– Ақмарал, жүлде құтты болсын!
– Құттықтау сөздеріңіз үшін, және бірінші болып менімен байланысқа шыққаны үшін газет ұжымына, сізге рахмет! Алғашқы сұхбатымның қазақ тілінде жарық көруі мен үшін аса маңызды!
Британия Парламентінің Лордтар палатасының өкілдері Сириядағы жасаған репортаждарымды көріп, «Astana Times» басылымында ағылшын тілінде шыққан мақаламның бірін оқып, басқа да жұмыстарымды жіберуімді сұрады. Мен өтініштерін орындадым, әрине. Содан олар мені Халықаралық «WinTrade» ұйымының жүлдесіне үміттілер қатарына қосты. Бұл мен үшін күтпеген жағдай болды. Ұйымның іс-шараларына MasterСard, Лондондағы биржа қоры, Facebook, Natwest bank сынды ірі компаниялар демеушілік етеді. Сондай-ақ басқа да атақты халықаралық корпорациялар, бұған қоса, британиялық әскер және Корольдік флоты да демеушілер қатарында.
– Сириядан дайындаған репортаждарыңызбен жақсы таныспыз. Соғыс қимылдары жүріп жатқан елде бас амандығының тәуекелі өміріңізбен өлшенеді.
– Нағыз қорқынышты Сирияға бармай тұрып-ақ, сезініп үлгердім. 2015 жылы Станбұл мен Измир қалаларының көшесінде босып жүрген Сириядан және Ирактан қашып келген босқындарды көргенде бойымды үрей биледі. Үйлер, қонақүйлер мен дәмханалар лық толып, адамдар ашық аспан астында ұйықтап жатты. Осыншама қаптап кеткен балалар мен үлкендер, олардың өмірден өздерін жоғалтып алған жанарларын көру мені жүрегімнің тұңғиығына дейін толқытты. Миллиондаған жандардың бір сәтте баспанасыз қалып, сүйікті адамдарын жоғалтып, туған елдерінен айырылып, арттарына қарауға шамалары келмей белгісіз болашаққа жан сауғалап келгендері санама сыймады.
– Босқындардың дағдарысы осы бағыттағы терең ізденісіңізді әртараптандыруыңызға әсер еткен болар..
– Түріктің жағалау полициясымен сөйлестім, Эгей теңізін жүзіп өтуге тырысып батып кеткен адам денелерінің судан алынып жатқан сәттерін көрдім, грек аралы Хиоста орналасқан босқындар лагерінде болып қайттым, ағылшын, орыс, түрік, араб тілдерінде жазылған жаңалықтарды оқыдым, осылайша Сирияда шын не болып жатқанын түсінуге тырыстым.
– Сирияға барудың жолын қалай таптыңыз?
– Ол жаққа ресми түрде Сирия үкіметінің шақыртуымен бардым. Сапарымыз жайында еліміздің СІМ және Қазақстанның Қорғаныс министрлігін ескерте отырып, оператор Евгений Махметов екеуіміз жолға шықтық. Біздің ерекше бір күзетіміз болған жоқ, бізді және ресейлік бір топ журналистерді бір аудармашы мен туризм министрлігінің бір шенеунігі ертіп жүрді. Үкімет бақылауындағы аймақтарда салыстырмалы түрде тыныш және қауіпсіз. Лаңкестер ең алдымен бейбіт тұрғындарды нысанаға алады. Мәселен, біз кете салысымен, Алеппода жарылыс болған. Тура цитаделдің жанындағы алаңда, біз бірнеше сағат бұрын кофе ішіп отырған жерде. Салдарынан он адам көз жұмды, ішінде балалар да бар.
