• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 18 Шілде, 2019

20 жыл аңсаған алтын...

1063 рет
көрсетілді

14-22 қыркүйек аралығында Жер жаһанның ең үздік балуандары Алаш топырағына табан тіреп, Нұр-Сұлтанда өтетін әлем чемпионатында күш сынасады. Осы жарыста алғашқы алты орынды иеленген спортшылар келесі жылы Токиода алауы тұтанатын Олимпия ойындарына қатысу құқығына ие болады. Өз елімізде, өз жерімізде, өз жанкүйерлеріміздің көз алдында өтетін байрақты бәсекеде Қазақ елінің өрендері табысты өнер көрсетіп, барынша мол жолдамаға иелік етеді деген сенімдеміз. Бүгінгі әңгімеміз – грек-рим күресі жайында.

Грек-рим күресі шеберлерінің бәсекесін барша қазақстандық жанкүйерлер тағатсыздана күтуде. Себебі спорттың бұл түрінде бізде жеңіспен өрілген тамаша дәстүр де, мықты бапкерлік мектеп те, бұла күштері бұлқынған балуандар да бар. Аса ірі халықаралық жарыс­тарда жеңіп алған жүлделеріміз де жетерлік. Бірақ бір өкініштісі, күрестің осы түрін серік еткен өрендеріміздің әлем чемпионатының алтын тұғырына көтеріле алмағанына бақандай 20 жыл болды. Соңғы рет сонау 1999 жылы Грекияның астанасы – Афиныда өткен дүбірлі додада Мхитар Манукян бас жүлдені олжалаған еді. Одан кейін талай дүрмекте күміс пен қолаға қолымыз жеткенімен, алтын медальдың сыңғырын бір естімедік. Бәлкім, дәп осы Қазақстанның бас шаһарында жалауы желбірейтін аса жауапты жарыс­та жалындап тұрған жігіттеріміздің бірі сол олқылықтың орнын толтырып, Қазақ елінің Әнұранын шыр­қатады деп үміттенеміз.

1993-2008 жылдар аралығында Қазақстанның грек-рим күресі ше­берлері әлем чемпионаттарында 21 мәрте бой көрсетті. Соның алтауында сүреңсіз өнер көрсеттік. Атап айтсақ, 2001 жылы – Патрыдан, 2002 жылы – Мәскеуден, 2006 жылы – Гуан­жоудан, 2007 жылы – Бакуден және 2014 жылы Ташкенттен құр қол қайт­тық. Олимпиада бағдарламасына енбе­ген салмақ дәрежелері бойынша 2016 жылы Будапеште ұйымдас­ты­рылған бәсекеде де жолымыз болмады. Ал өзге жарыстарда төмендегідей нәтижелерге қол жеткіздік:

Қазақстанның ұлттық құрамасы әлем чемпионатына тұңғыш рет 1993 жылы қатысты. Стокгольмде 30 жастағы Дәулет Тұрлыханов жиырманың ішіндегі жалындап тұрған жастардың талайын жолынан ығыстырып, күміс медальды мойнына ілді. 82 кило салмақта күш сы­нас­қан даңқты балуан тек сол кездегі Түркияның жас жұлдызы, кейіннен екі дүркін Олимпиада, үш дүркін әлем және сегіз дүркін Еуропа чемпионы атанған Хамза Ерлікайға ғана әлі жетпеді. Осылайша Дәулет Болатұлының есімі әлем чемпионатында жүлде алған тұңғыш балуан ретінде Тәуелсіз Қазақстанның тарихында қалды.

1994 жылғы жарысты Тампере қаласы қабылдады. Суоми елінде Юрий Мельниченконың мерейі үстем болды. Бір ғажабы, 57 кило салмақта белдескен ол финалда әлемнің екі дүркін чемпионы және үш дүркін жүлдегері, ресейлік Алек­сандр Игнатенкоға соқыр ұпай ұс­татқан жоқ. Юра – күрес түрлері бойын­ша Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш әлем чемпионы!

1995 жылы Прагадан қос күміс ме­дальмен оралдық. Барлық қарсы­ласты бет қаратпай ұтып келе жатқан Юрий Мельниченко финалда сү­рінді. Оның жолын бөгеген АҚШ спортшысы Деннис Хол. 74 кило сал­мақ дәрежесінің жартылай финалын­да Барселона Олимпиадасының жеңімпазы, әлемнің үш және Еуро­паның екі дүркін чемпионы, ресейлік Мна­цакан Искандарянды ойсырата ұтқан Бақтияр Байсейітов ақтық айқаста франциялық Ивон Римерге есе жіберді.

1997 жылы Вроцлавта Юрий Мель­ниченко екінші рет әлем чемпионы атанды. 58 кило салмақта бел­дескен ол Ресейдің туы астында өнер көрсететін армян жігіті Рафик Симонянға сан соқтырды.

