• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
24 Ақпан, 2012

Көкейкесті армандарды көксеген

543 рет
көрсетілді

Көкейкесті армандарды көксеген

Жұма, 24 ақпан 2012 8:12

Ол жайында алғаш рет марқұм Тұман­бай Молдағалиевтан ес­ті­дім. Ел арасына жиі шығып тұ­ратын еді. Бір сапарында Жез­қазған жағында болыпты. Сонда Мәскеудің түсті металдар институтын бітірген бір қазақ инженерімен танысыпты. Ол кезде аталмыш институттай атақты оқу орнын бітір­гендер көбіне-көп өз тіліне шорқақ келетін-ді. Ал әлгі сабаз қазақшаға судай ағып тұр дейді. Мақалдап-мәтелдеп сөйлегенде, құдай көр­сет­песін, ақынның өзін жаңылдырыпты. Домбырамен ән салғанда алдына жан салмайды екен. Үзілдіріп, тебірентіп, тербетіп, керемет тол­ға­нып айтатын көрінеді. Не де болса, Тұмағаң қатты риза болған. Әлгі жігітті аузының суы құрып айта алмайды-ау, айта алмайды. Қазақ әдебиетіне жетіктігі сонша, баспасөз бетінде жаңа көрініп жүрген жас авторлардан бастап, өлі-тірі классиктеріне дейін түгел жатқа соғады дейді. Әсіресе, ақындар жағын жатқызып өргізетін болса керек.

 

Жұма, 24 ақпан 2012 8:12

Ол жайында алғаш рет марқұм Тұман­бай Молдағалиевтан ес­ті­дім. Ел арасына жиі шығып тұ­ратын еді. Бір сапарында Жез­қазған жағында болыпты. Сонда Мәскеудің түсті металдар институтын бітірген бір қазақ инженерімен танысыпты. Ол кезде аталмыш институттай атақты оқу орнын бітір­гендер көбіне-көп өз тіліне шорқақ келетін-ді. Ал әлгі сабаз қазақшаға судай ағып тұр дейді. Мақалдап-мәтелдеп сөйлегенде, құдай көр­сет­песін, ақынның өзін жаңылдырыпты. Домбырамен ән салғанда алдына жан салмайды екен. Үзілдіріп, тебірентіп, тербетіп, керемет тол­ға­нып айтатын көрінеді. Не де болса, Тұмағаң қатты риза болған. Әлгі жігітті аузының суы құрып айта алмайды-ау, айта алмайды. Қазақ әдебиетіне жетіктігі сонша, баспасөз бетінде жаңа көрініп жүрген жас авторлардан бастап, өлі-тірі классиктеріне дейін түгел жатқа соғады дейді. Әсіресе, ақындар жағын жатқызып өргізетін болса керек.

Экскаваторларымен жер астына түсіп, дүр­кіретіп кен қазып жатқан айлапат Жезқазған шахталарында дәл мұндай жігіттің жүргеніне сырттай мәз болып қалдық. Ол кезде кез кел­геніміздің қолы жете бермейтін тау-кен саласында инженерлер түгілі, жұмысшылары­мыз­дың өздері саусақпен санарлық еді. Ендеше сондай аздың арасында әдебиетіміз бен өнері­мізді соншама өліп-өшіп сүйетін әлгіндей азамат барына марқайып бір-бірімізге жымың-жы­мың қарастық. Біз қызыққан сайын Тұмағаң шешіле түседі. Маңдайына сұлай жығылған мап-майса кекіл шашын саусағының ұшымен сипалап, екі езуі екі құлағына жеткенше ыр­жия­ды. «Әңгіменің көкесі әлі алда», дегендей, солай бетіңе күле қарап, басын қисайтып, біраз отырады. Сосын әлгі жымиған күйі үзілген әңгімесін қайта сабақтайды. «Сол инженер досым өлең жазады екен. Бірқатарын ала келдім. Қатырып пікір жазып қойдым. Аман болсақ, оқырсыңдар!» – дейді.

Содан Тұмағаңды көрген жерде Жезқазған­дағы инженер досынан хабар сұрайтынды әдетке айналдырдық. «О-о… Ол қазір қалалық партия комитетінде білдей екінші хатшы»,  деді бірде. Тағы бірде Тұманбай ағамыздың жайындай аузы тіптен жайылып кеткен: «Бауырым, бұл жаман ағаң кісі таниды ғой. Бекер мақтап жүрген жоқпын ғой! Мәскеудегі үлкен үйге шақыртыпты. Жауапты инспектор қып қойып­ты». Бәріміз жағамыз жайлау болып, жай­раң­дадық та қалдық.

