Отырыста Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев бастаған қатысушылар аталған тақырып төңірегінде пікірлерін ортаға салды. Дәстүрге сай сөз тізгінін ғалым, Халықаралық Түркі академиясының президенті, «Egemen Qazaqstan» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі ұстады.
Әуелі Мәулен Әшімбаев жастар мәселесі мемлекеттің ұдайы назарында екенін айтып, оның дәлелі ретінде Елбасының бастамасымен осы жылдың Жастар жылы болып жариялануын келтірді.
– Партиямыздың кезектен тыс XVIII съезінде алдағы 10 жылға арналған жаңа бағдарламамыз қабылданды. Бұл құжатта нақты он мақсатты анықтап алдық. Солардың бірі жастарға қолдау көрсету ісіне арналды. Осы мақсатқа жету үшін Елбасы, партия Төрағасының тапсырмасына сәйкес 3 басым бағытты анықтадық. Олар – жастарға әлеуметтік қолдау көрсету, жас буынның әлеуетін дамытып, патриотизмді күшейту және мемлекеттік жастар саясатының тиімділігі мен нәтижелігін арттыру. Жас қазақстандықтардың алдыңғы буынға қарағанда анағұрлым білімді, бәсекеге қабілетті, жан-жақты, кәсіби болуы үшін мемлекет пен қоғам тарапынан жүйелі қамқорлық көрсетуіміз керек, – деді партия Төрағасының бірінші орынбасары.
Осы ретте Дархан Қыдырәлі Жастар жылы қарсаңында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне артылар жауапкершілік жүгі көп екенін айтып, аталған министрліктің өкілі вице-министр Жұлдыз Омарбектен әзірленген Жол картасы жөнінде сұрады.
– Жастар күш-жігері мол, елді алға жетелейтін топ. Жалынды жастардың өзі бізге көмек керек емес, тек кедергі келтірмеңдер дегенді жиі айтады. Сондықтан оларға көмек емес, жағдай жасауымыз тиіс. Ол – сапалы білім алу, спортпен шұғылдану, өз кәсібін ашу сияқты жан-жақты дамуын қамтамасыз ету. Жастарды баспанамен қамтамасыз ету жағы да қарастырылып жатыр, алдағы уақытта дәрігер, мұғалім болып істейтін жас мамандарға жалдамалы пәтерлер беріледі. «Әрекетке – берекет», дегендей талапты жастар үшін «Жас кәсіпкер» бағдарламасы бойынша 3 жылда бизнес бастауға 60 мың грант бөлінеді, – деді вице-министр.
Жастар мәселелерін қозғағанда жұмыссыздық жағы назардан тыс қалмады. Белгілі ақын, «Shalqar» радиосының директоры Қалқаман Сарин білім қуып кеткендерді санамағанда, біраз жас жұмыс істеймін деп шетел асып жатқанын тілге тиек етті. Олардың дені ауыл жастары екенін, сондықтан Жастар жылы қала жастары үшін ғана емес, ауылдағыларға да жаңа тыныс ашатын мүмкіндік болса деген ойын жеткізді.
Осы тұста әңгімеге Мәулен Әшімбаев араласып, бұрын мықты тұлғалардың бәрі ауылдан түлеп ұшқанын, ол сол кездегі ауылдарда білім берудің дұрыс болғанын айтып, сондықтан ауылдарда болашақ көшбасшылардың өсіп шығуына жағдай жасау керектігін атап өтті. Оның айтуынша, бұл да партияның алға қойған міндеттерінің бірі, Елбасының тапсырмасымен елді мекендерде инфрақұрылымды дамыту үшін «Ауыл – ел бесігі» жобасы бастау алады.
Сондай-ақ Nur Otan партиясы Jas Otan Жастар қанатының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен 54 мың жас ауылға жұмысқа барғанын, 17 аймақта білім орталықтары ашылғанын айтып, бұл сауалдың жауабын нақтылай түсті.
Жастардың жұмыссыздыққа тап болмауының айқын жолы – бәсекеге қабілетті маман болу. «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқып келген STEM академиясының негізін қалаушы Әбутәліп Мүтәлі ІТ саласында ауқымды жобалары барын, бірақ бұл салада мамандар жетіспейтінін айтты.
– Осы тұрғыда мен мынадай ұсыныс жасағым келеді. Жұмысқа жастарды көптеп тарту үшін белгілі бір мекемеде жастардың үлесі 30-40 пайыздан асса, салықты төмендету керек. Сонда біраз құрылымдар жас мамандарды өздері дайындап алар еді. Және бұны жүзеге асыруды қаптаған құжат толтыртып қиындатпау керек, – деді ІТ маманы.
Әңгіме технология саласына қарай ойысқанда, сөзге «Qazaqstan» телеарнасының жүргізушісі Әйгерім Есенәлі қосылып, ортаға «бүгінгі күннің қаһармандары кімдер?» деген сұрақ тастады. Бұған партия Төрағасының бірінші орынбасары «100 жаңа есім» жобасының көздегені өз еркімен жетістікке жеткен бүгінгі күннің қаһармандарын тауып, оларды халық арасында дәріптеу екенін айтып, жауап қатты.
Жобалар жөнінде сөз қозғалғанда форум туралы пікірлер қылаң берді. Бұл тұрғыда Президент Қ.Тоқаевтың сөзін басшылыққа алып, Жастар жылы жалаң науқанға айналып кетпесін деген мәселе көтерілді. Вице-министр Жұлдыз Омарбек Жастар жылына арналған Жол картасы 86 тармақтан тұрса, оның ішінде тек бесеуі ғана форум екенін келтірді. Бірақ оның ішінде жастардың білімін ұштауға бағытталған маңызды форумдар бар екен. Мысалы, «Zeren 2019» жобасы 900 жасты оқытпақ.
Сонымен қатар бұл отырыста Nur Otan партиясы баспасөз қызметінің жетекшісі Максим Споткай әлеуметтік желілердегі жастардың белсенділігіне тоқталды. Оның айтуынша, қазір қоғамның басты оқиғалары тек Facebook, Twitter, одан қалса Instagramm желісінде талқыланады. Ал жастардың дені ВКонтакте желісін пайдаланады, онда негізінен орысша мазмұн көрініс береді. Сондықтан барлық әлеуметтік желілерде қазақша контенттің сапасын арттыру керек дегенді айтты.
Сөз соңында «Жастар тәрбиесімен кім айналысып жатыр?» деген ортақ сауал төңірегінде отырысқа қатысушылардың әрқайсысы жастар болашағы жөнінде бір-бір сөзімен ойларын түйіндеді.