• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
14 Наурыз, 2012

Сыбайластардың соңғы cағаты соғады

364 рет
көрсетілді

Сыбайластардың соңғы cағаты соғады

Сәрсенбі, 14 наурыз 2012 7:23

Елбасының Жолдауына байланысты Қаржы полициясында сыбайлас жемқорлықпен күрестің жаңа бағыты айқындалып жатыр. Соның бірі сырты жыл­тыр, іші жемқор шенеуніктерге қарсы нақты майдан ашып пара берушіні де, пара алушыны да, бюджет қаражатын жегенді де, ұрлағанды да оңдырмай опындыратын жемқорлықпен күрестің бұрын-соңды болмаған стратегиясын жасау қолға алынды.

Сәрсенбі, 14 наурыз 2012 7:23

Елбасының Жолдауына байланысты Қаржы полициясында сыбайлас жемқорлықпен күрестің жаңа бағыты айқындалып жатыр. Соның бірі сырты жыл­тыр, іші жемқор шенеуніктерге қарсы нақты майдан ашып пара берушіні де, пара алушыны да, бюджет қаражатын жегенді де, ұрлағанды да оңдырмай опындыратын жемқорлықпен күрестің бұрын-соңды болмаған стратегиясын жасау қолға алынды. Бұл мемлекеттің қаржысын билікті асыра пайдаланып сыбайласып сорған талай шенеуніктің соңғы сағаты соғатынын білдіреді. Міне, осы орайда халықтың ортақ қазынасынан сыбайласып ішерін ішіп, жегенін жеп, түк болмағандай талтаңдай басып жүрген арамтамақтардың жұлынын үзу үшін қазір қандай шаралар қолға алынып жатқандығы туралы білмек ой­мен Астана қалалық экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қар­сы күрес департаментінің бастығы Ерболат Балғабаевпен әңгімелескен едік.

– Ерболат Темірболатұлы, Жолдауда айтылғандай, қаржы полициясының енді негізгі күші «көлкеңкелі» экономикамен, бюджет қаражатын ұрлай­тын­дар және тамыры тереңге кеткен жүйелі жемқорлықпен күресуге бағыт­талуы тиіс. Бұл орайда тәуелсіз­ді­гі­міз­дің жағасына жармасып келе жатқан жемқорлықты жоюдың жолы енді тү­бегейлі жасалады деп ойлайсыз ба?

– Иә, жасалуы тиіс. Өйткені, Елба­сы­ның үстіміздегі жылғы Жолдауында ай­тыл­ған жаңа мәселелерді халық қазір талдап, біліп, енді соның орындалуын қалап отыр. Оның басты себебі, жыл сайынғы жолдауларда алға қойылатын тапсырмалар нәтижесі экономикалық жағдайы­мыз­дың жоғарылауына, еліміздің жақ­саруы­на, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық ахуа­­лы­ның түзелуіне түпкілікті себебін тигі­зіп, жаңаша өмір сүруге жол ашуында деп білемін. Сондықтан халық Жолдауды асы­ға күтетіні рас. Өйткені, әр күннің, әр ай­дың, әр жылдың өзіндік талабы болады.

Сонау өткен ғасырдың тоқсаныншы жыл­дарында ел алдына, әр мемлекеттік ор­ган алдына сол уақыттың үрдісіне сай өзіндік бір талап қойылғаны белгілі. Со­ның ішінде Елбасы құқық қорғау органдарына да әлеуметтік-саяси жағдайларға байланысты тапсырмалар бергені анық. Осыған орай құқық қорғау органдары елі­міздің экономикалық жағдайының жақ­саруына өзіндік үлестерін қосқаны да сөз­сіз. Міне, осы бағытта алар болсақ, Ел­басы биылғы Жолдауында да біздің салаға қатысты бұрынғыдан өзгеше талаптар қойып отыр. Бұл міндетті орындау үшін бізге сан емес, сапа қажет. Ал сапа болуы үшін, әрине, жұмыстың жүргенін көруіміз керек.

