• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
22 Ақпан, 2012

Төрт тағанның бірі

459 рет
көрсетілді

Төрт тағанның бірі

Сәрсенбі, 22 ақпан 2012 8:03

Көзі тірі болғанда бүгінде қазақтың көрнекті кинорежиссері Мәжит БЕГАЛИН 90 жасқа толар еді. Екінші дүниежүзілік соғыстан жарадар болып оралған майдангердің кейінгі өмір жолы да мәңгілік күрес пен отты өнерден тұрады десек, артық айтқандық емес. Мәскеудегі Бүкілодақтық кинематография институтын бітірді. «Қазақфильм» киностудиясында режиссер өз замандастары туралы «Бұл шұғылада болған еді», «Тұл­пар­дың ізі», «Оның заманы келеді әлі», «Ел басына күн туса», «Мәншүк туралы ән» сияқты көптеген кинотуындыларды дүниеге әкелді. Орта Азия мен Қазақстан кино өнері байқауының бас жүлдесін, Бүкілодақтық кинобәй­ге­де КСРО Қорғаныс министрлігінің бас жүлдесін иеленді, «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталды.

Сәрсенбі, 22 ақпан 2012 8:03

Көзі тірі болғанда бүгінде қазақтың көрнекті кинорежиссері Мәжит БЕГАЛИН 90 жасқа толар еді. Екінші дүниежүзілік соғыстан жарадар болып оралған майдангердің кейінгі өмір жолы да мәңгілік күрес пен отты өнерден тұрады десек, артық айтқандық емес. Мәскеудегі Бүкілодақтық кинематография институтын бітірді. «Қазақфильм» киностудиясында режиссер өз замандастары туралы «Бұл шұғылада болған еді», «Тұл­пар­дың ізі», «Оның заманы келеді әлі», «Ел басына күн туса», «Мәншүк туралы ән» сияқты көптеген кинотуындыларды дүниеге әкелді. Орта Азия мен Қазақстан кино өнері байқауының бас жүлдесін, Бүкілодақтық кинобәй­ге­де КСРО Қорғаныс министрлігінің бас жүлдесін иеленді, «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталды.

Тұлғаларды осындай аса елеулі белестерде түгендеп тұрудың өзі тарих үшін зор тағылым. Режиссердің өмірі мен өнері жайында әңгімелеген жазушы Әкім ТАРАЗИДІҢ төмендегі ой-толғауы бізді сондай ойға жетелейді.

