Кітап палатасының директоры Әділ Қойтановтың айтуынша, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болып табылатын әрбір қаламгердің тегін веб-сайттарын жасап беру және техникалық қолдау көрсету, шығармаларын бір жерге жинақтап, біртекті электронды базасын құруды мақсат ететін жоба аясында Кітап палатасының баспасөз мұрағаты негізінде қаламгерлердің толық библиографиялық анықтамалығы жасалып, оқырманмен, шет елдік жазушылармен байланыстарын дамыту мәселесі де жоспарланып отыр.
Жақында Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында өткен жобаны таныстыру рәсіміне ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ғалымжан Мелдеш, сондай-ақ Мырзатай Жолдасбеков, Төлен Әбдік, Әнес Сарай, Сейіт Қасқабасов, Сауытбек Абрахманов, Қуаныш Жиенбай, Әлібек Асқар сынды зиялы қауым өкілдері қатысып, баталарын беріп, қазіргі заманғы әдебиет турасынды әңгіме қозғады.
«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асып отырған жаңа жобаның өміршең болатындығына зор сенімін білдірген ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ғалымжан Мелдеш «Smart qalamger» отандық қаламгерлер шығармаларының қалың оқырманға қолжетімді болуына зор ықпал ететінін атап өтті. Осыған орай «Кітап оқу қалып барады» деп дабыл қаққан зиялы қауымның өз шығармаларын замана талабына сай ұсына білуі маңызды. Жаһандану кезеңінде уақыттың көшіне ілесе білгенде ғана оқырман аясы кеңея түспек. Бұл жоба қолына смартфон ұстаған қазіргі оқырманның кітап оқуына, руханият дүниесінен алшақтап кетпеуіне жасалған маңызды қадам.
ҚР Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасының директоры Әділ Қойтанов осы шара аясында жазушыларға арнап жасалған веб-сайттармен таныстырып, сайт иелеріне сертификаттар табыс етсе, «Ақпараттық-технологиялық орталығы» қоғамдық қорының президенті Қанат Таңатаров жазушы қауымының жоба туралы сұрақтарына жауап берді.
АЛМАТЫ