–Маңдайлы Өзенбайқызы, «Егемендегі» жылдар сізге несімен қымбат?
– «Егеменде» еңбек еткен тоғыз жыл менің өмірімнің дәуірге татитын дәурені дер едім. Еліміз азаттық алып, тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің іргетасы қаланып жатқан, бардан жоқ көп, достан сыншы көп, көңіл жұбатар үміттен сығырайып аңдып тұрған қатер көп сол бір алмағайып заманда Қазақстанымыздың табанына кірген шөңге маңдайымызға кірсін деп, қаламымызды қайратымызға жанып жұмыс істедік. Жалақысын айлап алмай ашынған, жұмыссыздықтан, ертеңгі күннің беймәлімдігінен торыққан, ашқұрсақтықтан ашушаң, тіпті «мұндай бостандығыңнан қарным тоқ, уайымым жоқ бодандығым жақсы еді ғой» деп өрекпіген жұртпен бетпе-бет келіп, жоқтың жыртығын жамап, тігісін жатқыза, кейде билік үшін жауап беретінбіз, ашу айтқанға басу айтып, қалам ұшынан үміт сәулесін жылтыратудан таймайтынбыз. Біз өзімізді қайраткер сезінетінбіз, кейбір өңірде әкімін танымайтын халық «Егеменнің» тілшісін танитын. 1994 жылдың желтоқсанында Елбасының Алматыдағы жұмыс кабинетінде газеттің 75 жылдығына орай «Егеменнің» журналистерін қабылдап, елдегі сол кездегі ахуал мен алдағы жоспарлар туралы емін-еркін әңгіме сабақтай келе, «халықтың ортасында жүрген сіздердің ақпараттық қызметтеріңіздің сапасына, біліктіліктеріңізге көп нәрсе байланысты. Жергілікті жерлерде жұрт бірінші кезекте облыс, аудан, қала әкімдерін, екіншіден, «Егеменнің» тілшілерін жүзбе-жүз тануы тиіс» деп міндеттегені біздің жауапкершілігімізді сол деңгейге көтеруімізге қамшы болды. Сол жауапкершілікті сезіну біздің қай-қайсымыздың жазатын тақырыбымыздың мазмұнын жаңартып, аясын кеңейтіп, кәсіби біліктілігімізді заманауи талаптарға сай ұштауға ынталандырды. «Егеменде» еңбек ете жүріп елді, Алаштың азаматтарын таныдық, өзіміз де оқырман іздейтіндей журналист қатарына қосылдық.
– Әдетте шынының ар жағындағы мінсіз әлем дәл сол қалпында боямасыз қабылданатындай, кісінің рухани әлемі де сырттан құрғақ сөз құрастырып айтуға көнбейді, ол жүрек кілтін таба білген кісіге тау суындай кіршіксіз сыңғырлап қоя береді деп жатамыз. Ал өзіңіз қазіргі адамдардың бойынан қандай қасиеттерді көбірек көргіңіз келеді?
– Бұрынғы адамдардың тілімен айтқанда, кісілікті көргім келеді. Меніңше, бұл – мінезден де кең ұғымды білдіретін, адамның болмысын айқындайтын философиялық ұғым. Баяғыдағы ата-бабаларымыздың «Адам болар баланың кісіменен ісі бар, адам болмас баланың кісіменен не ісі бар?..» деуі жайдан-жай айтыла салмаса керек-ау. Яғни адамды тану, бағалап, бауыр тұту, қадірлей білудің өзі кісілік қасиетке жатады. Біздің замандастарымыздың да, қоғамның да бойында осы кісілік келбет кемімесе екен деймін.
– Өзіңізді қазір не толғандырады? Не жазып жүрсіз?
– Қазіргі қазақ қоғамының дамуында толғандыратын жайлар жеткілікті, оның әрқайсысына тоқталып отырсақ әңгіме ұзаққа кетеді. Бір сөзбен айтқанда, барлық өзім құралпы замандастарым сияқты тілеуіміз – елдігіміз, іргеміздің бүтіндігі, бірлігіміздің беріктігі, болашағымыздың баяндылығы. Қазақ халқының болашағы жарқындығына, әлемдік өркениет көшінен өзінің лайықты орнын алатынына сенімім кәміл.
Не жазып жүрмін дегенге келсек, балалықпен өлең жазғаным болмаса, есейе келе журналистикаға басы бүтін ден қойған адаммын. Ақын-жазушылықты, кітап шығаруды мұрат тұтпадым.
Журналистік қызметтен кеткеніме де үш жылға таяп барады, азын-шоғын ойларымды әлеуметтік желіде жариялап, жұртшылықпен бөлісіп отырамын.