Тағы да Мәжікең туралы

Тағдыр маған өмірде жақсы адамдарды көп кездестірді. Солардың ішіндегі ең бір ерекшесі, өзіме жақыны деуге болады, Мәжит ағам еді. Менің Мәжікең туралы екі эссем бар. Ол кісі туралы айтылатын ой әлі тәмамдалған жоқ. Мұнан кейін де қазақтың Мәжиті жайында әлі талай сырлар айтылып, жадымызда жаңғыра бермек. Себебі, Мәжікең сол кездің өзінде болашаққа бет алған, алысқа шабатын дүлдүл еді. Оның Шоқан Уәлиханов туралы түсірген  фильмі «Оның заманы келеді әлі» деп аталды. Сол айтқандай, қазақ кино өнерінің негізін қа­ла­ған Шәкеннің, Мәжиттің, Сұлтанның, Абдол­ланың шығармалары арада қаншама жылдар өтсе де сол заманмен бірге үйлесімді тіршілік кеше береріне иманым кәміл. Өкінішке орай, олар дүниеден өткеннен кейін сондай тұлғалық биікке, олар салған даңғыл жолға кейінгі басқа ұрпақтан, жас ұрпақтан әлі ешкім көтеріле алған жоқ. Оның бірден-бір себебі, төртеуі де халықтың ішінен қайнап шыққан ардагер адамдар еді. Рас, олардан кейінгі буын Мәскеуде, Санкт-Петербургте білім алды, тамсанып, сүй­сі­ніп, Батыстың  фильмдерін көрді. Көбісі сол Батыстың, Американың ыңғайынан, ырқынан біржола шыға алмай қалды. Мен бұларды сөз еткенде, өзгелерді төмендеткелі емес, тек шын­дыққа ғана жүгініп айтып отырмын. Себебі, қайнаған халықтың ішінен шыққан талантты дүние қашанда бөлек болып көрініп тұрады. Мысалы, Шәкен Айманов ешқандай киноның оқуын бітірген жоқ. Оны Ғабит Мүсірепов Семейде жүрген жерінен тауып әкеліп, ағалары­ның арасына тоғытып жіберген. Бірақ ол кісі кейін театрға сыймады. Керемет актер ретінде танылып шыққанмен, алайда ғажайып өнер иесіне театр іші тарлық еткен соң, кино саласына қарай бет бұрды. Ал Мәжікең 1941 жыл­ғы екінші дүниежүзілік соғысқа алғаш­қылар­дың бірі болып аттанды. Киноның оқуын оқып жүрген жерінен. Бес-алты айдан кейін Украина майданында оң қолына оқ тиіп, қансырап жатқан жерінен украиндық бір қыз тауып алып, дәрігерлерге өткізген. Сол деревняда, яғни Змеев хуторында Мәжікеңнің оң қолы шынтақтан төмен жерленген. Ол кісі майданнан оралғанда Мәскеудің кинематография институты Алматы­ға көшіп келген болатын. Соғысқа дейін өзі білім алған оқу орнының соңынан майдангер қуып келіп, өзімен бірге оқыған студенттерді тауып алды. Кейін сол ВГИК-ті Сергей Герасимов секілді ұлы режиссердің шәкірті ретінде бітірді. Ал С. Герасимов ол уақытта Александр Фадеевтің «Жас гвардия» романын экранға лайықтап шығарған болатын. Сонда Мәжікең режиссердің ассистенті болды. Ал өмірлік жары Людмила (Олеся) Иванова осы  фильмде ал­ғаш рет өзін актриса ретінде танытқан еді. Сергей Герасимов пен Тамара Макарованың ше­берханасынан дәріс алған Олеся жеңгей кейін Мәжікеңнің «Ел басына күн туса», «Мән­шүк туралы ән» фильмдеріне түскені мәлім. Әке-шешесінің жолын қуып ВГИК-ті тәмамдаған ұлдары Нартай бабаларынан бәсіре етіп алған таланты енді-енді ашылып, «ХХ ғасырдың теңіз қарақшылары» деген  фильмде басты рөл­дердің бірін ойнап, Одаққа әйгілі бола бастаған кезінде қапыда қазаға ұшырап миллиондаған көрермендерді опындырып кетті.

Өмірге келген сәттен бастап Мәжікең тарихи тұлғалардың арасында өсті, қысқасы, білім, ғылым, өнерді жөргегінде-ақ білген деп айтуға болады. Міне, осындай адаммен жолығысуға жазған тағдырға ризамын. Мәжікең – Сапар­ғали Бегалиннің ұлы. Ол кісі адамгершілігімен, өзінің зиялылығымен бүкіл қазақ жазушы­ларының құрметті ағасы болатын. Ол кісімен ақылдаспайтын қаламгер, өнер адамы болмайтын. Композиторлар, суретшілер сол кісінің үйінен табылатын ылғи. Сондай отбасынан, қасиетті ұядан шыққан Мәжікең де әке қа­сиетін бойына молынан сіңірді.

