Н.Назарбаев қатысушыларға ерекше есте қалатын салтанатты жиынға жиналып отырғанын жеткізіп, «Сіздер үлкен өмірге қадам басқалы тұрсыздар. Бүгін – ата-аналар, студенттер, оқытушылар үшін мерейлі мереке. Баршаңызды осы табыспен құттықтаймын!» деді. Елбасының айтуынша, НУ – еліміздің білім беру жүйесіндегі бірегей жоба. Бұл республикадағы барлық жоғары оқу орындарына үлгі болуы керек. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев студенттердің ғылыми-зерттеу жұмысының нәтижелері және қол жеткізген жетістіктерін атап өтті.
– Былтыр Ғылым және технология мектебінің студенттік командасы Бостонда өткен iGEM гендік-инженерлік машиналар халықаралық байқауында алтын медаль жеңіп алды. Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға қатысты iGEM жобасын атап өтуге болады, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Елбасы Университеттің жоғары білікті және бәсекеге қабілетті кадрлары Қазақстанның жоғары технологиялы индустриясын дамытуға зор үлес қосып отырғанын айтты. – 2019 жыл Жастар жылы болып жарияланды. Жастар – еліміздің қазіргі әлемдегі бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы. Қазақстанның болашағы сіздерге, сіздердің білімдеріңізге, күш-қуаттарыңыз бен патриоттық сезімдеріңізге байланысты. Сіздер өз әлеуеттеріңіз мен мүмкіндіктеріңізді толық іске асыру үшін біз барлық жағдайды жасап отырмыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.Қазақстанның Тұңғыш Президенті «NU – Назарбаев Университет» брэнді әлемдік академиялық ортада ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік басқару, бизнес, медицина, инновация, ІТ-технология саласында кеңінен танымал болғанын жеткізді.
– Бұл бастама Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ бүкіл посткеңестік кеңістікте озық жобаға айналып, өз саласында көш бастады. Университет қысқа мерзім ішінде жоғары білікті кәсіби кадрлар дайындайтын, сондай-ақ отандық ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерді дамытатын еліміздің беделді оқу орны ретінде қалыптасты. Білім ордасының басты активі – оның зияткерлік әлеуеті саналатын адамдар – оқытушылар, студенттер, басқарушы персонал, – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев түлектерді еліміз бен қоғамымызды дамыту ісіне белсене атсалысуға шақырды.
– Сіздер жоғары білікті мамандар ғана емес, сондай-ақ азаматтық жауапкершілікті сезінетін қоғамның белсенді мүшелері болуларыңыз керек. Оқуды одан әрі жалғастыру, ел игілігі үшін еңбек ету, Қазақстанның атынан шетелде болу немесе өз ісіңізді бастау сияқты қандай да бір жолды таңдасаңыздар да сіздерге ақ жол тілеймін, жоспарларыңыз табысты іске аса берсін, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Елбасы құттықтау сөзін: «Жер бетінде біздің жалғыз Отанымыз бар. Ол – Қазақстан.
Сондықтан бүгінгі түлектердің әр салада жемісті жұмыс істеп, ел игілігі үшін еңбек етеріне сенемін!», деп түйіндеді.
Н.Назарбаев құттықтаудан кейін ең үздік академиялық үлгерім көрсеткен түлектерге өз қолымен диплом табыстады. Ал бітірушілер өз кезегінде Елбасына, университет басшылығы мен оқытушыларына Қазақстанда сапалы білім мен халықаралық дәрежеде диплом алғанына алғыс айтты.
Бұдан кейін Н.Назарбаев университеттегі жаңадан ашылған Атлетикалық орталықта болды. Бұл – жалпы ауданы 19 000 шаршы метрді құрайтын, 660 көрерменге арналған олимпиадалық бассейн және паркеттік аренасы бар көп функционалды спорт ғимараты. Орталықта сквош-корт, жекпе-жек залы, жаттығу залы, семсерлесу аймағы, кафетерийлер мен офистік үй-жайлар бар. Айта кетейік, нысанның инфрақұрылымы мүмкіндігі шектеулі адамдарға кедергісіз кеңістік сыйлайды. Орталық НУ студенттерін саламатты өмір салтын ұстанып, спортты өмірлік серік етуіне жағдай жасау мақсатында бой көтерген.
Алғаш рет 2015 жылы университеттен 522 түлек қанат қаққан еді, бітірушілер саны биыл екі еседей көп. Биылғы түлектердің 565-сі бакалавр, 378-і магистр, 6-уы докторант және 14-і медицина докторы дәрежесін алды. Бакалавриат студенттерінің басым бөлігі (270) ғылым және технологиялар, инженерия (225) саласын, қалған 168 түлек гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебін тәмамдады. Магистрлер арасында бизнес, білім беру, мемлекеттік саясат, инженерия, ғылым және технологиялар, гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар, медицина саласын бітірушілер бар.
Биылғы магистратураны аяқтағандардың арасында алғаш рет тау-кен инжиниринг саласындағы болашақ мамандар дайындалған. Ал докторанттардың 3-еуі білім беру және 3-еуі инженерия саласын бітірген.
НУ студенттерін даярлауға АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Грекия, Италия, Оңтүстік Корея, Ресей, Аустралия, Түркия және Үндістан елдерінің үздік ұлттық және халықаралық зерттеушілері жұмысқа шақырылған. Оқытушы-профессорлар мен ғылыми қызметкерлердің 74 пайызы (477 адам) әлемнің 53 елінен келген, ал 26 пайызы – ұлттық кадрлар.
Шырын Батталова қаржы саласы бойынша магистратураны оқып шықты. Ол университетке түсу де, оқу да оңай емесін айтады. «Оқу орнына қабылдау кезінде үлкен іріктеуден өттік. Мұндағы студенттердің әрбірі – білікті, білімді, нағыз үздіктер. Олармен бірге оқығаныма мақтанамын. Біз – қаржы саласын бітірген алғашқы магистранттармыз. Сондықтан бізге артылатын жауапкершілік те жоғары», дейді Шырын. Оның айтуынша, қазірдің өзінде бірнеше мекемеден, соның ішінде Ұлттық банктен жұмысқа шақырту түскен. Магистр-қаржыгер еліміздің интернет банкингін дамытуға үлес қосуды мақсат етеді. «Электронды үкімет порталы секілді банктерді бір жүйеге біріктіріп, цифрлы жағдайын жақсартуды қалаймын. Сол бағытта ғылым мен тәжірибеде елеулі жетістіктерге қол жеткізген отандық және шетелдік профессорлардан тәлім алдым», дейді ол.
Түлектерді Элизабет Тұрсынбаева, Юлия Галышева, Қарақат Әбілдина, Динара Сәдуақасова, Александр Винокуров, Серік Сәпиев, Ержан Максим сынды спорт пен өнер саласының белгілі өкілдері құттықтады. Олар видео жолдау арқылы бітірушілерді елге еңбек етуге шақырды.