Осыған орай Қаржы полициясы агент­тігінің Төрағасы Рашид Төлеу­тайұлы  Тү­сіп­­беков біздің ведомствоның алдында тұр­ған стратегиялық мақсаттарды нақ­ты­ла­ды. Қаржы полициясының жеке құ­ра­мына барлық күш-жігерін сыбайлас жем­қор­лықпен күреске, «көлеңкелі» эконо­ми­каға қарсы тұруға және бизнес өкіл­дері­нің заңды мүдделері мен құқықтарын қорғауға жұмылдыру тапсырылды.

– Қаржы полициясы туралы жұрт арасында өзгеше пікір қалыптасқан. Бір­қатар адамдар үрке қарайды. Әри­не, олардың көбі жемқорлар болуы мүм­кін. Дегенмен, қаржы полициясы жазалаушы орган емес қой?

– Иә, дұрыс айтасыз, қаржы полициясы жазалаушы орган емес. Ол елдің қамын ойлағандықтан құрылған. Сон­дық­тан бізге, ең алдымен, жұрттың қорық­қа­ны емес, халықтың сенімі керек. Сенім бар жерде жұмыс та жүреді. Ал сенім болу үшін ісімізден әділдіктің, адалдықтың исі аңқып тұруы тиіс. Өзіңді өзің жаттай сыйла дейді. Халық сенетіндей қызмет ат­қарылуы тиіс. Мұндай жұмыс қаржы полициясы беделінің артуына бірден әсе­рін тигізеді. Бірақ алдымен мұндай жұмысты атқара алуымыз керек, оны атқара алатындай мықты мамандар болуы қажет. Олар кімдер? Олар тәртіпті, адал, мәде­ниет­ті, өздерінің қызметімен бизнес­ті ара­ластырмайтын білікті адамдар.

Біреулер арыздана келгенде солардың ісін дұрыс талдап, тиісті дәрежеде анық­тап саралай алатын, екі тарапқа да заң талабына сай әділ қарайтын маман болғаны жөн. Өйткені, жәбірленген адамның құ­қы­ғын заң талабына сай қорғау үшін мә­се­ленің мәнін, оқиғаның көзін тап басып, ақты ақ, қараны қара дей алмасақ, қайтіп біреулерді жауапқа тартуға болады. Онда жәбірленушіні қорғау ауылы алыс­тай түсе­ді. Сондықтан өзіміздің ара­мыздағы тәрбие жұмысын дұрыс жолға қою керек.

Бұл жағынан алғанда кадр таңдау мә­се­лесі алдан шығады. Ал кадр бәрін ше­ше­ді деп текке айтылмаса керек. Бізге ке­ле­тін жастардың көбі сонау мектеп қа­­бы­р­ғасынан-ақ осы құқық қор­ғау органында істесем, еліме, халқыма пай­дамды тигіз­сем деген ойда бола­тын­ды­ғына шү­бәм жоқ. Бірақ олар жоғары оқу орындарын бітіріп, барлық заңдарды жаттап кел­гені­мен, енді мына істі терге деп бір­ден жауапты жұмысқа жүктей алмай­сың. Жо­ғары оқу орындарын бітір­ген жас ма­манның білгенінен әлі біл­ме­гені көп екені белгілі. Міне, осы кезде нағыз тер­геуші­нің қан­дай болатындығын оған үйрететін кім? Әрине, бұрыннан жұ­мыс істеп келе жат­қан тісқаққан мамандар. Егер олар жаңа­дан келген жастарға өзінің жүріс-тұры­сы­мен, әдепті мінезі­мен, дұрыс ісі­мен өнеге көрсетпесе, кім үлгі болады?

Демек, біз агенттік төрағасының тапсырмасына сай өз арамызда тәрбие жұ­мы­сын бастап кеттік. Тәрбиелі тергеуші жұрттың көңілінде зіл қалдырмайды. Қар­жы полициясының қызметкері неғұр­лым қарапайым, адал бола түссе, ол со­ғұрлым заң талаптарына сай әрекет етеді. Арамызда арын сатып, қызмет бабын пайдаланып жүргендер жоқ деп айта алмаймын. Мұндай арамзалар қай мекемеде болса да кездеседі. Дегенмен, қаржы полициясында ондай теріс ойлы жан­дар­дың болмағаны дұрыс.

