Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен Үкімет отырысы болып өтті. Онда Үкімет басшысы Алматы облысындағы су тасқынынан зардап шеккен ауылдарға арналып ашылған қорға жедел түрде облыс әкімдеріне 50 млн. теңгеден, ал ұлттық компаниялар есебінен жалпы сомасы 500 млн. теңге аударуды тапсырды. Сондай-ақ отырыста Үкіметтегі кадрлық орын ауысулар жөнінде хабарланып, еліміздің білім саласында жеткен жетістіктері жайында баяндама тыңдалды.
Үкімет отырысы барысында Алматы облысына Үкімет тарапынан бөлінген 474 млн. 600 мың теңге толық аударылып, қалған қаражат енді аударылатындығы белгілі болды. Естеріңізде болса, дүйсенбіде К.Мәсімов Үкімет қорынан 599 млн. 838 мың теңге көлемінде қаражат бөлуді тапсырған болатын. Оның ішінде 499 млн. 838 мың теңге Қызылағаш және Егінсу ауылдарының тұрғындарына материалдық көмек ретінде, су құбырларын жөндеуге және үйлерді жөндеуге берілсе, 100 млн. теңге жаңа үйлер салуға бөлінетін болады. “Мен таңертең облыс әкімдерімен сөйлестім. Дәл бүгін алғашқы көмек ретінде ақша жинап, жинақталған соманы ертеңге қалдырмай зардап шеккен ауылдарға аударатын болыңыздар”, деген Премьер-Министр бұл жұмысты “Самұрық-Қазына” ҰӘҚ” АҚ басқарма төрағасы Қайрат Келімбетовке тез арада қолға алуды тапсырды.
Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокин Қызылағаш елді мекені 228 гектар аумақта орналасқандығын, ондағы 470 пәтерде 2 мың 240 адам тұратындығын атап айтты. Абай көшесіндегі екі пәтерлі, панельді 6 үйді күрделі жөндеуден өткізу керек, бұл 12 пәтер сейсмикалық жағдайға жарамсыз күйде. 13 тұрғын үй нақты тексерістен өткізілуге жатады. Қалған 467 үй толықтай бұзылатын болады. Ал 8 қоғамдық ғимаратқа күрделі жөндеу жасалынуы керек, деді ол. С. Нокиннің айтуынша, бүгінде бұл жұмыстарға құрылыс жобасымен айналысатын 47 ұйым тартылған, сондай-ақ бүгінгі күні аумақты тазарту жұмыстары жүргізілуде. Агенттік төрағасының хабарлағанындай, Алматы облысындағы 3 елді мекен, Егінсу, Ақтоғай және Алажиде стансасында суға кеткен үйлер бар көрінеді. Егінсуда – 111, Ақтоғайда – 102, Алажидеде 77 тұрғын үй су басқан жағдайда тұр, олардың 31-і бұзылған.
Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко өз кезегінде жылы жауындар және температураның көтерілуі барлық су қоймаларындағы жағдайды апатты күйге түсіруде екендігін айтты. Оның айтуынша, қазір Шығыс Қазақстандағы жағдай да қауіп тудыруда. Кейбір аймақтарда 6 жылдық жауын-шашын нормасы түсуінен өзендердегі су 1 метрден жоғары қатып қалған. Сондықтан жағалауды бекітумен, қарды тазалау, сондай-ақ жолдағы жағдайларға байланысты жұмыстар жүргізілмек.
Премьер-Министр Кәрім Мәсімов күн жылынуына байланысты жаңа тұрғын үйлер салуды жылдамдатуды тапсырды. Әкімдіктермен хабарласып, құрылысшылардың жеткілікті екендігін, цементтің жетіспей жатқандығын айтты. Сондай-ақ қауіп төндіретін бөгеттерге қарауылдар қойылуын нықтап тапсырды. Ал Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокин су тасқыны шайып кеткен үйлерді қайтадан тұрғызу жұмыстарын жазғы уақыт ішінде толық бітіруге уәде берді.
Үкімет отырысы соңында Ұлттық қор қаржысын қалыптастыру және оны пайдалану тұжырымдамасы мен Қазақстанның Болон үдерісіне қосылуы талқыланды. Бұл туралы Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова мен Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев таныстырды. Еліміздің Еуропа жоғары білім кеңістігіне 46 елдің бір ауыздан келісімімен 47-ші ел болып енгендігін атап айтқан Ж.Түймебаев ендігі жерде ел мамандары Еуропада да мойындалатынын жеткізді.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.