Жосықсыз жақыннан парасатты жат жақсы
Виктор Януковичтің ресми түрде Украина президенті қызметіне кіріскеніне екі-ақ апта уақыт өтті. Осы қысқа мерзімнің өзі де жаңа президенттің ұстанатын бағытын біршама аңғартқандай.
Сайлауға дейін, оның барысында жұрт Януковичті Ресейге бет бұрады деген. Оның да бір қисыны бар еді. Бұрынғы билік Батысқа бет бұрды, Мәскеумен тіл табыспады. Янукович, оның Аймақтар партиясы оларға оппозицияда болған соң, қарама-қарсы бағытты ұстанады деген тұжырым жасалды. Тіпті, Мәскеудің өзі Януковичті өз адамы санап, оның жеңісіне тілектес болғаны да анық.
Рас, Виктор Януковичтің “қызыл-сары революцияны” жасағандардың Ресейге, орысқа қарсы саясатын қатты айыптағаны белгілі. Оны Мәскеуге бүйрегі бұрды деп қабылдауға да болар еді. Сонымен бірге, бұрынғы тағдырлас елмен ғана емес, экономикасы тығыз байланыста болған, бірігіп шешетін мәселесі көп елмен дұрыс қарым-қатынас жасау Украинаның өзі үшін де пайдалы, парасатты саясат екені даусыз. Мұны әсте де Януковичтің Батысқа теріс қарайтындығы деп түсіндіруге болмас еді. Украинадағы “Қызыл-сары революцияға” Батыстың бағасы да біржақты еді. Мұнда да Ресейге қарсының бәрі жақсы деген ұстаным үстемдік етті. Әйтпесе Виктор Ющенко мен Юлия Тимошенконың әрекеттерінде демократиядан гөрі даңғазалық, саяси ойын басым екенін алғашында-ақ аңғаруға болатын.
Олардың кейбір жосықсыз әрекеттері өздерінің ғана емес, қолдаушыларының да абыройын түсірді. Украина Батыспен кіріге алмады. Ең алдымен олардың жосықсыз саясаты кіріктірмеді. Басқасын былай қойғанда, Украина арқылы өтетін Ресейдің мұнайы мен газының Батысқа жүйелі жетуіне кедергі жасағаны үшін де Батыс бұл елге мықтап өкпе айтуына тура келді. Тіпті басқа елеусіз елдерге есігін айқара ашқан Еуроодақ та Украинаға оң қабақ көрсетпеді. Сөйтіп, ұстанған бағыты Батысқа жақын болғанмен, жүргізген саясаты Украинаны Батыстан оқшау қалдырды. Содан да Ресейден кетіскенмен, Батыспен келісе алмаған Украинаның экономикасы шатқаяқтады.
Януковичтің жеңісін де тым жоғары бағалауға болмас. Мұндайда жеңістен гөрі қарсыластың жеңілісіне көп мән беріледі. Дегенде, Януковичтің бағдарламасынан парасатты ұстанымды да аңғаруға болғандай еді. Ол негізінен елді екіге бөлмей, халықты бір мақсатқа біріктіруді, Украинаны саяси-экономикалық тұйықтан алып шығуды ұсынды. Халықтың басым бөлігі оны құп көрді.
Сайлаудан кейінгі уақыт та біраз жайды аңғартты. Ющенко масқара жеңілістен кейін абыройдан біржола айрылса, Тимошенконың сотқа жүгінген, үкімет басшысы қызметінде қалғысы келген әрекеттері де оның беделін көтерген жоқ, керісінше оның жеңілісін нақтылай түсті.
Осының бәрі В.Януковичтің ұпайын көбейткені анық. Әлі де парламенттің жұмсақ орынтағында қалғысы келген депутаттар оның біраз ұсыныстарын қолдайтын түрі бар. Оның бір көрінісі бұрын парламентте көпшілік орны бар Тимошенконың отставкаға жіберілуі еді.
Жұрт күткен басты мәселе – Януковичтің Батыс пен Ресейге көзқарасына келсек, оның алғашқы қадамдарынан парасаттылықты аңғарамыз. Бұл екі бағыттың біреуін таңдап, екіншісінен бас тартқан жоқ. Ең бастысы – Украинаға тиімді нәрсенің бәрін қолдайтынын сол алғашқы қадамдарында-ақ көрсетті. Алғашқы сапарын Брюссельден бастаса да, Ресейді де ұмытқан жоқ. Мәскеу неге маған алдымен келмедің деп өкпелемейтіні анық. Батыс та оның бұл қадамдарын құптап жатыр. АҚШ сенатының Украинада демократия бағытында оң қадам барлығын атап көрсетуі де Януковичтің қызметіне баға, күні кеше жат саналған тұлғаның қызметін мойындау. Бұл жаңа президент үшін жақтастарының мақтауынан әлдеқайда маңызды.
