• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Қазақстан 05 Шілде, 2019

Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігінің шешуші факторы

849 рет
көрсетілді

Кеше Нұр-Сұлтан қаласындағы «Hilton Astana» қонақүй кешенінде «Адам капиталын – Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігінің шешуші факторы» атты дөңгелек үстел жиыны өтті.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институты (ӘЭСИ) ұйымдастырған жиында адам капиталын одан әрі дамытуға ден қойылып, экономикалық даму моделін қалыптастыру төңірегіндегі мәселелер талқыланды. Басқосуға еліміздің танымал экономистері, адам капиталын дамыту салаларының сарапшылары қатысты.

Алқалы жиын екі сессияға бөлінді. Алғашқы сессияда сөз тізгінін ӘЭСИ директоры Ержан Салтыбаев алды. Ол адам капиталын дамытудың маңызды­лығына тоқталып, Дүниежүзілік банктің бағалауынша, мемлекеттің экономикалық даму деңгейінің 30%-ы адам капиталынң сапасына байланысты екенін айтты. Сондай-ақ модератор Бүкіләлемдік экономикалық форумның мәліметі бо­йынша Қазақстан 2017 жылы адам капиталы индексінде 130 елдің ішінен 29-орынды иеленгенін атап өтті.

Сарапшылардан бірінші болып Зерттеу және консалтинг орталығының серіктесі Әнуар Боранбаев білім экономикасы хақында сөз қозғады. Ол білім экономикасы мемлекеттің бәсеке қабілеттілігін арттыруда маңызды фактор екенін, сондықтан орнықты даму үшін осы бағытқа көңіл бөлу керектігін айтты. Әлемде білім экономикасының индексі бойынша 8,3 деңгейімен Швеция көш бастап тұрса, алғашқы ондыққа кіретін Қазақстанның көрсеткіші 4,9 екен.

Білім турасындағы ойды одан әрі жалғаған «Талап» қолданбалы зерттеу­лер орталығының директоры Рахым Ошақбаев елімізде ең төменгі еңбекақыны білім беру саласының мамандары алатынын алға тартып, біраз дәйек келтірді. Мәселен, табыстың төмендігі білім беру саласына ер адамдарды көптеп тартуға мүмкіндік бермейді екен. 2018-2019 оқу жылындағы мұғалімдердің 81%-ын әйелдер құраса, 19%-ы – ерлер. Ал 2018 жылы педагогикалық мамандықтарға бөлінген 8173 гранттың 80% үлесі 95 ұпайдан төмен жинаған талапкерлерге бұйырыпты. Бұл фактордың бәрі мектептегі білім беру сапасына кері әсерін тигізеді. Сондықтан адам капиталын көтеру үшін мектептен бастаған жөн-ақ.

Бұдан кейін «Dasco Consulting Group» сарапшысы Дәулет Арғандықов «Еңбек нарығы: стратегиялық бағыты, жаһандық трендтер және келешегі» атты тақырыпта баяндама жасады. Ол болашақта еңбек нарығын мегатрендтер анықтайтынын, біраз мамандықтар ескіріп, орнын жаңа технологиялар басатынын атап өтті. Оның айтуынша, ХХІ ғасырдың ортасына қарай бүгінгі мамандықтардың 50-70%-ы автоматтандырылып, бұл ғасырдағы прогресс адам­заттың бұған дейінгі 20 мың жыл бұрынғы жетістіктерімен теңеседі. Сондай-ақ алдағы үш жылда халықтың 50%-ы фри­лансер ретінде нәпақасын табуы мүмкін.

Жиын барысында сарапшылар дүние жүзіндегі тәжірибелер туралы ой бөлісіп, өзіміздің елде адам капиталын қалыптастыру мен оны тиімді пайдалану жөнінде жан-жақты пікірлерін ортаға салды.