Үйге қайтар кештің алдында біз сириялық достарымызбен қонақүйде кешкі ас ішіп отырғанда, Израиль Дамаскінің әуежайын бомбылай бастады. Мен сириялық тараптың түнгі аспаннан бірнеше жарық сары ракеталарды қағып алып жатқанын көріп, сириялықтардың көңіл-күйіне таң қалдым. Көрші үстелдің біріндегі ер азаматтар нарды ойнауын жалғастырса, тағы бір үстелдегі қыздарға дәл сол сәтте әдемі әрленген торт алып шықты. Бәрі бірге «Happy birthday to you!» деп әндетіп, жарылыстарға мән берген де жоқ. Келесі күні, ұшар алдында әуежайдың терезелері сынғанын байқадым. Бұл жерде де ондағы қызметкерлер мен кеденшілердің, шекарашылардың өздерін ұстаулары таңдандырды. Олар өте сабырлы, күлімсіреген күйде, өз қызметтерін жалғастыруда. Бізге сәт сапар тілеп, тағы да келуге шақырды. Шын мәнісінде, бізде бейбіт күннің өзінде жолаушыларға деген мұндай ілтипатты көре алмайсың. Біз ұшып кеттік, ал үш сағаттан кейін израилдіктер тағы да әуежайды атқылап, ресейлік ұшақты құлатқан. Бұл жайында біз Мәскеуге жеткенде естідік.
Мен қорқыныш жайлы емес, сол Сирия елінде әрі қарай қалып өмір сүріп жатқан адамдарды ойлап жүрдім. Олар әрі қарай да лаңкестермен күресіп, жұмыстарын жасап, ұрпақ жалғауда. Сирияны қорғау үшін, өздері өмір сүргісі келетін елді қорғау үшін қалған адамдар жайлы айтатындар аз. Ал маған ең бірінші ретте солардың пікірі қызық болды.
– Сіз көп жылдардан бері шетелде тұрасыз. Біздің қоғамның деңгейін өзге елдермен салыстыру мүмкіндігі бар сізде. Жақында Атырау, Теңіздегі жағдайдан соң көпшілік қазақ жұмысшылары мен шетелдіктердің айлық жалақасының айырмашылықтарына назар аударды. «Қазақтардың айлығы олардан көп болуы керек. Жер қазақтікі» деген пікір ашық айтылып жүр. Мәселенің осылай қойылуы дұрыс деп ойлайсыз ба?
– Теңіздегі жағдай орын алғанда мен Ұлыбританияда едім, сол жақтан еліміздегі жағдайды үлкен қобалжумен қадағалап отырдым. Осы сәтте, мені «шетелдік жұмыс күшін тарту барысындағы еңбек заңнамасының жағдайы қандай екен?» деген сауал қызықтырды. Ұлыбританияда компания шетелдік жұмыс күшін тартқысы келсе, басшылық бұл шешімдерін, неге дәл сол жұмысшыны шет елден алдырғылары келетіндігін, неге жергілікті маманды алмай-тындығын дәлелдеп, компания лицензияға ақша төлеуі керек. Оның құны жылына 3 - 15 мың фунт стерлинг шамасында. Кейде одан да жоғары. Барлығы маманның кәсіби дәрежесіне, оның айлығының көлеміне, жұмыс беруші компанияның бюджетіне байланысты.
– Лондонда қаржы ұйымдарында жұмыс істеп жүрген қазақ жастары жайлы көп айтылады. Солармен кездесудің сәті түсті ме?
– Халықаралық WinTrade ұйымының апталығының аясында лондондық биржадан шығып келе жатқан кезде (London Stock Exchange) бір сыныптасымның баласын жолықтырып қалдым. Мен таңқалып одан, «мұнда не істеп жүрсің» – деп сұрадым. Ол «Жұмыс. Маған демеушілік визасын жасап жатыр», деп жауап берді. Өзіңіз ойлап көріңізші, қазақ баласының жұмыстық лицензиясы үшін Лондон биржасы қаржы төлеп жатыр! Бұл тек бір нәрсені ғана білдіреді. Ол жоғары кәсіби қасиеттерге ие деген сөз.
