• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 05 Маусым, 2019

Сербия сергелдеңі

1120 рет
көрсетілді

Мамырдың соңында Косовоның солтүстік аймағынан жік шықты. Сербиямен іргесі сөгілген Косовоны біржола еркіне қоймай ұстап тұрған жалғыз ілмек – осы солтүстік. Өйткені бұл – негізінен сербтер қоныстанған мекен. Сондықтан косоволықтар жергілікті халыққа қысым көрсету арқылы шекарасын толық шегендегісі келетін сыңайлы.

Косовоның арнайы қауіпсіз­дік күштері (ROSU) 28 мамыр күні таңертең ұйымдасқан қыл­мыс пен контрабандаға қар­сы рейд жүргізу желеуімен өл­кенің солтүстігіндегі сербтер тұратын аудандарға басып кір­ді. Шамамен 200 жауынгерден құралған, 73 брондалған кө­лік жұмылдырылған опера­ция алты сағатқа созылған. Ар­найы жасақтың бұл әрекетіне жергілікті тұрғындар наразылық танытып, Зубин-Поток жә­не­ Косовска-Митровица муници­палитеттерінде баррикадалар орната бастады. Сондықтан Косово полицейлеріне күш қолдануға тура келіп, жолына бөгет қылып қойған жүк көліктерін түгел ысырып тастаған, соңы атысқа ұласқан. Нәтижесінде 30-ға жуық адам ұсталған. Олардың дені – сербтер, арасында бірен-саран албандар да бар. Косово астанасы Приштинадан ұйымдасқан қылмысқа, коррупцияға қатысы бар деген күдікпен 19 құқық қорғау органының қызметкері ұсталғаны хабарланды. Сондай-ақ Косоводағы уақытша әкім­шілік істері жөніндегі миссиямен жүрген БҰҰ-ның екі қызметкері ұсталған. Оның біреуі – ресейлік Михаил Краснощеков. Ол кейін босатылды.

Сербия президенті ІІМ әскері мен арнайы жасақтарын толық жауынгерлік әзірлікке келтіруді бұйырған. Және мұндай жағдай­лар тыйылмайтын болса, оны жауапсыз қалдырмайтынын ескерткен. Сербия үкіметінің өкілі Марко Дюрич Косово полиция­сы өңірдегі бейбіт халықтың шыр­қын бұзды, этникалық сербтерді қуып шығаруға әрекеттенді деп айыптады.

Ал Косовоның премьер-ми­нистрі Рамуш Харадинай Twitter-дегі парақшасында азаматтарды тыныштық сақтауға шақырып, республиканың солтүстігіндегі операция ұйымдасқан қылмысқа қарсы және полиция мен кеден органдардарын тексеру­ мақ­сатында жүргізілгенін мәлім­деді. Сондай-ақ Сербия үкіметінен бұл іс-шараға қарсы күш жұмсамауын сұрады.

Қалай дегенмен де Косово полициясының аталған рей­ді­ шиеленіскен жағдайды ушық­тырды. Бұған дейін де осындай арандатушылық әрекеттер орын алған. Оның үстіне дәл осы оқи­ғадан бір күн бұрын Сербия президенті Александр Вучич парламент мінберінде екі сағат сөз сөйлеп, Косовоның уыстан шы­ғып кеткенін мойындайтын кез келгенін мәлімдеген. Ол бү­гінде Косово Белградтың қа­да­ғалауында еместігін айтып, депутаттарды шындыққа тура қа­рауға шақырды. «Сербияның ірі ұлттық жеңіліске ұшырап, тер­риториясының бүтіндігін сақтай алмағанын, едәуір экономикалық шығынға тап болғанын мойындау қажет. Косово мен Метохияның үстінен біздің үкімет билік жүр­гізе алмайды. Бұдан әрі өз-өзімізді алдарқатуды, өз қоға­мымызды соған сендіруді тоқта­туымыз керек. Онсыз біз бұл ай­мақтағы сербтердің қандай жағдайда екенін нақты біле алмаймыз», деді президент.

А.Вучичтің айтуынша, Косо­во проблемасын шешудің екі жолы бар. Бірі – осылай кво-мәр­тебесін, яғни қатып қалған қақтығыс қалпын сақтап, ымырасыз ырылдасып күн кеше беру. Екінші нұсқа – Белград пен Приштина арасындағы қарым-қатынасты бір қалыпқа келтіру. Сербия президенті екінші жолды жақтайтынын жеткізді. Және бұл жол – проблеманың жалғыз шешімі екені шындық. Өйткені Косовоны енді қайтару мүмкін емесі анық. Бұл А.Вучичтің Косово­ның тәуелсіздігін мойын­дау­ға жақын екенін аңғартады. Ал Косово Сербияның буынсыз жеріне пышақ ұрып, яғни солтүс­тігіндегі сербтерге қы­сым жасап, процесті тездетуге асық­қан сияқты. Бұған дейін екі ел президенттері А.Вучич пен Х.Тачидың қатысуымен аумақ­тың алмасу ықтималдығы туралы келіссөздер жүргізілген. Әңгіме Косово Сербияға сербтер мекендейтін солтүстік аймағын беру, ал Сербия Косоваға оңтүс­ті­гіндегі албандар тұратын екі ауданын өткізу тұрғысында бол­ған. Бірақ Сербияның дәрмен­сіздігін пайдаланған Косово сол­түстіктегі сербтерді жедел кетуге мәж­бүрлей бастаған секілді.

Халқының басым бөлігін эт­ностық албандар құрайтын Косово 2008 жылы тәуелсіздігін жариялады. Содан бері оның тәуелсіздігін 110-нан аса мемлекет мойындады. Ал Сербия әлі де Косовоны өз провинцияларының бірі деп санайды.