Бүгінгі озық технологиялар: компьютерлік, магнитті-резонансты томография мен ангиография, микрохирургия секілді тәсілдер, операциялық микроскоптар бассүйек, мидың зақымдану дәрежесін анықтап, бұрын қол жетпеген ми ісіктерін алып тастауға мүмкіндік береді. Дер кезінде көмек берілсе, науқастар инсульттан кейін бұрынғыдай мүгедек болып қалмайды. Сол сияқты қазір Қазақстанда эпилепсия, яғни талма ауруына да ота жасалады. Ал мұның барлығын да отандық медицинаның майталмандары атқарып отыр. Олардың арасында мыңдаған мықты дәрігерлер ішінен дара шығып, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасында жеңімпаз атанған нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаев та бар.
«Ақыл – жастан» деген осы, Мыңжылқы Сайлауұлы 34 жасында халық аузында «СовМинка» атанып кеткен Алматыдағы Орталық клиникалық ауруханасының нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды.
Жоғары санаттағы нейрохирург, рентгенхирургті «Қазақстанның 100 жаңа есімі» мәртебесіне жеткізген жетістік – эндеваскулярлы әдіспен ми аневризмін емдеуде еліміздің ең үздік дәрігерлерінің бірі болуы деуге болады.
Мыңжылқы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Қарағанды мемлекеттік медицина академиясының түлегі кәсіби деңгейін көтеру мақсатында «Болашақ» бағдарламасымен Санкт-Петербургтегі С.Киров атындағы Ресей әскери-медициналық академиясындағы клиникада тәжірибеден өтеді. Осыдан кейін 2008 жылдан бастап Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық нейрохирургия орталығында ми қан тамырлары бөлімінде жұмыс істейді. Сонымен қатар 2014 жылы Алматыдағы №7 қалалық ауруханада интервенциялық хирургия бөлімін ашуға мұрындық болды. Мұнда алғашқы 2 жылда-ақ оңтүстік облыстардағы науқастардың ми тамырларына 330 ота жасалды.
Біртіндеп отандық эндоваскулярлы нейрохирургияның негізін қалаған Мыңжылқы Бердіқожаев 2016 жылдың 1 қаңтарынан «Орталық клиникалық ауруханасы» АҚ нейрохирургия орталығына шақырылып, жетекшілік қызметті бастады.
Жас болса да бас болған нейрохирург 2004 жылдан бері өзінің тікелей қатысуымен 3200-ден астам ота жасады. Оның ішінде ми тамырларына жасалатын ең күрделі оталар Қазақстанда 2008 жылы енгізіле бастаса, алдымен елордадағы Ұлттық нейрохирургия орталығында қолға алынды. Ал басты ашпай жасалатын тамырішілік оталарға келсек, Мылжылқының тәжірибесінде мұндай 2700-ге жуық ота бар.
Ең бастысы, қазір басқа елдерден Қазақстанға емделуге келетін, біздің нейрохиругтерге сенетін адамдар, тәжірибе алмасатын мамандар пайда болуда.
Айтқандай, жуырда ғана «Орталық клиникалық ауруханасы» АҚ нейрохиругтері халықаралық симпозиум кезінде тамаша дәрістер жүргізіп, «Эндоваскулярлы әдіспен ми тамырлары аневризмі мен мойын тамырларының тарылуын емдеу» шеберлік сағаты кезінде Мыңжылқы Бердіқожаевтың қатысуымен отаның бірнеше жаңа түрі жасалған болатын.
Сауап жинайтын мамандық иесі Мыңжылқы үшін медицина қалай басталды?
– Қандай істі алғаш бастаған кезде кез келген адам жүрексінеді, қобалжиды. Ал мұны науқасқа білдіруге болмайды. Ең алғашқы ота сәтті аяқталғанда қалай қуанғанымды көрсеңіз ғой. Құдды кішкентай бала сияқты мәз болып, жеңіске жеткен марафоншы сияқты күй кештім. Тіпті сол кездегі сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бұл – жұмысымды әрі қарай нық сеніммен жалғастыруға құлшындырды, күш-қуат берді, – дейді ол.
Уақыт талабына ілескен алтын қолды дәрігердің тағы бір ұтқаны – Санкт-Петербургте оқып, күрделі оталарға қатыса жүріп, ағылшын тілін өз бетінше меңгеруі.
– Тіл үйрену жаңа білімді игерудің қайнар көзі болатынын түсіндім. Елордаға оралған соң, тіл үйрену курсын жалғастырдым. Көп ұзамай ағылшын тілінде еркін сөйлеуді ғана емес, күрделі кәсіби терминдерді меңгеріп алдым. Бұл менің өз саламда ізденуге көп мүмкіндік берді. Адам денсаулығын жақсартуда технологияның жаңа жетістіктерін пайдалану үшін тіл білудің пайдасы орасан зор, – дейді үздік нейрохирург.
– Біздің орталыққа Израильден профессор Шимон Маймон тәжірибе бөлісуге тұрақты түрде келіп тұрды. Әлемдік деңгейдегі маман бізге невроваскулярлық бұзылуды емдеудің жаңа әдісі – тамырішілік хирургияны үйретті. Профессор Шимон бірнеше күнде 16-18 ота жасады. Бастапқыда біз оған жәрдемдесіп, кейін оның басшылығымен өзіміз жасай бастадық. 2010 жылға дейін шамамен эндоваскулярлы 150 ота жасасам, қазір жылына күрделілігі әртүрлі 400-ге жуық ота жасаймын, – дейді ол.
Осылайша нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаев отандық медицинаға ота жасаудың жаңа әдістерін енгізу мақсатында 2011 жылы Ганновердегі Халықаралық нейроғылымдар институтында, 2012 жылы «Адаса Эйн-Карем» израильдік емханасында профессор Хосе Коэннің жетекшілігімен, сондай-ақ Германияның Эссен қаласындағы «Alfried-Krupp Krankenhaus» емханасында профессор Рене Шапоның жетекшілігімен мықты мектептерден өтеді. Сол сияқты Еуропа, Америкада халықаралық семинарларға да тұрақты түрде қатысып, тәжірибесін байытып отыр.
Бұл күнде өзі де тамырішілік нейрохирургия саласы бойынша шеберлік дәрістерін өткізіп, еліміздің басқа өңірлерінде осы әдісті жолға қоюға ерен үлес қосып жүрген медицина майталманы: «Алдыма келген науқастың жағдайын толықтай өз мойныма алсам, оның өмірі үшін соңына дейін күресемін», - дейді.
АЛМАТЫ