• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
16 Наурыз, 2010

ӘКЕ

1271 рет
көрсетілді

Қыстың қыраулы ызғары қайтып, күннің көзі жаңа­дан жіпсіп келе жатқан көктемнің өліара күндерінің бірі-тін. Күндегі қарбалас тірліктің бәрін бір шетке ысырып тастап, сол күні жұмыстан ерте шықтым. Түс әлетінде таңда түскен қырбақ қардың зәрі қайтып, күн жыли бастаған еді. Күн еңкейген соң бәрі керісінше, батыстан баяу ызғар соғып тұр екен. Әдеттегідей алдын ала жобаланған жоспарды бұзып, өзіммен өзім болғым келді. Аялдамаға келдім де, такси ұстадым. Көнетоз машина сырғып келіп тоқтады. Жүргізушісі мұрты жа­ңадан те­бін­деп келе жатқан бозбала екен. Өзі тым көңілді кө­рінеді, әй-шәй жоқ “отырыңыз аға” дегені. Басымды изеп сәлемдесудің ишаратын жасадым да, жеңіл көліктің артқы жағына барып жайғастым. Лып етіп машина орнынан қозғалды. Әрі-беріден кейін рульде келе жатқан бозбала екеуара үнсіздікті бұзып “Аға, бү­гін әкемнің туған күні еді, жасы ал­пысқа толды. Таңертең үймен сөй­лесіп, әкей­ді құт­тықтадым”, – деді. “Ауылың қай жақта?” деп сұрадым. Маған жон арқасын бе­ріп отырған жігіт, әнтек бұрылып “Оң­түстік жақтан боламыз”, – деп қысқа қа­йырды. Түсінікті. Енді әң­гімені мен жал­ғадым. “Әкеңді қатты жақ­сы көресің-ау, бала?” Мына кісінің сұ­ра­ғының түрін қара дегендей, мырс етіп бір күліп алды да: “Аға, әкесін жек кө­ретін адам көрдіңіз бе?” – дегені. Үнім өшті. Апыр-ау, шынында әкесін жек көретін адамның болуы мүмкін бе? Әке деген асқар тау емес пе? Менің мазасызданып, абыр­жы­ған көңілімді кенет сарнап қоя берген маг­нитофон үні бөліп жіберді. Шопыр бала тәтті әннің ырғағында елітіп келеді. Бұл ән еріксіз менің де жан-дүниемді билеп ала жөнелді: “Жас едім өмірге еркін бойламаған, Күні ертең не боларын ойламаған...”. Баяу үнді қоңыр дауыс құлақтан кіріп, алпыс екі тамырды қуалай бойлап, үлпілдеп соғып тұрған жүрекке сіңіп жатыр. Әке – құдірет... әке – әлем... әке – өмір! Неге осы соңғы уақытта әкем туралы көп ойлан­а­мын?! Көке! Осы сөз маған тым ыстық. Бұл атауды есіт­кен­де денем біртүрлі шымырлап кетеді. Бала кезде мән бермеуші едім, бұл күнде “көке” деп жиі қайталағым кеп тұрады. Кішкентайыңнан атаңның баласы болып өскен­дік­тен бе, маған әкені мойындау да оңайға соққан жоқ. Жеңгем сияқты болып кеткендіктен анамды да Ләйла деп атын атайтынмын. Пенде қашанда уақытқа тәуелді ғой. Атамның кел­мес­тің кемесіне мініп кеткені қашан? Өзімді тәрбиелеген Тынтай апам да, мені дүниеге әкелген анам да қайтпас сапарға аттанғанына, үш жылдың жүзі болыпты. Міне, осы сәттен бастап, әке, саған деген менің бойымда ерекше бір сезім оянды. Бұрын қалай бай­қа­ма­ғам. Сонау шалғайда жатып менің тілеуімді тілейтінің, менің тасым өрге домаласа, сенің көзіңнің жасы кеудеңе домалайтынын да сезем. Сенің баяу басып келе жататын жайбарақат жүрісің қандай! Тіпті әрбір тал кірпігіңнен сабырлықтың