Сонымен бірге, агенттік төраға­сы­ның нұсқауы бойынша қаржы полициясы органдарында заңсыз тексеріс болған жағ­дайда, оны жүзеге асырған қызметкермен қатар оның басшысы да жазаланатын болады.

Қылмыспен заңсыз күресуге болмайды деген қанатты сөз бар. Бұл аталы сөзді қылмыскерлермен күрес жүргізгенде олар­дың құтылуына, айласын асыруына түрт­кі, себеп бермеуіміз үшін ұмытпа­ға­ны­мыз жөн. Жан-жақты білікті, ашық тергеу жүргізіп, бұлжымас дәлелді алға тарт­қан­да сол қылмыскердің өзі де амал жоқ, шын­дыққа мойынсұнады. Мықты тер­геу­шінің ақиқаты арқылы өзінің кінәлі екен­дігіне амалы жоқтан көнеді. Бұл соттың да негізгі шешімді шығаруына септігін тигізіп, қылмыскердің шындықтан жалтара алмауына көмектеседі.

– «Халық айтса қалт айтпайды» деген нақыл бар. Қазіргі күні кез келген мекемедегі қарапайым адамдар кімнің жемқор екендігін жақсы біледі. Бірақ бала-шағасы бар, алып отырған бір айлық жалақасынан айырылып қал­мас үшін аузын аша алмайды. Әсіресе, мына бірқатар АҚ, ЖШС-лер, тіпті қай­сібір мекемелер елге пайдалы шы­ғарып жатқан түк өнімдері болмаса да оның басшылары мыңғырған жалған байға айналғандар. Бұлардың қыз­метін­де жемқорлық көріністері жоқ деп ойлайсыз ба? Ондай жемқорлықты мүлде тоқтатуға болмас па еді?

– Әрине, сөзіңіздің жаны бар. Халық бәрін де көріп отыр. Біреулер нақты ең­бегімен халыққа пайдасын тигізіп байиды, біреулер жатып алып жемқорлыққа жол береді. Енді, бұдан былай бюджет қар­жатын қымқырғандар тайрандап жүре алмайды. Сондықтан сыбайлас жемқор­лыққа қай салада көбірек жол беріледі, әуелі соған баса назар аударып, мониторинг жасап отыру керек. Бұл бір шенеу­нік­тің пара алған немесе бюджет қара­жа­тын ұрлап қойған ісіне сәйкес оны тексеруге жан-жақты дайындалып баруымыз үшін қажет. Демек, сыбайлас жемқорлық көрінісін анықтауға барған қызметкер­лері­міз тектен-текке тексеріс жүргізбеуі тиіс. Әрбір хабар үшін шапқылап, тек­се­ріс жүргізе беру абырой әпермейді. Өз­ге­нің толыққанды жұмыс істеуіне кедергі келеді. Бірақ сыбайлас жемқорлық дере­гі­не сәйкес тексеріс жүргізілді екен, одан бір нәтиже шығуы да керек. Мәселен, ойын автоматтарын қолданбау туралы заң бар. Соған сәйкес қаламыз да бақылау жүргізе алмайтындай үлкен емес. Алайда, жасырын ойын автоматтары бизнесі тоқтар түрі жоқ. Ендеше неге оған біржолата тоқ­там салынбайды? Міне, осы орайда біз қазір ондай жасырын ойын автоматтары анықталған орынның бәрін түпкілікті түрде мүлде жауып тастауға кірістік. Екінші рет, яғни қайтадан біз бұл мәсе­ле­ге айналып келмеуіміз қажет. Жасырын ойын автоматтары бизнесін жойғаннан кейін ол жерде сыбайлас жемқорлық деген де жойылады. Сөйтіп, жасырын бір­қа­тар бизнестің қамтамасыз етілуіне еш­кім де көмегін тықпалай алмайды. Ал қай көшеде, қандай пәтерде жасырын ойын автоматтары саудасының жүріп жатқанын кез келген адам біледі. Демек, оларды анық­тау да қиын емес. Бұған толықтай мүмкіндік бар. Заңсыздықпен заң шең­берін­де ғана күресе білу керек.

