1943 жылғы 9 шілдеде 1180-танкерге қарсы жою артиллерия полкінің жауынгерлері Батыс майданының жалғыз жолын кесіп тастап, фашистерге Курскке апаратын жолды бұзып өтуге мүмкіндік бермеді. Өз өмірлерін сарп етіп, ержүрек жауынгерлер үш тәулік ішінде жаудың танк шабуылына тойтарыс берді. «Поныров қалашығына жауды жіберме» деген жауынгерлік бұйрықты абыроймен орындап, Курск маңындағы қарсылас соққысының негізгі бағытына қарсы тұрды.
«Тек бір күн ішінде ғана ержүрек жауынгерлер қарсыластың шабуылдарын қайта-қайта тойтарды және өз қорғаныс позициясын тайсалмай ұстады» дейді қазіргі Ресей Федерациясы Поныр ауданының басшысы В.С.Торубаров. Сол ержүрек жауынгерлердің қасында ерлікпен шайқасқан қазақстандық жауынгер, Кеңес Одағының батыры Амантай Дәулетбековтің Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерлігі – Отан алдындағы өз борышын орындаудың, Отанға шексіз беріліп қызмет етудің, әскери антқа адал болудың үлгісі.
Бабаларынан қанмен тараған рух пен тектілікті бойына жиып өскен Амантай Дәулетбековтің де нағыз лайықты батыр болғаны тарих парақтарында сайрап жатыр. Олай болса батырдың өмір жолы мен соғыстағы ерлікті істеріне тоқталып өтсек.
Амантай Дәулетбеков Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Түгіскен ауылының күн шығыс жағындағы «Ақкеңес» жерінде 1917 жылы 10 қарашада дүниеге келген. Балалық шағында жоқшылықтың тауқыметін тартып өскен оны өмірдің өзі ширатты. Ел басына төнген нәубет ашаршылықтан, одан қала берді зорлық-зомбылықтың зардабынан аймақ тұрғындарының оңтүстікке үдере көшкені өлке тарихынан белгілі. Сол өткен ғасырдың 20-30 жылдарында калың ел Бетпақтың шөлейті мен құмын басып 400-500 шақырым жерге қоныс аударады. Солардың арасында Амантайдың да отбасы болды. Жаңа жерге келгендер осы жерге тұрақтап, колхоз құрып ұжымдаса еңбек етті. Алайда маңдайға жазған тағдыр Амантайды ата-анадан ерте айырды. Үлкендерге ере отырып Талас ауданы Майтөбе ауылына көшіп барады.
Амантай ағамыз жетінші сыныпты бітірген бойда талаптанып Жамбыл зооветеринарлық техникумына түсіп, оны ойдағыдай аяқтап, Майтөбе ауылында жұмысшы зоотехник болып жұмыс істейді. Ауылда жүріп қоғамдық істерге араласып, кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметіне дейін көтеріледі.
1939 жылы балалық шақтан болашаққа қадам басқан, талдырмаш жас Амантай Қызыл әскер қатарына шақырылып, әскери қызметті Қиыр Шығыста бастайды. 2 жыл өтісімен Ұлы Отан соғысы басталып, ағамыздың әскери қызмет атқарып жатқан полкі елімізді қорғау үшін әскери-оқу жаттығу дайындығын шапшаң өткізіп, 1942 жылдың жаз айында Брянск майданына жіберіледі. Осы сәттен бастап Амантай ағамыз фашистермен шайқастарда өзінің қайсар мінезімен көзге түседі. Ол кезде жауынгер ағамыз 13-армияға қарасты танктерді бұзып жоятын 1180-полктің артиллериялық есеп командирі болатын.
Командир А. Дәулетбековтің жауға алғашқы шайқасы 1942 жылдың Орлов облысындағы байырғы орыс қаласы Ливнының оңтүстігінде басталады. Фашистер ол кезде Воронеж және Сталинград бағыттарында шабуылға шыққан еді. Жойқын соғыс нағыз осы жерде болған-тұғын. Ливны мен Касторной аудандарындағы шабуылға шыққан фашист әскерінің тегеуріні мықты болды. Осы аймақта жаз бойы кескілескен ұрыс болып, екі жақ та бір қадам ілгері баса алмады. Амантай осы қанқұйлы ұрыста ерлік көрсетіп, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Ал 1943 жылдың 25 қаңтарында тағы бір шайқаста көзсіз ерлік жасап, «Қызыл Жұлдыз» орденін кеудесіне тағады. Бұл батыр ағамыздың мерейін көтерген құрмет еді.