– Өңірдің тарихи, археологиялық ескерткіштері мен даланың, табиғаттың ғажайып нақышы туралы әлеуметтік желіде жарияланған жазбаларыңызды оқыған сәтте әзелгі бабаларымыздың алтын сандығының аузы ашылғандай керемет шуаққа кенеліп, көз алдымыздан небір көркем бейнелер көлбеп шыға келеді. Өмірді шүбәсіз сипаттайтын мұншама бояу қорын қайдан табасыз?
– Мен ата-әжелері саяси қуғын-сүргіннен жан сауғалап, атамекеннен үдере көшіп, Хорезмнің ойынан пана тапқан, Әмудің жағасында өмірге келген ұрпақтың өкілімін. Құйттайымыздан үлкендерден Маңғыстаудың ойы мен қырын ен жайлаған елдің бұрынғы күні, батырлары мен ақындары, байлары мен сақилары туралы арманды әңгімелер, түнді таңға асыра жырлайтын жыршылардан дастан-қиссалар тыңдап өстік. Олардың қаны мен жанындағы сыздаған сағыныш сезімдерін титімдей жүрегімізбен ұғынып, бөлістік. Есейе келе Маңғыстауға қарап боздайтын аруана күйге маталып, ақыры балалығымыз өткен жер жаннаты – Жетісайды тастап, жастығымыз өткен ару Алматыға қарайламастан Ақтаудан бір-ақ шықтық. Бірақ менің Маңғыстау тарихы мен өнері, мәдениеті, табиғаты, тағысын тағылар туралы білетінім оның топырағында жаралған төл перзенттеріне қарағанда тым аз, тіпті мардымсыз. Жазғандарым әлдеқалай сәтті шығып, көпшілікке ұнап жатса, ол интуитивтік сезімнің, яғни ішкі түйсіктің тұнбасы, ата-ана арқылы бойға сіңген сағыныш пен шер-шеменнің сығындысы деп білерсіз. Бұл – біріншіден.
Екіншіден, Маңғыстау тақырыбына қалам тартқанда оқырманың да, сыншың да көбейеді... Әбіш ағадан бастап, не жазғаныңды, қалай жазғаныңды сырттай қадағалап отыратын мықтылардың көптігін іштей түйсінетінсің. Сосын намысқа тырысасың, барыңды саласың, таңғалдыра алмасаң да «мұнысы несі?» дегізіп ұятқа қалмасыңды ойлайсың.
– Бір әулеттен қос бірдей тұлға шығу – ата-ана үшін зор бақыт қой. Мысалы, белгілі айтыс ақыны, термеші, жыршы Мэлс Қосымбайға иісі қазақтың құрметі шексіз. Бұл құнарлы тамырдан дарыған қасиет пе, әлде тәрбиеден бе?
– Мэлстің қазіргі заманғы айтыс өнерінің бастауында өз орны бар тұлға екеніне сөзім жоқ. Ал мен көптеген замандасым сияқты қазақ журналистикасының қай жерге салса сол орында адал еңбек еткен қаламгерлерінің бірімін. Жоғарыда айтып өткенімдей таза қазақы, қарапайым отбасында тәрбиеленіп, өстік. Қанмен келетін қасиет болса өзімізден, нағашы жұрттарымыз жағынан таратқанда да арғы аталарымызда батырлық та, билік те, дегдарлық пен діндарлық та болған деседі. Өз көзімізбен көріп, үлгі тұтқанымыз – әкем Өзенбай кішкентай күнімізде сіңлім екеумізді кезек-кезек мойнына отырғызып алып, күнде кешкісін ән салып отыратын. Бұл туралы кезінде «Егемен Қазақстанда» «Әкем салған әндер-ай» деген мақалам жарияланып, соны оқыған марқұм Зәуреш Есбергенова апамыздың арнайы іздеп келгені бар... Шешем Қырмызы әкесі, төрт ағасы білімді молда болған, шариғаттан да, қазақы аңыз-әңгімелерден де хабары молдығына қоса майын тамызып әңгіме айта білетін адам еді. Бір қызығында бапамның баласы болып өскен мен анамның әңгімесіне көп мән бермей, кітаби сөздің соңына түсіп кеттім де, Мэлс қана әжесінің әңгімелері жұрнағын алып қалды... Әкемнің інісі Ази ағам қолы сәл босаса, домбырасын алып, адайдың ілме күйлерін сылқыта тартып, не баяулатып Маңғыстау жыр-терме, толғауларының мақамын айтып, үйді әсем сазға толтырушы еді. Мэлс титтей күнінен тәтесінің домбырасы құлағын тістеп, әуенге ілесе арқасы қозып, қомпаңдап отыратын. Ағамыздың жары Қоңырау шешеміз де көнеқұлақ әңгімешілдігіне қоса, емсектігі бар үй-ішілік дәрігеріміз еді. Осындай ошақ басы, от қасында өскен біздің әулет балаларының шүкір, өнерден, сөзден құралақаны жоқ дерлік. Мэлске ілесе біраз айтыстарға қатысқан, жазба ақындығы да бар, өмірден жас кеткен Нұрлан бауырымыздың артында бір кітаптық жыр-мұра қалды.
