• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 28 Мамыр, 2019

Қазақстанда 821 колледж жұмыс істейді

875 рет
көрсетілді

Премьер-Министр А. Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында техникалық және кәсіптік білім беруді одан әрі дамыту мәселелері қаралды. Бұл туралы Премьер-Министрдің баспасөз қызметі хабарлады.

Техникалық және кәсіптік білім жүйесін дамыту перспективалары туралы баяндай отырып, білім және ғылым министрі К. Шәмшидинова «Баршаға арналған тегін ТжКБ» жобасы шеңберінде 199 мың адам оқитынын жеткізді. Соңғы 3 жылда 3,7 млрд теңгеге құрал-жабдықтар сатып алынды. Мемлекеттік колледждердің 71%-ы техникалық бейіндегі мамандарды даярлауды жүзеге асырады. Қазақстанда 821 колледж жұмыс істейді. Мемлекеттік колледждердің 71% техникалық бейіндегі мамандарды, ал жеке колледждердің 67%-ы гуманитарлық-экономикалық бейіндегі мамандарды даярлайды.

Сонымен қатар, еңбек нарығын біліктілігі жоғары кадрлармен қамтамасыз ету бойынша тиімді нәтижелерге қол жеткізу үшін колледждерді сенімді басқаруға беруді жүзеге асыру көзделген. Қазірдің өзінде экономиканың түрлі секторларындағы 150 өндірістік көшбасшы бұл процеске қатысуға ынта білдірді.

«Жұмыс берушілерді кадрлар даярлау процесіне тарту үшін бизнес үшін несие және салық мәселелерін жеңілдету арқылы жағдайлар тудыру қажет, сонымен қатар мамандарды еңбек нарығының шынайы қажеттіліктеріне сай даярлау керек», - деді К. Шәмшидинова.

Еңбек және  халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Сапарбаев қазіргі кәсіптік стандарттардың әзірленуі туралы баяндады. Оның айтуынша, 2025 жылға қарай еңбек нарығында айрықша өзгерістер болады, оның ішінде біліктілік талаптары артады.

«Алдын-ала болжам бойынша кадрларға қосымша қажеттілік 573 мыңнан астам адамды құрайды, орта және жоғары білікті жұмыс орындары санының артуы күтіледі», - деді Б. Сапарбаев. 2019 жылдың соңына дейін еңбек нарығында кадрларға қажеттілік болжамын шешу үшін Еңбек ресурстарын ұлттық болжамдау жүйесі құрылатын болады, онда экономика үшін қажет кадрларға сұраныс қалыптастырылады.

Еңбек ресурстарының біліктілігінің еңбек нарығындағы қажеттіліктерге сәйкестігін қамтамасыз ететін Ұлттық біліктілік жүйесін дамыту аясында 106 кәсіптік стандарт әзірленді, оларда жұмыс берушілердің жұмыскерлердің біліміне, дағдылары мен құзыретіне қоятын талаптары көрсетілген. Ағымдағы жылы 12 басым сала бойынша 480 кәсіптік стандарт пен 38 салалық шеңберді әзірлеу және бекіту жоспарланып отыр.

Бұдан өзге, біліктілік жүйесін одан әрі дамыту үшін Министрлік халықаралық сарапшыларды тарта отырып, Ұлттық біліктілік жүйесін дамыту жөніндегі 2025 жылға дейінгі жол картасын әзірлеуде, ол екінші жартыжылдықта қабылданады.

Өз кезегінде, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы О. Ордабаев ТжКБ дамыту аясында еңбекке орналастыру процесін жетілдіру бойынша ұсынылатын тәсілдер туралы айтып берді. Бағдарламаның іске асырылуы және бұдан кейінгі жоспарлар туралы Атырау облысының әкімі Н. Ноғаев, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі - Қ. Аксақалов баяндады.

Отырыста сонымен қатар бизнес және жоғарғы оқу орындарының өкілдері - «АгроДаму» ЖШС басшысы Р. Букеев, А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің ректоры А. Дощанова баяндады.

Премьер-Министрдің Орынбасары Г. Әбдіқалықова техникалық және кәсіптік білімді дамыту үшін бірнеше бағытты қолдану қажеттігін атап өтті, оның ішінде  дуальды оқытуды дамыту және колледждерді басқару жүйесін жетілдіру бар. Қазіргі талаптарға сәйкес колледждердің материалдық-техникалық базасын жақсарту қажет. Сонымен қатар, ТжКБ дамытуға бизнесті тарту мәселесін пысықтау керек.