Мен сөйткен Кәкімбекпен 1976 жылы кез­дес­тім. Жазғы демалысты Сочи қаласында өт­кіздім. Теңіз жағасындағы сәнді де салтанатты санаторийге тоқтадым. Сәулетті, күмбірлеген кең зал. Араларын ат шаптырым қып жайғас­қан дөңгелек үстелдер. Шіреніп отырар шал­қайма сәкілер. Орнымды іздеп келе жатып, жылтырап жатқан едендегі білінер-білінбес сатыдан сүрініп кеттім. Құлап қала жаздадым. Сөйтсем, анадайдағы үстел басында бір топ қыз-қырқынның ортасында әңгіме-дүкен құ­рып отырған әдеміше келген қараторы жігіт тісін ақсита күліп, қолын көтерді. Мен де басымды изеп, сәлемдесіп жатырмын. Залдың іші ығы-жығы халық. Бәрі де келісті, кербез киін­ген. Шетінен сыпайы. Одақтың түкпір-түк­пі­рінен жиналған сықиған сырбаз қызметкерлер. Бірін-бірі бұрын-соңды көрмесе де, иіліп-бү­гі­ліп, ізет көрсетісіп жатыр. Орнымды тауып, мен де жайғастым.

Түстіктен соң жағажайға шықтық. Күн ыс­тықтан ба, теңіз беті кілкіп тұр. Көз жетер жер­дің бәрі бозарып көрінеді. Тұла бойында лыпа атаулыдан бастарындағы әр қилы қалпақтар мен қара көзілдіріктері ғана әнтек көзге түсе­тін, тырағайлап жатқан өңшең жалаңаш дене­лердің ортасында бос орын қарап келе жатқан маған біреу жұлып алғандай қылып: «Әй, Әбіш, бері кел. Мен орын алып қойдым», деді.

Жалт қарасам – сол баяғы әдеміше келген жылтыр жігіт. Бет-аузын түгел көміп алған көз әйнек пен шетен қалпақтан тек ақсиған тістері ғана жалтырайды. Мен солай қарай беттедім. Әлгі жігіт зулатып өлең оқи жөнелді. Осы қазір жанынан шығарып айтып тұр. Мен туралы әзіл өлең. «Болды ғой көрінгендей ел қарайып…»  деген жолдары ғана есімде қа­лы­п­ты. Қасын­дағы қаптаған қыздар мен жігіттер түсінбесе де, жымың-жымың күліседі.

Елгезек жігіт сол арадағы кісілермен жал­ма-жан таныстырып үлгерді. Бәрі де Мәскеуден екен. Бейтаныс жігіттің өзін сұрамай-ақ тани кеттім. Дәу де болса, Тұманбайдың Жез­қаз­ған­дағы инженер досы шығарсың деп ойладым.

Кәкімбек тегіннен-тегін ең жоғарғы мекемеде істемесе керек. Ұйымдастыру жағын дөң­ге­ле­тіп жібереді екен. Жататын бөлмем сол күні-ақ өзгеріп шыға келді. Екеуміз қатар тұрған көрші бөлмелерге жайғастық. Тамақ ішетін үстелдеріміз де бір. Сыртқа шықпай-ақ, қайдан тапса, одан тапсын бір қазақты ертіп әкеледі. Көп ұзамай бәріміз бір ауыл болдық. Мәскеулік достарын да ұмыт қалдырмайды. Бойында ай­на­ласындағыларды еріксіз үйіріп алатын ай­ры­қ­ша магнитизмі бар. Кәкімбектің достарынан қай республиканың да өкілдері табылады. Әсіресе, қазақстандықтар қасынан шыр айналып шыға алмайды. Соның ішінде екі әдебиетші бауыр­дың жұптары жазылмады. Ұйқы мен процедуралардан басқа уақыттың бәрінде де бірге жүреміз. Сөйтіп жүріп, қағаз шимайлаудан да жалықпаймыз.

Кәкімбектің өлең дертіне мықтап шал­дық­қан кезі екен. Кешке жатарда: «Әбіш, ұйықтап қалған жоқсың ба?» – деп қабырғамды тақыл­да­тады. Мен әдеттегідей бөлмесіне кірдім. Кіш­кене қойын дәптерін қолына алып, көзіл­дірігін киіп, шарт жүгініп отырады. «Бүгін  төрт өлең жаздым». «Бесеуін аяқтаппын…» «Үшеуден аспады». «Екеумен қайырдым».