– «Тілдің ұшымен емес, жүрегімен үн қатыса алатын адамдар бары қандай жақсы».
Бұл тұрғыда өзіңізді жолы болған жанмын деп есептейсіз бе?
– Атам қазақ «Адам тілдескенше, жылқы кісінескенше» дейді емес пе, тілдің арқасында қалың еліммен түсінісіп, тіршілік кешіп келемін. Ал жүрекпен түсінісетін адамдар кім-кімде де санаулы болатыны сияқты менде де бір...екі...үш...
– Абай «Адамның адамшылығы істі қалай аяқтағанынан емес, оны қалай бастағанынан көрінеді».
Біз «Өткен дәуір жас алса жанарына, жүрегің тас та болса бір жібиді». Бұл ойды әрі қарай қалай сабақтаған болар едіңіз?
– Бұл – жақында фейсбук әлеуметтік желісіне салып, төрелігін оқығандардың өзіне қалдырған жазбам. Әншейінде әрбір жазбама үн қосып, жылт етіп бір көрініп қалатын достарымның өзі үн қоса алмады, әңгіменің мәнісін түсінгенмен біреулері іштен тынды, енді біреулері бөгелместен үнсіз өтіп кетті. Қай-қайсысын да жазғырар жайымыз жоқ.
Қазақта «Туғаныңды көргенім жоқ, өлгеніңе жыламаймын» деген де сөз бар. Қазіргі кейінгі толқын жастардың құлағына жетпеген де нақыл болар. Қандай жағдайда айтылса да оңып тұрған сөз емес. Не де болса қазақтың бауырмалдығына, бір-біріне жанашырлығына күмән тудырып, бір-бірінен бойын аулақ салуға бастайтын сыңайлы сөз. Әлеуметтік желідегі жазбаларды зерделеп отырсам, маған қазір осы сөз дәуірлеп, қолы жүріп тұрғандай көрінеді. Жоқтан өзгеден ілік тауып, ұлтыңның өмірден өтіп кеткен жақсысы мен жайсаңының сүйегін сырқырату, тірісінің жағасына жармасу, еліне сіңген еңбегінен мін тауып, барын жоққа шығарып күстаналау, несін айтасыз, рақымнан, аяушылықтан жұрдай ымырасыз жазбалар жаныңды күйзелтеді.
Арашаға түскенді аямайды, жабылып арадай талайды, жандәрмен бір тоқтаса Абайдың айтқанына тоқтар-ау деп, Абайға жүгінесің... Сондай көңіл күйі үстіндегі жазба еді.
– Пір Бекет бабаның мәңгілік мекені туралы көп жазып жүрген тұлғаның бірісіз. Дамыған елдерде тарихи ескерткіштерді жылына мыңдаған туристер келіп тамашалап, ерекше қорғалады. Өкінішке қарай туризм саласы бізде әлі өз деңгейінде емес. Бұл жерде ортаға салайын деген ой – пір бабамыз дамыл тауып жатқан қасиетті мекенді көруге әлем жұртшылығы тамсана ағылатындай үлкен деңгейге қашан жеткіземіз деген мәселе ғой...
– Жалпы, біздегі әулиелі, киелі орындарды көпшілікке қолжетімді туристік нысандарға айналдыру керек деген көзқарастан басқа қағида керек пе деп ойлаймын. Бұл орындар жай қызықтау нысаны емес, өмірдің сансыз сауалына жауап іздеп, күйзелген адамдардың жанына медет табар панасы, шексіз, шетсіз әлемнің құстың ұясындай жып-жылы, жайлы, аурасы мен аясы бөлек бөлшегі қалпында сақталғаны жөн. Қалай дегенде де Пір Бекет атаға апаратын соқпақ бүгінде даңғыл жолға айналған, Қазақстанымыз ғана емес, алыс-жақын шетелдерден келіп жатқан зиярат етушілерде (туристер деуге келмейді) есеп жоқ. Басқа әулие-әмбиелерге зияраттаушылар қатары да жылдан-жылға көбеюде. Оларды адам аяғы жетерліктей етуде жергілікті билік құрылымдары да, бизнес өкілдері де өз жоспарлары бойынша жұмыс жүргізуде.
Бұдан басқа Маңғыстауда туризмнің экстремальды түрлерін, теңіздегі спорт пен саяхатты дамыта отырып туристер тарту мүмкіндігі мол.
– Әбіш ағаның (Кекілбайұлы) аруағы алдындағы үлкен парызды бүтіндеп жүрген еңбегіңіз өз алдына бөлек әңгіме. «Өткен тарихты өшіруге емес, жаңа тарихты жасауға атсалысыңыз» депсіз. Бұл қағиданы әр қазақ ұстанса, қанеки. Осы арада Әбіш аға рухани орталығының құрылысы қашан аяқталып, пайдалануға берілмек деген сұрақтың қойылуы заңды?
Рухани орталық келешекте немен айналысады?
– Биыл заманымыздың заңғар жазушысы,көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлы көзі тірі болғанда 80 жасқа толар еді. Жақында облысқа келген сапарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұлға есімін үлкен құрметпен еске алып, Әбіш аға мерекесін республикалық деңгейде атап өтуді өз бақылауына алатынын айтып, облыс басшыларына да тиісті тапсырмалар берді. Бұрын мұндай іс-шараларды өткізу үшін Үкімет деңгейінде қаулы қабылданушы еді, қазір қалай екенін білмеймін. Әбекеңнің туған жерінде бірқатар жұмыстар қолға алынып, жүріп жатыр. Атап айтқанда, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының ғимараты салынуда. Жазушының 80 жылдық мерекесі аясында ол Әбіш Кекілбайұлы атымен ашылып, болашақта құрамында облыстық кітапхана, театр сияқты өнер ордалары бар рухани орталықтың кіндігі іспетті болмақ дейді. Сол арада жазушының еңселі ескерткіші бой көтермек. Рухани орталықтың мәртебесі мен атқаратын жұмысының бағыттары, ауқымы кейін келе анықтала жатар.
Ал біздің Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық музыкалық-драма театрының ұжымы Әбіш ағаның әдеби мұраларын насихаттауды оның көзінің тірісінде-ақ бастап кеткен.Театр репертуарында Әбекеңнің «Абылай хан» тарихи дастаны, «Махаббат мұнарасы» лирикалық драмасы, осы аттас шығармасының желісімен қойылған «Шыңырау» драмасы бар.
2016 жылы қаламгердің әдеби мұраларын насихаттау мақсатындағы бірінші республикалық театр фестивалін өткізген болатынбыз. Жазушы мерейтойы аясында биыл осы фестивальды ТҮРКСОЙ-мен бірлесе «Әбіш әлемі» деген атпен халықаралық деңгейде өткізіп, мереке мәні мен сәнін аша түсуге лайықты үлес қосамыз деп отырмыз. Жалпы, Әбіш ағаның киноға да, театрға да сұранып тұрған туындылары баршылық...
– Бүгінде Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық-драма театрының өңір руханиятын дамытуға сіңіріп жатқан еңбегі өлшеусіз екені рас. Оның тәуелсіздік жылдарында дүниеге келуінің өзі көп ойға жетелейді. Сұрайын дегеніміз, жалпы театрдың ашылуына кімдер атсалысты, ол сәт несімен есте қалды?
– Театр – тосындау жағдайда өмірге келген өнер ордасы. Ол кезде «Егеменнің» Маңғыстаудағы тілшісімін. 2001 жылдың қыркүйек айында Ақтауда жастардың үлкен форумы өтті. Сол күндері Маңғыстауда жұмыс сапарымен жүрген Елбасының жастармен кездесуі жоспарланған екен. Нұрсұлтан Әбішұлы мен жастар арасында хаттамалық формада жүріп жатқан әңгімеге залдың ортасынан қолын көтеріп, «рұқсат етіңізші» деп орнынан тұрған әдеміше бойжеткен араласа кетті. Қаз-қатар отырған үлкенді-кішілі шенеуніктер не айтып қояды дегендей үрпиісіп қалды.
– Ал айта ғой, – деді Елбасы.
– Біздің қаламызда баратын мәдениет орындары көп емес, – деді бойжеткен. –Соның ішінде театр жоқ. Бізге театр салып беруге көмектесіңізші...
