Өткен ғасырдың 90-жылдары астананы ауыстыру жөніндегі Елбасының бастамасын қолдаушылар саусақпен санарлық еді. Көпшілік бұл жобаның жүзеге асатынына күмәнмен қарады. Мұндай сенімсіздік танытудың өзіндік негізгі себептері де бар-тұғын.
Біріншіден, ол – елдің тұтастай экономикалық ахуалы. Сол уақытта Қазақстан нарықтық экономикаға ат басын енді бұра бастағандықтан, алда көптеген сын-тегеуріндер күтіп тұр еді. Екіншіден, мемлекеттілік құрылымға үлкен көңіл бөлінді. Биліктің басым институттары жаңадан құрылды. Қуатты үкімет құру көп күш-жігерді талап етті. Үшіншіден, Ақмоланың ауқымы тар еді. Инфрақұрылымы әлсіз, оның үстіне климаты қатаң, халық саны 300 мыңға толар-толмас кішкентай қала болды.
Алайда астананы ауыстыру туралы шешім көптеген факторларды есепке алғаннан кейін қабылданды. Нақтырақ айтсақ, жұмыс күші, демографиялық әлеует, сейсмикалық ахуал, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер және т.б. жалпы саны 32 фактор назарға алынды. Шешуші фактор қаланың географиялық орналасуында болатын. Ел жүрегінде орналасқан қала республиканың басты экономикалық орталықтары мен күретамырларын біріктіруге таптырмас мүмкіндік берді.
Жоғарыда аталған күмән тек уақыт өте келе сейілді. Бүгінгі таңда Елбасы бастамасының өміршең әрі жасампаз болғанын көріп отырмыз. Бұл шын мәнісіндегі стратегиялық тұрғыда дана әрі көреген саясат болды. Нұр-Сұлтан қаласының даму қарқынына қарап осындай байламға келесің. Қазіргі уақытта астанамыз еліміздің үздік кадрларын шоғырландырған инновация мен қоғамның даму орталығына айналды.
Қазақстанның экономика, мәдениет және ғылым салаларының халықаралық аренада кеңінен танымал болуында елорданың орны ерекше. Бас қаланың салтанатты түрде халықаралық ресми таныстырылымы өткеннен кейін бір жылдан соң, яғни 1999 жылы ЮНЕСКО Астананы «Бейбітшілік қаласы» деп жариялады. Елорда ірі инвестициялық ресурстарды тарту бойынша жаһанға танылды. 2018 жылы астана экономикасына 1 трлн 56 млрд теңге мөлшерінде инвестиция құйылды. Оның 86%-ы жекеменшік инвестициялар екенін атап өткен абзал.Сондай-ақ елорда көптеген халықаралық іс-шараларды өткізетін, маңызды келіссөздер жүргізетін, жалпы шетелдік бастамаларды жүзеге асыратын орталыққа айналды. Бұл шешуші қадамдар Қазақстанның Еуразиялық Швейцария ретінде бірегей мәртебесін қалыптастырды.
Жыл сайын мыңдаған танымал сарапшылар, ғалымдар, мемлекет қайраткерлері, бизнес көшбасшылары мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің басын қосатын Астана экономикалық форумы және Астана клубының отырысы елорданың төлқұжаты іспетті.
Елбасы бастамасымен Нұр-Сұлтан қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі тұрақты түрде өткізіліп келеді. Ол бас шаһардың «бейбітшілік қаласы» мәртебесін бекіте түскендей. Осы күнге дейін съезд 6 мәрте ұйымдастырылды. Аталған форум дін көшбасшыларының жаһандық диалогы үшін тиімді алаң ретінде танылды.
Оған қоса, Нұр-Сұлтан қаласы бүкіләлемдік қоғамдастыққа Астана процесін сәтті өткізуімен де мәшһүр. Елорда Сириядағы шиеленістің күшеюін бәсеңдетуге ықпал ететін бейтарап алаң ретінде танылды.
Нұр-Сұлтан қаласының халықаралық ықпалының кеңейгеніне бас қала төрінде дүрілдеп өткен ЭКСПО-2017 көрмесі дәлел. Бұл шара Қазақстандағы туризм, инвестиция, экономика және мәдениет салаларына айтарлықтай оң әсерін тигізді. Осылайша көрме өткізілген уақыт аралығында ІЖӨ-нің көрсеткіші 4 есеге артты. Шараға 187 елден 4 млн адам қатысты. Жалпы, шараға 115 ел және 22 мекеме атсалысты. ЭКСПО көрмесінің тақырыбы экономикалық даму саласында ғаламдық трендке айналған баламалы энергия көздерін қолдануға арналды.
ЭКСПО өткеннен кейін оның аумағында Еуразияның ірі қаржы хабына айналып келе жатқан Астана халықаралық қаржы орталығы өз жұмысын бастады.
Тұрғын үй құрылысына құйылған инвестиция көлемі 20 жыл ішінде 1,6 трлн теңгеге жетті. Қаланы тек құрылыс қарқыны ғана емес, сонымен қатар айрықша сәулеті де ерекшелейді. Көпшілік елорданың қалыптасуына аз уақыт өтсе де тарихы бай деп біледі. Оған, біріншіден, қаланың халықаралық аренадағы салмақты орны себеп. Екіншіден, бас қаланың бірегей келбетін жасауға қазақстандық және әлемдік жетекші сәулетшілер тер төкті. Әйгілі жапон сәулетшісі Кисе Курокава елорданың бас жоспарын әзірледі. Танымал ағылшын сәулетшісі Норман Фостер «Бейбітшілік және келісім сарайы» мен «Назарбаев орталығы» ғимараттарын жобалады.
Білім беру және медицина салалары да – қала дамуының мейлінше маңызды бағыттары. Бұл ретте 2010 жылы әлемнің үздік университеттерімен ынтымақтастық орнатқан заманауи үлгідегі Назарбаев Университеттің ашылуы күллі ел үшін үлкен оқиға болды. Бүгінде жоғары оқу орнында 50-ден астам елдің оқытушылары дәріс береді. Сонымен қатар университет аясында жұмыс істейтін ғылыми зерттеулер орталықтары бар.
Қазақстанда шетелде білім алуға мүмкіндік беретін «Болашақ» бағдарламасы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері табысты жүзеге асырылып келеді. Енді одан да көп студенттер аталған оқу ордасының арқасында шетелдің үздік ғалымдарынан білім алуға мүмкіндік алды.
Медицина саласының дамуы қарқын алды. Алдыңғы қатарлы технологиялар мен озық тәжірибелерді тиімді қолданатын Балаларды оңалту орталығы, Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығы, Нейрохирургия орталығы сияқты инновациялық орталықтар халыққа қызмет көрсетуде. Осының нәтижесінде Орталық Азияда баламасы жоқ ғылыми-медициналық кластер қалыптасты.
20 жылдан астам тарихы бар елорда барша Қазақстанның болашақ дамуын айқындайтын басым міндеттер мен мақсаттар қабылданатын маңызды орталық екені сөзсіз. Қала Елбасының негізгі тапсырмаларының бірі адам капиталын дамыту идеясының жарқын көрінісі ретінде дами түсуде.
Жаһандық сарапшылар адам капиталын экономиканың «жаңа мұнай көзіне» балаған бүгінгі уақытта дәл астана барша халықты жасампаз әрі жаңашыл өзгерістерге жетелейтін шамшырақ болары сөзсіз.
Елорданы Қазақстанның інжу-маржаны деу бекер емес. 20 жылдан астам уақыт ішінде ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. 2017 жылдан бері қаланың жалпы өңірлік өнім көрсеткіші 190 есеге артып, 5 трлн теңгені құрады.Ілгерілеу бар жерде, кедергілер де бетпе-бет келетіні секілді, қала дамуында түрлі мәселелердің туындауы заңдылық. Әсіресе жол инфрақұрылымын жақсартып, қаланы абаттандырып, қоғамдық көліктер мен коммуналдық қызметтердің жұмысын жақсарту күн тәртібіндегі мәселе.
Әйтсе де Нұр-Сұлтанның әрбір тұрғыны өз үйінің терезесінен әуелде Елбасы – Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясы мен арманы болған, бүгінде үздіксіз даму даңғылына түскен әсем қаланы көреді. Бұл – даусыз шындық. Ержан САЛТЫБАЕВ, Әлемдік экономика және саясат институтының директоры