Танысу

1962 жылы көктемде біз оқып жүрген курс­тың директоры Михаил Борисович Маклярский мені бір күні шақырып алды. Өзі атақты партизан болатын. Сталиннің кабинетінің коменданты болған. Сталин қайтыс болғаннан кейін киноға келген ғой. Сол кісі: «Ай, Аким, Акимом ты был, Акимом остался» деді. «Сені оқудан шығарсақ па деген ойымыз бар» деді. «Неге?» дедім. «Мына балалардың бәрі диплом жұмыстарын талқыла­тып, жөн­дейтінін жөн­деп, өз елдеріне апарып таныстырып, республика басшыларынан батасын алып келіп жатқан жоқ па? Сенің жүрісің мынау» деді. Олай болған себебі, екі бірдей профессор ұстазымның тым болмағанда біреуі маған «Әй, сен жаз» деп айтпапты. Бірі Михаил Блейман болса, екіншісі Василий Соловьев. Олардан кейін қалжыңдап сұрағанымда: «Сені онсыз да жазады ғой деп сеніп жүргенбіз» деді. Шынымен оқудан шығып кету қаупі төнген сәтте «Михаил Борисович, шығарамын десеңіз өзіңіз біліңіз, бірақ әлі 30 күн бар ғой, он күннің ішінде дипломдық жұмысымды бітіріп, алып келуге тырысамын» дедім. Сонымен он күн­де сценарий жазылды, орыс тілінде, әри­не. Ол кезде Ленин атындағы кітапхана Кеңес Одағы бойынша ең мықты кітапхана саналатын. Таң­ғы 8-де кіргеннен  жатақ­ха­наға түнгі он бірлер­де қайтамын. Он күннің ішінде бітіріп, әлгі кісіге айтып едім: «Сен мәшең­кеге бастырып, әуре болмай-ақ қой. Қолың­ның өзі айқын екен. Ұстаздарыңа бер» деді. Олар оқып шығып, содан директорға береді. Директор оқып шығады. Он бес республикадан екі-екіден есептегенде біздің курста бас-аяғы отыз екі тыңдаушы бар еді. Бәрінің жоғары білімі бар, әрине.

Біздің кино көретін залымыз шағын ғана, 50 шақты адам сыяды. Соған түс кезінде директорымыз кіріп келді. «Ал, жолдастар, – деді, – бүгіннен бастап сендердің араларыңда нөмірі бірінші курсантымыз Әкім Әшімов. Көріңдер де тұрыңдар, осы жігіт Қазақстанның Мәде­ниет министрі болады» деді бір жағы қал­жыңға бұрып. Содан даңқы гүр ете қалды ғой Әкімнің. Мен оны кекетіңкіреп айтып тұрған шығар деп ойладым. Министр боласың деп, алдап-сулап арқамнан қағып шығарып салайын дегендегі түрі ғой мынаның деп ішімнен әлі де сене қоймадым. Іле-шала екі оқытушы ілесе кірді. Үшеуі бірге оқыған екен.

Сонымен менің даңқым бірден Алматыға жетіпті. Министрге телефон шалыпты. Сен­дердің жіберген балаларыңның жолы осылай болды деп. Бір аптадан кейін Алматыдан Шә­ріп Бейсенбаев деген режиссер келді. Сце­нарийім­ді сұрап оқып шықты да, «мен алайын» деді. Шынын айтқанда, мен ол кісіні бұрын сыртынан ғана білетінмін. Бір фильмін көр­генмін. Оны айтып, мұны сылтауратып, әйтеуір қалайда сценарийді бермеу үшін барлық амал-айланы қарастырып, сыпайылап, арқасынан қағып аттандырып салдым. Енді бір аптадан кейін Сұлтан Қожықов келді. Ол кезде оның «Қыз Жібегі» қайда-а әлі, оған да сеніп тапсыруға қимаймын. Кеңеске қызмет ететін тақырыптар болушы еді ғой сол уақытта. Сондай фильмін көргенмін, ұнатпағанмын. Содан да шығар, екеуміздің әңгімеміз онша жараса қоймады. Тағы бір апта өткенде залда кино көріп отырғанбыз. Біздің кино көретін залы­мызға кіретін есік экран жақта болатын. Түлкі тұмақ киген қазақ кіріп келді. Қасында орыс әйел бар. Үстінде – сары тоны тізеден келетін. Шешпеген. Көктем ғой. Кәдімгі қазақтың саптама етігі бар. Келді де шетке отыра кетті. Мә­жікеңнің ешкімге ұқсамайтын қыры басқа­дан өзгеше киінетін. Сосын міндетті түрде киім­деріне қазақы форма кіргізуге әуес еді. Сапе­кең­нің тұяғы болған соң, тамырға біткен тек­тілік жіберсін бе?  Фильм біткеннен кейін қасыма келіп: «Әй, Әкім, мен Мәжит деген ағаң­мын. Мынау Олеся деген жеңгең. Жүр ресторанға» деді бірден. Барған соң әңгімені төтесінен қойды. Мен ішімнен қипақтап отырмын. Себебі, Мәжікеңнің бір  фильмін көрген­мін. Ол да жаңағы қып-қызыл коммунистік  фильм. Оқиғасы – бір гүлденіп кеткен ауыл. Жігіттері шетінен ақылды. Ақылды парторг колхоздың ақылсыз бастығымен тіресіп жү­ре­ді. Жеңеді. Комсомол ұйымы, партия ұйымы бар ішінде. Роман жазылса да, повесть жазылса да партияның өкілі жеңіп шығуы міндетті еді онда. Артта қалған колхоз бастықтың қызы немесе келіншегі парторгке ғашық болады, кілең осыған ұқсас оқиғалар.