Ол оқиды, мен тыңдаймын. Баладай аң­қыл­даған албырт жүрек. Әсем табиғатқа талып түсер талықсы жанар. Сұлулыққа тояттамас тойымсыз сезім. Өлеңге, өнерге деген шексіз құштарлық. Шамалыдан тайсала қоймайтын батыл шабыт. Анау-мынауға қарамайды. «Әне бір жерін басқаша айтса, жөн болар ма еді»,  деп қаласың. Кейде қорытылмаған шикі рудалар кесек-кесегімен кездесіп қалады. Бірақ, бір қызығы оңай жұтылады… Алып мартен пеші­нің алдында тұрғандайсың. Лақылдайды да тұрады. Лапылдайды да жатады. Қызығасың. Таңғаласың. Тамсанасың. Өлеңге кешігіп кіріс­кен ақынның шыдамсыздығы бірден шалынады. Бәрін де айтып қалуға, қамтып қалуға асық­қандығы әнтек көзге ұрады. Бірақ, ақын­дық дерті әбден меңдеп алған автормен ештеңе деп тайталаса алмайсың. Өмірлік шындықтың жойқын тасқынын селдете жөнелгенде, амалсыз мойын ұсынасың.

Бұл – Кәкімбек Салықовтың шығармашы­лы­ғымен алғаш танысқандағы түйген қоры­тын­дым. Мұншама түпсіз әсершілдік бұл жігіттің бойына қайдан бітіп жүр? Ол кезде өлең жазатындар басқа мамандықтардың да ара­сында аз болмайтын. Бірақ, мына жігіттікі бәрінен де алабөтен… Тіптен баурап алады екен. Соның сырына түсіне алмаған қалпымда Алматыға оралдым.

Сөйтсем, Кәкімбекті жақсы көретін жалғыз Тұманбай болмай шықты. Телевизорды «ашып қалсаң» дегендей, небір әдемі келіншектер мен сылқым жігіттер ертелі-кеш «Жез киікті» безілдете тартып, сұңқылдатады да жатады. «Радионы басып қалсаң» – күй дүлдүлі Шәміл Әбілтаев бауырымыз «қайтқан құстар барады еділдетіп, Оралмен, ере кетіп солармен елге жетіп қалар ма ем» деп үзілдіріп отырады. Өкпеңді сығып алғандай әсер ететін әдемі саз, әдемі сөз. Жай қазақтың аузына түсе қой­май­тын «Еділдетіп Оралмен» деген тіркестің өзі неге тұрады?! Ал «ере кетіп солармен, елге жетіп қалар ма ем» деген жүрек үзді тіркес­тер­ді естігенде әлдебір нәзік сезім тұла бойыңды дүр сілкіндіріп, шымбайыңды шымшып-шымшып алады. Екінің бірінің қолына түсе бер­мейтін Мәскеуде отырып, еліне мұншама үздігетін неткен отаншыл жүрек!

Өлеңге де, әнге де тосыннан қосылған Кәкім­бек қазақ көкірегінің көптен тілі байланып, үнсіз тұрған тосын пернелерін абайсыз басып қалыпты. Ол өз жерінде жүріп көрген өгейлік гөйгөйі еді. Ол бебеулегенде жұлын-жүйкеңнің бәрі жидіп жүре береді. Күнде көріп жүрген жер бауырлаған Жезқазғанның күл өңдес күлгін топырағы аяқ астынан түгел сарғайып жүре береді. Әлдебір улы дәрмек жер астынан шапши көтеріліп, жер-жаһанды түгел жайлап келе жатқандай. Жеткен жерінің бәрін түгел отап, түгел матап, түгел қан-сөлден айырып, шелдете, шерлі ете түскендей. Тебі­ренте, бездіре түскендей. Өн бойыңа шым-шым дарыған улы шер көз алдыңды көлкеш­теп, бедер-белестің бәрін жым-жылас етеді. Қақсып қалған, қаңсып қалған қан тамырларынан да әл кеткендей. Көз алдыңда әлдебір елестер ербеңдейді. Әне біреу… Әне екеу… Әне үшеу… Жан-жақтан қылт-қылт көтеріліп, түгел тұтаса түседі. Тырли арық қаңқалар. Үсті-бас­тарында бір шайнам еті жоқ тұлдыр толағай­лар. Сылдыр сүйектер. Көбейе, ұлғая түседі. Миың шыңылдап, құлақ шекеңді әлдебір тасқын сел көміп бара жатқандай.