иісі есіп тұратындай... Сонау бір бала шағымнан көкейімде жатталған сурет көп. 1967 жылы екеуміз де Ташкенттегі ауруханада баспаға (тамақтан өскен етке) операция жасаттық. Мен жеті жастамын, ал көкем 32 жаста. Менің жарам тез жа­зы­лып кетті де, ал сенің пышақ тиген жерің оңайлықпен біте қоймады. Содан қайта-қайта палатаңа барып, жағдайыңды біліп тұрамын. Ол кезде әкем екеніңді білмеймін, ағам ретінде қарайтынмын. Ал сен ешқашан да балаң екенімді сездірген емессің. Айтайын деген емеурін де болған емес. Өйткені, сен атамның жалғыз ұлы едің. Ал маған тек ет-жүрегің елжіреп тұрса да сырттай салқынқанды қарайтұғынсың. Соның бәрі кес-кестеп көз алдыма келеді. Әке, сені сағындым. Машинаның мото­рының үнімен жарысып, таспаға басылған ән әлі сарнап келеді: “Шарықтап кетсемдағы қанат қағып, өзіңдей қамқор әке қайда маған...”. Менің де кірпігімнен бір тамшы үзіліп түскендей болды. Мөп-мөлдір тамшы. Өмір қалай тез өтіп барады. Сырғыған дүние сені де қартайтты-ау! Бірақ бұл өмір, әке, сенің тәніңді қартайтса да, жан-дүниеңдегі мейірім иірімін суалтқан жоқ. Қайта самайыңа ақ кіріп, жылжып өткен жылдарың жүзіңде із қалдырған сайын, ақыл бұлағың арнасын кеңіте түскен. Туа біткен салмақты мінезің одан сайын, мыс қазанда қайнаған алтын кеніштей жарқырай түскен. Қайдам, әке, маған солай сезіледі. Әке, сенің тұла бойы тұңғыш балаң болсам да, мені бір рет мейірің қанып иіскеген жоқсың-ау. Бәрі үлкенге деген құрметтің, алған тәлім-тәрбиенің арқасы. Өйткені, мен әулеттің алтын діңгегі, ұстаздар көшінің нарқасқасы – Сұлтан атамның бауырында өстім. Атам қандай еді? Қазір ойласам, айтуға теңеу таппай қиналам. Мың жыл жердің астында жатып, адамзаттың бақыты үшін атылған вулканмен бірге аққан әбілқаят суының сарқыны сияқты еді. Ішкен адамның мейірі қанатын, татқан адамның таңдайынан дәмі кетпейтін, ақылдың суаты еді атам. Сол атамның өмірдегі шырағы болған әке, сен кімнен осал болдың. Сенің қанағатыңдай бай қасиет пенде баласының маңдайына көп бұйыра бермейді. Тым қанағатшыл болдың. Әсілі, маңдайың жарқырап тұрса да, оны қалпағыңмен басып, басқаның шырағы жансын деп тіледің. Мына біздер сенің осы тілегіңе құдайдың берген сыйы болармыз. Өткенде түс көрдім, әке! Басын ақ қар басқан биік шыңға қарай өрлеп келем. Өрлеген сайын жел қатты. Пышақтың қырындай қия таста отырып, сонау етекке көз салсам, көзін көлегейлеп қарап тұрған сені көрдім. Сен қолыңды сермеп тағы да ұш, тағы да ұш деп тұрсың. Қолыңды сермеген сайын бойыма қуат дарып, шыңға қарай өрлеймін. Бір кезде шыңның басына да шықтым. Сен екі қолыңды жайып бата беріп жатыр­сың... Оянып кеттім. “Шарықтап кетсемдағы қанат қа­ғып, өзіңдей қамқор әке қайда маған...” . Қазір де осы ән көкейімді тербеп келеді. Балалық шақ, бал дәурен күндерім өткен алыстағы Ордабасым, Бөржарым, ата-бабам қонысы. Мен оны сағына еске аламын. Әке, менің саған деген махаббатым