Ұлы Жеңіске 65жыл толар мерейтой қарсаңында Отан соғысының ардагері, құрметті ақсақал Бірімжан Жарболовқа осы жолдарды арнап жазуды өзімнің ардақты борышым деп есептедім. Кейіпкеріміздің жолы – бүгінгі жас ұрпақ үшін үлкен үлгі-өнеге. Қанқұйлы соғыста Отан үшін от кешкен, бейбіт күнде де әскери саланы таңдап, ел қорғау ісіне елеулі үлес қосқан Бірекең секілді ақсақалдарымыз алдында бас иіп өтуге тиіспіз. Ардагерлердің өмірі мен еңбек жолы туралы жастарға үнемі айтып, құлақтарына құя берсек, патриотизмге, отансүйгіштікке тәрбиелеуге жалаң сөз емес, нақты мысал, үлгі болып, ықпал етер еді.
Соғысқа барар алдында Бірімжан аға он сегіз жасқа жаңа ғана толған еді. Міне, осы кезеңнен бастап Жарболовтар үшін офицерлер әулетінің даңқты жолы басталды.
Кейіпкеріміз 1923 жылы Қызылорда облысы, Арал ауданында туған. Бірақ, оның балалық және жастық шағы отбасы қоныс аударған Ақтөбе облысында өтті. Соғыстың алғашқы айларында Ақтөбе коммуналдық-құрылыс техникумының бір топ студенттерімен бірге Бірімжан аға майданға жіберу туралы әскери комиссариатқа өтініш жазды. Бірақ жастардың өтініші бұл жолы қанағаттандырылмады. Дегенмен, араға біраз уақыт салып шақыру қағазы да келді. Сөйтіп, 1942 жылы наурызда Ұлы Отан соғысының болашақ ардагері Ф.Дзержинский атындағы 266-полктің 93-атқыштар дивизиясы құрамында соғысқа аттанды. Орта буындағы командирлерді даярлау курсынан кейін кіші лейтенант Жарболовқа взводқа басшылық жасау тапсырылды.
Жас командир қасында жүрген жастардың бірінен соң бірін жалмаған өлім алдындағы қорқынышты жеңіп, Отан алдында және жауынгер жолдастарының алдында берген антқа адал бола отырып, өзіне сеніп тапсырылған бөлімшені ұрысқа бастай білді.
1943 жылғы күзде Бірімжан аға Калинин және Степной майдандарындағы қантөгіс ұрыстарда ауыр жарақат алғаннан кейін елге оралды. Бірақ бейбіт өмірде де ол әскери өмірді таңдады. Ол Ташкенттегі офицерлерді қайта даярлау курсын аяқтаған соң, Қызылорда облысы, Қазалы аудандық әскери комиссариатына бөлім бастығы болып келді. Осы лауазымнан басталған Бірімжан ағамыздың Қарулы Күштердегі қызметі 31 жылға созылды. Жұмысты адал атқаратын, ұжымды басқара алатын кәсіби тәжірибесі мен қабілеттілігінің арқасында әр жылдары Бірімжан Жарболов Ақмола облысының Қорғалжын, Сандықтау және Макин аудандық әскери комиссариаттарын басқарды. Ұзақ жылдар бойы еліміздің қорғаныс қабілеттілігін нығайтуға елеулі үлес қосты.
Бүгінгі күні отставкадағы полковник Бірімжан Жарболов өскелең ұрпақты әскери-патриоттық тәрбиелеуге белсене қатысып, өмірде әскери қызметті таңдаған жастар үшін Отанға деген адалдықтың үлгісі болып отыр.
“Қызыл жұлдыз”, І дәрежелі Отан соғысы ордендерінің иегері Бірімжан Жарболов сүйікті балаларының, немерелері мен шөберелерінің арасында жүріп, Ұлы Жеңістің 65 жылдығын күтуде.
Осыдан жыл бұрын Мемлекет басшысының қамқорлығы арқасында Бірімжан ата 35 қазақстандықтың қатарында Мәскеудегі Жеңістің 60 жылдығына арналған Қызыл алаңдағы әскери шеруге қатысты. Жауынгер жолдастарымен кездесіп, сұрапыл соғыста қаза тапқан майдандастарын еске алды.
Ұлы Жеңіске қосқан үлесі және Отан игілігіне арналған көп жылдық қызметімен қатар Бірімжан Жарболовтың жетістігі деп оның балаларын айтар едім. Үрім апай екеуі екі ұл және екі қыз баланы тәрбиеледі. Әліби мен Әлихан әскери қызметті таңдап, әкесінің жолын қуып офицер болды.
Үлкен ұлы Әліби Жарболов В.И.Ленин атындағы Ташкент жоғары жалпы әскерлік командалық училищесінің түлегі, әр жылдары Қарағанды облысының Шет аудандық, Жезқазған облысының Жезді аудандық әскери комиссариаттарын басқарды. Өкінішке орай, ғұмыры қысқа болып, 32 жасында өмірден озды. Семей ядролық полигонындағы қызметі денсаулығына кері әсер еткен еді. Тағдыр солай жазған шығар, талантты офицер өмірінің жанып тұрған шағында қыршын кетті.
Кіші ұлы Әлихан Жарболов – И.С.Конев атындағы Алматы жоғары жалпы әскерлік командалық училищені және Мәскеу қаласындағы М.В.Фрунзе атындағы Әскери академияны үздік бітірді. Ол – еліміздің Қарулы Күштерін құру және қалыптастыру ісіне белсене қатысқан офицерлердің бірі. Әр жылдары мотоатқыштар және танк дивизияларына басшылық жасады, армия корпусының командирі болды. 1996-1997 жылдары Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары-Бас штаб бастығы лауазымында қызмет атқарды. 2000-2002 жылдары “Оңтүстік” өңірлік қолбасшылықты басқарды. 2002 жылы өзінің оқыған жері – Құрлық әскерлерінің Әскери институтына бастық болып тағайындалды. Дипломатиялық жұмыста да қызмет атқарды. Қатардағы жауынгерден генералға дейін өскен Әлихан Жарболов қазір “Оңтүстік” өңірлік қолбасшылықтың қолбасшысы болып отыр.
Жарболовтар әулетінің үшінші буын өкілдері өмірден өткен әкесінің орнын басты десек артық емес. Әлібидің қызы – Нұргүл Қорғаныс министрлігінде қызмет атқарып жүр. Капитан. Ұлы – майор Нұрхан Жарболов Қазақстан Республикасы Әскери академиясының түлегі, бүгінгі күні республикалық Ұлан қатарында қызмет атқарып, батальон командирінің орынбасары лауазымында әскери қызметшілердің жауынгерлік даярлығын жетілдіруге өзінің үлесін қосуда.
Біз, бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатқан ұрпақпыз. Сіздердің істеріңіз бізге үлгі, қымбатты ардагерлер!
Абай ТАСБОЛАТОВ, генерал-лейтенант, республикалық Ұлан қолбасшысы. Астана.