ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы көрнекті ғалым, белгілі қоғам қайраткері Ахмет-Зәки Уәлиди Тоғанның түркі мәдениеті мен тарихын зерттеуге сіңірген еңбегі үшін 2010 жылды – “Ахмет-Зәки Уәлиди Тоған жылы” деп жариялаған-ды. Алматыда ТҮРКСОЙ – Түркітілдес елдер мәдениет министрліктерінің тұрақты кеңесі, ҚР Ұлттық кітапханасы және Алматы қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен “Түркі халықтарының тарихы мен мәдениеті Ахмет Зәки Уәлиди Тоған зерттеулерінде” атты дөңгелек үстел өтіп, оған отандық белгілі тарихшы ғалымдар, башқұртстандық зерттеушілер мен Түркиядан арнайы келген ғалымның баласы Сүбедей Тоған қатысып, ғалымның қайраткерлік, ғылыми қызметі мен мұралары кеңінен сөз болды.
ТҮРКСОЙ жариялаған Тоған жылы
Алқалы жиынның мақсатына тоқталған ТҮРКСОЙ-дағы еліміздің өкілі Асқар Тұрғанбаев алдымен жиналғандарды Наурыз мерекесінің халықаралық дәрежеде тойлауға қол жеткізуімізді бүкіл түркі халқының жеңісі ретінде атап өтті.
– Биыл Тоған жылы деп жариялауымыз, біріншіден туғанына биыл 120 жыл толса, екіншіден түркі дүниясына үлкен қызмет жасап, еңбек сіңірген ортақ тұлға. Үшіншіден, тарихқа, мәдениетке қатысты еңбек жазып, дүние жүзіне танылған ғалым. Сондықтан да биыл ол кісінің мерейтойын туған топырағы Башқұртстаннан басқа да түркі елдерінде атап өту көзделуде. Алматыдағы осы жиын Тоғанның туған жерінен сыртта өтіп жатқан тұңғыш басқосу”, – дей келе ол ғалымның жеке мұрағатынан оншақты кітапты Ұлттық кітапханаға тарту етті.
Сондай-ақ, ол ТҮРКСОЙ-да Қазақстан төрағалық ететін екі жыл ішінде көп жұмыс атқарылғанын, соның бірі өткен жылы Ыстамбұлда түркі халықтары аудармашыларының симпозиумы өтіп, онда түркі халықтары бір бірінен аударма жасау мәселесі көтерілгенін, соған орай жақында Әзірбайжанда “ТҮРКСОЙ” аударма сериясы” циклімен өзбектен әзірбайжан, түркіменнен әзірбайжан тіліне аударылып кітаптар шыққанын, сондай-ақ Ахмет-Зәки Уәлидидің еңбектері де биыл бірқатар түркі тіліне аударылып, жарық көретінінен хабардар етті.
Башқұрт-Қазақ Республикасын құрғысы келген...
Жалпы, Ахмет-Зәки Уәлидидің қызметін белгілі тарихшы ғалым Мәмбет Қойгелді екі бағытқа: ғылыми мұралары мен саяси, қоғамдық қызметі деп бөліп қарауға болады дегенді алға тартады. Бұл жерде қазақ үшін өте қымбат жағдай, 1917 жылғы аласапыран, одан кейінгі революциялық өзгерістер, әсіресе, 20-шы жылдың алғашқы жартысындағы ауыр кезең, яғни халқымызды, жерімізді, елдігімізді қалай сақтап қаламыз деген аумалы-төкпелі заманда екі қайраткер – Ә.Бөкейхан мен А.Уәлиди өзара келісіп, 1917 жылы қыркүйекте Уфада кездеседі. Бір жағында Ә. Бөкейхан бастаған Алаш орда үкіметі, екінші жағында Ахмет-Зәки Уәлиди бастаған Башқұртстанның басшылары келіссөз жүргізіп, Орынборды астана етуге ұйғарып, Башқұрт-Қазақ республикасын құру туралы шешім қабылдаған. Өкінішке орай, бұл шешім іске аспайды. Оған қызыл әскер мүмкіндік бермейді, кеңестік билік екі халықтың бірігуінен қатты қорыққан. Соған қарамастан, Ахмет-Зәки Уәлидидің естеліктерін оқысаңыз, бір ғажап өзек бар – ол қазақ зиялыларымен байланысын үзбеген. Қазақ қайраткерлері жайында жылылықпен, аса құрметпен, ықыласпен айтқан. Бұдан сол кездері қазақ-башқұрт арасындағы қатынастың үлкен маңызға ие екендігін байқау қиын емес,- дейді профессор М.Қойгелді.
Ахмет-Зәки Уәлиди Тоған кім?