1943 жылдың жазы болатын, 6 шілдеде Орел мен Курск теміржолдары арасындағы Поныри қалашығы түбінде кескілескен ұрыс басталады. Фашист әскері бар күшін жинап, Курск иінінде тағы да бір күшті шайқасқа әзірленіп жатты. Бұл жаудың Мәскеу мен Сталинград түбіндегі жеңілістерден кейінгі үлкен үміт артқан тағы бір талпынысы еді. Өткен жеңілістерінен сабақ алған олар жаңа шабуылға жаңаша дайындықпен келді. Жаңа әскери құрамалармен қатар «Тигр» ауыр танктерін, өздігінен жүретін «Фердинант» зеңбіректерін осы ұрыста алғаш сынамаққа әкеле бастайды. Сондықтан жау соққы берер бағыттарда бекіністер жасалып, танк шабуылына қарсы тұрарлық күштерін күні бұрын шоғырландырды. Кеңес әскерлерінің үміт артқаны танкке қарсы ататын зеңбіректер болатын.
Поныров қаласының түбінде 13-армияның 307-дивизиясының полктары қорғаныста тұрды. Өлермен жаудың қарқыны бір толастамады. Қаншама танктері от құшағына оранғанымен оның орнына жаңалары келіп, өршелене алға ұмтылды. Осы сәтте Амантайдың тобы жау әскерінің қоршауында қалады. Қысылтаяң шақта зеңбірекшілер командирі қоршауды бұзып шығуға әрекет жасайды. Амантай зеңбірек жанына екі адамнан қалдырып, жауынгерлерді бастап танкілерге ілескен жаудың жаяу әскерлерімен қоян-қолтық ұрысқа шығады. Осы оқиғаны толығымен растайтын құжат мұрағатта сақталған. 1180-артиллерия полкінің командирі подполковник Мац қол қойған осы бір құжатта Амантай басқарған артиллериялық расчеттың жаумен шайқастағы ерлігі былайша баяндалды: «...ұрыс екі сағатқа созылды. Жау 13-інші рет шабуылға шықты, бар ойы өз жолына кедергі болып тұрған Дәулетбеков расчетін құрту болатын. Бірақ «Су-7» маркалы 10 танкі, жаудың бір ротадай жаяу әскері құртылды. Жау одан бетер ызаланып, батырдың зеңбірегін таптап кетпекші болды. Небәрі төрт-ақ адамы қалған зеңбірек пен оның расчетін құртуға жау 14 рет оқталды. Біздің жауынгерлердің снарядтары бітуге айналды. Танктер мен автоматшылар зеңбірекке 150 метрдей жақын келді. Жаудың дәл тиген снарядынан Дәулетбековтің зеңбірегі мүлдем істен шықты. Осындай қысылтаяң шақта Дәулетбеков табандылық танытты. Тірі қалған төрт жауынгер оның бұйрығы бойынша орындарынан тұрып, жаудың жаяу әскеріне қарсы ұмтылды. Оқтары әбден біткен жауынгерлер қоян-қолтық ұрысқа көшті. Осы жағдайдың өзінде Амантай төрт фашисті мұрттай ұшырды. Бірақ оның өзіне де оқ тиді...».
Командованиенің келтірген тағы бір жазбасындағы деректер бойынша аға сержант А.Дәулетбековтің зеңбірегі жаудың 29 танк, 13 өзі жүретін зеңбірегін істен шығарып, 150 жаяу әскер мен 40 автоматшыны жойған екен.
Әскери қолбасшылық 1943 жылдың 9 шілдесінде жаумен арыстанша алысып ерлікпен қаза тапқан батырдың ерлігін лайықты бағалады. КСРО Жоғары Кеңесі Президиумінің 1943 жылдың 24 желтоқсанындағы Жарлығы бойынша Амантай Дәулетбековке «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілді. Ерлігі үшін бағаланған үлкен наградамен бірге «Ленин ордені» және «Алтын жұлдыз» қоса беріледі.
