Сәйкесінше, Тұңғыш Президенттің Жарлығымен көшбасшылық тізгінді қолға алған Қасым-Жомарт Тоқаев ендігі жерде халықтың шынайы да заңды мандатына ие болу үшін өз Жарлығының негізінде елімізде кезектен тыс өткізілген президенттік сайлауда бәсекелес үміткерлермен тікелей сайысқа түсіп, президенттік мандатты ресми түрде жеңіп алды. Ал шындап келгенде бұл жеңіс Президент Тоқаевтың сайлауалды үгіт-насихат жұмысының өзегі мен арқауына айналған әділет, сабақтастық және даму сынды үштағанды іргетасқа негізделген, сондықтан сайлаушылардың басым көпшілігінің көкейінен шыққан 10 бағытты қамтитын стратегиялық тұғырнамасының тікелей жемісі десек, артық айтқандық емес.
Айтса айтқандай-ақ, бүгінгі таңда нақты іске асырылуын Президент Тоқаевтың тікелей өзі қолға алып, қадағалап отырған тұғырнамасының ең басты объектілері Қазақстан Республикасы Конституциясының бастапқы үш бабында тайға таңба басқандай менмұндалап тұр. Ондағы басты құндылықтар мыналар:
- Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары;
- Республика қызметінің түбегейлі принциптері: қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық; бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму; қазақстандық патриотизм; мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен... шешу;
- Қазақстан Республикасы – президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет;
- Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық.
Міне, дәл осы тұрғыдан келетін болсақ, жоғарыда аталған конституциялық құндылықтардың барлығы да Президенттің бағдарламалық жол картасы мен күллі ел кеңістігінде іске асырылуға тиісті төмендегі міндеттерден айқын көрініс тапқан және олардың барлығы да халқымыздың, оның ішінде әр азаматтың үдесінен шығатын мүдделер екені де дау туғызбайды:
- Тұрақты және қарқынды экономикалық өсім арқылы халықтың табысын арттыру;
- Cыбайлас жемқорлықты жою;
- Cот және құқық қорғау жүйесін реформалау;
- Мемлекеттік бюджеттің қаражатын ең алдымен келешегі зор жобаларға бөліп, жаңа жұмыс орындарын көбейту, халықты жалақымен қамту, ұлттық табысты әділ бөлу;
- Тұрғын үй мәселесін шешіп, түрлі санаттағы азаматтардың қолжетімді баспанаға ие болуын қамтамасыз ету.
Президент Қ.Тоқаев жоғарыда аталған бағдарламалық бағыттардың мүлтіксіз орындалуы үшін ең алдымен қауқарлы әрі толық өкілетті Президент, ықпалды да іскер Парламент және мемлекетіміздің ең басты құндылығы – халқымыздың алдында есеп беруді міндет деп санайтын Үкіметті мемлекеттік биліктің формуласына айналдыру керектігін де, сондай-ақ мемлекеттік қызметке тек қана меритократтарды, яғни қадірлі және қасиетті азаматтарды тарту керектігін де күн тәртібіне шегелеп қойып отыр.
Өз бағдарламасында байтақ мемлекетіміздің шешуші кезеңдерінде экономикамыздың тұрақты дамуына қатысты өзге де стратегиялық мәні зор мәселелерді мүлтіксіз шешу үшін Конституцияда аталған демократиялық тетіктердің бірі ретінде Президент Қ.Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құруды ұсынған еді. Бүгінгі таңда бұл кеңес діттеген межесіне де нақты қадам басып, Конституциямыздың 44-бабының 20-тармағына сәйкес тиісті ережелерімен қатар, міндеттері мен құрамы да қоса жасақталып, Президенттің арнайы қаулысымен құрылды және бұл қаулының орындалуын бақылау Президенттің Әкімшілігіне жүктелді. Демек, аталған құжатпен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің конституциялық статусы да қоса айқындалып тұр. Сондықтан да болар, әлгі кеңес туралы хабар жұртшылыққа мәлім болған сәттен бастап, республикалық ақпарат құралдарында да, әлеуметтік желілерде де бұл оң жаңалық қызу талқыға түсіп, еліміздің зиялы қауым өкілдерінің тарапынан өте жылы қабылданып, негізінен, оң палитралы ой-пікірлер туындатты.