Қою шаң көзіңе түспейді. Төңіректі түп-түгел түнекке айналдырып бара жатқандай. Кеңгірдің бойы азан-қазан. Азынай соққан жел. Түйдек-түйдек ұшып түсіп жатқан уықтар мен шаңырақтар. Өз-өзінен құлап жатыр. Қирап жатыр. Күйреп жатыр. Емінген жау да жоқ. Елірген батыр да жоқ. Өзі келіп, өзі кеткен оңай ойран. Орнында құлазып жатқан қу дала. Тапталған жас ноян да жоқ. Таптаған құлан да көрінбейді. Жоқ, әлдене қарауытады… Жоқ, бозартады… Жоқ, қылаңытады… Жоқ, қызарады.. Қызыл киік… Жез киік… Шоқаң-шоқаң жерге еңкейеді. Жайылғандай болады. Аузына не түсіп, не ілігіп жатқанын білмеймін. Тірлік айыруға тырмысып жатқан міскін хал. Тіпті бір әлдеқандай қызыл етік киген қыздар тапыр-тұпыр билейді.

Өз басым Жақсыкелді Сейіловтің бебеулете салған зарлы сазын естіген сайын есеңгіреп қа­ламын. Тыңдаған сайын төбе құйқам шымыр­лай түседі. Тентіреуік көңіл әлдебір жұм­бақ сауалдардың соңына еріп, жанымды бұлқан-талқан етеді. Айқай ала шаңытпен арпалыса жүріп, кен қазып, топырақ үйіп жүрген жез­қаз­ғандықтардың қалай іргелерінде самсап тұрған Алаша хан, Жошы хан, Ерден Ата күмбездеріне көздері түспейді?! Көздеріне түссе, баяғы ежелгі дәурен қайтіп естеріне оралмайды?! Оралады, әри­не. Арқаға қарай шұбала көшкен қазақ шеруіндей іркіс-тіркіс тізілген Ұлытау шоқылары ұлы далаға маңып бара жат­қан­дай, көгілдір кеңістікке сіңіп, бойлай тү­седі. Бәрі-бәрі көз алдыңа өткенді өңмең­детіп, өкпеңді сығымдай жұлқылайды.

Сол бір әуез, сол бір сазға елігетіндер жал­ғыз Кәкімбек болмай шықты. Жақ­сы­келді Се­йілов, Шәміл Әбілтаевтармен жарысып, Нұр­ғиса Тілендиев, Еркеғали Рахмадиев, Кенжебек Күмісбеков, Ескендір Хасанғалиевтар ақын сөзіне тамаша-тамаша әндер шығарды. Ел арасына кеңінен тараған сол бір әуендер қазақ руханиятына жаңа бір дәстүр дарытты. Бір кез­дегі Мұзафар Әлімбаев, Нұрсұлтан Әлімқұлов, Ізтай Мәмбетов, Ғафу Қайырбеков, Қуа­ндық Шаңғытбаев, Нүтфолла Шә­кенов, Тұманбай Мол­дағалиев, Қа­дыр Мырзалиев, Фариза Оң­ғар­­сынова, Бәкір Тәжібаев, Қомшабай Сариев­тар­дың көп сарынды керуеніне енді ел-жұрты­мен, ата-қонысымен қимай қоштасатын Қыз Баянның алысқа ұзап бара жатып, мұңдана салған әсем әндеріндей Кә­кім­бек Салықов­тың зарға толы са­ғы­нышты саздары қосылды.

Поэзия ордасына ән қақпасы ар­қылы енген сал жігіт Салықов жұрт­тың аузынан түсірмей айта жүретін ақындарының біріне айналды. Тіпті жұрты­ның іргелі ресми қайраткері екендігін де ұмытты. Үлкен үйде Кә­кімбегіміз, кәсіподақта Қара­тайы­мыз, комсомолда Оңал­бегіміз бен Мұқа­мет­қасымымыз бар деп мардамситындар Мәскеуге іссапармен баратындар. Ұзақ «шайланып», ұзақ жайланатындар. Ал былайғы қазақ әкім Салықовтан гөрі ақын Салықовты көбірек аңсайды. Әйтсе де, әкім Салықовтың да жұлдызы жоғары бол­ғанын тілейді. Қайта құру дәурені басталып, Қара­қалпақстанға Салықов бірінші басшы болып барғанында да қазақтар бір дүрлігіп қал­ды. «Қиын заманда бауырлас халықтың көшін бір түзеп берсін деп жіберген ғой. Әйтпесе, Кәкім­бек Қазақстанның қай облысын да шыр көбелек айналдырады ғой», деп қауқыл­дасқандар да жоқ емес.