– Ұжым басшысы ретінде қызмет­кер­лерге қандай талап қоясыз?

– Әрине, үлкенді-кішілі қызметтерде басшылық орындарда жұмыс істедік. Бі­рақ әр қызметтің өзіндік ерекшелігі бар де­гендей, қашанда қай жерде де жауап­ты­лық бірінші орында тұру керек. Жақсы жұ­мыс жүруі үшін ұжымдағы ауа райы­ның да нұр шашып тұрғаны дұрыс. Ол үшін әрбір қызметкердің жағдайын жақ­сы білгенім жөн деп ойлаймын. Оның от­басылық, тұрмыстық, әлеуметтік жағ­да­йы, қандай шешілмей жатқан мәселелері бар дегендей, мүмкіндік болса оларды шешуге тырысқан жөн. Қызметкердің мұн­дай мәселелері шешілген соң одан жұ­мыс­ты да қатаң талап етуге толық құқымыз бар. Өтірік айтылмау керек, өсек пен шын­­дықты айыра білген дұрыс. Кез келген қызметкердің өзіндік ойлары бар. Олар күнделікті өмірде нақты мәселе­лер­мен ті­ке­лей бетпе-бет ұшырасып жү­р­ген адам­дар. Мен қызметке тағайындалған бойда әр­бір қызметкерді шақырып, олардан егер осы лауазымда қызмет атқарсаң, жұмыс­ты қалай бастап, не істер едің деген сұ­рақ­тар қойдым. Расында, олардың айталмай жүрген ойлары мен ұсыныс­тары көп. Бір сөзбен айтқанда, мем­ле­кет­тік іс­те өзім білем деу әбестік, біздің бір-бірі­міз­ден үйренетініміз баршылық. Мұ­ның бәрі ақыр аяғында, сыбайлас жем­қор­­лық­пен қайткенде тиімді күресуге болады деген сұраққа жауап іздеу, ақыл­да­сып піш­кен тон келте болмайды.

Жалпы, қаржы полициясы қызмет­кері­нің әрбір ісінен де, сөзінен де заңды­лық­тың талаптары айқын білініп тұруы тиіс. Адам тілдескенше демекші, мәселен, сөй­лескен кезде де ә дегеннен-ақ кімнің кім екені бір­ден байқалады. Бұл кезде мәде­ниет­тілік, әдеп­тілік, тәрбиелік, ізеттілік біз­дің қыз­мет­керлеріміз үшін ауадай қа­жет. Ал кез келген бір істі тексеруге бар­ған қыз­мет­кері­міздің міндеті өте ауыр. Оның тергейтін адамы қылмыскер ме, айып­ты ма, күдікті ме, жәбірленуші ме, мей­лі, кім болсын, бәрі­бір адам ғой. Мүмкін күдікті дегеніміз тексере келгенде судан ақ, сүт­тен таза адам болып шығуы кәдік. Ол адам­дардың бәрі­мен бірдей мәдениетті түрде сөйлесе білу керек. Ал ондай сөздің басы, барлық қыз­мет­­кер­леріме де қойып отырған талап, мей­лі бір-бірімен сөйлес­кен­де де «сіз» деп тіл қату­дан басталғаны жөн. Бара сала қоқан-лоқы көрсеткен тер­геушіден гөрі адамдық құқын таптамай жоғары мәдени талапта сөйлес­кен қыз­мет­керімізге істі ашу жеңілге түсе­ті­ні анық. Біздің міндетіміз орын алған қыл­­мыс­ты ашу. Ал оны жазаға тарту, тартпау соттың ісі. Демек, біз әділдікті іздеуші яғни нақты қылмыстың болғанын және қалай орын алғанын дәлелдеушіміз.