1998 жыл ел спорты тарихында алтын әріптермен жазулы. Швецияның Евле қаласында екі бірдей отандасы­мыз жеңіс тұғырының ең биік саты­сына көтерілді. 63 кило салмақтағы Мхитар Манукян финалда Түр­кияның тарланы Шереф Ероғлыны еңсерді. 76 кило салмақтағы Бақтияр Байсейітов сол кездегі Атланта Олим­пиадасының жеңімпазы, кейін­нен Сидней Олимпиадасында да топ жарған Кубаның қабыланы Фили­берто Аскуй Агилераның аяғын көк­тен келтірді. Дәулет Тұрлыханов баптаған Қазақстанның ұлттық құ­рамасы жалпы командалық есепте Ресей мен Оңтүстік Кореядан кейінгі үшінші тұғырға табан тіреді.

1999 жылы Мхитар Манукян екі дүркін әлем чемпионы атанды. Осы жарыстың финалында ол тағы да түркиялық Шереф Ероғлыны жеңді. Юрий Мельниченко да екінші рет күміс медальды мойнына ілді. Ол әлем чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы, кореялық Ким Ин Соптан ұтылды. Командалық есепте Қазақстан құрамасы Түркиямен бірге төртінші және бесінші орындарды өзара бөлісті.

2003 жылы Кретейде Георгий Цурцумияның асығы алшысынан түсті. Аса ауыр салмақта күрескен ол қола медальды иеленді. 2005 жә­не 2009 жылдары да дәл сондай көр­сет­кішке қол жеткіздік. Будапеште 55 кило салмақтағы Ермек Көкетов, ал Хернингте 60 кило салмақтағы Нұр­бақыт Теңізбаев үшінші тұғырға жайғасты.

2010 жылы Мәскеуде Алмат Ке­біс­баев пен Нұрмахан Тінәлиев қола медальдарды мойындарына ілді. 60 кило салмақтағы Алмат әзер­бай­жандық Гасан Әлиев пен жапониялық Рютаро Мацумотоны, ал 120 кило салмақтағы Нұрмахан кубалық Михаин Лопес пен армениялық Юрий Патрикеевті ғана алға жіберді.

2011 жылы Ыстанбұлда Алмат Кебісбаевтың бас жүлдені олжалауға тамаша мүмкіндігі болды. Барлық қарсыластарын бір деммен ұтқан қандасымыз финалға шыққанымен, шешуші тұста Үміт Норузиден ұтылды. Келесі жылы Иран балуаны Олимпиада чемпионы атанды. Алыптар сайысында Нұрмахан Тінәлиев үшінші орынды еншіледі.

2013 жылы Будапеште Нұрмахан Тінәлиев үшінші мәрте әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. 2015 жылы Лас-Вегаста 59 кило салмақтағы Алмат Кебісбаев пен 75 кило салмақтағы Досжан Қартықов үшінші сатыға табан тіреді. 2017 жылы Парижде қазақтың қос балуаны финалға шықты. Бірақ екеуі де бас жүлде үшін тартыста қарсыластарына есе жіберіп, күміс медальды иеленді. 59 кило салмақтағы Мейрамбек Ай­на­ғұлов Жапонияның жұлдызы Кэ­ньи­тиро Фумитодан ұтылса, 71 кило салмақтағы Демеу Жадыраев гер­ма­ниялық Франк Штеблерден жеңілді.

Былтырғы әлем чемпионатын қайта Венгрияның бас шаһары қа­былдады. Бұл жарыста бұрындары дүбірлі додаларда көп көзге түсе қоймаған 60 кило салмақтағы Айдос Сұлтанғали мен 67 кило салмақтағы Мейіржан Шермаханбеттің өнер­і­не құлшына қол соқтық. Қос қанда­сымыз қола медальдарды мойындарында жарқыратты.

Биыл Нұр-Сұлтанда жалауы желбірейтін жарыста грек-рим күресі шеберлеріне ерекше сенім артып отырмыз. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында осыған дейін отандас­тарымыз 5 алтын, 7 күміс және  11 қола медальды иеленді. Бар­лығы – 23 жүлде. Алайда алтын алма­ғанымызға бақандай 20 жыл болды. Бұл жолы даңқты балуан Бақтияр Байсейітов баптаған команда сол межеден көрінуге тиіс. Кезінде дәп осы спортшы 1998 жылы Швецияның Евле қаласында әлем чемпионы атанып, барша Алаш жұртын қуаныш пен шаттыққа бөлеген еді. Енді ол өз шәкірттерін сол биікке жетелей алса игі...

P.S Соңғы бес әлем чемпионатында барлығы 33 мемлекеттің грек-рим күресі шеберлері жүлделі орындарды иеленді. 13 елдің өрендері алтын тұғырға көтерілді. Қоржынында 2 күміс және 4 қола медалі бар Қазақстанның балуандары жалпы есепте 14-орынға жайғасты.