Тіпті оны аяғына керзі етік, үстіне брезент сулық киіп, су таситын машина мініп, ертелі-кеш мақта аралайды екен десті. Сүйген құлдың аты көп деген ғой. Бәрі де сүйікті ақынын қатты қадірлейтін халықтың қиялынан туған аңыздар еді. Көп ұзамай КСРО халық депутат­тарының тұңғыш құрылтайы өтті. «Жез киікті» жазғанда Кәкімбек Салықов тозып бара жатқан даламыздың ажары тайғанына бекерден-бекер зарланбаған екен. КСРО Жоғарғы Кеңесінің экология комитетінің төрағасы болып сайланды. Қарауында Кеңес Одағының аттарынан ат үріккендей белгілі-белгілі ғалымдары. Қиюы кетіп, қирап бара жатқан мемлекеттің эколо­гия­лық зардаптары да жеткілікті көрінеді. Халық жайын қамдайтын талай жоба жүзеге аспай, Кәкімбек сияқты ел деп еңіреген талай боз­дақ­тың елге деген түн ұйқысын төрт бөлетін арманы ғана болып қалды.

Сол жылдары жолым түсіп, Сырымбетке соқтым. Қайта салынып жатқан Айғанымның ата қонысын араладым. Шоқанның мұражайы­мен таныстым. Казгородоктың мектебін көріп, төр­дегі мақтанышты түлектер суреттеріне үңіл­дім. Роза Шамжанова, Бәйкен Әшімов, Мақ­тай Сағдиев, Еркін Әуелбековтер қатарын­дағы жас жігіттің суреті көзіме оттай басылды. Қалқан құлақ қараторы жігіт жымың-жымың күлімсірей қарайды. Орта мектепті үздік біті­ріпті. Мәскеу­дің ең таңдаулы оқу орнына түсіп жүргендігі де сондықтан екен. Көп сауа­лым­ның жауабын енді таптым. Маңдайынан ай туып тұрған зерек бала 1932 жылы ақпан айында дүниеге келіпті.

Осы бір қытымыр жыл, қытымыр ай… Кәкім­бектің басындағы адам таңғаларлықтай көп қасиеттің түбіне жетіп, түпкілікті түсін­ді­ріп бергендей. Ол қашан көрсең де шат-шады­ман. Езуінен күлкі кетпейді. Дәйім жиын-тойда жүргендей жайраңдап бағады. Кездескен жанмен құшақтаса кетеді. Бетіңнен сүйіп, арқаңнан қағып, асты-үстіңе түседі. «Шырын, шәрбат тамардай албыраған алуа жүзі жауқазын балбұл адам, тірі жанды шыдатпас ынтық етпей, қызыл шие еріндер балбыраған, еліктегіш баладай пәк мінезі, сахнаның орнады сәтті кезі, сайдан шыққан маралдай маймаң қағып, Айман тұрды жан баурап отты көзі, аққан жұлдыз сияқты жайраң етер, жерді аралап тәтті әуен айға жетер, рахат, ләззат дегенің осы екен ғой, жан мен тәнді тәтті әуез жалғап өтер», деп тамсанады, 1996 жылы Алматы сахнасында Айман Мұсақожаеваны алғаш тыңдаған ақын аға. Ал бір Фариза Оңғарсыноваға екі бірдей өлең арнайды: «Фа-ри-за деген ат қандай! Нотадан теріп жатқандай, әр буыны әндетер, ай­мақты бүкіл сәнді етер, Астана көркін ашқан­дай, сырласып көңіл өсірген, мұңдасып мұңды өшірген, Фариза жыры зиятты, елордамыз сияқ­ты құшақтасқан Есілмен», десе, 2007 жылы 5 ақ­пан күні, ал 2009 жылы 30 қазанда: «Жа­са­рып­сың, Фариза… Аумастай албырт ке­зің­нен, жы­рыңа жақұт жан риза, жаралған мөлдір сезім­нен, жасыңды жеткен санасам, жаздан артық күзбен тең, тал бойыңа қарасам, күнде сонар қызбен тең, емес-ау бәрі жәй тегі, айтылмас сырды жыр тасыр, жұтынса жүрек әйтеуір, «ағатайлап» құртасың», – деп «томсарады» тен­тек ақын. Ол осындай жүрекжарды лебіздерін Роза Рымбаева, Айгүл Үлкенбаева, Гауһар Сұл­танова сынды талантты қыздарына да арнайды.