1943 жылдың 9 шілдесінде Курск доғасында ерліктің өшпес үлгісін көрсеткен Амантай Ресейдің Курск облысының Поныри кентінде бауырластар зиратында жерленді. Поныров ауданының басшысы В.С.Торубаровтың Жамбыл облысы әкіміне жолдаған хатында федералдық маңызы бар «Батыр-Саперларға» ескерткішінде батырдың есімі жазылғанын және «Курск доғасының солтүстік бөлігінің Батырларына» қойылған мемориалдық кешенінде батырдың жеке суреті салынған мәрмәр тас қойылғанын, өзі жерленген бауырластар зиратының жанындағы ауылға көше аты берілгенін жазған еді.
Соғыс жылдары әскери комиссар болған, майдангер Махмұд Шоқалақов: «Амантай менің құрдасым, досым еді. Жастық шағымыз бірге өтті. Ол Дон, Еділ (Волга) бойында болған қанды шайқастарға қатысты. Еділ жағалауына жеткен жауды бері өткізбеу үшін жан алып, жан беріп шайқасты. Зеңбірегінен оқ жаудыртып, жер тарпып ұмтылған жау танкілерін бірінен соң бірін жайратып салды. Жаяу әскерлерін жер жастандырды. Ол үлкен ашу, кекпен соғысты. Өйткені Еділдің бергі жағында өзінің сүйікті Отаны – Қазақстан таяқ тастам жерде жатқан. Қасиетті қазақ жерін жауға бастыру өр намысты, өжет жігіт үшін өліммен тең еді. Сол үшін ол жанын да, қанын да аямай соғысты. Ақырында екпіндеп келген жаудың сағын сындырып, келген жағына қарай тырқырата қуды» деген екен.
Бүгінде өмірінің аз жылын өткізген Талас ауданы, Майтөбе ауылындағы А.Дәулетбеков атындағы орта мектептің алдында бюсті орнатылған. Батырдың есімімен Майтөбе ауылындағы мектептің аты және бір көше аталады. Бұл – батырдың өшпес ерлігіне деген үлкен құрметтің айғағы.
Фашизмге қарсы соғыста ерлік пен қаһармандықтың үлгісін көрсеткен қаншама боздақтар мен жауынгерлердің есімдерін жас ұрпаққа насихаттау, жүйелеу, зерделеу мақсатында «Парыз» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, жамбылдық Әлі Бекқұлы Әліұлы ағамыз соғыс уақытындағы деректерді жинауда және қазақ елінің батыр баласы Амантай Дәулетбеков туралы мәліметтер іздеуде үлкен қызмет атқарып келеді. Ол кісі де Ресей жеріндегі әскери даңқ жері Поныров ауданындағы жауынгерлердің зираттарына барып қайтты.
Сонымен қатар 2018 жылғы 12 маусымда Поныров ауданының басшысы В.С.Торубаровтың Курск шайқасы Жеңісінің 75 жылдығына арналған мерекелік іс-шараға қатысуға шақыруымен, Амантай ағамыздың әкесі Дәулетбекпен бірге туған Әбіштің немересі Оңал Тоққұлықызы Әбішева бауырластар зиратында ерлікпен қаза тапқан батыр атасы Амантай Дәулетбековтің жатқан жеріне елден бір уыс топырақ апарып, туған-туысқандарының аманатын орындады.
Өкінішке қарай Амантай Дәулетбекұлы отбасын құра алмады. Бірақ туған-туыстарынан тараған немере-шөберелері бүгінде бақытты ғұмыр кешуде. Амантайдың шежіресіне тоқталсақ, ұлтымызға талай мықтыларды сыйлаған Жағалбайлы тармағынан Келеші-Айтұлы Бейсембай-Тоқтамқұтты Мұрат-Тұңғат-Иман тарайды. Иманнан төрт ұл: Әбіш, Түбек, Дәулетбек, Мұстафа. Дәулетбектен Амантай өрбіген.
Майданда көзсіз ерлік көрсетіп, Отан, Туған жер үшін жауды жермен-жексен қылған боздақтар мен ардагерлерге қарыздармыз. Олардың өмір жолдары мен өшпес ерліктері біздің жүрегімізде мәңгі сақталады.
Роза БИСЕНОВА,
тыл ардагері