Бұрын мұнда тіпті жұрт өзінің біреуге берген қарызын қайтару үшін де арыз­дан­ған екен. Соның қарызын қайтаруға қар­жы полициясы қызметкері араласыпты. Бұл мүлде дұрыс емес, өйткені, қаржы полициясы қызметкері біреудің қолшоқ­пары емес. Мұндай екі адамның азамат­тық ісін қа­райтын сот бар, соның алдына жүгінуі тиіс. Қазір мұндай істер бойынша шағым айта келген жандарға түсіндіру жұмыстарын жүр­гізудеміз. Ал ең бастысы, мұндай дауға араласпау арқылы біз қызметкерлерімізді сы­байлас жемқор­лық­қа себеп болуы мүм­кін дерек көрініс­тері­нен сақтап қаламыз.

– Дегенмен, кез келген қызметкер сіздің сыбайлас жемқорлықпен қандай бағытта күрес жүргізу керектігін біле бермейді ғой.

– Сондықтан да бізде қазір тиімді күрес жүргізу үшін әдістемелік нұсқау­лық жасалып жатыр. Сіз дұрыс айттыңыз, тергеуші яки жедел қызметкер қылмысты ашу барысына тек өз ойымен, жеке түсінігімен кірі­сіп кетпеуі керек. Сыбайлас жемқор­лық­тың, экономикалық қыл­мыс­тың түрі көп. Ал бұл жөнінде бізде бұрынғы қаралған істер бойынша үйре­нетін тәжірибелер бар­шы­лық. Солардың арасынан күрделі қыл­мыс­тардың ашылу жолдарын жиып, бір арнаға түйіп тер­геу­шіге жол көрсететін, ба­ғыт-бағдар бере­тін, тұйыққа тірелген сәтте не істеу ке­рек­тігін түсіндіретін нұсқаулық дайындалуда. Мәселен, салықтың жеті­с­пеу­шілігі­мен қалай күресуге болады, сол сияқ­ты пара беру, пара алу, қызметтік уә­кілет­тікті асыра пайдалану, жалғандыққа бару, жасыру т.б. туралы әдістемелік нұс­қау­­лық жоқ. Өйткені, қазір заңдар да көп, заман талабына сай жаңа түсініктер де көп. Оған сәйкес қылмыстың түрлері мен маз­мұны да өзгере түсуде. Демек, аталған нұс­қаулық жа­ңадан келген мамандарға ай­рық­ша кө­мек екені белгілі.

– Құлағым тыныш болу үшін сыбайлас жемқорлықты түп тамырымен құр­тып жіберу керек дегеніңіз жүрекке жылы тиеді екен. Алайда, жемқорлар ұс­тал­ғанда, міне, менің жегенім деп бар қара­жа­тын немесе дүние-мүлкін ұс­та­та бер­мей­тіні анық. Ол бар ұрлаған дүниесін тума-туыстарының атына жаз­дырып, зәу­лім сарайлар тұрғызып, қос-қостан ше­телдік қымбат көліктер алдыртып мұртынан күліп жүре бе­ре­ді. Ұсталса құтылады, көп болса аз-кем отырып шы­ғады. Сосын өзгенің атына түсірген орасан байлығына малшынып, рахаттана қай­та тірлігін бастайды. Сонда қыл­мыс­керді соттап қана қойғаннан ел не ұтады?

–­ Әрине, айтып отырғаныңыз шын­дық. Егер қылмыскердің жеке есебінде түк қаражат болмаса, ештеңе істей алмаймыз. Бірақ, жемқорлық көрінісі байқалған кезде-ақ, егер тәжірибелі тергеуші болса о баста жедел-іздестіру шараларын жү­р­гізу барысында бәрін тап басуға болады деп ойлаймын. Мәселен, көзге самаладай жарқырап көрініп тұрған кот­тедж­дер­ді, кең сарайдай пәтерлерді, қымбат көліктер, құнды дүние-мүліктерді қыл­мыс­тық қара­жат жолымен келгендігі туралы ақпарат түссе, анықтау қиын емес. Осы дүние­лер­дің бәрін ол туысқанының атына жаз­ғы­зып қойып, сол үйде өзі тұруы да немесе сол қымбат көлікті пайдаланып жүруі де әбден мүмкін. Ендеше, бұл қыл­мыс­тарды оп-оңай дәлелдеуге болады деген сөз. Ал дәлелденсе, мейлі кімнің атына жазылсын, түгін қалдырмай тәркілеуге заң бойынша жол ашылады. Міне, мен жоғарыда біздің қызметкер­лері­міздің бі­лік­ті, тәжі­ри­белі, асқан шебер болуы ке­ректігі туралы айтқаным сол. Олар кез кел­ген жем­қор­дың жеген, бірақ жасырып үлгерген дүниесін тауып, дәлелдеп әш­ке­ре ете алатындай дәрежеде болуы керек.