Ойнақы әзіл, ойлы қошемет қосарлана өр­біп, адамдық, азаматтық жарастықты әспет­тей­ді. Өнерде, өлеңде өкшесін басып келе жат­қан іні-қарындастарының ешбірінің бетіне жел болып келген жері жоқ. Қасындағы үлкен-кіші­нің жанында маздаған отты өршітпесе, өшірмеді. «Не жазсаң, жалт қаратты, үнің көпті, шын­дықты жайнатуға тілің жетті, тарихқа «Дәурен-айды» шырқап кірсең, «Күмбірі күмбездердің» тұғырлы етті; алқа топ тыңдаушы еді тына қалып, дән риза қанды талай құмары анық, даналық көкірегіне ұя салған, аңқыды әр сөзіңнен ғұламалық; болған жоқ жас дүлдүлдер аз жаныңда, Жәнібек, Бекболатпен маздадың да, ой салған өзіме де себің тиді, тағдырын «Тәттімбеттің» жазғанымда… Нар едің ортасында «пысық» көптің, биікке өзге жетпес пісіп жеттің, шіркін-ай, жұмбақ өлім осы шы­ғар, бақиға жаяуламай, ұшып кеттің», деп Ақселеу Сейдімбектің мезгілсіз ажалына күй­зе­леді. Жақсы адам жанындағыларға езуінен бал емізеді деген осы емес пе?!

Кәкімбектің мұндай болмағы әбден заңды. Ол туған жыл қазақ даласын қынадай қырып, обырдай обып кетті. Қора толы малды, үй толы жанды түгел қаусатты, бесіктен белі шықпай жатып, талай нәресте шетінеді. Ілуде біреу тірі қалды. Солардың арасынан әдебиетіміз бен өне­ріміздегі Шерхан Мұртаза, Әзірбайжан Мәм­бетов, Кәкімбек Салықов, Сәкен Жүнісов, Әкім Тарази, Камал Смайылов, Шота Уәли­ханов­тар­ды ғана атай аламыз. Бәрі де сол бір қытымыр жылдың қыспағын ұмытқан емес. Сол жылы жусап қалған қыршындардың бітіре алмағанын бітіреміз деп, бәрі де жан аямай тер төкті. Бәрі үшін де бәрін білуге тырысып, дүниеден Камал өтті. Еркелікті білмей кеткен құрдастарының есесін қайтарамын деп, Сәкен сері әрлі-бері бұлғақтады. Сол қыршындардың көрмей кеткен­дерін көремін деп, жетпей кет­кендеріне жетемін деп, Әз-ағаң кете-кет­кенін­ше көрермендерге қол соқтырды. Ажалдан аман қалғандардың жалқау болуы жараспайды деп, Шота ағаң күні-түні еңбектенеді. Қиянат пен қияпаттан болған аштықты көргендердің әділ болмасқа қақысы жоқ деп қасарысады Шерағаң. «Бәрін бір құдайдың өзі ғана біледі»,  деп қутыңдайды Әкім аға. Ал Кәкімбек сол қытымыр жыл, қыты­мыр айдан аман қалған­дардың біреуді ренжіт­кені жөн болмайды деп түсінеді. Жарқырап ат­қан әрбір таңды жақсы­лық көреді. Жайлы өт­кен әрбір күнді мереке санайды. Оның шығар­ма­ларына да, өзіне де әбден тән әлеуметтік оптимизм осыдан өрбиді. Із кескеннің бәрі қырағы, індеткеннің бәрі терең бола бермейді деп ұғады. Ара-арасында шалқып-шалқып сөйлеп тұрған­ның да пайдасы зор деп біледі.

