Алғашқы ұлттық суретшілер Әбілхан Қастеев, Қожахмет және Құлахмет Қожықовтардың жұмыстарында қазақ даласының жартылай көшпелі өмірден ажырап, жаңа өнеркәсіптік келбет алған жаңа дәуірінің тынысы боямасыз суреттелді. Қазақстанға келген И.Бальхозин, Б.Урманче, Н.Ягодкин, А.Риттих, Р.Великанова, П.Зальцман және тағы да басқа суретшілер атқарған кәсіби бейнелеу жүйелерінің ақпаратын таратушылық қызметтері портреттер мен пейзаждық көріністердің қайнаған шеберханасы болды деп айта аламыз. КСРО-ның үздік институттарында кәсіби білім алған бір топ талантты суретшілер шығармашылық қызметтерін өз елдерінде жалғастырды, соның ішінде бірқатар туындыгерлер акварельдік кескіндемеге де айрықша ден қойды.
«Қазақстан акварелі: Кеше және бүгін» көрмесі бүгінгі күн тұрғысынан акварель жауһарларын көріп, аңғарып-ұғынуға қолға түсе бермейтін мүмкіндік туғызып отыр. Республика өнерінің қалыптасуының әр түрлі кезеңдеріндегі суретшілердің шығармашылығындағы ерекшеліктер бізге жақсырақ сезіледі. Қазақстан кескіндемешілерінің шығармашылығында натюрморт ешқашан да басты жанр болып есептелмегенін ескерген жөн, алайда О.Коломыцева, Л.Кузнецова, Г.Мәдибиева және тағы басқалардың тұнық табиғаттың есте қалар сәттерін сипаттайтын композициялары академиялық өнердің стильдік және образдық-пластикалық ерекшеліктерін сақтаған ерекше кескіндемелік тақырып ретінде қабылданады», – дейді өнертанушы Светлана Көбжанова.
Көрмеде өңіріміздегі осынау дегдар өнердің қарқын алуына серпін берген Е.Сидоркин, А.Ғалымбаева, Ү.Әжиев сынды шеберлердің акварельдік жұмыстары өзіне бірден баурап алады. Ең бастысы, шығармашылықтары мен темпераменттері әртүрлі суретшілердің күрделі әрі көп қырлы техникада орындаған шығармалары әр дарынның өзіне ғана тән қайталанбас қолтаңбасын әйгілеп тұр. Қазақ даласының сұлулығы, көз тұндырар тұмса табиғаттың сан алуандығы мен ауқымы түрлі буын суретшілерінің кенебіндегі басты тақырыпқа айналған. Туындылары көрмеге қойылған суретшілердің әрқайсысы дара кескіндемелік-пластикалық образ жасап, қоршаған әлемді ұғыну мен зерттеудің өзіндік тәсілдерін тап басқан.
АЛМАТЫ