мың шай­қалса да төгілмейтін айшара толы зәмзәм суы сияқ­ты. Үнсіз ғана қиялай шолып қарайтын қыран қабағың маған ақыл мен парасаттың ұясы тәрізді елестейтін. Бөр­жардың құнарлы топырағынан өніп шыққан әрбір өс­кіннің тағдырында, әке, сенің де қолтаңбаң бар. Ал­дыңнан талай шәкірт қанаттанып ұшты. Сен бәрін де қыран қабағыңды серпіп тастап, шығарып салып, ті­леуін тілеп қала бердің. Әлі сол қыран тұғырда отырсың. Мен сенің осы тұғырда мәңгілік отыруыңды, сен шық­қан абырой биігіңнің жылдар жалғасында да аласармауын тілер едім... Әке, сені ойлап, терең қиялға беріліп кетіппін. Шопыр бала әлі тербеліп келеді. “Жан әке, шертіп сезім домбырасын, кеудемді қуанышқа толтырасың...”. Ән әлі сыңсып тұр. Еріксіз, әке, сені тағы да есіме алдым. Сонау 70-ші жылдардың басы болатын. Бесінші сыныпта оқып жүр­генде жетекшіміз Самарқантқа сая­хатқа шығатынымызды айтты. Жақын жер емес. Мен баратын тізімге жазылған жоқпын. Үйге келген соң: – Облыспен келісіп, көктемгі каникулда оқу­шылар Самарқантқа барсын деп ем. Сенің неге барғың келмеді? – дедің сабырлы үн қатып. – Атаммен келіспеген соң барам деп айта алмадым. – Атаң қарсы болмайды. Елді, жерді көру керек қой. Барғаның жөн. Шынында осы саяхаттан ерекше әсермен оралдым. Пайдасы да көп бол­ды. Тарих, адамдар жөнінде өз көз­қа­расым қалыптаса бастады. Атам қайтыс болғаннан кейін сағы­нышымды басқым кеп өзімше мақала, өлең жаза бастадым. Оным газеттерге шығып, әрі сол кісіге ұқ­сағым келіп, атым шыға бастаған кезде мені шақырып алып, былай дедің: “Әкім, сен сөз өнері дегенді әлі біл­мейсің, өйткені жассың. Біреу мақтады екен деп, көкірек керуші болма. Адамға талантты құдай береді, оны әрі қарай дамыту пенденің өзінің қолында. Толдым деген адам төгіледі, бол­дым деген адам шашылады. Осы­дан абай бол! Атаңның сара жолын қу, біз – ұстаздар әулетіміз, осы атаққа кір түсірме!” – дедің. Осы сөзің менің санамда мәңгілік жатталып қалды. Қайда жүрсем де, қандай қызметке барсам да, санамда “ұстаздар әулетінің абыройына кір келтірме” деген бір ауыз сөзің жаң­ғырып тұрады. Солай, әке: “Арманның асқарына құлаш ұрсам, алдымнан асқар тау боп сен тұрасың!”. Мен сол жолды қуып ұстаз бол­дым. “Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі” дегендей, менің ұстаздық өмі­рім, әке, сенің өміріңмен жалғасып жат­ты. Менің балаң қиялым атамдай, өзің­дей ұстаз болсам деген арманмен ұштасатын. Өйткені, мен ұстаздықтың қадір-қасиетін отбасынан сезініп өстім. Өзіңе қарап, ұлылық пен ұлықтық үрдістерін шебер үйлестіріп, бір ғана ұстаз бейнесінде тоғыстырған адам­дықтың биік үлгісін көретінмін. Өзіңе еліктеп, келешектің көшін түзеп, ел ықыласына бөленуді қаладым. Өйткені, “ұс­таздық етуден жалықпай”, алтын еңбектің ше­жі­ре­сін асыл сиямен жазып қалдырғаныңды бір мен ғана ұқ­қам жоқ... Солай, әке, бұған дейін атама арнап, әже­ме арнап, анама арнап толғау жазыппын. Осының