 жылы 7 млрд, 2016 жылы 500 млн бір рет пайдаланылатын пакет қолданған. 1 жылдың ішінде қалай осынша мөлшерге азайтты? Бар болғаны 2015 жылдың қазан айында пластикалық пакетті қолданушыларға 5 пенс көлемінде салық салынды. Басында Шотландия мен Уэлсте сынақтан өткізілген бұл жоба кейін Ұлыбританияның өзге де өңірлері мен қалаларына енгізіле бастады. Соның нәтижесінде, habr порталының мәліметінше, пластикалық пакеттерді қолдану үлесі 85 пайызға төмендеген.
Жалпы осындай бір реттік полиэтилен пакеттерін қолдануға тыйым салудан Африка алда келе жатыр. Өйткені құрлықта экологиялық проблема күн тәртібінен түспейді. Сол себепті Африкадағы біраз елдерде полиэтиленнен жасалған бірреттік қалталарды қолдануға заңмен тыйым салынған. Пластиктердің орнын матадан және қағаздан жасалған қалталар басты. Тиісінше сол тауарларға сұраныс артқан. Кенияда мұндай пакеттерді қолданған немесе тұтынушыларға сатқан сауда орталықтарына шамамен 40 мың АҚШ долларындай айыппұл салынатын көрінеді. Сонымен қатар Камерун, Гвинея-Бисау, Мали және Уганда сияқты елдерде де полиэтиленді пайдалануға қатаң шектеу бар. Ал Дания үкіметі пластик қалталарды қолдануға сонау 1994 жылы-ақ шара қабылдаған. 25 жылдан бері даниялықтар арасында пластик пакеттерді қолдану үлесі 90 пайызға дейін азайған.
2017 жылы осындай шетелдік тәжірибелерді зерделеген бұрынғы Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек 2018 жылдан бастап елімізде мұндай қалталар заң жүзінде ақылы болатынын айтқан. «Энергетика министрлігі халықаралық тәжірибені саралаған соң елімізде полиэтилен пакеттің қолданысына шектеу қою мен тыйым салуды кезең-кезеңмен атқару туралы бастама көтерді. Бірінші кезеңде полиэтилен пакеттердің тегін таратылуына тыйым салу, екінші кезеңде полиэтилен пакеттердің өндірісін тоқтату жүзеге асырылады. Бұл бастама жергілікті басқару органдарының, «Kaz Waste» қалдықтарды басқару қауымдастығының және «Атамекен» ҰКП-тың қарауына жіберілді», деген еді Ж.Қасымбек.
Бұл әлбетте, Ұлыбританияның енгізген әдісі. Алайда бұл бастамаға құлақ асып, үлес қосып жүрген сауда орталықтары мен дүкендердің қарасы аз секілді. Себебі Magnum, Small сияқты ірі сауда орталықтарынан бастап шағын дүкендердің өзі әлі күнге дейін полиэтиленнен жасалған бірреттік қалталарды тегін таратады. Сондықтан Қазақстан бастамашы айтқан ауқымды істің, үлкен бастаманың небәрі бірінші кезеңін де толық өткерген жоқ.
Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»