Біз енді Хрущевтің жылымығына үйреніп қалған кезіміз ғой онда. Оның үстіне Екатерина Фурцева деген Саяси Бюроның мүшесі министр болған. Көркемдік дәрежесі биік болса,  фильм­нің идеясына қарамаңдар деп, сол кісі арнайы бұйрықпен мазмұны кеңестік заманға қайшы келетін дүниелерді көрсетуге рұқсат берген. Соның әсері болса керек, біраз сыны да бар, қоғамға деген кіжілі де бар сценарий жазып тастағаным. Айтпақшы, дипломды сол атақты Фурцева өз қолымен табыс еткен. Екеуміздің бірге түскен суретіміз сақтаулы. Немістің, Амери­каның небір фильмдерін тама­шалаған маған сондай еркіндіктің лебі қатты әсер еткен болса керек, «Тұлпардың ізін» дүниеге әкелуге уақыт, қоғам қарсы тұра алмады. Сонымен сценарийді сұрамаса екен деп отыр едім. Болмады. «Үйге кеттік» деді. «Сценарийіңді алып жүр» деді. Барғаннан кейін бір шәй ішіп алдық. Өзім повесть жазғанда да қысқа жазатын адаммын ғой. Сценарийім де дәл сол сияқты қысқа, 40 бет болатын. Олеся жеңгеміз зырылдатып оқып біткеннен кейін Мәжікең орнынан тұрып келді де, сол қолымен мені иығымнан қапсыра құшақтап, сүйіп алды. Ол кісінің қуанғанын көріп, көңілін қалдыра алмадым. Келістім. Бірақ ішімде күдігім болып жүрді. Алматыға келдік. Жазушылар одағында тұңғыш рет киносценарий талқыланды. Жүз шақты адам жиналды. Қалихан «зырылдатып» протоколын жазып отырды. Алдын ала таратып бергенбіз. Жұрттың бәрі мақтады. Менің Мәжікеңе деген күдігімнің салдары болса керек, мені екі рет шақырды, кино түсіріліп жатқан ауылға бармадым. Қорқып жүрдім. Бірақ монтаждап алып келіп көрсеткенде, шалқамнан түстім. Бір сөзі­ме тимеген. Сөз дегенде мен диалогты айтып отырған жоқпын.  Фильмге, оқиғаға қиянат жа­самаған. Өзім таң­ғал­дым. Содан кейін көңілім орнына түсті. Алдында қалжыңдап: «Маған рұқсат берсе эк­ранға Әкім Тарази деп жазар едім» дегенім бар еді. Біз оқу бітіріп келетін жылы Қазақ­станда көптеген жазушылар фамилиясын өзгертіп, Әбу Атырауи, Тахауи Ахтани деп «овтан» құтылудың амалын іздей бастаған кез еді. Мен келген кезде жаңағы­лар­дың бәрін Орта­лық партия комитеті шақырып алып, «овтың» ішіне қайтадан кіргізіп жіберген ғой. Ал енді менің «шіркін-ай» деп айтқаным, маған рұқсат бер­мей­ді ғой деген күмәнім еді. Бір күні редак­ция­ның бөлмесінде отыр едім, Мәжікең келіп сол қолымен құшақтап алды да: «Әй, Бүлкілбай» деді. (Ол кісі маған «Бүлкіл­бай» деп ат қойған. Осыдан соң мені Шәкең де, Сұлтан да, бүкіл «Қазақфильм» «Бүлкілбай» деп кеткен еді) «Жүр,  фильміңді көр» деді. Отырмыз екеуміз залда. Үлкен экран жарқ етіп «Әкім Тарази» деген есім… шыға келгенде, жүрегім алқымыма тығылып қалды.

