• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Саясат 12 Сәуір, 2019

Байқоңыр мәселелері талқыланды

1014 рет
көрсетілді

Парламент Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаеваның төрағалығымен кеше палатаның кезекті отырысы өтіп, онда күн тәртібіне сәйкес бес мәселе қаралды.
Кезекті отырысты ашқан Дариға Назарбаева алдымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 9 сәуірде мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізу туралы Жарлығына қатысты өзінің ойын білдірді. «Бұл шешімнің өз уақытында және орынды қабылданып отырғанына мен сенімдімін. Президент Жарлығы қоғамда туындап отырған көптеген сұраққа жауап береді. Қазақстандықтар үшін ең қымбат құндылықтар – бейбітшілік, ты­ныштық және экономикалық тұрақтылық. Осылар сақталғанда ғана біз Елбасының стратегиялық бағытының сабақтастығын жүзеге асыра аламыз. 

Тәуелсіздік жылдары қазақстандық даму моделі өзінің өміршеңдігі мен тиімділігін бәрімізге толық дәлелдегені анық. Біз барша әлемге экономикалық өсудің, әлеуметтік тұрақтылықтың және ұлтаралық келісімнің айнымас үлгісін кеңінен таныта білдік. Алдағы сайлау біздің халқымыздың даналығы мен көрегендігін тағы да дәлелдейтіні айқын. Президенттік сайлау ел дамуына тың серпін беретіні сөзсіз. Президент Жарлығы осы бағыттағы жұмыстарды қазірден бастап шұғыл шешуге мүмкіндік береді, деді Д.Назарбаева. 

Бұдан әрі отырыс күн тәртібіндегі мәсе­лелерді қарауға көшті. Алдымен Қазақстан мен Қытай үкіметтері арасындағы Қытай Халық Республикасының жеңілдікті кредит беруі туралы негіздемелік келісімді ратификациялау туралы Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы қаралды. Бұл туралы негізгі баяндаманы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов жасады. Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауындағы талаптарды іске асыру мақсатында Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы шекарасының Қазақстан учаскесіндегі өткізу пункттерінің кедендік инфрақұрылымын дамыту қажет. Қазіргі қолданылып отырған инфрақұрылым өсіп жатқан ағымды толық қамтамасыз ете алмайды. Өткізу мүмкіндігін ұлғайту үшін Қаржы министрлігі «эталондық өткізу пункті» тұжырымдамасын әзірледі. Осы тұжырымдамаға сәйкес көлік құралдарының тоқтаусыз қозғалуы үшін техникалық бақылаудың бірыңғай өткізу дәліздері орнатылатын болады. 2018 жылдың маусым айында Бейжің қаласына жасаған ресми сапарында Елбасы ұсынылып отырған негіздемелік келісімге қол қойған. Аталған құжат шеңберінде 9 автомобиль және бір темір жол өткізу пункттерін жаңғырту және техникалық жарақтандыру жоспарланған. Осы жобаны іске асыруға Қытай тарапынан 2 млрд юань көлемінде несие алынатындығын айта келіп, министр оның толықтай іске асырылуы 2023 жылға белгіленгенін жеткізді.

Д.Нөкетаева жобаны іске асыруға неге басқа елдің компаниясы жалданбағанын сұрады. Оған Қытай компаниясы осы салада өте тәжірибелі екендігі және осындай қызметтің барлық әлемдік көлемінің 30 пайыздық үлесін қамтып отырғаны, сонымен бірге қызметтерінің басқа елдің компанияларына қарағанда арзан екендігі айтылды. Шағын талқылаудан кейін заң жобасы мақұлданып, заң қабылданды. 

Екінші болып 1995 жылғы 23 жел­тоқ­сандағы Қазақстан мен Ресей арасындағы Байқоңыр қаласының мәртебесі және ондағы атқарушы өкімет органдарын құрудың тәртібі мен олардың мәртебесі туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы қаралды. Бұл туралы баяндаманы Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің міндетін атқарушы Марат Нұрғожин жасады. Баяндама аяқталған соң сенатор Мұрат Бақтиярұлы сөз алып, Байқоңыр қаласының бірталай мәселесі шешілмей тұрғанын айтты. Соның ішінде ол 1995 жылдан осы уақытқа дейін 18 ратификация мен құқықтық құжаттар қабылданғанын еске сала келіп, қалада тұратын 70 мың халықтың 70 пайызы жергілікті халық болса да, олардың көптеген мәселесі әлі күнге орнынан жылжымай тұрғанын жеткізді. Мәселен, тарифтер мәселесі шешілмеген, кәсіпкерлер несие алу үшін ғимараттарын кепілге қоя алмайды, қосарланған салық төлеу өзгермеген, Байқоңырдың инфрақұрылымын жетілдіруге Ресей тарапы қаражат бөлмейді, ал Қазақстан жағы жалдауда болғандықтан қаржыландыра алмайды және 2013 жылы Протон зымыраны құлап, ауаға 600 тонна гептил тараған. Осының шығынын біздің тарап 13 млрд теңге көлемінде деп есептеп, Ресейден өтеуді талап еткен. Алайда, осы күнге дейін одан жауап жоқ, дей келіп депутат Байқоңыр қаласын жалға беруден босату туралы М.Нұрғожиннің пікірін сұрады. Министрдің міндетін атқарушы бұл мәселелердің бәрі мемлекетаралық комиссияның бақылауында екенін айта келіп, Байқоңырды жалға беруден кезең-кезеңмен шығаруды Қазақстан тарапы қолға алғанын және бұл мәселе зерттелуде екенін жеткізді. Сонымен бірге оның көптеген күрделі тұсы да бар екенін, олар туралы депутаттың өзіне жазбаша жа­уап бере алатынын айтты. Осындай қызу талқылаулардан кейін бұл заң жобасы да мақұлданып, қабылданды. 

Сондай-ақ Қазақстан мен Тәжікстан үкіметтері арасындағы Өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы да мақұлданып, заң қабылданды. Бұл туралы баяндама жасаған Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров Тәжікстан тарапына әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісімге 2018 жылғы 27 желтоқсанда қол қойылғанын айтты. 

Отырыста қаралған төртінші мәселе кейбір заңнамалық актілерге орталық және жергілікті атқарушы органдардың функцияларын бәсекелес ортаға беру бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы болды. Бірінші оқылымда қаралған бұл мәселе бо­йынша негізгі баяндаманы Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов жасап, құжат «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 97-ші қадамын іске асыру негізінде әзірленгенін жеткізді. Қазіргі уақытта мемлекеттік органдар функция­ларын бәсекелес ортаға берудің айқын критерийлері жоқ. Осы мәселені шешу үшін заң жобасында функцияларды беру мақсаттары, қағидаттары мен тәсілдері, қайтару тетіктері қамтылған, деді ол. Аталған заң жобасы және одан кейін қаралған кейбір заңнамалық актілерге көлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобалары да біршама қызу талқыдан кейін мақұлданды. Соңғы заң жобасы бойынша баяндама жасаған Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр құжат жолдарда көлік бақылауын автоматтандыру, тасымалдау сапасын арттыру, темір жол және теңіз көлігінде тергеп-тексеруді жүргізу тәртібін жетілдіру мәселелерін қамтитынын жеткізді.

Екі заң жобасы да екінші оқылымда қаралып, қабылданды.