бәрін байқай жүріп, қынқ демедің. Жақсылық соларға бұйырсын деген баяғы кеңпейіл, ізгі тілегің. Соңғы бір барғанымда, көзіңе терең мұң тұныпты. Бұл ненің мұңы түсінем: ең жақын адамдарыңнан айырылдың. Сонда да сыртқы көзге сыр бермедің. Салиқалы, салмақты, сабырлы қалпыңнан танбадың. Мен содан мынаны ұққан сияқтымын: “Қайғыны да көтере білетін қуат-күш, қажыр-қайрат керек екен-ау”. Солай, әке, мен сізден мөлдірлікті ұқтым. Кіршіксіз таза адамды тағдыр да сыйлайды екен. Сенен тараған бір бұлақ қазір бір-бір өзенге айналды. Тыңдаңызшы: “Бұл күнде мен де өзеннің арнасымын, кім мөлдір болса соның жолдасымын”. Қанға сіңген әдет пе, дабыраны, артық сөйлеуді ұната бермейсің. Кезінде пайғамбар жасына толғаныңды тойлауға зорға көндіріп ек. “Оның керегі не? Менің жұрттан артық ештеңем жоқ”. Басқа ештеңе айтпайсың. Біреуді ренжітіп, біреуге қатты айтқан кезіңізді көрген емеспіз. Тек қарапайым қоңыр күй кешкенді ұнатасың. “Жақсылық жерде қалмайды, иман отқа жан­байды” деген аталардан қалған мақал бар. Сол сияқты халыққа жасаған жақсылығың жерде қалмайды, әке. Сен бізге ұшарға қанат, шабарға талап бердің, өмірлік үлгі-өнеге болдың, көктемде бүр жарып шыққан қызғалдақ гүлдің қауызындай сұлулық сыйладың. Бұл – жан сұлулығы, бұл – мінез сұлулығы, бұл – өмірге деген құштарлық... Осыдан кейін менің бүгінгі жеткен биігім, әке, сенің қамқорыңсыз болды деп қалай айта алам. Шежіре кеудеңнің шуағына шомылған менің бұла күндерім – ғұмырымдағы ұмытылмас сәттерім. Ме­нің бала кездегі кекілді маңдайымнан сыйпай алмасаң да өзіңізбен тәңірдің мейірім шуағындай нұрта­рай­тын. Әрдайым өзіңізге арқа сүйеп, өмірлік тірлігімнің тау­сыл­мас кенін сізден табамын. Ата өнегесін бойға сіңір­ген қасиетіңмен өз ұяңнан түлеп ұшқан ұрпақ­тарың­ның қашанда амандығы мен абыройын тілеп отыра­сың. Құдайға шүкір, он шақты балаңнан 28 немере көріп отырсың. Алтынай атты шөберең бар. Жақында дү­ниеге келген тағы бір шөбереңе Ләйлә деп ана­мыз­дың атын қойдық. Туа бітті өнерге деген құштарлық маған әке қа­нынан дарымағанда қайдан келді дейсің. Шын­ды­ғында, мен сіздің ашылмаған немесе өзіңіз алау­ла­ту­ды қолай көрмеген тума дарыныңның туын­ды­сы­мын. Өйткені, атам өзіңді Абайдың дана сөзімен ауыз­дандырды. Ол даналықтың тумай кетуі мүмкін бе. Ендеше, менің бойымда өнер ұшқыны бар бол­са, ол сенен дарыған, әке. Сенің шексіз, қарапайым қоңыр күйің өзіңе сондай жарасады. Мен де сондай болуға тырысып бағып келемін. Ертең, міне, тағы да туған күнің. Алты мүшелді артқа тастап, 75 жастың асуын алып отырсың. Сол баяғы қарапайымдылығыңнан, ізгілігіңнен, ұстаздық қасиетіңнен өзгерген емессің. Көлікті әуе кассасына қарай бұрғыздым. Ертеңге ұшаққа билет алдым. “Қуансаң қуана бер, әкетайым, Мен сенің өміріңнің жалғасымын...” Иә, әке, мен сенің өміріңнің жалғасымын. Әкім ЫСҚАҚ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.