Сонымен қатар кез келген кәсіпорын­да­ғы қылмысты ашарда онда жұмыс іс­тейтін адамдардың жағдайын да ойлаған дұрыс. Әйтпесе, оның басшысы эконо­ми­ка­лық қылмыспен ұсталған екен деп кәсіп­орынның есеп-шотын мүлде жауып тастау, сол мекемедегі жұмысшылардың бәрін айлықтарынан қағу деген сөз. Мә­селе әлгі мекемеде қандай дәрежедегі қыл­­мыс жасалды, соны анықтап барып сәйкес шешім қабылдау керек. Егер ол кәсіпорын салығын төлеп тұрса, бірақ тек бар мәселе бір ғана басшыға қатысты бол­са неліктен бас-көз жоқ келе сала бәрі­не тоқтам салу қажет?

– Қай саланы алмайық, әсіресе, мына құрылыс саласында бюджет қара­жа­тын жымқырып, ақыр аяғында құ­рылыс та жоқ, түк те жоқ талтаңдап басып жүргендер көп-ақ. Сол бюджет қаражатын жымқырып жатқандарға қашан тосқауыл қойылады?

– Бұл өзі расында дендеген кесел болып тұр. Бюджет қаражатын жейтіндер өздері ешуақытта ұсталмайтындай сезіне­ді. Қазір бізде құрылыс саласындағы бір істің тер­геуі аяқталып қалды. Істің қоз­ғал­ғанына бір жылдан асқан. Бірақ әзірге ешқандай нәти­же жоқ. Миллиардтаған қаражат қолды бол­ған. Бірнеше шетелдік ең қымбат көлік­тер сатып алынған. Сезік­ті шетелде тай­раң­дай басып жүр. Мемлекетке орасан зиян кел­ген. Енді істі қайта қолға алдық. Мұн­дай адамдар аз болмай тұр. Олар ешуа­қыт­та халықтың, елдің қамын ойламайды, тек өздерінің жеке мүддесін, қалтасын толтыруды ғана ойлайды. Сондықтан бізде бұрын қаралып, кейін белгісіз бір себептермен тоқтап қал­ған бюджет қаражатын сыбайласа жегендерге байланысты істерді қайта қарамақ­пыз. Олардың бәріне жаңа соққы бері­летін күн алыс емес.

– Өзіңіздің идеалыңыз туралы айт­саңыз.

– Менің идеалым Төле би, Қазыбек және Әйтеке би. Олар қазіргіден қиын күр­меуі көп күрделі істерді шешкені аян. Мә­се­лен жер дауы, жесір дауы кезінде олар қара қылды қақ жарып әділ шешім шығар­ды және олардың сол шешімі халықтың бір­лігін нығайта түсті. Бабаларымыз, шынын айту керек, осы күнді аң­сап кеткен жан­­дар. Сондықтан да қашан­да бірлікті ой­лаған. Біз сол үрдістен ауыт­қымауымыз ке­рек. Қашанда әділдік пен шындықты жалау етіп ұстап, алда жүруі­міз керек. Наполеон жеңіліске ұшыраған соң айтқан екен, біздің жауымыздан же­ңілу себебіміз, олар­дың ко­ман­дирлері со­ңым­нан еріңдер деп ат­тан­да­са, менің сардарларым алға деп қана ай­қай­лаған дейді. Сондықтан сыбайлас жем­қор­лықпен кү­рес жолында да біз тек алда жүр­геніміз дұрыс деп санаймын.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Александр ТАСБОЛАТОВ.