Ең төменгі жалақыны 1,5 есе, бюджет қызметкерлерінің жалақысын орта есеппен 35%-ға өсіру туралы Елбасы тапсырмасын жүзеге асыруды Президент Қ.Тоқаев белгіленген мерзімнен бір ай ерте бастап, жыл соңына дейін жаңа әлеуметтік бағдарламалардың да дайындалатынын айтты.
Жыл басынан бері бюджет қызметкерлері мен білім, денсаулық және мәдениет салаларында аз жалақы алатын азаматтардың жалақысы көбейтіліп, таяуда тәртіп сақшыларының да еңбекақысының өсетіні айтылды. Осының бәрін алға тартқан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев жұмыссыз азаматтар үшін де үлкен мүмкіндіктердің бар екенін жеткізгені есімізде. Таяуда халыққа есеп беру кездесуінде министр:
– Ең үлкен мәселенің бірі – халықты жұмыспен қамтамасыз ету. Әрбір қазақстандық жұмыс істесе жағдайы жаман болмайтынын түсінуі керек. Елімізде мүмкіндігі шектеулі азаматтар 1-3 миллион теңге несие алып, кәсіп ашып, өзінен басқа жеті-сегіз адамды асырап отыр. Өміріміздің жақсы болуы өзімізге байланысты, әсіресе, он екі мүшесі сау адамдар. Көп еңбек етсек, көп жалақы аламыз, проблема да аз болады. Ең бастысы, қазақстандықтарды жұмыспен қамту үшін республикада «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Былтыр бұл бағдарлама аясында 571 мың қазақстандық қамтылуы тиіс еді, бірақ жоспар асыра орындалып 628 мың азаматқа жұмыс берілді. Бюджеттен 107 миллиард теңге бөлініп, шамамен 99 пайызы игерілді, – деді Б.Сапарбаев халыққа есеп беру кездесуінде.
Б.Сапарбаевтың айтуынша, министрлікте 2030 жылға дейінгі жұмыс картасы жасалған. Сол құжатта тиісті орындарға берілген нақты тапсырмалар бар. Мысалы, халықты толық жұмыспен қамтамасыз ету үшін жылына кем дегенде 380 мың жұмыс орны ашылуы керек.
2019 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша елімізде 9,2 млн жұмысқа жарамды адам бар. Былтыр елдегі жұмыс күші 9 млн болған еді, яғни, бір жылда көрсеткіш 2,2 пайызға өскен. Соның ішінде жұмысы бар азаматтардың саны 8,7 млн-ды құрайды. Яғни, көрсеткіш былтырғыдан 2,3 пайызға артық. Халықтың табиғи өсімімен салыстырғанда жұмыспен қамту көрсеткіші қарқынды өсіп келе жатыр деген сөз. Алайда, жұмыссыздықты төмендетуге бұл аздық етеді. Көріп отырғанымыздай, жаңа жұмыс орындары көптеп ашылғанымен, табиғи өсімнің әсерінен жұмыссыздар саны аздап болса да ұлғайып барады. Былтырғымен салыстырғанда биыл жұмыссыздар саны 1,1 пайызға көбейді. Жалпы, жұмыспен қамтылған халықтың 76,4 пайызы, яғни 6,7 млн азамат жалдамалы жұмыспен айналысады. Қалған 2,1 млн өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған жандар.
Жұмыссыздарға келер болсақ, қазір олардың үлесі – 442,9 мың адам. Оның 83,7 мыңының жас мөлшері 15-28 жас аралығында. Өткен жылы жалпы жұмыссыздар санының 437,8 мың болғанын да айта кету керек. Ол кезде жұмыссыздар саны 0,3 пайызға азайған еді. Соңғы бірнеше жылда жұмыссыздық көрсеткіші азайып келеді, тек биылғы бірінші тоқсанда ғана көрсеткіш сәл көбейді.
Қазақстанда жұмыссыздық бойынша төленетін мемлекеттік жәрдемақы мерзімі 4 айдан 6 айға ұзартылатынын Бердібек Сапарбаев есеп беру кездесуінде айтқан еді. Өз сөзінде министр жұмыссыз жүргендерге төленетін жәрдемақы көлемін өзгерту қарастырылып жатқанын айтты.
– Қазір ол 4 айға дейін ғана төленеді, енді 6 айға дейін төлеу ойда бар. Негізінен жұмыссыз қалған азаматтар тезірек Жұмыспен қамту орталықтарына баруы керек. Сол кезде бұрын алған жалақы есептеліп, алатын жәрдемақы да біршама жоғары болады, – деді ол.
Жалпы, мемлекет бюджеттен төленетін әлеуметтік көмек пен жәрдемақылардың 39 түріне кепілдік береді. 2018 жылы 3,8 миллион адам (халықтың 20,9 пайызы) жалпы сомасы 2,5 триллион теңгені құрайтын жәрдемақы алса, 800 мың адамға міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінен бөлінетін 190 миллиард теңге төленіпті. 2019 жылы әлеуметтік қамсыздандыруға және әлеуметтік көмекке бөлінетін қаражат көлемі 379 миллиард теңгеге өсіп, 2,9 триллион теңгені құрады. Бұл республикалық бюджет шығыстарының 27 пайызына тең.
Жұмыссыздық бойынша төленетін әлеуметтік көмекті азсынатындарға бюджеттен шағын несие де қарастырылған. Бұл жаңадан кәсіп бастауға талаптанған азаматтарға таптырмас мүмкіндік. Мәселен, 2018 жылы микрокредит беру бағдарламасын қаржыландыру 20 млрд теңгеге, оның ішінде ауылдарда – 14 млрд, қалаларда – 6 млрд теңгеге ұлғайған. Қосымша бөлінген қаражатты есепке алғанда, микрокредит берудің жалпы сомасы 62 млрд теңгені құрады. Оның 45 млрд теңгесі ауылдық жерлерге, 17 млрд-ы қалалық жерлерге жіберілген. Былтыр 14 мың адам микронесие алыпты.
Жалпы, жұмыспен қамтуға билік тарапынан ұзақ жылдардан бері көңіл аударылып келеді. Мәселен, Тұңғыш Президент – Елбасы былтырғы Жолдауында да, биыл Президент Қ.Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында да ең маңызды мәселе ретінде халықты жұмыспен қамту және жалақыны өсіру сөз болды. Былтырғымен салыстырғанда Үкіметтің бұл бағыттағы биылғы жұмысы қарқынды көрінеді. Жыл соңына дейін бюджеттен бөлінетін қаражат еселеп өсіп, елдегі мыңдаған жұмыссызды кәсіпкерге айналдыруға алғышарт дайындалуда.
Бауыржан МҰҚАН, «Egemen Qazaqstan»