Сенбі, 5 қаңтар 2013 7:41
Ауыл шаруашылығы саласы, ауыл өмірі, шаруа қожалықтарының алар орны мен келешегі туралы, сондай-ақ бүгінгі азық-түлік проблемаларын шешу жолдарын іздестіру барысын өзіміздің табиғатымызға, жер-суымызға, ата кәсібіміз бен салт-сана болмысымызға байланысты қалай реформалау керектігі жайында және басқа да кейбір ойларымды «Егемен Қазақстан» газеті арқылы қалың оқырманмен бөліссем деген ниетпен осы хатымды редакцияға жолдап отырмын.
Сенбі, 5 қаңтар 2013 7:41
Ауыл шаруашылығы саласы, ауыл өмірі, шаруа қожалықтарының алар орны мен келешегі туралы, сондай-ақ бүгінгі азық-түлік проблемаларын шешу жолдарын іздестіру барысын өзіміздің табиғатымызға, жер-суымызға, ата кәсібіміз бен салт-сана болмысымызға байланысты қалай реформалау керектігі жайында және басқа да кейбір ойларымды «Егемен Қазақстан» газеті арқылы қалың оқырманмен бөліссем деген ниетпен осы хатымды редакцияға жолдап отырмын.
«Егемен Қазақстанның» 2012 жылғы 10 қазандағы нөмірінде Қостанай облысы Жангелдин ауданы Қамысты ауылынан жолдаған еңбек ардагері К.Кәрбозовтың «Не істеу керек?» деген мақала-хатын оқи отырып, осы не істеу керек деген сұрақты тағы да қайталауды жөн көріп отырмын. К.Кәрбозов өз мақаласында қазіргі жастардың жұмыс істемей, жатып ішер жалқаулыққа әбден бой алдырғаны туралы, ойланып та, әке ретінде күйініп те жазады. «Қазіргі тепсе темір үзетін дені сау жастар жұмыстан қашып, үйде отырып, өз баласының несібесін жеп отыр. Бұларды жатып ішер жалқаулар демеске амалың бар ма», депті ол. Мақалада мұнан басқа да ауылдағы біраз мәселелерді қамтыған.
Елбасымыздың былтырғы «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» деген мақаласы саналы адамға, жалпы қазақ жұртына ой салғаны хақ. Әрине, еңбек адамның бұл дүниеде атқарған өмірінің өлшемі десе болғандай. Ал сол еңбекті өлшейтін, бағалайтын, саралайтын, саралап әділін шығаратын әділетті қоғам болуы керек. Ислам дінінде «еңбек бар жерде – иман бар, иман бар жерде – барлық жақсылық, жұмақ бар» дейді. Бірақ өкінішке орай, осы өсиеттер бүгінгі ұрпақтың бойында кемшін. Әйтпесе, жалқаулық, арамтамақтық, маскүнемдік, нашақорлық, бірін-бірі алдау, өзінің ел-жұртын тонап, шетел асу сияқты имансыздық қайдан шығып жатыр?
К.Кәрбозов мырза да айналып келгенде осындай кертартпа мінездердің қазақ бойын жаулап бара жатқанын айтып отыр. Қазір бұрынғы қазақ жоқ. Бүгінгі қазақ өз малын өзі бағуды қойды. Оның бейнетіне шыдамайды, оны ар санайды. Көбісі азын-аулақ малдарын елден қашқан-пысқан сырт адамдарына бақтырып әлек.
Мұнан бұрын да мен өзіміздің жергілікті газетіміз «Сарыарқаға» бүгінгі ауыл жағдайы алаңдатады, оған қоса су жетпей жатқан жерлерде Кененбай тоғаны сол жердің тұрғындарына қайтарылуы керек деген мақалалар жариялаған едім. Бірақ оған тиісті органдардан ешқандай жауап болған жоқ. Ал түптеп келгенде, К.Кәрбозовтың айтып отырғандары да, менің жазып жатқандарым да біздің жеке басымыздың шаруасы емес, бұл – бүкіл қазақ қоғамының мәселесі. Біздің жанайқайымыздың бар мақсаты – кешегі Кеңес өкіметі кезінде бүкіл Одақты ауылшаруашылық өнімдерімен қамтамасыз еткен алып аграрлы ел Қазақстанның бұрынғы жағдайын қалпына келтіруге кішкентай да болса ақыл-кеңес, үлес қосу. Бұл ретте біз ауыл шаруашылығымызды мына көрші Қытай мемлекеті сияқты өз жер-су, табиғатымызға, адами қалыптасқан болмысымызға, әдет-ғұрпымызға лайықты реформалауға тиіспіз. Соған байланысты бәріміз бірігіп, ақыл-ой қосып, іс-тәжірибе алмасып, ғылыми жұмыстарды пайдаланып жұмыс атқаруымыз қажет.
«Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Нәзира Жәрімбетова қарындасымыз тағы да сол Қостанай облысы Ключевой ауылынан жазған «Керемет» (2012 жыл, 24 қазан) деген мақаласында кешегі жүріп өткен жолдан айнымаған, адаспаған өркенді шаруа қожалығы жайында жазыпты. Мақала кейіпкері Құсмұрын жеріндегі Қозыбай Омаровтардың отбасы сол жердегі қазақтың ақбас сиырының тұқымын шығаратын асыл тұқымды мал зауытын таратпай, ұстап қалған. Ал Омаровтардың қазіргі күні сол жердің тұрғындарына, халқына көрсетіп жатқан қызметтері расында керемет десе – керемет. Неге басқа шаруалар осылардан үлгі алмасқа? Неге сол жетістіктерімізді мойындамасқа?! Неге шетел, мұхит асып, елдің бюджет қаражатын шығындап ұшақпен асыл тұқымды мал тасып жатырмыз?! Өзіміздегіні үлгертудің орнына, өзгеге ақша шашып жүрміз.
Осы Құсмұрын жеріндегі асыл тұқымды мал зауыты сияқты кәсіпорындар бұрын біздің облыста да көп болған еді. Кешегі Жезқазған облысында «Батық» қазақтың ақбас асыл тұқымы, Қарағанды облысында «Қырдың қызыл сиыры», Қ.Мыңбаев атындағы сүтті «Просторенский» асыл тұқымы, етті, сүтті мүйізсіз тоқал сарыала сиырлардың тұқымдары да керемет еді ғой. Сол уақыттарда ешкім жанашымастық танытып, асыл тұқымды аталық бұқаларды сойып, еттерін базарға шығарды. Бұл облыста сиырмен қоса қой шаруашылығы, «Жеңіс», «Сарысу» асыл тұқымды қой зауыттары жұмыс істеп еді. Олар бүгінде жоқ. Бұлардың бәрі шетелден әкелгендердей емес, өзінің жеріне, ауа райына, маңайындағы адамдарға, ұстау әдіс-тәсілдері мен жем-суына үйренген малдар. Қазіргі шетелге жұмсалып жатқан ақшаларды осы өз ішіміздегі зауыттарды қалпына келтіруге жұмсағанда, ендігі өз өнімдерін бере бастайтын еді. Бұлар да өз кезінде талай сынақтан өткен, жетілген, өнімдерін жоспарлы түрде берген малдар болатын.
Біздің ауданымыз кешегі Жезқазған облысының көлеміндегі екі Жезді және Ұлытау аудандарынан бірігіп, бүгінде Ұлытау ауданы болып отыр. Бұл аудан шөл, шөлейт аймақтарға жатады. Бұрын бұл екі аудан көлемінде 15 кеңшар және оларға көмекші қосалқы жиырма шақты мемлекеттік мекеме болған. Кешегі үлкен аграрлы екі ауданнан құралған қазіргі Ұлытау ауданын бүгінде аграрлы аудан деп атаудың өзі қиын. Қазір оңай әдіспен туризмді дамыту керек дегенді тауып алдық. Біздің қысымыз қатты, жазымыз қысқа. Басқа елдердегідей, басқа жерлердегідей шалқып жатқан көліміз, жыл бойы сарқырап ағып жатқан өзен-суымыз, жайқалып тұрған шырша, қарағайымыз, көл бетінде жүзген аққу-қазымыз жоқ. Әйтеуір әрбір тасымызда тарих бар деумен мақтанамыз. Сырттан кісі келсе бар көрсеткеніміз – Алаша хан, Жошы хан мазарлары. Ал айта берсек, бұлардың өзі моңғолдар, Шыңғыс ханның тұқымдары. Бізге азаттық алып берген, бүгінгідей егемендікке қол жеткізген өз тұлғаларымыз болса бір сәрі. Бұл мазарларды ұстап тұру үшін де қаншама қаражат жұмсалып жатыр. Ал кешегі соғыс жылдарында жауға қалқан болған марганец рудасын өндіріп, танк, соғыс техникаларын шығаруға шикізат тауып берген Жезді қалашығы бүгіндері бос тұр. Міне, осы жерге мына маңайда шашылып жатқан шаруа қожалықтарының жүн-терісін өңдейтін цехтар салуын сұрағанда оған құлақ асқан әкім болған жоқ. Қазір осы аудан көлемінде бытырап жатқан 856 шаруа қожалығы бар. Ал оларда өндіріс кешені, не үлкен ауылшаруашылық саласының сүт өндіру, сауын кешені, ет өңдеу цехтары, көкөніс жылыжайлары, ең құрығанда, малға жемазық дайындау цехтары жоқтың қасы.