Философия ғылымдарының докторы профессор, Манчестер университетінің құрметті профессоры Тоған 1890 жылы Уфа губернясының Илчик-Темір губерниясында дүниеге келген. 1908-1912 жылы “Касимия” медресесін бітіріп, сонда араб және түркі халықтарының тарихы мен әдебиетінен дәріс береді. 1935 жылы Вена университетін тәмамдаған соң, “Түрік және татар тарихы” атты тұңғыш көлемді зерттеуі 1912 жылы Қазанда жарық көреді. Бұқара мен Ферғанаға жасалған археографикалық экспедицияға қатысқан Тоған 1915 жылы Ресей Думасының мұсылмандық фракциясында саяси қызметін бастайды. Төңкерістен кейін біржолата күрес жолына түседі. Кейінірек Түркіменстан, Иран, Түркия және Германияға эмиграцияға кетеді. Ыстамбұл, Бонн, Геттинген университеттерінде сабақ береді. Бертін келе Ыстамбұл университеті жанындағы Ислам зерттеулері институтын басқарған оған 1970 жылы түрік жерінен топырақ бұйырған.
Жиынға арнайы келген сол асылдың тұяғы, ұлы Сүбедей мырза әкесі жайлы әңгімеледі. Ол кісінің естеліктерін оқығанда қазақтар жайында көп айтылғанын, әсіресе Мұстафа Шоқай, Ә.Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынов, Мұхтар Әуезов, Міржақып Дулатов сияқты азаматтар ерекше орын алғанын асқан ықыласпен жеткізді.
Қазаққа ортақ тұлға
Жиынға қатысып сөз сөйлеген көрнекті ақын Мұхтар Шаханов: “Тоған тәрізді тұлғалар болмағанда, түркінің салмағы әлсіздеу болар еді” десе, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Саттар Мәжитов Мұстафа Шоқай мен Әлихан Бөкейханның Ахмет-Зәки Уәлиди Тоғанмен кездесуіне назар аударды. Ал медицина ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Каримов “Ахмет-Зәки Уәлиди түрік әлемінің қайраткері” атты баяндамасында Уәлидиді башқұрт, татар, қазақ, өзбек халқы өз ұлдары санайтынын, демек ол түркі елінің қайраткері екенін, бірақ оның тағдыры өте қиын болғанын, заманның аумалы-төкпелі кезінде өз пікіріне әуелі тоқтай алмағанын, бірақ әр уақытта да ол түркі халқының ұлы екенін ұмытпағанын, оның білімі, жасаған қайраткерлік ісі Шоқай, Рысқұлов, Исхакидің деңгейінде екендігін, ал биылғы жылды “Тоған жылы” деп жариялау соған дәлел екенін баса айтты.
Философия ғылымдарының кандидаты Гүлнар Хужахметова ғалымның Башқұртстанда жарық көрген әдеби шығармаларына шолу жасай келе, Тоғанның саяси қайраткерлігі мен уақыт кезеңдеріне тоқталған кез келген тарихшы одан аттап өте алмайтынын еске салды. Сондай-ақ, “Уфа-центр” газеті редакторының орынбасары Айнұр Хужахметов “Қазіргі башқұрт прозасындағы композиция мен сюжет мәселелері”, ал “Ақеділ” башқұрт мәдени орталығының жетекшісі Азамат Рыскелдин Тоғанның рухани мұрасының өзектілігіне тоқтала келіп, ғалымның еңбектерінің толық жинағын қазақ, башқұрт, түрік тілдерінде шығару туралы ұсыныс білдірді.
Жиын соңында түркітанушы, қытайтанушы ғалым Мунир Ерзин: “Тоғанның да, Ахметжанұлының да, Мерсейіт Сұлтанғалиевтың да бізге қалдырып кеткен ең маңызды мұрасы – ұлт азаттық қозғалысына адалдығы. Олар Лениннің қитұрқы саясатын түсініп “Ресейдегі оқиғалар қоғамдық дамудың заңдылығына қарағанда, кездейсоқ оқиғалар болды” дегенді айтқан. Ол Мәскеудің Татар, Башқұрт автономиялы республикаларына шектеу қоюына байланысты, олармен қарым-қатынасын үзілді-кесілді үзіп, Түркістанға келеді. Мұнда оны түркістандықтардың ұлттық бірлестігі ұйымына төраға етіп сайлайды. Төраға кезінде Орта Азия мен Қазақстандағы советтің шапқыншылығына қарсы қарулы күштер ұйымдастырады”, дей келе, Ахмет-Зәки Уәлиди Тоғанның “Тоған” ныспысын дұрыс жазу керектігін, “Тоған” емес, “Туған” деп жазылса, өйткені, ол барша түркіні өзінің туғанындай бауыр көрген деген ойын ортаға салды.
Иә, біздер туыс елміз. Ендеше, Ахмет-Зәки Уәлиди бастап мұра етіп қалдырып кеткен екі халықтың арасындағы өзара ықылас, өзара жылылық, қолдаушылық дәстүрді сақтап, одан әрі жалғастыруымыз керек.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.