• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Қоғам 02 Сәуір, 2019

Этникалық қазақтардың зейнетақы төлемдері заңмен реттелген

939 рет
көрсетілді

Қазақстан тәуелсіздік жылдарында этникалық қазақтардың ерікті түрде елге оралуын ынталандыру саясатын жүргізіп келеді. Ал Тәуелсіздік жылдары келген оралмандардың демографияға қосқан үлесі көші-қонның теріс сальдосының деңгейін әлдеқайда төмендетуге ықпалын тигізді.

Осы ретте этникалық қазақтардың зейнетақы төлемдерінің еңбек өтілін есептеудегі шаралар тиімділігін көрсетіп,  қолданыстағы заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Десек те, көптеген азаматтар заң шеңберінде жүзеге асатын іс-қимылдардың байыбына бара бермейді. Сондықтан да ақпараттардың жүйелі жарияланып отыруы сала мамандарының да, көкейтесті мәселені арқалап жүрген азаматқа да тигізер пайдасы зор.

Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Алматы қаласы бойынша Департаментінің № 2 зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің бас маманы Динара Қуанқанованың  айтуынша, «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының 2013 жылғы  21 маусымдағы № 105-V Заңының 13-бабының 1-тармағына сәйкес, тарихи отанында тұрақты тұру мақсатында келген этникалық қазақтардың келген мемлекеттегі еңбек қызметі зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде есепке алынатын болады.

 «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 22 шілдедегі № 477-IV Заңының (бұдан әрі – Заң) 1-бабының 28 тармақшасына сәйкес, этникалық қазақ – шетелде тұрақты тұратын ұлты қазақ шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам.

Айта кетерлігі, аталған Заңның 3-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағына келу және Қазақстан Республикасының аумағында болу мақсатына қарай көшіп келудің мынадай негізгі түрлері бар:     - тарихи отанына оралу мақсатында;

- отбасын біріктіру мақсатында;  -  білім алу мақсатында;  -  еңбек қызметін жүзеге асыру мақсатында;  - гуманитарлық және саяси уәждер бойынша.

Еңбек өтілін есепке алу нормасы, шет елдегі тарихи отанына (Қазақстан Республикасына) тұрақты тұру мақсатында келген этникалық қазақтарға қатысты.

Аталған нормаларды жүзеге асыру үшін, «Мемлекеттiк базалық зейнетақы төлемiн бюджет қаражаты есебiнен беру, сондай-ақ жасына байланысты зейнетақы төлемдерін, мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды, мемлекеттік арнайы жәрдемақыларды тағайындау және жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы»                  Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 14 сәуірдегі № 223 бұйрығындағы, еңбек өтілін растайтын құжаттардың тізбесі, тұрақты тұру мақсатымен келген этникалық қазақтардың тұрған жеріндегі еңбек қызметін растайтын құжатпен толықтырылды.

Өтініш берушінің еңбек өтілін растайтын құжаттарға: еңбек кітапшасы;       еңбек кітапшасы жоқ немесе жарамсыз болса, еңбек кiтапшасында тиісті жазбалар, нақтылық болмаса, түзетулер және оқылуында әртүрлілік болса архив мекемелерiнен немесе жұмыс орнынан анықтамалар, мемлекеттік архивтің немесе ведомстволық архивтің уәкілетті қызметкерінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған архивтік құжаттың электрондық көшірмелері немесе жұмыс орнынан анықтамалар; әскери билет немесе қорғаныс істері жөніндегі басқарманың (бөлімнің) анықтамасы жатады.

Аталған құжаттардың шет елде берілгендігін ескере отырып, бір тілден екіншісіне аударманың дұрыстығы «Нотариат туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 14 шілдедегі №155 Заңының 34 бабының, 9 тармақшасына сәйкес куәландырылуы керек.

Заңнамаға енгізілген өзгерістерге байланысты, зейнеткерлер 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі туралы қосымша құжаттарды «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына ұсынған уақыттан бастап, жасына байланысты және мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері қайта есептеледі.