Әлі есімде, көркемдік кеңес болды. Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Дмитрий Снегин, Қырғызстаннан Шыңғыс Айтматов келді. Бәрі кереметтей мақтады. Енді Мәжікең екеуміз де алақанымызды ысқылап қуанып жүрміз ғой. Содан үш-төрт күннен кейін Орталық комитетке директорымызды шақырады. Сол кісі алып барып көрсеткен ғой. Димекең жоқ екен. Мәскеуге кетіп қалыпты. Білмей барып қалған. Екінші хатшы, ұмыт­пасам, Козлов деген кісі болатын. Сол көріпті-дағы Федулин деген министрімізді, киностудия директорын бала­ғат­тап қуып шы­ғыпты. «Мына оқиға Кеңес өкіметінде болып жатыр ма, әлде басқа елде ме? Совет өкіметі қайда? Тым болмаса электр шамы қайда?» дейді ғой. Сөйтіп, екі бастық сүмірейіп қайтып келеді. Мәжікең  фильмді еріксіз өзгертуге мәжбүр болды. Бір тікұшақ келіп қонған сәтте ішінен ақ желеңді дәрігер әйел мен ұшқыш шығып: «Ауырып қалған ешкім жоқ па?» деп сұрайды. Соны өзі барып түсіріп келді. Менің текстіме кіргізген эпизоды осы ғана болды. Бірақ онымыздың да қулық екенін Мәскеу біліп қойды. Фильмді қабыл­дауын қабылдады-ау, бірақ еш жерде көрсет­пегеніне қарап, ар жа­ғындағы жағдайдың нені меңзеп тұрғанын білдім. Фестивальге де жі­бермей қойды.  Фильм экранға шықпады.

Және бір қызық оқиғаны айтайын. Осы жақында ғана Сатыбалды Нарымбетов телефон соғады. «Көке, «Тұлпардың ізі» деген  фильмі­ңіз­ді бұрын көрмеген екенмін. Әлігі әзірде ғана теледидардан көрсетті. Аға, мынауыңыз сұмдық  фильм ғой!» деп ағынан жарыла пікір айтты.

«Оның заманы келеді әлі»