Қаламына бір күн тыным бермеген ақын көкірек қай дүбірден де құр қалып көрген емес. Абайлап айналаңа көз салып, көңіл жүгірте білсең, бұл даланың кез келген төбесі тарих, кез келген тұлғасы тағылым екен. Айналайын Сарыарқаның ұлан-асыр даласы ұлан-ғайыр дастан ғой. Оны көруге тек кез келген індігештен ат басындай алтын тауып дәніккен ақжолтай кенші Кәкімбектің кәнігі көзіндей қырағы жанар керек. Сары жолда көлбей сұлап, көсіліп жатқан Қарқаралының бар жақсысын бір өзі жайлап, бір өзі қыс­тағандай, шетінен шежіре шертіп, қалай-қалай жатқызып өргізеді?! Дастан атты дара шың­ның қасындағы таудың неге Мыржық атан­ғанын білмек үшін жер түбіндегі Есімхан мен Шаншар биді тірілтеді. Көк сауытын қайта қамдап, болат дулыға киінтеді. Қалың қалмақ­тан тартып алынғанын білдіру үшін үзеңгісіне жармасып жүріп мерт тапқан ата жаудың атына да таудың атын қия салған дарқандыққа таңқалған балғын Тәттімбет бірте-бірте жері­нің сырына сіңіп, елінің сырына қаныға түсе­ді. Қарқаралыдан Ереймен асып, Көк­шеге, одан Қызылжар асып, Түменге жеткен ата қазақ батыста Атырау, шығыста Алтай, күн­гейде Алатау қалмақтан босағанша күндіз күлкі, түнде ұйқыны ұмытқан. Абылай дара, Қазыбек пана, Бұхар дана дәурен де өтіп, іргеден доп, туырлықтан оқ себелеген Кенесары, Наурызбай тұсында Шыңғыс, Мұса, Алшынбай, Құнанбай, Қазанғаптар кергілескен кер заманға тап болады. Былай тартса өгіз өледі, алай тартса арба сынады. Тіл безеген Шөже, Балта онсыз да бір түйінге келе алмай отырған бес биді кекеп-мошқап, күйзелте бас­тайды. «Бұл күйдің аты бес төре, бізге де кірді ес төре, халқымның хәлін түсініп, ашыл­­ған осы кез төре, тудырып түйе түй­ме­ден, бейсауат кетпес күй деген. Не көрді қазақ деп отыр, заманда төре билеген. Өндіріс құрып, кент салмай, бейқам болып өстік біз, егін егіп, кен қаз­бай, мал соңында өттік біз». Маң­дайының соры бес елі бейшара қазақ айналасына қазыл­ған аран орды, алдына құрылған темір торды көрмейді.

Орталарында қайсысын қолдап, қайсысын қоштарын білмей, әрі тарт та бері тартқа аңтарылған күйші. Ұмсынғанына құлшынған ұғымталды еркектен таппай, көздері жәутең­деген әйелдерден табады. Ай нұрындай Ақбөпе артына Мұсатай, Қысатай, Исатайды тастап, ерте өледі. Күйіктен күйзелген Тәттімбет бір­жола күйге беріліп, Қоянды жәрмеңкесіне келгендермен айқай-сүрең сайысады. Тобық­тының тентек қызы Малқара Тәттімбетке дес бермей, тең түседі. Өлі жүрек тіріліп, өлексе сезімге жан береді. Тәттімбет Малқараны Айзада атандырады. Бұны сезген Тобықтылар Айзаданы асығыс айттырған жеріне ұзатып жібереді. Тағы да Тәттімбет айдын суда тал қармап қалады. Қара да болса, дара туған саңлақ күй­шіге сырттай ханның қарындасы Бопай қызығады дейтін суық хабар ел арасына тарайды. «Қатын алма төреден, шетінен келер тебеген, қатын алсаң төреден, болдым дей бер көбеген, төреден алсаң қатынды, есіңнен өшір затыңды, Бопайдың байы атанып, жоярсың өз атыңды», деп азғырған достары Тәттімбетке Түлкібайдың қызы Есім сұлуды алып береді. Есім сұлу Тәттімбетке бақыт болып бұйырды. Өнері үстеді. Дәулеті шалқыды, бағы жүрді. Елі ұлықтай бастады. Осынау өмір жолында талай күй туды. «Сылқылдақ» – «Қосбасар» – «Былқылдақ» – «Бес төре» – «Саржайлау» – «Көкейкесті». Бірінен бірі өткен күй төрелері тербеліп, теңселіп, тебіреніп тұр. Шеттерінен шым-шымдап шертіп, арғы жағынан ақ уыздары ақтарыла кетейін деп дертіп тұр. Ақ­бөпемен жолығып, Айзададан опық жеген, Есім сұлуға кездесіп, ес түгендеген махаббат шежіресі тұр. Албырт сезімді асау арман мен асыл мұрат алмастырған адамгершілік түлеу жолы жатыр. Керемет күйші кемел азаматқа айналады. Көкейкесті сырларынан көкейтесті мақсаттар туындайды. Мал соңында мал бол­ған күйкі тіршілікті ел үшін арман қуған құл­шыныспен алмастырмай, халық басындағы қасірет азаймайды. Дегелеңнен кен қаздырған Тәттімбет көп ұзамай ат басындай алтынға жолы­ғып, ол жіберген «тайтұяқты» Еуропа көрмесі «Чемпион» атандырады. Арман қуған адам мақсат қуған күрескерге айналады.

Талай-талай шытырмандар мен шырға­лаң­дар әлі алда. Өткенді көксеп өксімей, бүгін­гі­ден баз кешпей, келер күннен күдер үзбей, әуелгі мақсат жолында беліңді бекем буып, қайсарланып тарта бер. Тәттімбеттің тәтті армандарына жетсең, бәлкім, сонда жетерсің!