Атырауда орын алған жағдайға байланысты пікірталастарда «Қазақтар осы жердің иесі болғандықтан, шетелдіктерге қарағанда көбірек айлық алулары керек» деген пікірлер жиі айтылады. Британияда кезінде мемлекетттік университетте тегін білім алуға немесе жеке білім мекемесінде оқуға жеңілдікпен несие алуға ерінген жергілікті азаматтар жол жөндеу жұмыстарымен айналысып жүр. Болмаса, такси жүргізушісі қызметін атқарады (айта кетсем, Лондонда такси жүргізушісіне үш жыл оқу керек). Бұл аздық етсе, қызметті атқаратындардың басым бөлігі жергілікті британдықтар. Олардың ата-бабалары сол жер үшін қандарын төккен. Олар өздерін сол жердің иесі санайды. Жоғарыда айтып өткен London Stock Exchange де жұмыс жасайтын қазақ жігіті олардан әлдеқайда көп айлық алады. Оның үстіне, әлемдегі ең ірі қор, ол сол елде жұмыс істеп жатқаны үшін мемлекетке қаржы төлейді. Себебі корольдікте азаматтығына қарамастан бәріне бірдей жалақы төлеуді талап ететін заң бар. Елдің қауіпсіздігіне қатысты қызметке немесе үкімет билігіндегі қызметке, онымен қоса компаниялардағы билігі бар жұмыстарға шетелдік азамат тағайындала алмайды. Алайда ағылшын елінің заманауи тарихында бір ерекше жағдай орын алған. АҚШ азаматы Люк Коффи, Heritage қорының сыртқы саясат орталығының директоры қызметін атқарып жүрген жайы бар.
Қазір шетелдік компаниялар Қазақстанда жұмыс істеуді бастаған сәттен-ақ, екі жақтан да қателік жіберілгенін түсініп отыр. Менің ойымша, мұнда бізге өзіміздің менталитетіміз кері әсерін тигізді. Біз әлі күнге дейін, шетелдік тәжірибенің бәрі өзіміздікіне қарағанда дұрыс деп ойлаймыз. Кеңес одағы кезіндегі кәсіпқой кадрларымыз ұмытылып қалды. Мұнай ісіне өмірін толықтай арнаған әулеттер болды. Олардың көбі жұмыссыз қалды немесе шетелдік мамандарға қарағанда төмен айлыққа жұмыс жасауға мәжбүр болды.
– Кәсіпқой мамандарға сұраныс пен таза бәсекелестік орта нарықтық экономика дамуының индикаторы. Бізде оның белгілерін қандай сектордан байқайсыз?
– Қазір барлығы кез-келген салада жоғары айлық алғысы келеді. Ал үйіңіздің жөндеу жұмыстары кезінде міндетін жақсы атқаратын электр дәнекерлеушіні немесе сантехника желісін жасайтын маманды іздеп көріңізші, сіз оны зорға табасыз, таба алсаңыз жақсы. Білікті менеджерлер мен жоғары дәрежелі басқарушылар жайлы сөз қозғамай-ақ қояйын.
– Грузияда кез келген министрдің ұялы телефонын журналистика факультетінің төменгі курсының студенттері біледі. Еуропада президенттердің сая бақтарда қыдырып жүргенін көруге болады. Қазақтардың шенеуніктік синдромға тәуелділігінің себебін сіз неден іздейсіз?
– Мен Грузияда болып көрмедім, сондықтан тек Ұлыбританияда көргенім жайлы айта аламын. Бұл елде шенеуніктер халыққа тым жақын деп айта алмаймын. Бірақ, мұның аса қажеттілігі де жоқ. Барлық заңдар анық және нақты жазылған, олар өзгеріске ұшырамайды және оларды бұзуға ешкімнің ешқандай мүмкіндігі жоқ. Тек заңдар ғана емес, тіпті, мектептер мен оқу орындарындағы киім кию ережелері де ауа райына немесе оқушылардың көңіл-күйіне қарамастан бұлжымай орындалуы керек.
Ұлыбританияның тағы бір жақсы жері, мұнда мемлекеттік аппарат 25 жыл бойына өзгермейді. Демек, министрлер келіп-кетіп жатуы мүмкін. Заңдарды және саяси доктриналарды жазумен айналысатын техникалық қызметтерді атқаратын мамандар – сол өзгермейтін нағыз кәсіпқой мамандар. Қызметтердің басым бөлігі онлайн тәртіпте, ғаламтор арқылы көрсетіледі. Барлық сайттардың жұмысы түсінікті, қызметтер қарапайым тілмен айқын жазылған, мемлекеттің кез келген әрекеті жайлы барлық ақпарат әрбір азаматқа қолжетімді. Салық төлеушілер тоқсанына бір рет жергілікті кеңестердің есебін алып, салықтың қайда жұмсалғанын біліп отырады. Азаматтар мен шенеуніктердің тікелей араласуына деген қажеттілік туындамайды.
– Демек, қоғамда бәріне де жайлы тәртіп орнаған ғой.