Мен бүгін Мәжікеңе адам ретінде, қазақ ретінде мінездеме беріп отырмын. Бірінші  фильмінің қалай түскенін айттым. Ол кісі туралы менің «Тәж» деген кітабымда да естеліктер бар екенін жоғарыда айтып кеттім. Ал енді мен Мәжікеңнің тағы бір  фильмін талдап айтып бергім келеді. Ол  фильм «Оның заманы келеді әлі» деп аталады. Бұл Шоқан Уәлиханов туралы түсірілген кинотуынды. Сол кезде мынадай  фильмді Мәжікең қалай қойды екен деп таңғалдым. Қылышынан қан тамған Ресей патшасы Шоқанды қабылдап: «Иә, жас офицер, не тілегің бар?» дегенде, Шоқан айтады ғой: «Мені толғандырып жүрген қазақ халқының тағдыры. Сол туралы айтсам деп едім» деп. Патша бұрылып, сөзінің аяғын естімей кетіп қалады. Мәжікең, міне, сол эпизодты қалай түсірген деп таңғалам. Мәжікеңнің Шоқаны  фильмнің соңында өлмейді ғой… Ауырып жатқан адам: «Атты әкел» дейді. Атқа мініп, шауып кетіп бара жатады. Мұны көрген қазақтың көзіне жас үйірілмеуі мүмкін бе? Осы оқиғаны қалай түсіргенін, мұны «қырағы көздердің» қалай жібергенін түсінбеймін. Сол  фильмде Тараз қаласына шабуыл жасайды ғой патша генералы, Шоқанның өз досы. Екі достың арасына сол арада жік түседі… Ал, Қ. Жандарбеков ойнаған көтерілісшілердің басшысы қандай сүйкімді адам. Интеллектуал, зия­лы адам. Және патша үкіметінің зеңбірекпен қару­ланған дивизиясына атқа мінген қазақ­тардың шабуылын көрсетеді. Соғыс тәсілін көрсетеді. Жеңілмегенін көрсетеді. Өзінің досына: «Тараз қаласындағы қарусыз халықты қырып жібер­дің, сенімен мен енді дос емеспін», деп теріс айналып кетіп қалатын жері бар Шоқанның. Соны қалай түсірген?! Соны қалай өткізе алды деп ойлаймын. Ал Шоқанның демалысқа елге келгенінде көкпарға қосылып кетіп, – Абылай! Абылай! деп шабатынын сол кездегі қырағы көздердің қалай өткізіп алғаны тіпті, таң­ғаларлық жай. Мәжікеңнің өзі жұртпен тіл табыса білетін адам еді. Әйтпесе мұндай  фильм сол кезде экранға шығуы түгілі сце­нарийдің өтуінің өзі оңай болмайтын. Мәжі­кең­нің өз тағдыры да Шоқанның тағдырын еске түсіретін…

«Отқа оранған Орал»

Ол кезде мен студияның бас редакторымын. Қолымыздан келгенше әйтеуір сынды азайтып, цензураның алдаудың амалын іздейтін кезіміз ғой. «Текені жезде деп, ешкіні әпке» деп жүріп, сол  фильмнің сценарийін Мәскеуге қабыл­дат­тық. Мәжікең  фильмді Орал қаласының маңында, Жайық өзенінің жағасында түсірді. Орал қала­сын ақтардан азат етуге Алашорда атты әскер полкі қатысқан. Қызылдар қаланың екінші жағынан шабуыл жасаған. Сол эпизодтарды көріп отырып  фильмнің әскери кеңес­шісі генерал-лейтенант дау шығарады. Алашорда деген пәлені қайдан таптың?! – деп, екеуі біраз сөзге барады. Мәскеуден келген генерал онда барған соң үлкен бастықтарға арыз жазып береді. Содан «Отқа оранған Орал» қоймада отыз жыл жатып қалды.

Отыз жылдан кейін «Арман» кинотеатры­ның залында «Отқа оранған Оралдың» тұ­сауын кестік… Ғажап  фильм. Батыл  фильм. «Отқа оранған Оралды» қайтадан тазалап, жұртшы­лыққа көрсетіп, фестивалін өткізсек, жарар еді.

Менің өзім оның бүгін 90 жылдық мерейтойы екенін сәл болмағанда ұмыта жаздаппын. Маған Сауытбек телефон соғып айтты. Іле-шала туған інісі Қасым хабарласты. Мәжікеңнің тойы жетім қыздың тойындай болып қалмасын деген күдікпен осы ойларымды айтып отырмын. Киногерлер одағы, зиялы қауым болып Мәжікеңнің 90 жылдық тойын жақсылап өткізу бүгінгі ұр­паққа парыз. Семейде, Алматыда, Астанада өткізу керек. Мәжит Бегалин қазақ кино­сының негізін қалаған классигіміздің бірі ғой. Қазақ киносын ұстап тұрған төрт таған. Есімдері аңыздарда айтылатындай, төрт тірек. Алтын діңгек. Шәкен, Мәжит, Сұлтан және Абдолла. Олардан кейінгі жас режис­серлердің жолын кесейін деп отырған жоқ­пын. Бірақ жастарымыз ағалар дәрежесіне әлі жеткен жоқ. Аймановтан кейінгі кино­дағы екінші алтын діңгек – Мәжит Бегалин екені еш күмән тудырмайды. Сұлтанның «Қыз Жібегі», Абдолланың «Менің атым Қожасы» қайталанбас туындылар. Қаншама бізде балаларға арналған фильмдер бар, бірақ соның ешқайсысы «Менің атым Қожа» фильмі­нен асқан жоқ. Рас, Шәріп Бейсен­баевтың сценарийім бойынша «Арман-атаман» деген  фильмі бар. Теледидардан жиі-жиі көрсетіледі. Бірақ Шәріптің бір кемшілігі болды, актерлерді ойната білмеді. Абдолла Қарсақбаевтың  фильмі халық арасына неге кеңінен тарап кетті? Себебі, Абдолла актерлерге қатты сенетін. Ерік беретін. Режиссер авторларға ерік беріп, өзімен тең ұстаса ғана шығарма ұтады. Шәріптің «Арман-атаманы» да жақсы дүние. Бірақ режис­сердің актер­лерді қысып ұстағаны сезіліп тұра­ды. Сондықтан осы төрт тағанмен шекте­леміз. Мен Шәріпті төмендетіп отырған жоқпын. Ол кісінің де аты аталып, мерейтойы өткі­зілуі керек, отандық кино өнеріндегі оның еңбегі зор. Мына төрт тарлан классикалық жол салып берді. Және бір айта кететін әт­теген-айым бар. Зейін Шашкиннің романы бойынша Абдолла Қарсақбаев түсірген «Кү­ңі­ренген күдікті таң» деген  фильм болды. Ол өзі жоспарға орыс тілінде кірді де, орыс тілінде түсірілді. Ыдырыс Ноғайбаев ойнайды. Өте ғажап шығарма. Қылышынан қаны тамып тұрған кеңестік дәуірде заманына қар­сы шыққан қайраткерді ақтап алған  фильм. Сол  фильм биік бағасын әлі күнге толық ала алмай жүр. Осындай өлмес туынды әкелген Абдолланың  фильмдеріне неге арнайы фестиваль өткізбейміз? Облыстарға неге апармаймыз? Осындай ұмыт бола бастаған дүние­лерді қайта тірілтсек, біздің қолымыздан біреу қағып отыр ма? Бұл үлкен сұрақ.

Сөз арқауы Мәжікең болғанымен қазіргі кино, киноға келген қазіргі жастар қайта-қайта ойыма орала береді. Қазіргі жастардың фильмі туралы айтқанда, олардың ішінде іліп алар түк жоқ деп айта алмаймын. Бірақ жас­тарымыз еліктеу мен солықтау дәуірінен шыға алмай жүр. Режиссер халық өмірінен қол үзбеу керек. Ауылда тұруы керек. Бәрі қаланы айналсоқтап шықпаса, ауылдың шынайы бейнесін олар қалай түсінеді, қалай түсіреді. Бір жігіт қызға ғашық болады, ол сүйе ме, сүймей ме соны 30-40 сериялы етіп шұбыртқаннан түк ұтып жүрген жоқпыз. Ұят емес пе. Бір  фильм бар – 550 серия. Ол сериалдардан өнердің «исі» де шықпайды. Мынау жақсы ойнаған екен деп бір әртісті көрсете алмайсың. 550 сериялы  фильмнің сце­на­рийін кім жазды, ол шұбырындыны кім түсірді – белгісіз. Аты бар да заты жоқ.

Қазақтың Мәжиті

Өзі зиялы отбасында өскендіктен болса керек, Мәжікең саусағының ұшынан бастап, жер басып жүрген табанына дейін тұтас қазақы жан еді. Шет елдерде жүреміз, Мәскеуде, Ленинградта дегендей. Қай жерде жүрсін Мәжікең ең алдымен, өзінің қазақтығын сақтайтын. Еуропаша киінгеннің өзінде ол киімнің үлгісіне халқымыздың оюларын, қазақтың ұлттық мәнерін қосудан танбайтын.

Мәжікеңнің өзі айтып берген бір оқиға есімде. Ленинградта Шоқан туралы  фильмнің бір көрінісі түсіріліп жатқан кез. Басы-қасында Мәжікеңнің өзі жүр. Алашорданың формасын киген жігіттері. Бастарында түлкі тұмақ, бөрік, тақия дегендей. Қолдарында – қылыш, найза. Қару асынған әлгі аттылы әскермен Мәжікең бастаған бір топ қазақ қазіргі Санкт-Петербург қаласына кіріп келе жатады. «Келе жатырмыз. Көшедегі милиционерлердің есі кетті. Содан кейін жай жүріп қана қойған жоқпыз, алдыңғы жігіттермен келісіп қойғандай, «Ал, баста» дей бергенім мұң екен, олар тұра шапты. Халық қырылып қала жаздады. Мәшинелер тоқтап қалды. Бұл не сұмдық деп үрейленген жұрт көшеде не істерлерін білмей қалды» деп Мәжікеңнің өзі сол оқиғаны бізге қызықтыра әңгімелеп берген. Осы жағдайдан кейін Мәжі­кеңді шақырып алып сөйлеседі Ленинград­тың басшылары. «Жәй қалжыңым еді» дейді ол. «Жарайды» деп кешіріпті әлгілер амалсыздан. Өйткені, Мәжікеңді бәрі сыйлайтын, жақсы көретін. «Отқа оранған Оралдың» бір эпизоды бізге сонау жылдардан осындай өшпес рухты жеткізер еді. Осыдан артық оның қазақылығы мен ұлтжандылығына тағы қандай дәлел керек. Тағы бір басынан кешкен оқиғасын білемін. 150 мүшесі бар партия ұйымынан 2-3 делегат аудандық партия конференциясына өтіп кетеді. Оның бірі Мәжікең. Аудандықтан қалалыққа сырғиды, сол тізіммен облыстық деңгейге өтеді. Республикалық делегаттардың ішінде тағы да ол кісінің аты жүреді. Содан кейін барып министрге кіріп айттым дейді: «Александр Семенович, мен партияның мүшесі емеспін ғой» деп. Министрдің сол жерде жүрегі ұстап қала жаздапты. Партияның конференциялары мен съезіне атақты адам керек болған соң осылай аты-жөні тексерілмей, тізімнен тізімге өтіп кете берген ғой. Змеев деген жерде оң қолы жерленген дедім емес пе? Бір адамгершілігі бар жігіттер, мүмкіндігі бар азаматтар, киноны төңіректеп жүрген адамдар сол жерге Мәжі­кең­ді құрметтеп, бір барып қайтса болар еді-ау…

Мәжікең жастарға ат қоюдың шебері болатын. Шәкен Аймановты «Дробский» дейтін. Неге олай атайтынын ешкім білмейді. Өзім айт­қандай, мен «Бүлкілбаймын». Қалиханды «Кетік» дейтін. Сайынға да қатырып ат қойған. Олжасқа қойған аты «Космический» еді. Абдоллаға да, Сұлтанға да қойған жапсырма есімдері өздеріне жарасып тұратын және бұл үшін олардың ешқайсысының ренжігенін көр­ген емеспін. Бір ғажабы, әкесімен, шешесі­мен қалжыңдасып сөйлесетін. Кейде анасына: «Оу, Сапекеңнің келіншегі, шәйіңді қашан бересің маған?» дейтін. Іссапармен шыққан кезде де адамдармен тез тіл табысып кететін. Сол барған жеріндегі адамдардың өзіне ат қойып алатын.

Бұрын кино түсіріп көрмеген Жантөринге режиссер ретінде көмектесуге Қаратауға барып, сол жақтан ауырып келіп, дүниеден озды. Көмектесуге, біреуге қолұшын беруге дайын тұратын еді. Ол кісі маған ақыл айтатын. «Әй, Бүлкілбай, ешкімге міндет қылма, өзіңнің осы өмірге келгеніңді әке-шешеңе де міндет қылма, маған неге көмектеспейді деген сөзді мүлде санаңнан алып таста. Келдің бе өмірге, өзің әрекет жаса, өзің өс, өзің жетіл. Өзің шығатын биігіңе өзің жетуің керек. Біреудің балдағын пайдаланып шықпа» дейтін. Жарықтық ағам-ай!

Жазып алған Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.