Оңтайлысы да осы. Талап биігінен табылатын төте жол қайсы? Бұл ең алдымен, шипажайлардың шипасын арттыру. Бурабай баурайындағы «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешенінде осы мәселенің мән-жайын терең қамтыған «Шипажай-2019» ІV халықаралық ғылыми-тәжірибелік форумы өтті. Ең алдымен Бурабай курортты аймағын дамыту жолдарын іздестіруді көздеген форум жұмысына Президент Іс басқарушысының орынбасары Қанат Шөкенов, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, Венгрияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Андраш Барани, Президент Іс басқармасы Медициналық орталығының басшысы Алексей Цой, сондай-ақ Ресей, Грузия, Швейцария, Литва, Чехия, Венгрия мемлекеттерінен делегаттар қатысып, медициналық туризмді дамыту жөнінде пікір алмасты.
Қазақстанның, сондай-ақ бірнеше шет мемлекеттердің медициналық оңалту, кардиология, урология, онкология, гинекология, курортология, физиотерапия, емдік дене шынықтыру салаларының жетекші мамандары бас қосты. Көп болып кеңескен істің нәтижелі де болары белгілі. Алдағы уақытта атқарылуға тиіс жұмыс ауқымы пысықталды.
Санаториялық-курорттық ұйымдардың негізгі қызмет бағыты – халықтың денсаулығын қорғау, аурудың алдын алу. Курортология саласындағы зейінді зерттеулер осы саланың денсаулық сақтау жүйесінде айрықша маңызға ие екенін әлдеқашан дәлелдеген. Форумда сөз алған Президент Іс басқарушысының орынбасары Қанат Шөкенов Президент Іс басқармасы Медициналық орталығының емдеу-сауықтыру кешендер жүйесіне 743 орынға шақталған шипажай кіретінін айтып өтті. Бұл шипажайларда жыл сайын 20 мыңға таяу адам ем қабылдайды. Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев өңірдегі табиғи мүмкіндіктерді ілкімді пайдалана отырып, аурудың алдын алудың қаншалықты маңызды екенін таратып айтып берді. Щучье-Бурабай курортты аймағында бір мезгілде 3 мың адамға қызмет көрсете алатын 15 шипажай жұмыс істейді. Бұл еліміздегі барлық шипажайлардың 9 пайызы. Аурудың алдын алуға таза ауа, мөлдір су, тамылжыған табиғат септігін тигізіп-ақ тұр. Шипажайлар негізінен тыныс алу, жүрек, қан тамырлары, ас қорыту, тірек-қимыл органдары сырқаттарын емдеумен айналысады. Қазір замандастарымыз табиғат тартуын жете түсінуде. 2016 жылы Бурабай баурайындағы шипажайлардың шипасын көруге 25 мыңға жуық адам келсе, 2017 жылы 28500 адам емделген. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш 30 мың адамға жеткен. Облыс әкімі осындай деректерді айта келе, келесі жылы мұндай форумды Зеренді курортты аймағында да өткізу туралы ұсынысын айтты.
Форум жұмысына қатысқан делегаттар – Венгрияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Андраш Барани, Президент Іс басқармасы Медициналық орталығының басшысы Алексей Цой, сондай-ақ Switzerland Tourism компаниясының дамушы нарықтар және арнайы жобалар жөніндегі директоры Федерико Маруго мен «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» АҚ төрағасының орынбасары Қайрат Сәдуақасов медициналық туризмді дамыту жөнінде кеңінен әңгімелеп берсе, «Астана» медициналық университетінің ректоры Дайнюс Павалькис, Венгриядан келген дәрігер-курортолог Ирина Некрасова медицина мамандарын даярлау, Венгрияның шипажайлары туралы баяндамалар жасады. Ал форумның пленарлық отырысында делегаттар білікті ғалымдардың ой-пікірлерін тыңдады.
Форум аясында «Санаторий-курорттық істегі медициналық оңалтудың әлеуеті. Мәселелер және шешу жолдары», «Медициналық оңалтудың болашағы бар ма?», «Курорттық істегі экономика және менеджмент» атты тақырыптарда конференциялар өткізіліп, курортты аймаққа ақпараттық тур, «Оқжетпес» шипажайына саяхат ұйымдастырылды.
Президент Іс басқармасының Медициналық орталығы ұйымдастырған «Шипажай-2019» IV халықаралық ғылыми-тәжірибелік форумы барысында аталған басқарманың медициналық орталығы мен «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылып, қатысушыларға сертификаттар табыс етілді.
Ақмола облысы,
Бурабай ауданы