Бұл ауданда жазда су, қыста шөп тапшы. Жылдан-жылға су көздері де азайып, шабындық жерлердің өрісі тарылып келеді. Өткен қараша айында бір байлам шөп 500-600 теңгеге көтеріліп кетті. Жездідегі базарда азық-түліктің бағалары еттің келісі – 1500 теңге, 1 литр сүт – 200-250, картоп – 80, бір бөлке нан 65 теңге. Ал 1 тонна көмір – 9 мың теңге, бұл өткен жылы 7 мың еді. Міне, осылайша жылдан-жылға қымбаттауда. Малға беретін жем, кебектің 20 келісі 750 теңге. Мал азығы қымбаттаған сайын қазір қала, ауыл тұрғындары, кейбір шаруа қожалықтары мал басын азайтып, қысқартуда.
Қазір ауылдарға деген көзқарас бұрынғыдай емес, қамқорлық бар. Қаншама қаражат бөлініп жатыр. Бірақ осы азық-түлік бағасы неге төмендемейді, неге тұрақтанбайды? Неге өнім көбеймейді? Міне, осы сұраққа келгенде бәріміз де айналып өтіп, түлкі бұлаңға салынамыз. Қазір, құдайға шүкір, басқа салалар елімізде өсіп, өркендеп жатыр. Біраз жетістіктерге қол жеткіздік. Бірақ дәл осы ауыл шаруашылығы саласында солтүстік облыстардан басқа жерлерде алға жылжу жоқ. Кейбір аудандарда дала бос қалды. Ауыл әлі көшіп жатыр. Неге бұлай? Осы мәселелерді шешудің жолын кім іздеп, тоқтау салады?
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында абдырап қалған ауылдар кім-көрінгеннің қолында кетіп, ту-талапай болды. Бұздық, қираттық, тараттық. Осының бәрін көзбен көріп, бастан өткіздік. Өмір деген спираль сияқты дамиды дейді екен көнекөздер. Ендеше, өткенге көз жүгіртіп, кеше не істедік, енді не істеуіміз керек, яғни кешегіден не аламыз, оған бүгінгіден не қосамыз деген ақыл-тоқтамға келу керек. Бұл тақырыпта республика көлемінде үлкен ғылыми-тәжірибелік конференция өткізіп, бұл іске үлкен талдау жасалу керек деп ойлаймын. Ауыл шаруашылығы саласына бүгінгі ғылым мен білімнің жетістіктерін пайдаланып, бұрынғы өз тәжірибемізге сүйене отырып, мәселені шешудің дұрыс жолын бүкіл ел болып, жұрт болып қарастыруға тиіспіз. Бүгіндері әр жерден айтылып жатқан осы саланың жаңалықтарын, патриоттардың ойларын ғылыми іс-тәжірибелік сараптамалардан өткізіп, олармен санасу қажет. Қазір елімізде жұмыс істеп жатқан кен, қазба саласындағы мұнай, газ алпауыттарын осы салаға қатыстырып, мемлекет тарапынан ірілендірілген үлкен ауылшаруашылық кешендерін, осы саланың ғылыми орындарын, мал зауыттарын жетілдіріп, елімізді аграрлы державаға қайта айналдыруға тиіспіз. Оған бізде барлық мүмкіндік бар.
Қадыр ҚҰЛАХМЕТ,
еңбек ардагері, Бүкілодақтық
ауыл шаруашылығы көрмесінің
екі дүркін жеңімпазы.
Қарағанды облысы,
Ұлытау ауданы.