АйдаҺар алыптарды да жұтып жібереді
Мынау дағдарыс деген тажал талай елге, тіпті ең мықты деген елдерге де сын болды. Әлемдегі ең мықты саналатын екі алып – АҚШ пен Жапония да есеңгіреп қалды. Біріншісіне тісі батпағанмен, екіншісіне Қытайдың ауыз сала бастағаны анық.
Қытайлықтар жапондардың біршама кәсіпорындарын сатып алып жатқан көрінеді. Бұл жерде ешкім сатуға болмайды дей алмайды. Ешкімнің айтқанына көнбейтін нарық заңы деген бар. Әркім өз пайдасын ойлайды. Сауда тауардың өткенін қалайды. Оны кімнің алғанында шаруасы жоқ.
Технологиялық дәрежесі жағынан жапон экономикасының қытайдыкінен әлдеқайда жоғары екені де белгілі. Қытайларды қызықтырып отырған да сол жоғары технология, соны иемденбек. Дәл осы жерде әңгіме дағдарысқа барып тіреледі. Сол дағдарыстан жапондар әлсіреңкіреп қалды, ал қытайлар аман. Олардың негізінен жоспарлы экономикасы дағдарысқа төтеп берді. Енді басқалардың әлсірегенін пайдаланып, өз экономикасын жоғары технологиямен жабдықтап алуды көздеп отыр. Оның бір жолы – жоғары технологиялы кәсіпорындарды сатып алу.
Өткен жылы Қытай фирмалары одан бір жыл бұрынғыға қарағанда, жапон компанияларының акцияларын төрт есе көп сатып алыпты. Соның арқасында біршама жетекші кәсіпорындардың акцияларының басым көпшілігін қытайлар иемденіп, олардың қожасына айналған. Демек, кәсіпорын тағдыры солардың қолында. Оларға ең алдымен жоғары технология қажет. Тіпті кәсіпорын банкротқа ұшыраса да, қытайлар өздерінде қалатын жоғары технологияны өз жағдайына ыңғайлап, қайта құра алады.
Бүгінге дейін бұл елдің халық көп тұтынатын арзанқол тауарларымен әлемді тоғытып жібергені де белгілі. Ал енді ел басшылары ҚХР-ды шын мәнінде жоғары технологиялы индустриялық державаға айналдыруды мақсат етіп отыр. Сондықтан да үкімет бұған дейін өз кәсіпкерлерінің шетел компанияларын сатып алуына шектеу қойып келсе, енді оған жол ашылды. Соның арқасында біраз салада Қытай жетекші орынға шықты. Айталық, бұған дейін өңдеуші станок шығаруда Жапония бірінші орында болса, енді Қытайға жол беріп отыр.
Ресейдің “Коммерсант” газеті мынадай мысал келтіреді. Жапонияда “Лаокс” фирмасының орны бөлек. Жергілікті халық та, сырттан келгендер де сол фирманың дүкендерінен өз қалауларын табады. Онда электрондық технологияның ең жаңа үлгілері, сондай-ақ соған негізделген базарлық тауарлар сатылады. Енді сол дүкендердің сатушыларының арасынан орыстарды, тіпті өзбектерді де кездестіруге болады екен. Олар – Қытай фирмасының адамдары, жапондарды алмастырған. Әлгі сатушылар – азға қанағаттанатын арзан күштер. Мұндағы ең басты жаңалық – жапондардың ығыстырылғаны. Бұл жапондарға қиын. Бірақ оған қарсы шыға алмайды. Дәлірек айтқанда, шамасы келмейді.
Қытайлар тек жоғары технологияларға ғана ие болып отырған жоқ, бүкіл жапондық технологиялық жүйеге ие болып отыр. Тауарды өңдеу, тасымалдау, сақтау, өткізу – жапонша, игілігін көретіндер – қытайлар.
Тағы бір мысал. Бизнес әлемі дизельдік қозғалтқыштар компоненттерін шығаратын жапондық “Никко Денки” компаниясын жақсы біледі. Бұл өнім барлық жерде қажет, сапасы да жоғары. Енді бұл компания жапондікі емес, қытайдікі. Және бұрынғы өніміне қоса, автомобильдерді жабдықтайтын басқа да зәру бөлшектерді шығаратын болады. Бұл жөніндегі жапон беделі қытайларға ауысты.
Жалпы, әлемде бүгінге дейін жапонмен бәсекелесу деген сөз оғаштау естілер еді, ал қазір жұрт олардың қытай айдаһарының алдында бас игенін де көріп отыр. Сонда басқалар қайтпек?