– Міне, көрдіңіздер ме? – деді Нұрсұлтан Әбішұлы залда отырған шенеуніктерге қарап. – Не облыс, не министрлік Маңғыстауға театр керек деп сұраған жоқсыздар. Ал халыққа, мына жастарға екі қолға бір жұмыс қана емес, рухани өсу үшін театр да керек екен! Салуымыз керек, – деп сол арада облыс әкімі Л.Қиыновқа тапсырма беріп, құрылысты өз қадағалауына алды. Қиын-қыстау кез еді ғой, бардан бөліп, жоқтан жонып дегендей театр аз уақытта салынып, 2003 жылы Наурыз мерекесі күні сахна шымылдығын «Қыз Жібек» және «Томирис» спектакльдерімен ашты.
– «Театр – адамның өзін-өзі сахнадан көріп, өзін-өзі түсінетін орны» деген қағида бар емес пе? Сол айтқандай, көп адам мұнда шөліркеп, өзіне рухани азық алып қайту үшін бас сұғатыны мәлім. Осы жағынан театр қойылымдары жұртшылықтың талап-талғамына сайма-сай дей аласыз ба?
– Театр өткен он алты жылда жүзден астам түрлі жанрдағы туындыларды сахнаға шығарды. Бұл – аз жетістік емес. Мәртебесіне сай музыкалық та, драмалық та қойылымдарды қатар алып келеді. Дегенмен, тақырыптық жағынан тарихи және әлемдік классиканың шоқтығы биік шығармалары басым. Өзі де нешебір патшалар мен қолбасылардың болмысын сомдаудың шебер үлгісін қалдырған Нұрмұхан Жантөрин театрының киелі сахнасынан Томирис патшайым, Гамлет ханзада, Лир патша, Шыңғыс қаһан, Александр Македонский, Абылай хан мен Әбілқайыр хан, тағы да басқа көнеден жеткен және күні кешегі Алашорда үкіметінің басшысы Әлихан Бөкейхановқа дейінгі кесек тұлғалы кейіпкерлер, ия болмаса Маңғыстау құдықшыларының еңбекқор падишасы Еңсеп бүгінгі көрерменмен сырласып, мұңын бөлісіп, зарын айтып жатады. Немесе көрерменді өз дәуіріне көшіріп, мәңгілік пен жалғаншы, мәртебе мен мансап, даңқ пен дақпырт, ар мен жан тазалығы, зұлымдық пен махаббат, қорқаулық пен жемқорлық, сатқындық пен адалдық сияқты саналы адам баласымен бірге жасасып келе жатқан ұғымдарға ешбір уақыт шекара еместігін жайып салады, сақтандырады... Патшалар, патшайымдар, ханшайымдар, бектер мен батырлар, ақындар мен суретшілер, данышпандар мен ғашықтардың бәрі өткен дәуірлерде қалып кеткені өкінішті-ақ... Олардан жеткен мұң мен зар, махаббат пен сүйіспеншілік, қуаныш пен уайым, аярлық пен адалдық бізден кейін де жалғасып, адамзат баласына қанша уақыт жолдас боларын кім білсін... Міне, біздің театрдың қойылымдарын көрген соң осындай ой кешесіз. Музыкалық, драмалық қойылымдардың көрерменге сыйлар әсері өзінше бір олжа!
Қалай дегенде де Жантөрин театрының аз уақыт ішінде кішкене отаудан республикадағы іргелі өнер ордаларының біріне айналғаны – бүгінде мойындалған шындық. Сәуірде Шымкент пен Алматы қалаларындағы гастролі үлкен аншлагпен өткен театр ұжымы туралы Қазақстан театрлары ассоциациясының президенті, ұлттық театр және кино өнерінің абызы Асанәлі Әшімовтің: «Әкемтеатр мен Қ.Қуанышбаев театрынан кейінгі үшінші театр» деп баға беруі ұжым үшін үлкен мәртебе саналады.
– Мұншама зор табысқа жетуінің сыры неде деп ойлайсыз?
– Театрға іргесі қаланған күннен бері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрнияз Мұханов басшылық жасап келеді. Бас режиссері және көркемдік жетекшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлсина Мерғалиева. Екеуі де ұлттық, тіпті ТМД мен ТҮРКСОЙ аумағында танымал жандар. Экспериментальды-тәжірибелік қойылымдарға батыл барып, жаңашылдықпен жұмыс істейді. Театр халықаралық байқауларда бес рет Гран-при иеленді. Республикалық байқауларда онға жуық аталым бойынша жүлдегер атанды. Жалпы, о бастан-ақ маған осындай тату-тәтті, ынтымағына шығармашылық ізденісі мен берекелі ісі жарасқан ұжымдарда еңбек етуді нәсіп еткен Жаратқанға шүкірлігім шексіз!
Әңгімелескен Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»