– Даунинг стриттағы премьер министр офисынан, премьерлік қызметі аяқталғаннан кейін көшкен кезде өз заттарын өзі тасыған Джеймс Камеронның мысалына тоқталсақ. Елдегі мінсіз тәртіп оның өз әкесінің атына офшорлық компания ашуына тоқтау сала алған жоқ. Кейінірек, оған сот барысында компания есебіндегі қаржылардың қай жақтан қалай келгенін дәлелдеуге тура келген.
Маған марапат табысталғаннан кейін, мен қазылар құрамында болған, жеңімпаздарды анықтауға қатысқан баронессаға алғысымды білдіру үшін қазақтың ұлттық бұйымдарының жинағын сыйға тарттым. Ол сыйлықтың сұлулығына тамсана отырып, сыйлықты тіркеп Лордтар Палатасына өткізуі керек екендігін айтты. Бізде болса, кейде демократия ұғымын, бәріне рұқсат етушілікпен шатастырады. Корольдікте бұл ұғым адамдардың барлығының заң алдында тең екендігін білдіреді. Әділдік пен теңдік, елде заң үстемдігі орнағанда ғана туындайды.
– Қазір кәсіпқой мамандардың Қазақстаннан кетуі жайлы ақпараттар жиі айтыла бастады. Бұл факторды қазіргі заманның негізгі атрибуттарының бірі деп қабылдауға бола ма?
– Кез келген ел үшін «ақылды милардың» сыртқа кетуі – үлкен шығын. Өз экономикасын дамытуға бағыт алған елдер – бөлек бір салаларда ғана жағдай жасап қоя салмай, елдің имиджімен жұмыс жасап, елдегі өмір сапасын жақсартуға тырысып, бағады. Мұның барлығы елге түрлі салалардағы кәсіпқой мамандарды тарту үшін аса қажет.
– Лондон, Еуропа қазақтардың жаз жайлауына айналды. Мен танысып, әңгімелескендер – Лондонда сіз, Шоқан Лаумулин. Францияда – Берлин Иришев. Қазақстанға оралуды ойлап жүрген жоқсыз ба?
– Маған Қазақстанға қайта оралудың еш қажеті жоқ. Мен онсыз да Қазақстандамын. Құжатым қазақстандікі. Лондонда бірнеше жыл тұрдым. Қазір де жиі барып тұрамын. Жазғы уақытта, қазақтар жергілікті тұрғындар сияқты, Лондоннан туристер легі артуына байланысты кетіп қалуға тырысады. Түріктер, қытайлар немесе еврейлер әлемнің кез келген елінде тұрады. Бірақ олардың барлығы, өзге мемлекеттердің заңға бағынатын азаматы бола тұра, өзі шыққан елдің ұлттық идеясын ұлықтауға немесе имидждік абыройын арттырып жүруге тырысады. Отандары олардың басым бөлігімен тығыз байланыс ұстайды. Түркия, Қытай мәселен, өз кәсіпкерлеріне қаржылық көмек көрсетіп отырады. Егер олар сырт елде отандық өнімді сатумен айналысса, мемлекет оларға дотация төлейді. Отандық өнімді шетелдік нарыққа шығаруға тырысқан үлкен және шағын бизнес өкілдеріне берілетін салықтық жеңілдіктер де бар.
Өкінішке қарай, бізде жағдай, көбіне керісінше. Бізде адамды өз отанында, тек шетелге барып жетістікке жеткеннен кейін ғана, бағалап жатады.
– Қазақстанда халықаралық деңгейдегі журналистика теория жүзінде дамыған. Практика аз. Журналистердің мүмкіндіктері Президенттің немесе Сыртқы істер министрлігі пулында тұрған журналистердің шетелдерге сапарларынан дайындаған репортажымен шектеледі. Сіз кәсіпқой журналист ретінде кедергі не деп ойлайсыз?
– Халықаралық сапарлар сыртқы саясаттың өте маңызды бөлігі болғандықтан, оларды БАҚ беттерінде жариялап отыру өте маңызды. Геосаяси процестерді жақсы меңгеруді, тарихты және әлеуметтануды терең білуді, сараптамалық және дипломатиялық біліктілікті, шетел тілдерін білуді талап етеді. Қазақстандық журналистиканың қиындығы, мәселен, қазір ғана сириялық келіссөздер жайлы айтып тұрған тілші, бір сағаттан кейін, жүгіріп барып көреремендерге орталық көшелердің бірін су басып кеткендігін, сонымен қатар үкімет сағатының қалай өткендігін хабарлап үлгеруі керек. Нәтижесінде, тақырыпты толық түсіне алмай қалады.
Халықаралық журналистика әлемнің бір аймағындағы елдің тақырыбын терең түсінуді, сол елдің мәселесіне толыққанды көңіл бөлуді, алайда барлық әлемдік саясаттың да жалпы суретін бақылап отыруды талап етеді. Батыстағы журналистердің әрқашанда арнайы бір тақырыбы, немесе бірнеше тақырыптар жиынтығы бар. Сол бойынша олар терең жұмыс жасайды.
Біз ақпараттық революция заманында өмір сүріп жатырмыз. Жаппай коммуникация құралдарының ғаламдық жүйесінің дамуының арқасында әлем жылдам өзгеруде. Бұл өзгерістердің ауқымының үлкендігі соншалықты, оның жылдамдығы тез артуда. Заманауи ақпараттық технологиялар әлемдік экономикалық және технологиялық дамудың қозғаушы күші. Оның арқасында елдер, құрлықтар арасындағы қашықтық қысқарып, адамдар өз ой өрістерін кеңейту мүмкіндігіне ие болуда. Сондықтан да халықаралық ақпаратпен алмасуды қамтамасыз ететін құралдардың маңызы күн санап артып келеді. Қазіргі жетекші державалардың өздерінің имиджін қалыптастыратын ақпараттық компаниялардан, жалпы коммуникацияның заманауи технологияларынан қаржысын аямайтындығын байқаймыз. Өзінің халықаралық беделін және ішкі әлеуметтік тұрақтылығын ойлаған мемлекет ел ішінде еркін және тәуелсіз ақпарат құралдарының дамуына жол ашуы керек.
Көп ел басшылары, халық білімсіз болған сайын, ақпараттан кенде болған сайын оны басқару оңайырақ деген жаңсақ пікірде. Қазіргі ғаламтор заманында, керісінше, білімсіз халықты кез келген күштің үйіріп кете алатындығы көрініп қалды. Тек жоғары білімді, және әділ ақпаратты білген ұлт қана сырттан келетін негативті әсерді дұрыс қабылдап, оған қарсы иммунитет қалыптастыра алады. Сондай-ақ өзінің дамуы үшін қажетті пайдалы да позитивті ақпаратты меңгеру қабілетін сақтайды.
БАҚ-тың рөлі аса маңызды, ол ақпарат алмасуын қамтамасыз етіп, қоғамның пікірін қалып- тастыратын – әлеуметтік инсти-тут. Нағыз журналистика тілшілерге идеологиялық қысым көрсетілмейтін аймақтарда жасалады. Алайда қазіргі заманда, тіпті ең жоғары дамыған елдерде саяси топтардың немесе бизнес элиталардың мүддесін қорғап, өздеріне қажетті бағыттағы ақпараттарды таратып жүргенін көріп жүрміз. Медиа құралдарының қызметкерлері мойнында үлкен жүк бар. Олар өз жұмыстары адамдардың көңіл-күйіне әсер ететінін түсініп, адал және сапалы журналистикалық өнім шығаруға тырысулары керек.
Мәселен, менде ҚазҰУ-дың журналистика факултетінің дипломы бар. Мен Қазақстанның және Мадридтің СІМ дипломатиялық академиясын аяқтап, испаниялық Компютенс университетінің халықаралық қатынастар шебері дипломын алдым, мемлекеттік қызметте тәжірибем бар, қазақстандық және шетелдік дипломаттармен, журналистермен және сарапшылармен араласамын. Осылай бола тұра, мен әлемде күн сайын қарқынды өзгеріп жатқан ақпарат пен технологиялардың дамуы заманында бұл біліктілігімнің жеткіліксіз екенін түсінемін. Оқуды жалғастырып, терең ақпараттарды іздеуден шаршамай, оны салыстырып, талдап, сараптап әркез өз біліктілігіңді арттыруға ұмтылу маңызды.
– Ашық әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙҚЫЗЫ,
АЛМАТЫ