• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Сәуір, 2019

«Тұлғатанудың ғылыми негіздері: бүгіні мен болашағы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті

1034 рет
көрсетілді

Абай атындағы ҚазҰПУ «Ұлы дала тұлғалары» орталығының ұйымдастыруымен «Тұлғатанудың ғылыми негіздері: бүгіні мен болашағы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Бұл ауқымды іс-шараға ҰҒА белгілі ғалымдары, ғылыми-зерттеу орталықтарының мамандары қатысты.

Дөңгелек үстелде ұлы даланың ежелгі тұлғалары, тұлғатанудың методологиялық қырлары, ұлы дала би-шешендері – қазақ өркениетінің мемлекетшіл қайраткер, дана тұлғалары, ұлы даланың ойшылдарының мәдени мұралары мен тұлғалық танымдылығы, тұлғатанудың саяси қызметі хақында ғылыми негізді тұжырымдарын ортаға салды.

ҰҒА академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Көпжасар Нәрібаев шараны жүргізіп, талқыланатын тақырып барысына тоқталып өтті. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбеков «Ұлы даланың тарихы дегеніміз шын мәнінде осы аймақта халықты басқарған және елге әртүрлі жағымды, ерекше қасиеттерімен кеңінен танылған тұлғалардың тарихы болып шығады. Мемлекеттің де, халықтың да тарихы жеке есімдермен тығыз байланысты. Қағанаттар мен хандықтар мемлекеттік идеология жетіспеген халық бір сенімге бағынбаған қайшылықты заманда мемлекет құру идеясын жалпыға мәлім халықтық шежіреден берік орын алған даңқты тұлғалар есімдерімен байланыстырды» деп атап өтсе, тарих ғылымдарының докторы, профессор Хангелді Әбжанов «Қазақстан тарихының негізінде, менің ойымша, үш тірек бар. Біріншісі жер, екіншісі тіл, үшіншісі мемлекет. Бұлар ұлттық тарихымыздың материалдық, рухани, саяси қырларын жарқыратуға көрсетуге мүмкіндік беретін ұстанымдар. Бұларға сүйенбейтін, бұлардан қуат алмайтын тарих жоқ және болмайды да. Тарихтағы тұлғаның рөлін айтсақ өз басым артында өшпес із қалдырған тұлғаларды 4 топқа жіктегенді жөн санаймын» деген ой-тұжырымын білдірді.  Осы мазмұнда филология ғылымдарының докторы, профессор Темірхан Тебегенов, «Ұлы дала би-шешендері - қазақ өркениетінің мемлекетшіл қайраткер, дана тұлғалары» зерттелген тақырып аясында тұшымды ойларын білдірсе, тарих ғылымдарының докторы, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің профессоры Светлана Смағұлова «Ұлы даланың ойшылдары: мәдени мұралары мен тұлғалық танымдылығы», Гүлшат Нұрымбетова – саяси ғылымдарының докторы, профессор, Абай атындағы ҚазҰПУ «Ұлы Дала тұлғалары» орталығының директоры «Тұлғатанудың саяси қырлары» баяндамасында тақырып ауқымындағы ғылыми тұжырымдарымен бөлісті.