Шындап келгенде дәл осылай болатын жөні де бар еді. Өйткені «кеңесіп пішкен тон келте болмас» дегендей, қоғамдағы саяси күштердің басын бір диалог алаңына тоғыстыратын және Президенттің тікелей өз басшылығымен жұмыс атқаратын Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің болуы көкейкесті мәселе-тін. Енді, міне Президенттің стратегиялық бағдарламасын іске асыру барысында билік пен халық арасына сызат түсіп қалудан алдын ала сақтандыратын да, көпшіліктің мұң-мұқтажын билікке дер кезінде жеткізетін де осы кеңес болары күмән тудырмайды. Сонымен қатар билік тарапынан елдің ішкі-сыртқы саясатына қатысты тағдыршешті шешімдер қабылдау кезеңдерінде де бұл кеңестің үлесі сүбелі болмақ. Оған қоса қандай да бір сын сағаттарда ешбір бұра тартушылыққа жол бермейтін де осы кеңес болса, оның абырой-атағы арта түсетіні де қақ.
Тек осылай болса ғана Кеңестің ақыл-кеңестері мен уәждеріне Президент қана емес, Парламент депутаттары да, Үкімет мүшелері де, өңір басшылары да тең құлақ асатыны күмәнсіз. Демек, бұл Кеңес мүшелерінің алдында «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» демекші, нағыз абызға тән жауапкершіліктің үлгісі болу міндеті де күтіп тұрғанын естен шығармаған жөн.
Сондықтан президенттік қызметіне кірісер алдында еліміздің Тәуелсіздік сарайында өткен салтанатты шарада Қасым-Жомарт Тоқаев жоғарыда аталған бағдарламаның маңыздылығымен қатар, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мақсат-мүддесіне де кеңірек тоқталған болатын. Ендеше Президенттің күллі жұртшылық назарына ұсынған бағдарламалық сөзінің түйінді тұстарын да атап өтсек, артық болмас.
Біріншіден, Қазақстанның жарқын болашағы үшін дауыс берген әрбір азамат пікірінің маңызды екенін бағалай отырып, Президент татулық, ынтымақ, бірлік деген қасиетті ұғымдардың халқымыз бен мемлекетіміздің ең басты құндылықтары екенін айшықтап, ол құндылықтарды көздің қарашығындай сақтау баршамыздың ортақ парызымыз екеніне де ерекше назар аударды.
Екіншіден, Президент еліміздің әрбір азаматының мүддесін қорғау өзінің ең басты міндеті екенін тағы да алға тарта отырып, саяси көзқарастары мен ұстанымдарының әртүрлілігіне қарамастан, оларды бөлуге еш жол бермейтінін, сондай-ақ түрлі саяси тұлғалар мен қоғам қайраткерлерінің ортаға салар құнды ұсыныстары мен бастамалары болса, оларды міндетті түрде ескеретінін және жауапкершілігі зор мемлекеттік қызметінде ашық та, әділ де әрі заңға сәйкес адал қызмет атқаратынын ешбір бүкпесіз жеткізді.
Сөз соңын осымен тұйықтай келе, дана халқымыздың мемлекет көшбасшысы мен биліктің барлық бұтақтарынан күтіп отырғаны да осындай шешімдер демекпіз. Ендеше жұмылған жұдырықтай, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, Президенттің заманауи бастамаларының іске асуына бір кісідей атсалысайық, ағайын!
Әділ АХМЕТОВ,Мемлекет және қоғам қайраткері