Сонымен, форумның алғашқы күні алыс және жақын шетелдерден келген медиа-сарапшылардың 7 бірдей шеберлік дәрісіне арналды. Шеберлік дәріс дегеннен гөрі, журналистік пікір алмасу, ой бөлісуге көбірек ұқсайтын әріптестердің басқосуында әркім өзіне керек тақырыпты тапты.
Қысқасы, Еуразиялық медиа форум аясында өтіп жатқан шеберлік сабақтары ақпарат таратудың тың тәсілдерін қамтыған. Мәселен, «Экологиялық журналистика» тақырыбында ой өрбіткен ұлыбританиялық маман Нелсон Грейвс қоршаған орта мен жануарлар дүниесін қорғау мәселесінің маңызды қырларына тоқталды. Бүгінде экология тақырыбы әлемдік басылымдардың бірінші бетінен орын алатын өзекті сала. Жалпы экология мәселесін көтеруде ең алдымен не маңызды? Журналистер аса күрделі ақпаратты оқырманға барынша түсінікті тілмен қалай жеткізе алады? Бұл үшін қандай дерек көздері пайдалы? Егжей-тегжейлі репортаж жасау үшін оларды қалай пайдаланған жөн? Тәжірибелі маман осы тақілеттес көптеген маңызды сауалдың жауабын табудың оңтайлы тұстарын саралап берді. Грейвстың сөзінше, бұл тақырыпта қозғағанда ең алдымен ғылыми негізге сүйене отырып, ақпараттар қорын жан-жақты қорытып барып іске асыру қажет. Бұл ретте тәуелсіз сарапшылардың пікіріне жүгіну ақиқаттан алшақтамаудың айқын жолы. Ғаламдық климаттың өзгеруі, саяси ықпалға түсіп кетпеу жайына аса нәзік қараған жөн. «Әлем осындай қақтығыстармен тап келгісі келмесе, экономикасын өзгертуі керек. Яғни, әрбір бастаманың экологиялық тиімді тұстарына, оңтайлы тәсіліне қарай бетбұрыс жасағаны абзал. Айталық, мен тұратын Францияда автокөліктер Dzл отынын тұтынады. Бұқара халық бұған наразы. Франция үшін бұл аса шиеленісті мәселенің бірі деп айта аламыз. Мұның салдары ауаның ластануына әкелуде. Айтпағым, ғылым мен журналистиканы жақындастыру, өзара сабақтастыру керек. Бастысы, нақты дәйекке жүгіну, көңіл-күй ауанына бой алдырудың қажеті жоқ» дейді сарапшы.
Ұзын саны 60 мемлекеттен келген медиа әріптестеріміз үшін тәжірибе алмасудың тұрақты алаңына айналған жүздесуде ресейлік танымал продюсер Сергей Бодров «Кинодағы продюсерлік өнер» тақырыбында шеберлік сабақ өткізді. Өзінің алғашқы жұмысын Қазақстанда бастағанын тілге тиек еткен «Оскар» сыйлығының екі дүркін номинанты адамзат мүддесін біріктіретін туындылар түсіруде озық мамандардың бас біріктіргені абзал деп есептейді.
«Ескі қалыптасқан жүйеде бар шығынды мемлекет көтеретін. Осының нәтижесінде әлем мойындаған талай таланттар қанат қақты. Яғни, мамандар таза өнермен шұғылданып, материалдық қажеттіліктерге бас қатырған жоқ. Қазір бәрі мүлде басқа арнаға бұрылды. Өзіңді өзің қаржыландыратын заман. Өндіріс, қаржы, өніміңді насихаттау жұмыстары бір-бірімен жымдасып жатқан үлкен еңбек. Продюсер осының бәрін меңгергені дұрыс. Жан-тәніңмен тер төгіп, жолда кездескен кедергілерді көктеп өткенде ғана нағыз іргелі дүние жасай аласың. Үйренуге еш уақытта кеш емес. Әр адамнан бір жақсы үлгі аласың», – дейді.
Продюсер бүгінде бір ғана Қытайда 60 мың кинотеатр бар екенін, кино өндірісінде АҚШ пен Қытай арасындағы қызу бәсекелестікті мысал ретінде келтіріп, олардың еңсерген жетістіктеріне тоқталды.
«Көптеген ойшыл баланың талант қуаты 4 жасқа дейін қалыптасатынын айтады. Бұған менің де анық көзім жетті және осыны кинода көрсетуге тырыстым. Қазақстандық мамандардан Тимур Бекмамбетовты жоғары бағалаймын» деді Сергей Бодров.
Ал «Виртуалдық ақиқатты қалыптастыру» тақырыбында өткен дәрістің тізгінін «Әл-Жазира» телекомпаниясының құрамындағы «Contrast» агенттігінің жетекшісі Захра Расул қолына алды. «Экологиялық яки климаттық мәселелерге қоғам назарын аудару үшін VR тәсілдерін қолдансақ, көп нәрседен ұтар едік» деген әріптесіміз 360 градуста бейнематериалдар жасайтын құрылғылардың көмегімен аудитория тартудың заманауи әдістерімен бөлісті.
«Партизандық журналистикаға» арналған шеберлік дәрісі ұтқыр (мобильдік) журналистикаға қысқаша кіріспе іспеттес болды. Онда смартфонның көмегімен бейнерепортаж түсіру, редакциялау мен оны жариялау жағы сөз болды. Ұтқыр журналистика қақындағы дәрісті австралиялық медиа пәндер оқытушысы, колумнист, продюсер Иво Бурум жүргізді.
Қарап отырсақ, қазіргі таңда әр буынның өз талғамы мен үрдісі бар. Көзқарастары да сәйкес келе бермейді. Мұны телевизия мен цифрлық медиа үшін контент өндірушілер әрдайым қаперінде ұстауы тиіс. Қандай да бір телебағдарлама, бейнебағдарламалар мен айдарларды кім үшін жасаймыз? Енді қандай құндылықтар жөнінде сөз қозғауымыз керек? Қандай құралдар пайдаланамыз? Әртүрлі буынның пікірлер қарама-қайшылығын үйлестіре аламыз ба? Осы сауалдарға танымал журналист, Ресейдегі Бірінші арна мектебінің негізін қалаған әрі жетекшісі Елена Афанасьева әріптестерімізбен бірігіп жауап іздеді. Орайы келіп тұрғанда, «ТВ және Digital-медиа аудиториясының жас ерекшелігі» тақырыбында шеберлік дәрісін өткізген Елена Афанасьеваның «ТВ-ға қалай келуге болады?» бестселлерінің авторы екендігін айта кету керек.
Сол сияқты «Фрилансер болу керек пе, жоқ па?» тақырыбында өткен Ұлыбританияның тәуелсіз журналисі Дженни Климанның да дәрісі өзіндік өзектілікке ие болатын.
Қорыта айтқанда, Форумның алғашқы күніндегі маңызды шара – «Орталық Азиядағы аймақтық интеграция» тақырыбында өткен дөңгелек үстел болды. Дөңгелек үстел айналасындағы диалогта АҚШ, Ресей, Қытай, БАӘ, Түрікменстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қазақстан саясаткерлері сөз алды.
АЛМАТЫ