Өмір бойы дерек жинап, он бес жыл жа­зыл­­ған «Тәттімбет» ақын шығармашы­лығы­ның ең асқан туындысы болып табылады. Батырлық жырын толғап, қаһармандық эпос­тың шыңына шық­қан қазақ поэмасының және бір шырқауы күй дастандары. Ілияс Жан­сүгіров, Әбділда Тә­жібаев, Хамит Ерғалиев аспандатқан бұл жанр­дың соңғы жетістігін дүниеге әкелген Кәкімбек Салықов болып тұр. Қайым заманның қым-қи­ғаш тарихи оқиға­лары күйзеліс пен күңі­реніске толы жеке адам тағдырына ұласады. Ол шығар­машылық шыр­ға­лаңдармен жалғасып, рухани құлшы­ныс­тардың ең биік самғауына көтері­леді. Оқыр­ман, дастан оқығандай емес, кең қарымды симфония тыңдағандай әсер алады. Әр күйдің туу жолы, ол өрбіткен лири­ка­лық шалқы­ма­лар, жәрмеңкенің жайдарман тартыстары мен тайталастары, жы­мысқы аңдысу­лары мен шешендік қақтығыстары ырғақ әралуан­ды­ғын туғызып, бір ғасырлық дала өмірі­нің мың бір көріністерін қамтып, қия­лыңды қырық саққа шалқытады.

Абзал көкірек, ақын жүрек Кәкімбек Ақан, Біржан, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Мәдиді де тебірене толғайды. Қорқыт қалған Сыр бойын, Асанқайғы барған Шу бойын, Абайды ту­ған Жидебайды, Құрманғазыны берген Жи­де­лі­ні, Мағжанды әкелген Сасық­көл­ді, Нұрғиса жатқан Қарақыстақты бөл­мей-жармай бірдей қастерлейді. Алайда, екі адамды ерекше сүйеді. Бірі – Имантайұлы Қаныш, бірі – Қазанғапұлы Тәттімбет. Біреуі­нің дәстүрін ұстап, жолын қуды. Бүкіл саналы өмірін сәтбаевтануға арнады. Екіншісі, жұртының басына іс түскенде найза ұстаған­дарды аттан түсіріп, кен іздепті. Дүлдүл күйші бола тұрып, қолына билік беріл­генде, қарауындағыларды ырыс-несібе қара­тып, жауға емес, тауға сілтеді. Сондықтан ел арасында алтын тапқан аты қалған Тәттімбетті басты кітабының бас кейіпкері етті.

Қысқасы, Кәкімбек Салықовтың әр ақынға арман болған «басты кітабы» жарыққа келді. Авторлық максимум орындалды. Ақын «Күзгі шуақ» деген өлеңінде: «Жүрегім, енді тыным аласың ба, әлдебір тың әуреге саласың ба? Шар­шат­қан шартараптан әрең жеттім, аңсатқан Сары­арқаның даласына; балқып тұр кербез Көкше белестері, Айнакөл ашық жатыр, жел еспеді; алдында аққу-қаздар саңқыл қақса, мектептес қыз­дар көзге елестеді; жасымда ердім тағдыр жете­гіне, қой енді қарайлатпа кешегіге, кен қа­зып, жыр төгілтіп, жеттім есен, туған жер Жалғыз­тау­дың етегіне; жанымның таптым дәру жарасына, қарсы алды көк Есілдің жағасы да. Күзгі орман қыз ұзатқан тойлы ауылдай, сыймай тұр екі көздің шарасына; ақ марал ере тартты баласына, ақ киік кетті тоғай арасына; бүйірін қыздырып тұр үйір жылқы, ой салып тірі жанның санасына; жаз өтті, күз жарықтық сараңданды, шабыс жоқ, баяу жортақ аяң қалды, ну орман жапырағы түсіп жатыр, бәйбішем, сенің ғана саяң қалды», десе, оған шүбәсіз сенесіз.

Жел төбенің басына шы­ғып, жел­пі­ніп алып, алға қарай аяңдай түс, тарланбоз! Тәйірі, Сексеннің сеңгірі деген Жез­қаз­ғанның Кеңгіріндей ғой. «Апырай, қандай болар екен?» – деп ойла­нып-тол­ға­нып жүрді­ңіз. Қалай өт­ке­ні­ңізді де біл­мей қал­ды­ңыз. Алда талай асқаралы асу­­лар тұр. Со­лар­ға да шар­шамай-шал­­­дықпай аман жетіңіз, ақын аға!

Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ.