• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 21 Маусым, 2019

Сенат комитетінде салық салу мәселелері туралы заң жобасы қаралды

436 рет
көрсетілді

Парламент Сенаты Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту, микроқаржылық қызмет және салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі хабарлады.

Сенаторлар алдында еліміздің Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Олег Смоляков баяндама жасады. Заң жобасының негізгі мақсаты қаржы нарығын реттеу, бақылау және қадағалау функцияларын бөлу, тұтынушыларға кредит беру тәуекелдерін шектеу бойынша тұжырымдамалық тәсілдерді әзірлеу, жалпыға бірдей декларациялауды ендіру мәселелері бойынша өзгерістер енгізу, сондай-ақ жеке тұлғалар үшін өсімпұлды есептен шығару бойынша салықтық рақымшылық енгізу болып табылады.

Қаржы нарығын реттеу, бақылау және қадағалау функцияларын бөлуге қатысты заң жобасында қаржы нарығын реттеу мен дамыту, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғау функцияларын Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынысты және есеп беретін әрі республикалық бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі жеке уәкілетті органға беру көзделген.

Уәкілетті органның құқықтық мәртебесі, құрылымы және басқару органдары айқындалды, оның функциялары нақтыланды және толықтырылды. Заң жобасымен уәкілетті органның жұмыскерлері лауазымдарының құрамы, олардың құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі айқындалды. Сонымен қатар уәкілетті орган қызметшілерінің мәртебесі айқындалды, оған сәйкес олар Ұлттық Банктің қызметшілері іспетті мемлекеттік қызметшілерге жатпайды.

Уәкілетті органға қаржы нарығын реттеу мен дамыту және тұтынушылардың құқықтарын қорғау функциялары беріледі, оның қатарына микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарды тіркеу және есепке алу, қаржы ұйымдарына қатысты ерекше реттеу режимін енгізу, екінші деңгейдегі банктерді сауықтыру жөніндегі шараларды іске асыру, жеке тұлғалардың ипотекалық тұрғын үй қарыздарын және ипотекалық қарыздарын қайта қаржыландыру бағдарламаларын іске асыру функциялары, сондай-ақ қаржы нарығының ақпараттық қауіпсіздігі орталығының функциялары кіреді.

Ұлттық Банк баға тұрақтылығын қамтамасыз етуді, ақша-кредит саясатын, валюталық реттеуді және төлем жүйелерін дамытуды жүзеге асырады.

Заң жобасы Қаржылық тұрақтылық кеңесін құруды көздейді, ол қаржылық тұрақтылық мәселелері бойынша ведомствоаралық үйлестіруді жүзеге асыратын болады. Уәкілетті органның Ұлттық Банкпен қаржылық жүйенің тұрақтылығы мәселелері бойынша өзара іс-қимылы көзделген.

Тұтынушыларға кредит беру тәуекелдерін шектеуге қатысты заң жобасымен кредит берудің барлық субъектілеріне қатысты реттеу және қадағалау құралдары енгізіледі.

«Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар» деген ұғым енгізіледі, микроқаржылық қызмет түрлері айқындалады.

Микрокредит беру жөніндегі қызметті жүзеге асыратын микроқаржылық ұйымдар қарыз тартуға, меншікті активтерін бағалы қағаздарға және өзге де қаржы құралдарына инвестициялауға, лизингтік қызметті және өзге де операцияларды жүзеге асыруға құқылы.

Жеке тұлғаға банктік қарыз берумен және берілген банктік қарызға қызмет көрсетумен байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдер тізбесін уәкілетті орган бекітетін болады.

Заң жобасында жалпыға бірдей декларациялау кезең-кезеңмен енгізілетіні айқындалды және енгізу мерзімін тоқтата тұру көзделетін болды.

Бірінші кезеңде жалпыға бірдей декларациялаудың енгізілуін 2020 жылғы 1 қаңтардан 2021 жылғы 1 қаңтарға ауыстыру ұсынылады. Осы кезеңде декларациялауға жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар мен олардың жұбайлары (зайыптары), мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті адамдар мен олардың жұбайлары (зайыптары), мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті адамдарға теңестірілген адамдар мен олардың жұбайлары (зайыптары) және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес декларация тапсыру жөніндегі міндет жүктелген адамдар жататын болады.

Екінші кезеңде 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері мен олардың жұбайларын (зайыптарын), сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері мен олардың жұбайларын (зайыптарын) бастапқы декларациялау көзделеді.

Үшінші кезеңде 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшыларын және олардың жұбайларын (зайыптарын), жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайларын (зайыптарын) бастапқы декларациялау көзделеді.

Төртінші кезеңде 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап халықтың барлық санаттарын жалпыға бірдей декларациялауға толығымен көшу қамтамасыз етіледі.

Бұдан басқа, жеке тұлғалар 2019 жылдың соңына дейін негізгі борышын өтеген жағдайда, 2019 жылдың 1 қаңтарына дейінгі салықтық кезеңнің салықтың міндеттемелері бойынша олардың өсімпұлдарын есептен шығару көзделеді. Бұл ретте мүлік салығы мен жер салығы бойынша өсімпұлдарды төлеу мерзімі 2019 жылғы 1 қазанға дейін екенін ескере отырып, 2018 жылдың 1 қаңтарына дейінгі салықтық кезеңнің міндеттемелері бойынша есептен шығару ұсынылады.

Түркістан облысынан сайланған сенатор Әли Бектаев, Атырау облысынан сайланған Ғұмар Дүйсембаев және Алматы облысынан сайланған Нұрлан Қылышбаев қаржы нарығын реттеуге, бақылау және қадағалау функцияларын бөлуге, тұтынушыларға несие берудегі қауіптерді төмендету қажеттігіне, жеке тұлғалар үшін өсімпұлды есептен шығару жөніндегі салықтық рақымшылық енгізуге қатысты сұрақтар қойды.

Заң жобасы Палатаның қарауына жіберілді.