Сенат алдымен Президент Қ.Тоқаевтың Жоғарғы сот судьяларын қызметінен босату туралы ұсынымын қарады. Бұл мәселе бойынша Жоғарғы сот Кеңесінің төрағасы Талғат Донақов баяндады. Ол Жоғарғы сот судьялары Ғалия Аққуова, Әділ Құрықбаев, Амангелді Сәрсенбаев, Моряк Шегеновті зейнеткерлік жасқа толуына байланысты орнынан босату туралы Президент ұсынымын жариялады. Ал Еліс Әбдіқадыровтың басқа қызметке ауысқаны айтылды. Сенаторлар Президент ұсынымын бірауыздан қолдап, аталған судьяларды орындарынан босатты.
Одан әрі отырыста Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасындағы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің (ММУ) қазақстандық филиалының жұмыс істеуі туралы келісімін ратификациялау туралы заң жобасы қаралды. Бұл мәселе туралы Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова баяндама жасады. Ол ММУ-дің Қазақстандағы филиалын ашу жөніндегі бастаманы Тұңғыш Президент Н.Назарбаев 2000 жылы көтергенін еске салды. Сол жылғы 9 қазанда Қазақстан мен Ресей Федерациясының Президенттері арасында хаттамаға қол қойылған. Осы уақытқа дейін филиал Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің базасында қызмет етіп келеді. Қазақстандық филиалдың қызметін заңнамалық тұрғыда одан әрі бекіту мақсатымен Қазақстан мен Ресей Федерациясы Үкіметтерінің арасында 2017 жылдың 9 қарашасында келісімге қол қойылған. Ұсынылып отырған заң жобасы осы келісімді ратификациялауға арналған. Филиалда оқыту ММУ оқу бағдарламалары негізінде жүзеге асырылады. Сонымен бірге ЖОО көзделген көлемде Қазақстан тарихы мен қазақ тілін міндетті түрде оқыту, Қазақстан экономикасының ерекшеліктері ескерілген. 1-2 курстарда Қазақстанды жаңғыртудың өзекті мәселелері туралы әлеуметтік-гуманитарлық пәндер циклы да оқытылады.
Мемлекеттік білім беру тапсырысының негізінде филиалды бітірген мамандар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыс істеп, ақыны өтеуі міндетті. Филиалға жыл сайын 125 студент және 40 магистрант қабылданады. Бүгінгі таңда онда 605 студент білім алуда. Оқуды сәтті бітірген түлектер ММУ-дің дипломын алады. Филиал жұмыс істеп жатқан 14 жыл ішінде 1725 маман даярланған. Олардың 93 пайызы Қазақстанда еңбек етуде.Қосымша баяндаманы депутат Бақытжан Жұмағұлов жасады. Талқылауға бірнеше сенатор қатысып, заң жобасын қолдауды ұсынды. Осыдан кейін заң жобасы мақұлданып, заң қабылданды.
Келесі мәселе Мәжіліс мақұлдаған «Авторлық және сабақтас құқықтарды ұжымдық негізде басқару тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы болды. Бұл келісім ЕАЭО мүше мемлекеттері аумағындағы авторлардың, орындаушылардың, фонограмма дайындаушылардың (жасаушылардың), авторлық және сабақтас құқықтарды өзге де иеленушілердің құқықтарын іс жүзінде жеке түрде жүзеге асыру қиын болғанда немесе мүше мемлекеттердің заңнамаларында осы құқықтардың объектілерін құқық иеленушілердің келісімінсіз, бірақ сыйақы төлей отырып пайдалануға жол берілетін жағдайларда авторлық және сабақтас құқықтарды ұжымдық негізде басқару тәртібін белгілейді. Сонымен бірге келісімде мүше мемлекеттердің заңнамасында айқындалатын авторлық және сабақтас құқықтарды ұжымдық басқару салаларындағы құқықтарды ұжымдық басқару жөніндегі ұйымдарды құру мүмкіндігін көздеген.
Отырыста соңғы болып Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Иран Ислам Республикасы арасындағы еркін сауда аймағын құруға алып келетін уақытша келісім ратификацияланды. Келісімге 2018 жылғы 17 мамырда Астана қаласында қол қойылған. Онда Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер мен Иран Ислам Республикасы арасындағы саудада бірқатар бекітілген тауарларға қатысты 3 жыл мерзімге преференциялық режімді белгілеу және өзара саудадағы импорттық кеден баждарын азайту көзделген. Күн тәртібіндегі мәселелер қаралып болған соң бірнеше сенатор өздерінің орталық атқару органдарына жасаған сауалдарын жолдады. Соның ішінде сенатор С.Еңсегенов Атырау-Орал-Самара темір жол бағытының құрылысын қаржыландыру, Т.Мұқашев Беларусь Республикасымен бірлесе отырып, «ұшқышсыз ұшақ» өндірісін ұйымдастыру мәселелерін көтерді.