Конференция жұмысына жетекшілік еткен «Әдебиет теориясына кіріспе» және 4 томдық «Әдебиет теориясының антологиясы» еңбегінің жалпы редакциясын басқарған, филология ғылымдарының докторы Кенжехан Матыжанов бұл жинақтарды жарыққа шығарған кезеңге дейінгі жұмыс барысынан хабардар етіп, редакциялық алқа жұмысымен таныстырды. «Әдебиет теориясы шығарманы қалай жазудың құпиясына баулитын теориялық толғамдар емес, оның ғасырлар бойғы тәжірибесін жинақтап, саралап, қорытынды байламдар жасап отыратын тәжірибелік негіздегі ғылым саласы. Оқулық авторлары да мәселеге осы тұрғыдан келген. Тіпті, олардың көркем әдебиетке деген көзқарасының өзі біздегі кеңестік кезеңде қалыптасқан ұғымнан әлдеқайда кең. Авторлар – жиырма жылдан астам уақыт бойына коллеждерде қазіргі әдебиет теориясынан сабақ беріп келе жатқан ұстаздар. Осы уақыт ұзақ жылдар бойына жинақтаған тәжірибелерін қорытып, үнемі жетілдірумен болған. «Бұл кітаптың тұсауы дәрісханада кесілгенімен, алдағы уақытта қолданылу өрісі өзінің кең шалқарын табатынына, біздің оқыту әдістеріміз мүлде бөлек курстар мен үлкен аудиториялардың да қажетіне жарайтынына шүбә келтірмейміз» дегенді олар нық сеніммен айтады. Осыншама тыңғылықты ізденістер мен жинақталған материалдар негізінде жалпы көлемі 5 кітаптан тұратын оқулықтар кешені біздің әдеби ортаға үлкен олжа болды», – дей келе сөз кезегін «Әдебиет теориясы» антологиясы бірінші томының ғылыми редакторы, филология ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Ісімақоваға ұсынды. «Жинақ әдебиеттегі орыс формализмі, структурализм, феноменология, постструктурализм, психоанализ ұғымдары, постотаршыл және трансұлттық таным туралы түсінік береді» деп атап өткен ғалым жаңа ғылыми ұғымдар мен терминдер туралы ой бөлісті. Ғалым «Әдебиет теориясының топтамасы қазақ оқырмандарына әлемдік әдебиет теориясының жаңа зерттеу бағыттарын ұсынады. Отандық әдебиет саласында қалыптасқан кейбір түсініктерді бұзып, мүлде жаңа тұрғыдан таныстыратындығын атап өтті.
Ал филология ғылымдарының докторы, профессор Жанат Әскербекқызы жұмыс барысында бұл еңбектердегі терең мазмұнға өрілген философиялық тәмсілдерді алдағы уақытқа отандық ғылыммен ұштастыра отырып, сараптап, ой елегінен өткізу арқылы көптеген еңбектер жазғу болатындығын әрі жас ғалымдар үшін мұндай оқылықтардың таптырмайтын құрал екендігін атап өтті. Ғалымның айтуынша, антологияның екінші томындағы өзі ерекше назар аударған тақырыптарға, әлемдік философтардың маңызды тұжырым-талдауларына тоқталды. Әрі әлемдік ғалымдардың тұжырымдары бүгінгі әдеби туынды табиғатын тану үшін де, теориялық талдаулар негіздерін қалыптастыру үшін де қажетті дүниелер екендігін атап өтті.
Шараның модераторы Кенжехан Матыжанов осы еңбектердің аудармашысы, жауапты редакторы, ғылыми редакторы сияқты міндеттерді қатар атқара отырып, жинақтардың шығуына үлкен еңбек сіңірді деп сөз кезегін ұсынған филология ғылымдарының докторы, профессор Амантай Шәріп бұл жинақтардың ерекшелігі – бірнеше ғылымның бір жинақта топтастырыла берілуінде деп атап өтті. Онда гуманитарлық ілім мен жаратылыстану ғылымдарының түйісуі көптеген әлемдік танымдағы ерекшеліктерді анықтауға мүмкіндік береді. Жаңашылдығы көп жинақта 75 автордың еңбегі топтастырылған. Әр автордың, ғалымның өз бағыты бар. Мұндай күрделі әрі терең мазмұнға өрілген еібекті бірден аудара салу мүмкін емес. Орыс тілінде де толық қабылданған нұсқасы жоқ жаңа ұғымдар бар. Бірақ әлем әдебиеті теориясын қазақшалауды тоқтатпауымыз қажет. Әдебиет теориясы заман ағымына сай жаңаланып отыруы керек, деп атап өтті.
Әдебиет теориясы жинақтары 2019-2020 жаңа оқу жылына дейін 10 мың дана таралыммен еліміздегі 112 жоғары оқу орнына таратылатын болады. Сонымен қатар, осы оқулықтар негізінде дайындалған онлайн курстар «Қазақстанның ашық университеті» платформасына жүктеліп, еркін қолданысқа берілді.
АЛМАТЫ